» » » Аналар – шаңырақ шырайы

Аналар – шаңырақ шырайы

Әйел-ана – отбасында аяулы жар, ардақты ана. Жанұясын мейірім мен шуаққа бөлейтін ерекше жан. Ол отбасымен қатар қоғам өмірінде де белсенді. Қаншама қыз-келіншек, аналарымыз қызметтің де қазанын қайнатып, мемлекет дамуына үлес қосуда. Үйінде жанұясының ұйытқысы болса, еңбекте де білікті маман атанып, екі жақты да ұйыстырып, үйлестіріп алып жүрген нәзік жан иелері өңірімізде аз емес. Соның бірі – аудандық білім бөлімінің әдіскері әрі аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Тәжігүл Әбенова.
-Тәжігүл Жақсылыққызы, алғашқы сауалымыз, осы қоғамдық жұмысты ұсынғанда қалай қабылдадыңыз, білім саласының жұмысы да бір басқа жетіліп-артылады емес пе?!
– Ұсыныс түскенде бірден келісе қоймадым. Себебі, өзіңіз айтқандай негізгі жұмысым бар дегендей. «Кеңес қоғамдық жұмыс болған соң, оған үлгере аламын ба?» деген ойда болғаным рас. Жауапкершілігін алып алып ертеңгі күні үдеден шыға алмай қалсам қалай болады? Осы сынды көкейімде сан сұрақтың болғанын жасырмаймын. Білім саласы – ауқымы кең сала. Дегенмен жұмысым арқылы ауданның көптеген іс-шарасының ортасында жүремін. Оған өзім де атсалысатын кездерім жиі болады. Ана – мен үшін әлемдегі ең құдіретті адам, жер бетіндегі әрбір жан анасын – жәннатым деп біледі. Анадан жаратылдық, өзім де анамын. Оның үстіне азды-көпті жинаған тәжірибем бар. Білім саласында қызмет ететіндердің дені – қыз-келіншектер. Көңіліме жақын болмаса, алыс емес. Неге нартәуекел етіп көрмеске деп те түйіндім. Отағасымен ақылдаса, қабырғаммен кеңесе келе «аудандағы Аналар кеңесінің төрайымы болсаңыз қайтеді?» деген ұсынысты оң қабылдап, жұмысымызды бастап та кеткен жайымыз бар.
– Сіздің үлгілі ана екеніңізді, өскен ортаңыз бен келін болып түскен құтты орныңыздан да хабарымыз бар. Қайынатаңыз соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Үсен Қошалақовты ел жақсы таниды.
– Ата-ана – баланың бойына күш-қуат беретін асыл тұлға. Әрбір ата-ана баласының адам болып өсуіне бар жігерін салады. Өмірге әкеліп, сол баланың қызығын көрсем дейді. Рақатын көру дегеніміз – сол баласының халық қатарында болып, ұрпақ сүйіп, ата-анасына лайықты құрмет көрсетуі. Менің ата-анам (жатқан жерлері жайлы болсын) өте қарапайым, еңбекқор, мейірімді, көпшіл кісілер болған. Әкемнің есімі – Жақсылық болса, анамның аты – Шырынкүл. 7 баланы өмірге әкелген ардақтыларым. Әкем 47 жасқа келгенде өмірден озды. Мен отбасындағы алтыншы баламын. Сол кезде небәрі 2 жаста болсам, кішкентай бауырым 5 айлық екен. Үлкен ағам 18 жаста, әскерде екен. Анамыз 7 баласымен 37 жасында жесір қалған. Осындай қайғы бұлты басына туса да бар баласын мәпелеп өсіріп, әкеміздің жоқтығын білдіртпеді. Бәрімізді оқытып-тоқытты. Ең бастысы еңбекке тәрбиеледі, білімді болуды мақсат етті. Барлығымыз жоғары білімді қызметкер болдық. Бала күнімізде үй тіршілігін бөліп алып, тап-тұйнақтай етіп анамыздың алдына көңіл-күйі түспесін деп реттеп қоятынбыз. Анамыз жұмыстан келгенде дайын асқа отырсын, демалсын, шаршамасын, ренжімесін деп жағдайын жасап, қас-қабағына қарайтынбыз. Әлі есімде, үй шаруасына кіріскенімізде (қанша дегенмен баламыз ғой) ойнағымыз келеді. Үлкендеріміз «Онда папамның баласы емессің» десе жанымыз ышқынып «жоқ папамның баласымын» деп ойынды дереу тастап жұмыс істеуге жүгіретінбіз. Ол сөз ұранымыз болатын. «Жақсылықтың баласы» деген атаққа лайық болу – бәрінен жоғары еді. Міне әліге дейін де ата-аналарымыздың атына кір келтірмес үшін барымды салып келемін. Енді міне өсіп, мектепті алтын медальмен бітіріп, жоғары оқу орнын аяқтадым. Анамыздың, алдымдағы аға-апаларымның қолдауымен өмірден өз орнымды таптым. Жоғары оқу орнын аяқтап, киелі отбасы, ата-анам ұстаздардың ұстазы болған Қошалақовтар әулетінің ең кішкентай келіні атандым. Мен келін болып түскенде атам өмірден озған екен. Анам зейнеткер, көпбалалы отбасы. Бұл отбасында да бала тәрбиесіне үлкен мән берген, барлығы жоғары білімді, халықтың азаматтары. Ғаламның иесі болған математика ғылымын бойына дарытқан өнегелі ұрпақ тәрбиелеген әулет. Анамның келін тәрбиелеудегі мейірім-шапағатын алдым, 1 ұл, 1 қыз тәрбиеледік. Жолдасым – спортшы. Жыл сайын «Үсен Қошалақов атындағы аудандық математика пәнінен өтетін олимпиадаға» әулет болып дәстүрлі түрде атсалысамыз. Мақсатымыз – ауданның дарынды балаларын айқындау, математика пәніне деген қызығушылығын арттыру. Ата-аналарым – менің жарығым, тынысым, өмірімнің нәрі. Сол кісілердің берген тәрбиесін, батасын алып өстік. Олардың әрбір айтқан өсиетін тыңдап, өмірімізге тұтқа етіп ұстадық. Жолдасым Қадыр – ұлдың кішісі, қарашаңырақтың иесіміз. Шүкір Аллаға. Балаларыма әулет тәрбиесінен сіңген адамдық қасиеттерін жоғары тұтып, жоғары білім алған. Ұлымыз Жасұлан – аудан әкімшілігінде қызмет етсе, қызымыз – Әлия Астана қаласында медициналық университеттің 3 курс студенті. Ата-аналарым баланы жас кезінен дұрыс тәрбиелеп өсірсең, өскенде ол бала өмірден өз орнын тапқаны. Сол саған көрсеткен рақаты дейтін. «Бала тәрбиесіне үлкен мән бер, айналайын, ұл мен қыздың ерекшелігі бар. Ата-ана болдың ба, үлкен жауапкершілік арқалайсың. Сіздегі жұмыс сол баланың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру, түсіндіру, адам болу үшін тынбай тәрбиелеу. Ол үшін отбасында береке-бірлік болу қажет» деп отыратын. Үлкен жанұямызда абысындарыммен тату-тәтті тұрамыз. Бір үйдің қыздарындай десем де болады. Алдағы арманымыз – әлі де халыққа қызмет жасап, ұрпақ сүйіп, ата-аналарымдай ата-әже атансақ дейміз. Адамда арман таусылған ба?! Қандай да бір жетістікке жетіп жатсам, ол маған тәрбие беріп, жол көрсеткен асыл да алтын ата-аналарымның, халқымның арқасы деп білемін. Алғысымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ол кісілерді сағынғанымда көзіме жас аламын. Сол кісілердей боламын деген мақсат мені қуаттандырып, алға жетелеуде.
– Енді кеңес жайына ойыссаңыз. Қашаннан бері жұмыс істеп келесіздер?
– Облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудан бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы аудандық Аналар кеңесімен бірлесе отырып өткен жылдың қаңтарынан бастап бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп келеді. Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мақсаты айқын. Атап айтқанда отбасы және ана институттарын нығайту арқылы қоғамдық келісіммен ел бірлігін қамтамасыз ету, отбасы құндылығын насихаттайтын іс-шараларды жүзеге асыру. Ол – Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Кеңес өз қызметінде ҚР Конституциясын, заңдарын, ҚР Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады. Кеңес құрамы Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени бірлестіктер, сондай-ақ басқа да ұйым өкілдері қатарынан қалыптастырылған. Міндеттеріне келетін болсақ, қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, азаматтық және рухани-мәдени бірегейлікті қалыптастыру және тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, этносаралық келісімді, толерантты қарым-қатынасты дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықты сақтау, ата-аналардың дені сау, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген жас ұрпақ тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруға жәрдемдесу саналады. Жалғызбасты және көп-балалы аналарға әлеуметтік мәселелерді шешуде консультациялық көмек көрсету, жастар арасындағы қоғамға жат мінез-құлықтың алдын алу, оларды мейірімділікке, үлкендерге құрмет көрсетуге тәрбиелеу, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының, азаматтық қоғам институттарының және басқа да ұйымдардың отбасы мен ананың оң бейнесін қалыптастыруға бағытталған қоғамдық бастамаларын, әлеуметтік жобаларын қолдау мен дамыту, отбасылық жарасымдылық – кеңес қызметінің бірі есептеледі.
– Жаңа сөзіңізде кеңестің өкілеттілігі жайында айтып қалдыңыз?
– Иә, кеңес құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға, өз отырыстарында мемле- кеттік органдар мен өзге де ұйымдардың өкілдерін тыңдауға және шешім қабылдауға құқылы. Шешім – ұсынымдық сипатқа ие.
– Кеңестің құрамында қанша мүше бар?
– Аналар кеңесінің құрамында төрайымы, оның орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудан бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы, кеңес хатшысы және кеңестің 35 мүшесі бар. Оның құрамында барлық сала мамандары, кәсіпкерлер, сонымен қатар кеңес отырыстарына кеңес мүшесі болып табылмайтын лауазымды адамдар, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің, облыстық ассамблеяның және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
– Олар кімдер, атын атап, түсін түстеп жіберсеңіз?
– Жақсы. Олар – аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Төлегенқызы, облыстық мәслихат депутаты Дильфура Байрахтарова, аудандық білім бөлімінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Ләззат Есханова, жеке кәсіпкер Рабиға Балғабаева, аудандық аурухана бас дәрігерінің «Ана мен бала» денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Фарида Сарыбаева, Т.Көмекбаев атындағы No250 мектеп-лицей директоры Гүлжахан Мұнарбаева, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлнар Төлепбергенова, «Қармақшы ауданының құрметті азаматтары» Үрзахия Махамбетова, Дәмелі Жалғасбаева, Үрзада Бекмырзаева, көпбалалы ана Жүрсінай Хайдарова, «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыткүл Райымбаева, аудандық полиция бөлімінің әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу тобының қызметкері Айнұр Қасымова, аудандық емхана психологі Әмина Кетебаева, тағы басқалары бар.
– Сіздіңше қоғамдағы аналардың рөлі қандай?
– Біз ата-ананы пір тұтқан, тегімізді атадан, тілімізді анадан тарқатқан халықпыз. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан ол – ана. Ана баласы қандай қателік жасаса да кешіреді. Оның мейірімділігінде шек жоқ. Ана болу – бүкіл өміріне кететін рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып-қағуда ана өзін-өзі ұмытып, барлық күш-жігерін перзентіне жұмсайды, сол арқылы оның жүзі нұрлана, жаны нәрлене түседі. Ал баланың анаға деген махаббаты жеткіліксіз. Оны барынша құрмет тұтып, қастерлеу әрбір баланың борышы. Ана махаббатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Аналарымыздың қоғамдағы рөлі зор деп айта аламын. Аудандағы «Аналар кеңесі» мүшелерімен жоспарлы бағытта тағылымы мол тәрбиелі де өнегелі іс-шаралар ұйымдастырып, өңір аналарының мерейін үстем етеміз деген сенімдеміз.
– Кеңес тарапынан нендей іс-шаралар атқарылуда?
– Кеңестің алға қойған мақсаты мен бекіткен жоспары аясында көптеген жұмыс атқарылуда. Өткен жылы жиырма іс-шара бойынша жұмыс жүргізілсе, биыл жиырма бес іс-шара жоспарлануда. Оның ішінде облыс көлемінде де игі шаралар ұйымдастырылды. Бірқатар қыз-келіншек пен аналарымыз өнегелі де өрелі істері үшін аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталып, төрден көрінді. Осы жылдың маусымында Қорқыт ата атындағы мемориалдық кешеде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы шеңберінде «Ана мен бала денсаулығы – ұлт болашағы» тақырыбында облыстық фестиваль, тамызда Дүр Оңғар ауылында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Сыны мен сыры бөлек Сыр аналары» атты аналар форумы жоғары деңгейде өткізілді. Сонымен қатар 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне арналған «Бас иемін ана деген тәңірге» тақырыбында аудандық Жыраулар үйінде мерекелік кеш өтіп, онда да аналарымызға құрмет пен қошемет көрсетілген болатын.
– Бізде еңбек даңқын асырған, биік парасатымен елге танылған ардақты аналарымыз баршылық. Осы кісілердің еңбек және өмір жолдары жас ұрпаққа қалай насихатталуда?
– Расыменде ауданда еңбекті дәріптеген, адамгершілік пен салт-дәстүрді насихаттаған, білім мен білікті қатар ұстаған аналарымыз өте көп. Олардың қатарында «Қармақшы ауданының құрметті азаматтары» – Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың, жас кезінен-ақ трактор тізгіндеп, қырық жылға жуық шаруашылықта механизатор, күрішші-механизатор, жұмысшы болып еңбек еткен «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бибігүл Әбішованың есімдерін құрметпен атауымызға болады.
– Қазір көпшілік арасында «Балаларды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр» деген сөз жиі айтылады. Оның ішінде қыз бала тәрбиесіне аса мән берілу керек секілді. Осы ретте сіздің ойыңыз қандай?
– Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Сол анадан туған қыз баланың тәрбиесі де ерекше. «Қызым үйде, қылығы түзде» дейді екен бұрынғылар. Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дарыту тек құлаққа құюмен, ақыл айтумен не болмаса «Қызды қырық үйден тыюмен» шектелмейді. Мәселе қай кезде, қандай жағдайда да орынды ақыл ұсынып, үлгі-өнеге көрсету қажет. «Қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген тәмсіл бекерге айтылмаса керек. Қыз баланы ең бірінші еңбекке, мейірімділікке, имандылыққа үндей келе бойына адамгершілік асыл қасиеттерді дарыту керек. Қыз баланы тәрбиелеу үшін ата-анаға үлкен жауапкершілік қажет деп санаймын.
– Салт-дәстүрді қаншалықты ұстанасыз?
– Үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарау қаныма сіңген және ата-аналарымның бойыма дарытқан тәрбиесімен келген. Осы сабақтастықты отағасы екеуміз балаларымызға жалғап, салт-дәстүрді негізге алып тәрбие берудеміз. Отбасында қалыптасқан қағидамыз – адамгершілік, имандылық, еңбекқорлық, мейірімділік, кешірімділік пен сабырлылық.
– Аналар кеңесінің алға қойған жоспары?
– Биылғы жылға аудан бойынша жұмыс жоспары жасалынып, мәні мен тағылымы зор, тәрбие беретін, отбасының бақытын сақтап, ата-ана мерейін үстем ететін іс-шаралар, кездесулер, дөңгелек үстел отырыстары жалғасуда. Сөз барысында айтып кеткенімдей өмір жолдары еңбекпен өрілген әке-аналарымыздың, ата-әжелеріміздің есімдерін ардақтап, өнегелерін, отбасы бақыты мен берекесін насихаттай беретін боламыз.
Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл АҚКІСІ
24 қыркүйек 2022 ж. 1 385 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 007

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031