Кәсіптік білім берудегі жаңа инновациялар
Қоғамның дамуына қарай ғылым мен техниканың деңгейі де, оны басқару жүйесі де өзгеріп отырады. Осы ретте маман қызметінің мазмұны жаңарып, жаңа мақсат, жаңа көзқарас, жаңа шешім мен жаңа мүмкіншіліктерді қажет ететіні заңдылық. Ал ондай мүмкіншілік тек білім арқылы келмек.
Білім – қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс. Адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Оның ең негізгі қызметі – адамның менталитетін, адамгершілігін, шығармашылық қабілетін қалыптастыру, дамыту. Осыған орай егеменді еліміз өзінің дамуының ең басты алғы шарты – білім беру жүйесінің білім ғасырындағы міндеті мен мазмұнын айқындап алды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек. «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ» деп, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін нақты мақсаттар жүктеді. Аталған бағыттардың табысты іске асырылуы ең алдымен, білім сапасымен анықталатыны белгілі. Осыған сәйкес білім мен ғылымды инновациялау мен модернизациялау экономикалық дамудың басты бағытына айналды. Еліміздің дербес даму бағыты айқындалып, халықтың тарихқа деген көзқарасы жаңа қырынан жаңғыра бастаған бүгінгі таңдағы мұратымыз – «білім беруді жаңа инновациялық жолмен дамыту болып отыр».
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңартылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «Дуальды кәсіптік білім беруді дамытудың маңызы зор. Бұқаралық маман кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін заманауи қолданбалы біліктілік орталықтары қажет» деп, бұл оқыту жүйесінің техникалық салада алар орнын баса айтқан болатын. Сондай-ақ, колледждерде дуальды оқыту әдісін енгізу туралы нақты тапсырма да берді. Осыған байланысты елімізде кәсіптік-техникалық білім беру саласында жаңа жүйе қалыптаса бастады.
Дуальды жүйенің тиімділігі – болашақ жас маманды оқу орны мен өндірісте қатар оқыту. Сонымен қатар, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін жоғарылату. Дуальды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайды. Өйткені теория мен тәжірибені ұштастыру нәтижесінде, оқушы оқу бағдарламасын жақсы меңгеріп қана қоймай нағыз дайын маман болып, жұмыс берушілердің сұранысына, талабына сай кәсіптік-техникалық кадрлар даярлайтын болады және дуальды оқыту әдісінің тағы бір ерекшелігі – еңбек нарығына қажетті жас мамандарды даярлауға тек білім мекемелерінің ғана емес, жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттырады.
Модульдік оқыту – бұл оқу ақпараты модульдерге бөлінетін білім беру процесін ұйымдастыру. Модуль ұғымы «қандай да бір нақты жұмысты орындау үшін кейбір теориялық және тәжірибелік дағдыларды бастапқы меңгеруді қамтамасыз ететін оқу материалының көлемін» қамтиды.
Колледждің міндеті білім алушылардың өз оқуы үшін табыстылық пен жауапкершілік атмосферасын құру, ал одан әрі – кәсіби өсу мен еңбек саласының өзгермелі жағдайында бейімделуге жауапкершілік алу.
Кәсіптік және техникалық білім беру оқу орындарының педагогикалық үдерісін жетілдіруге екінші жаңа білім беру формасы – кредитті оқыту жүйесі болып табылады.
Кредитті оқыту жүйесінің оқу үдерісіне енгізуге негіз болған қазіргі өндірістің модернизациялануында, жоғары технологиядағы құрал-жабдықтардың қондырылуы, оған қызмет ететін арнаулы кәсіби білімі бар орта буындағы мамандардың теориялық кәсіби білімдерінің дәрменсіздігі ықпал етті. Соңғы кездері, колледжде кәсіби білім берудің екінші деңгейіндегі мамандықтың оқу үдерісіне кредитті оқыту жүйесін енгізу тәжірибелері қолға алына бастады.
Кредиттік оқыту жүйесін дуальды оқыту формасы сияқты жаңа форматтағы мамандарды даярлауға бағытталған дербес оқу үдерісін ұйымдастырудың формасы деп атауға болады. Кредиттік оқыту технологиясын толығымен жоспарлы ұйымдастыру, басқару мен жүзеге асыру, бақылау жасау бірегей жүйеге жатады.
Қазақстанның білім беру стандартымен білім беретін, бүгінгі заман талабына сай – экономист, электромеханик, заңгер-кеңесші, байланыс технигі, экономист-бухгалтер, турагент, құрылыс технигі, тігінші секілді мамандар даярлайтын бірден бір оқу орны – «Академик С.Джиенқұлов атындағы Байқоңыр колледжі» білім мекемесі еліміздің білім беру саласында өзіндік сара жолы бар киелі шаңырақ, іргелі оқу ордасы десек артық айтқандық болмас.
Қазіргі таңда колледж ұжымы экономиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс істеуде. Қазір кез келген жүйе, оның ішінде оқу-білім саласы үздіксіз жаңару үстінде. Бұрынғы дәстүрлі жүйе өзгеріп, оқу үрдісінде түрлі жаңа технологиялар, сабақты түсіндірудегі неше алуан жаңа әдіс-тәсілдер пайда болды. Осыған орай, біздің колледжге де дуальдық, модульдық, кредиттік оқыту жүйесі енгізіліп, студенттер өз кәсіби білімін шыңдауда. Қорыта айтқанда, кәсіптік және техникалық білім беру оқу орындарында жаңа келбеттегі мамандарды даярлауды ұйымдастыру оқу үдерісі – кредитті оқыту формалары сызықтық немесе дәстүрлі оқыту формасы сияқты дербес жүйесімен ерекшеленеді. Оған негіз болатын оқу орнында мамандықтар бойынша білім бағдарламасын жүзеге асыру, жоспарлау, ұйымдастыру мен басқару, бақылау мен сапасын анықтау біртұтас, кешенді жүреді.
Шолпан ДӘУЛЕНБАЕВА,
«Академик С. Джиенқұлов атындағы Байқоңыр колледжі» білім беру мекемесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ҚР Ұлттық машина жасау және көлік академиясының
корреспондент-мүшесі, экономикалық ғылымдар магистрі
«Академик С. Джиенқұлов атындағы Байқоңыр колледжі» білім беру мекемесі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ҚР Ұлттық машина жасау және көлік академиясының
корреспондент-мүшесі, экономикалық ғылымдар магистрі