» » » Уақытпен үндескен білім ордасы

Уақытпен үндескен білім ордасы

qarmaqshy-tany.kz Жер кіндігі саналатын Байқоңыр қаласындағы Қазақстанның білім беру стандартымен бүгінгі заман талабына сай электромеханик, заңгер-кеңесші, радиоэлектроника, экономист-бухгалтер, туризм, құрылыс технигі, тігінші мамандарын даярлайтын бірден-бір оқу орны – Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғарғы колледжінде әрбір жаңа оқу жылы жағымды жаңалықтармен басталады десек артық емес. Әрине бұл колледж үшін үлкен абырой, үлкен жетістік. Колледж ұжымының басты мақсаты – тәрбие мен білімді ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті маман даярлау. Осы бағытта білім көкжиегінде елеулі орны бар білім ордасы талай жасты өмірге қанаттандырып, азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңіруде. Жүйелі жұмыс атқарып отырған колледж оқытушылары үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Білім әлемінде он бес жылдан астам тарихы бар киелі білім ордасына бас сұғып, биылғы оқу жылы аясындағы жаңалықтарды білмекке аудандық мәслихаттың депутаты, колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Дәуленбаеваға өз сауалымызды қойған болатынбыз.

– Шолпан Әнуарқызы, ел болашағын тәрбиелейтін мұғалімдер заманауи талаптарға сай болу үшін оған қажетті мүмкіндіктер де жасалуы керек. Осы тұрғыдан колледжде қандай жағдай жасалған?
– Қазіргі таңда колледж ұжымы экономиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мем лекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істеудеміз. Колледж ғимаратының техникалық жағдайы мен оқушылардың білім алуы үшін санитарлық-гигиеналық талаптар қатаң сақталған. Оқу ғимаратының жалпы ауданы 3100 шаршы метр. Онда әр мамандыққа сәйкес, жалпы білім беретін және жалпы кәсіптік, арнайы пәндер үшін 21 оқу аудиториясы, 3 зертхана, 4 шеберхана, 2 компьютерлік сынып, 1 лингафон кабинеті, ғаламтор желісіне қосылған компьютерлік, мультимедиялық аудиториялар сапалы да терең білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар электронды оқу залы, керекті құралдар мен заманауи талапқа сай жабдықталған 18570 кітап қоры бар кітапхана, акт, спорт зал, алғашқы әскери дайындық және дәрігерлік көмек көрсету кабинеттері бар.
Колледжде оқытудың жаңашыл әдіс-тәсілін, технологиясын пайдаланып, білім алушылардың сапалы, білімді де білікті маман болуына негіз болатын жоғары, І санатты, магистр оқытушылар білім беруде. Болашақта мықты маман болуға талпынған талапкерлер үшін «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Туризм», «Темір жолдың жылжымалы құрамдарын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Құқықтану», «Есеп және аудит» «Сандық техника», «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандықтары ұсынылып, ойы сан-салада жүрген жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіледі.
– Қазіргі таңда колледжде қандай сала бойынша мамандар дайындайсыздар, оның ішінде тегін оқуға, яғни грант және ақылы түрде көрсетілетін білім беру қызметі бойынша жіктеп берсеңіз?
– Облыстық білім беру басқармасының лицензиясына сәйкес колледжде 10 мамандық дайындалады. Заман ағымына орайластырылған «Туризм» мамандығының оқу мерзімі 11 сынып бітіргендер үшін 1 жыл 10 ай, ал 9 сынып бітіргендер үшін 2 жыл 10 ай. Бұл мамандықты бітірген түлектер туризм жөніндегі нұсқаушы, туристік агент біліктілігін алып шығады. Колледжіміздегі «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығын таңдағандар техник-технолог, тігінші, арнайы тігінші, модельер-пішуші және киім конструкторы мамандығын меңгереді. Ал «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығының иегерлері техник-құрылысшы, құрылыс-әрлеу жұмыстарының шебері біліктілігінің иесі атанса, «Құқықтану» мамандығын таңдағандар заңгер біліктілігін алып шығады. Сонымен бірге «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығын таңдаған түлек техник-механик, автомобиль жөндеу слесарі, автомобиль көлігін жөндеу шебері маманы атанады. Бізде «Есеп және аудит», «Теміржолдың жылжымалы құрамдарын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығын алам деушілер телекоммуникациялық байланыс жүйелер технигі», «Сандық техника» мамандығы бойынша оқытылады.
– Колледжде талапкерлерге мамандықтар бойынша қандай да бір жиналыстар, кездесулер өткізіле ме?
– Иә, біздің колледж ұстаздары осы өңірдегі мектептермен тығыз байланыс жасап, үгіт-насихат жұмыстарын тыңғылықты жүргізеді. Жыл сайын бірнеше рет мектеп түлектеріне кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында «Ашық есік күні» жарияланып, аталған іс-шара өз дәрежесінде өткізіліп отырады. Қазіргі таңда оқу орнымызға түлектерді тарту мақсатында үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізіліп, іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Іс-шараға Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, Ақай ауылының 10 білім ордасының мектеп бітіруші түлектерін сынып жетекшісі бастап келіп, әрбір мектеппен тығыз байланыс жасалып, екі жақты әріптестік келісім-шарт негізінде жұмыстар жүргізіледі, ашық есік күндері, ата-ана жиналыстары өткізіліп отырады.
– Білім алушылардың теориялық білімін бекітудің негізгі жолы – тәжірибелік дайындық екені белгілі. Студенттердің кәсіптік тәжірибеден өтуі қалай ұйымдастырылған, сол жайында айтып өтсеңіз?
– Кәсіби білім берудің мақсаты – мамандандырылған қызметкерлер да йындау, нарық майданында бәсекеге қабілетті, білікті, жауапкершілігі бар, өз мамандығын еркін меңгеретін, мамандығы бойынша дүниежүзілік стандарт деңгейіндегі тиімді жұмысқа қабілетті, ұдайы кәсіптік өсуге дайын мамандар даярлау. Заман талабына сай маман дайындауда оқу орны мен жұмыс берушілердің өзара тығыз байланысы өте маңызды. Студенттердің кәсіптік тәжірибесі оқу орнындағы оқыту үдерісінде алған білімдерін бекітуге, тәжірибелік дағдыларды алуға, озық тәжірибелерді меңгеруге бағытталған. Колледж студенттерін кәсіптік тәжірибеден өткізу бойынша Байқоңыр қалалық нотариусы, ҚР Байқоңыр қалалық соты, ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігі, «Техносервис» ЖШС, «Камкор-Вагон» ЖШС, ГКУ «Инженерные работы» және басқа да 90-нан астам мекеме- мен келісім-шартқа отырған, яғни жыл сайын студенттеріміз осы базалық мекемелерде кәсіптік тәжірибеден өтеді. Өндірістік тәжірибеден өтіп, аға буынның бағыт-бағдарымен жұмыс жасап, біліктіліктерін жетілдіріп шыңдауды дәстүрге айналдырған. Тәжірибеден өту барысында әр оқушыға білікті және тәжірибелі мекеме қыз меткерлерінің ішінен жетекші таға йындалады. Онымен бірге оқушылар жұмыс істей отырып, еңбек тәртібін түсінеді.
– Колледжді бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі қаншалықты шешілген?
– Колледж түлектерін жұмыспен қамту мақсатында біз көптеген шараларды қолға алып отырмыз. Оқудың 60 пайызы тәжірибеге арналған. Яғни, колледждің оқу кестесі дуалдық оқыту жүйесі негізінде оқытылады. Студенттер алғашқы курстың екінші семестрінде-ақ жоғарыда айтып өткендей мекемелерден тәжірибеден өтеді. Оның алғашқы сатысы танысудан, қажетті құжаттарды игеруден басталады. Жастар үшін тәжірибеден өту өте маңызды. Себебі, ол оқып үлгермей жатып, таңдаған мамандықтың қыр-сырына қаныға бастайды. Бұл оқушы жастардың санасында маман болудың алғы шарттарын қалыптастырады, психологиясын бейімдейді. Әрі біз бір студентті үш-төрт жыл қатарынан тек бір мекемеден тәжірибеден өтуіне мән беріп отырмыз. Себебі, осы уақыт ішінде болашақ маман сол ұйымның ішкі-сыртқы жағдайына бейімделіп, ортаға сіңісе түседі. Сол ұжым да қайта-қайта тәжірибеден өткен маманға бауыр басып, ертең жұмысқа алуға ықылас танытады. Жастарды жұмысқа орналастырудың бір жолы – осы. Жалпы, біздің түлектерге сұраныс жоғары.
Ел болашағы – білімді жастардың қолында. Бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына енуге ұмтылған Қазақстанда жас ұрпақтың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан түлектерге айтарым, мамандықты дұрыс таңдай білейік, таңдаған мамандығыңызға сәйкес халқына қызмет ете білетін білімді, сауатты, тәрбиелі азамат болайық дегім келеді. Бәріміз бірлесіп, қазақ елін ғажап елге айналдырайық. Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі болашағы зор болатынына сенімдімін. Себебі сапалы білім беретін жан-жақты, білгір ұстазбен қатар, бүгінгі күннің сұранысына сай заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған. Осында білім алған шәкірттер міндетті түрде мықты маман болып, мемлекетіміздің экономикалық дамуына және кадрлық әлеуеттің өсуіне үлкен септігін тигізеді деп сенемін. Бүгінгі бәсекеге қабілеттілікті талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, отаншыл азамат етіп тәрбиелеу көзделінеді. Сондықтан ұстаздар қауымының мақсаты – бүгінгі ұрпақ еліміздің болашағын қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға етіп өсіру. Жан-жақты білімді болу, білім бәсекесіне қабілетті болу заман талабы.
– Жаңа бастамалармен бастау алған жаңа оқу жылындағы жаңалықтармен бөліссеңіз?
– Иә, жаңа оқу жылы колледж ұжымы үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Қыркүйекте Байқоңыр қаласына атбасын тіреп, жеке қабылдау өткізген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Пірмұхаммед Сыздықов колледжге бас сұғып, кәсіпкерлер күніне орай колледж директоры Әнуар Дәуленбаевқа «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Р.Баталовтың алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ облыстық білім басқарамасының басшысы М.Шермағанбеттің еліміздің жас жеткіншектерін оқытып, тәрбиелеу жолында сіңірген еңбегі мен білім саласын дамытуға қосқан үлесім үшін мен де құрмет грамотасымен марапатталдым. Бұл марапат тек маған ғана емес, колледж ұжымына берілген марапат деп ойлаймын.
Сонымен қатар Қызылорда облысы Білім басқармасының білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларын, әдістемелік кабинеттердің басшыларын, әдістемелік кабинеттердің әдіскерлерін аттестаттаудан өткізудің қорытындысымен осы жылғы 25 тамыздағы N49-НҚ бұйрығымен өзім және директордың оқу-әдіс өзім және директордың оқу-әдістемелік жөніндегі орынбасары Рауа Тұрма ханова «Екінші біліктілік санаты» бас шының орынбасары біліктілігін алдық.
Ұстаздар күні мерекесіне орай облыстық білім басқармасы мен облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде-техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында өткізілген шахмат ойынынан облыстық жарыста мекеме командасы жүлделі I орынды жеңіп алса, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәкен Есеналиев «Үздік ойыншы» номинациясының иегері атанды.
Ұстаздар мерекесінде колледж ұстаздары, атап айтар болсақ, директор дың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Нұргүл Әлімбаева облыс әкімінің, директордың оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Рауа Тұрмаханова облыстық білім басқармасының, ал директордың тәрбие ісі жұмыстары жөніндегі орынбасары Сәкен Есеналиев пен Шынар Ералықызы, Аяжан Серікбайқызы, Жанат Серікқызы ҚР Призедентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы басшысының және бірқатар басқа да оқытушылар колледж басшысының алғыс хаттарымен марапатталды.
– Сұқбатыңызға рақмет, сіздерден білім алған шәкірттер болашақта білікті маман болуына тілектеспін.
Сұқбаттасқан Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
18 қазан 2022 ж. 561 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 511

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 583

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031