» » » «Мақсатымыз – әр азаматтың қабілетіне қарай жағдай жасау»

«Мақсатымыз – әр азаматтың қабілетіне қарай жағдай жасау»

Елімізде әлеуметтік сала бойынша көптеген шаруалар атқарылуда. Әлеуметтік сала – бұл халықтың тұрмыс-тіршілігінің, өмір сүру қағидаты мен әлеуетінің көрсеткіші. Осы ретте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа жолдаған Жолдауында «...Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады. Мен жаңа Қазақстанның осындай ел болғанын қалаймын...» деп айта келе тиісті ведомстволарға нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес бірқатар ілкімді жұмыстар тізбегі ауданымызда да атқарылып, жалғасын табуда. Оның ішінде Ұлттық жоба, мүмкіндігі шектеулілердің оңалту бағдарламалары, басқа да мәселелер бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ғалымжан Ақжігітовпен сұқбат жүргізген болатынбыз. Төменде бөлім басшысымен болған сұқбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Ғалымжан Амангелдіұлы, сөзіңізді елімізде ең өзекті болып саналып отырған жұмыссыздық мәселесінің аудандағы ахуалынан бастасаңыз?
– Өңірдегі жұмыссыздық пен жұмыспен қамтылу деңгейі туралы айтатын болсақ, осы жылдың 1 шілдесіне 2091 адам жұмыссыз есебінен тіркеліп, олардың үлес салмағы 4,8 пайызды құрауда. Осы мерзім аралығында 555 адам (Қармақшы – 212 адам, Байқоңыр – 343 адам) тұрақты және уақытша жұмысқа орналастырылды. Биыл аудан бойынша 2533 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, оның бүгінгі таңда 1045 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 41,2 пайызға орындалып отыр.
– Кәсіпкерлікті дамыту – ел экономикасының тамырына қан жүгіртетін негізгі фактордың бірі десек қателеспейміз. Осы тұрғыда 2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның іске асырылу барысы өңірде қалай жүріп жатыр?
– Бағдарламаның І бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 80 адамды оқытуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. ІІ бағыты бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 400 АЕК бойынша 501 адамға 582 273 000 теңге қайтарымсыз грант қаралған, оның ішінде Қармақшы ауданына 370 адамға, Байқоңыр қаласы бойынша 131 адамға қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда 8 адам қайтарымсыз грантқа ие болуда. Ал ІІІ бағыты аясында әлеуметтік жұмыс орындарына жоспар бойынша барлығы республикалық бюджеттен 75 адамға қаржы қаралды. Жастар тәжірибесіне барлығы 249 адамға қаражат қаралып, оның 124-і нақты жұмысқа жолданды. Қазір соның 25-і жұмысын аяқтап, 21-і тұрақты жұмыспен қамтылды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 2 адам жіберілсе, «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасына 4 адамға қаржы қаралды. «Күміс жас» жобасына 1 адам жолданды. «Онлайн – оқу курстарымен» жобасына оқытуға 62 адам жоспарланса, ол 158,1 пайыз болып орындалып, оқу курсын 98 талапкер бітіріп шықты. Байқоңыр қаласы бойынша «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 10 адам жолданып, тиісті жұмыстар атқарылды. Біздегі жүзеге асырылып жатқан тағы бір жоба – «Ұрпақтар келісім-шарты». Бұл жоба аясында 5 адам жұмысқа жіберілсе, оның 1-еуі тұрақты жұмыспен қамтылды. «Күміс жас» жобасына 10 жұмыссызға қаражат қаралып отыр. Аудандағы тұрмысы төмен, аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мысалы атаулы әлеуметтік көмекке осы жылдың 1 шілдесіне 806 отбасының 3973 адамына 163 247 800 теңге төленсе, 479 отбасының 1-6 жас аралығындағы 761 балаға 2114 әлеуметтік топтама таратылды. Сонымен бірге тұрғын үй көмегіне 1845 отбасына 128 043 500 теңге төленіп отыр. Бұдан бөлек жергілікті өкілетті органдардың шешімімен берілетін әлеуметтік көмектер үшін бүгінге 584 адамға 94 020 000 теңге төленді. Атап айтқанда оған туберкулезден емделудің сүйемелдеу сатысындағы науқастарға қосымша тамақтануға әлеуметтік көмекке, гемобластоздар мен апластикалық анемияны қосқанда гематологиялық аурулармен ауыратын, диспансерлік есепте тұрған балаларға дәрі-дәрмек алуға әлеуметтік көмекке, өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмекке, Ауғанстан аумағынан Кеңес әскерлерін шығару күніне орай біржолғы әлеуметтік көмекке, Жеңіс күніне орай 1941-1945 жылдар кезеңінде тылда 6 айдан кем емес жұмыс істеген азаматтарға, Тәжік-Ауған, Таулы Карабах қақтығыстары, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан, Вьетнам соғысы, ядролық сынақ полигонына қатысушы, 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сонымен қоса ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан азаматтар, тағысын тағы кіреді.
– «Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасы бойынша істеліп жатқан жұмыстарыңызды да бір қамтып өтсеңіз?
– Бөлім арқылы айтылған уақыт мерзімінде 2091-ден астам мүгедек арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп және арнайы қызметтер бойынша көмектер көрсетіліп келеді. Биылға міндетті гигиеналық құралдарға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үздіксіз жүргізілуде. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында ерекше тәртіпті қолданумен мүгедектерді тасымалдау (Инватакси) қызметіне аудан бойынша 40 адамға және Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, Ақай ауылы бойынша 80 адамға сапалы қызмет көрсетілді. Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы ҚР Заңына сәйкес бөлімде үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі жұмыс атқаруда. Ауданда 28 күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкерлердің қарамағында 130 үйде әлеуметтік қызметке мұқтаж қызмет алушылар қамтылып, қызмет алушы балаларға арнайы кестемен әлеуметтік қызметкерлер тарапынан сауықтыру жаттығулары мен өзін-өзі қамтамасыз ету, бос уақытын ұйымдастырып өткізу, консультативтік, медициналық және құқықтық көмек беру жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады.
– Қоғамда аяғын шалыс басқандар да өмірден өз орнын тауып, жұмысқа бейімделуі керек. Осы тұрғыда жазасын өтеп келгендер турасында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Дұрыс айтасыз. Қоғамға бейімдеу, жұмыспен қамту – бөлім жұмысының бір бағыты десек болады. Өткен жылдың желтоқсанының 6 жұлдызында аудан әкімдігінің No68 қаулысымен «2022 жылға жұмыс орындарына квоталар белгілеу туралы» қаулысымен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға 1 квота және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға 6 жұмыс орнына жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгіленді. Нәтижесінде пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға белгіленген квоталар бойынша 5 квота орындалды.
– Халыққа көрсетіп отырған қызметтеріңіздің бірі – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жайында не айтар едіңіз?
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммер- циялық емес акционерлік қоғамы арқылы атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі пилоттық жобасын Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстарының, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында іске асыру туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірлескен бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы бұйрығына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл алгоритмінде, АӘК төлеуді уәкілетті орган атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шоттарына аудару жолымен жүргізеді.
Пилоттық жоба шеңберінде 2022 жылғы 1 сәуірден 2022 жылғы желтоқсанға дейін қабылданған өтініштер бойынша АӘК төлеу Мемлекеттік корпорация арқылы алушыларға жүзеге асырылады. Пилоттық жобаның қолдану кезеңінде Мемлекеттік корпорация қызметті қайтарымсыз негізде көрсетеді. Уәкілетті орган АӘК төлеуге қажеттілік сомасы туралы өтінім келіп түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға есепті кезеңге АӘК төлеуге қажеттілік сомасы туралы өтінімде көзделген сома шегінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 80 пайыз және жергілікті (облыстық) бюджет қаражаты есебінен 20 пайыз нысаналы трансферттердің арақатынасында ақша қаражатын аударады. Бұл ретте бюджет қаражаты төлемдерінің толық көлемі уәкілетті орган деңгейінде жүзеге асырылады.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Мемлекет басшысы осы жылғы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында «...Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз. Жұртымыздың күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйенеміз. Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Біз осылайша ғана халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз...» деген еді. Осы маңызды құжатта берілген тапсырмаларға сай алда халықтың әл-ауқатын көтеруде жыл аяғына дейін 2533 жаңа жұмыс орнын ұйымдастырып, аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамтуда «Бақытты отбасы» орталығын ашуды межелеп отырмыз. Сондай-ақ өңірдегі жұмыссыздардың санын азайтуда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында жұмыссыз азаматтарды жобаға қатыстыру болып табылса, әлеуметтік төлемдерге қаралған қаржыларды толығымен және сапалы игеру жұмыстарын да әрі қарай жүйелі жүзеге асыра беретін боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Сәрсенкүл АҚКІСІ

15 тамыз 2022 ж. 903 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031