Басты бағыт – сапалы маман дайындау
ҒАРЫШКЕРЛЕР ҚАЛАШЫҒЫ АТАНҒАН БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМ БЕРУ СТАНДАРТЫМЕН БІЛІМ БЕРЕТІН, ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ МАМАНДАР ДАЯРЛАЙТЫН БІРДЕН-БІР ОҚУ ОРНЫ – АКАДЕМИК С.ЖИЕНҚҰЛОВ АТЫНДАҒЫ БАЙҚОҢЫР ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖІ.
Кәсіптік-техникалық мамандар даярлау бүгінгі күннің басты тақырыбына айналды. Ең бастысы – кәсіптік-техникалық білім алуға қоғамда оң көзқарас қалыптаса бастады.
Әрбір күні жаңалыққа толы ақпараттық қоғамда колледж ұжымының басты бағдары – жоғары деңгейдегі қабілетті де сапалы мамандар дайындау.
Ең әуелі колледж тарихынан бір-екі ауыз сөз қозғар болсам, сонау 1998 жылы бұрынғы Қазақстан Инженерлі Техникалық университетінің базасында Техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық машина жасау жəне көлік ғылым академиясының, Ресей Халықаралық көлік академиясының академигі Серғазы Ахметұлы Жиенқұловтың басшылығымен құрылған болатын. Міне, біздің колледж осы университеттің базасының негізінде құрылған еді. 2004 жылы университет базасында «Байқоңыр «Космос» колледжі» болып ашылған колледжімізге 2016 жылдан бастап академик Серғазы Жиенқұловтың аты берілді.
Академиктің колледжіміздің іргетасын қалаудағы еңбегі ескеріле отырып, білім ошағының кітапханасынан «С.Жиенқұлов» бұрышы жасақталған. Аталған бұрышта академиктің өмірінен сыр шертетін кітаптар, оның ғылыми еңбектері шәкірттерге таптырмас құнды деректер десек артық емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауының Сапалы білім беру бағытында «...Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс. Сонымен бірге, жағымды жаңалығымыз да бар. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды. Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн. ...Толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 проценті – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек. ...Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз» деп ерекше атап көрсетеді.
Ел үдерісінің дамуына сай экономист, электромеханик, заңгер-кеңесші, байланыс технигі, экономист-бухгалтер, турагент, құрылыс технигі, тігінші секілді мамандар даярлайтын біздің колледжіміз жаңа оқу жылын жағымды жаңалықтармен қарсы алды. Бұл іргелі білім ордасының ұжымы үшін үлкен абырой, үлкен жетістік болып отыр.
Оқу орнындағы алғашқы жаңалық жаршысы – колледжіміздің жоғары колледж статусына ие болуы. Яғни Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қызылорда облысының әділет департаменті Қармақшы ауданаралық әділет басқармасының Заңды тұлғаны қайта тіркеу туралы 2021 жылдың 8 шілдесіндегі анықтамасына сәйкес колледж мәртебесі жоғары дәрежеге көтерілді. Енді бұл колледж қолданбалы бакалавр мамандарын даярлайтын болады.
Бүгінгі таңда кез келген жүйе, оның ішінде оқу-білім саласы үздіксіз жаңаруда. Бұрынғы дәстүрлі жүйе өзгеріп, оқу үрдісінде түрлі жаңа технологиялар, жаңа әдіс-тәсілдер пайда болды. Осыған орай, біздің колледжде кредиттік оқыту жүйесі енгізілген. Бұл білім беру технологиясы өз бетімен білім алу деңгейін көтеру және дара негізінде шығармашылық білімді меңгеру, оқу процесін және білім көлемін кредит негізінде есепке алуды талап етеді. Заманауи технологиялық талапқа сай білімгерлердің балдық-рейтингтік жүйесі қолданысқа енгізілді.
Колледж ұжымы облыстық білім басқармасының 2021-2022 оқу жылына арналған әдістемелік жұмыс жоспарына сәйкес жұмыс жүргізеді. Биылғы оқу жылының әдістемелік жұмыс жоспары ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрық талаптарын басшылыққа ала отырып жасалынған.
Сапалы білім беру мен тәрбиелеу арқылы заман талабына сай кәсіби құзіретті, білікті мамандар даярлауды басты мақсат еткен оқу әдістемелік жұмыс жоспарына сәйкес жаңа оқу жылы басталған тұста Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздік жетістіктері» атты әр топ жетекшілерінің ұйымдастыруымен ашық сабақтар өткізілді. Тілдер мерекесіне орай «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» тақырыбында қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәні апталығы өтті. Өткізілген апталықтың басты мақсаты – оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, еліне деген сүйіспеншілігін ояту, ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету.
Апталық аясында «The Leader of the XXI century» тақырыбында ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Гүлнұр Мәрдісадық 1-3 курс студенттері арасында интеллектуалды сайыс өткізді. Онда студенттердің ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыруда сөзжұмбақ, ребус, жұмбақтар сайысы болып, әр жасөспірім өз деңгейін көрсете білді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Айгүл Абауованың ұйымдастыруымен «Үштілділік – заман талабы» тақырыбында 1-2 курс білімгерлері арасында тіл мәселесінің маңыздылығын талқылауда дебат өтті. Ал апталықтың келесі күнінде орыс тілі пәнінің оқытушысы Дәмелі Муапикованың ұйымдастыруымен студенттердің сөздік қоры мен сөйлеуін байыту, орфографиялық қырағылықты қалыптастыру, зейін, есте сақтау қабілеттерін дамыту, ойын арқылы орыс тіліне деген қызығушылығын оятуда «Люби, цени изучай русский язык» атты сабақтан тыс жұмыс жүргізілді.
Студенттердің үш тілде еркін сөйлеу біліктілігін дамытуды жүзеге асыру барысында мынадай міндеттерді шешу көзделеді. Яғни студенттердің үш тілде еркін сөйлеу біліктілігін дамытуда оқыту технологияларын тиімді пайдалану, заманауи интерактивтік және инновациялық технологияларды қолдану, үш тілде де қарым-қатынас жасауға, сөйлеуге үйрету мен әр студенттің тілдік қабілетін толық ашу және сөздік қорын молайтуға жұмыс жасалды. Аталған апталықтың салтанатты жабылу кешінде белсенді қатысқан студенттер арнайы дипломмен, алғыс хаттармен марапатталды.
Мұғалімнің кәсіби шеберлігі, зерттеушілік қызметі іс-тәжірибеде және қайта даярлау кезінде қалыптасады. Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынов «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп бекер айтпаған.
Білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, кәсіби құзіретті педагог болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіби шеберлігінің, адамгершілік, рухани, азаматтық келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
Бәсекеге қабілеттілікті арттыратын сайыстардың нәтижесінде колледжіміздің бірқатар ұстаздары биік белестерден көрінуде.
Атап айтар болсақ, жақында ұстаздар күніне орай колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Дәуленбаева Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл және мұғалімдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіз Қазақстанның Құрметті педагогы» байқауының нәтижесі бойынша республикалық «Білім шыңы – Ғылым сыры» журналының бас редакторы, «Білім шыңы» қоғамдық ұйымының төрағасы Б.Есеннен «Тәуелсіз Қазақстанның Құрметті педагогы» төсбелгісі мен құрмет грамотасын алып, оқу орнының мерейін тасытты.
«Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» білім беру мекемесінің құрылтайшысы Айнаш Бейсенова осы жылдың 25 тамызында ҚР Ұлттық бизнес рейтингін ұйымдастыру комитетінің шешімімен колледж директорының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша орынбасары Нұргүл Әлімбаева жеке тиімділіктің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізгені, міндеттерді жауапты орындағаны, бастамашылдығы үшін «Үздік маман – 2021» сертификатымен марапатталды.
Сонымен қатар, колледжіміздің химия және биология пәнінің оқытушысы Жанар Назарбаева республикалық «Өрлеу» педагогикалық шеберлікті дамыту орталығы және республикалық «Меdia Bilim» журналының ақпараттық қолдауымен жас мамандар арасында ұйымдастырылған «Жалындай бер жас маман» атты байқауға қатысып, сертификат пен алғыс хаттың иегері атанды.
Алдағы уақытта ұстаздарымыз бен студенттеріміз тиянақты дайындық пен терең білім, алғырлық пен тапқырлық танытып, жүлделі орындар иеленіп, колледжімізді тағы да алдыңғылар қатарынан көрсететініне сеніміміз мол.
Рауа ТҰРМАХАНОВА,
білім беру мекемесі директорының оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі
орынбасары