» » » «Тамшылату әдісін дамытуымыз керек»

«Тамшылату әдісін дамытуымыз керек»

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ СЫРДАРИЯ ӨЗЕНІНІҢ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕП, СУ ТАПШЫЛЫҒЫ СЕЗІЛГЕЛІ СЫР ӨҢІРІНІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МАМАНДАРЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІН ЖИІ КӨТЕРІП ЖҮР. ТІПТІ АУДАНЫМЫЗДАҒЫ КЕЙ ШАРУАШЫЛЫҚТАР СУДЫ АЗ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ДАҚЫЛ ТҮРЛЕРІН ҚОЛҒА АЛУДА. АЛДАҒЫ УАҚЫТТА КҮРІШТЕН БӨЛЕК ҚАНДАЙ ДАҚЫЛ ТҮРЛЕРІНЕ КӨҢІЛ БӨЛГЕН ЖӨН? НЕНДЕЙ МӘСЕЛЕГЕ НАЗАР АУДАРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ? ОСЫ САУАЛ ТӨҢІРЕГІНДЕ АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ӘСЕТ ОМАРОВПЕН СҰҚБАТТАСҚАН ЕДІК.
– Әсет Тұрмаханұлы, басты сауалдан бастасақ. Биылғы аудандағы егіннің жайы қалай? Су тапшылығы диқандардың бүйірінен қысып жатқан жоқ па?
– Биыл аудан бойынша 12773 гектар жерге күріш егілсе, оны күтіп баптау және сумен қамтамасыз ету мақсатында ерте көктемнен бастап жұмыстар жүргізілді. Дегенмен судан қиыншылық көрудеміз. Былтырға қарағанда биыл күріштің көлемін 383 гектарға азайттық. Сырдың деңгейін көтеру мақсатында облыс әкімі өзі тікелей араласып ел президенті мен су ресурстары министрінің төрағаларымен жолығып, облысқа судың мол келуіне жұмыс істеді. Қазіргі таңда «ҚазСуШаруашылығы» тарапынан және аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық табиғи ресурстарды қорғау және реттеу басқармасы тарапынан 19 электрлі және дизельді насостар келіп, қолданысқа берілді. Судың деңгейі күнделікті өлшенуде. Қазіргі күні біршама көтерілді. Осы деңгейді ұстап қалсақ судың мәселесінен шығып кете аламыз. Бұл жағдай аудандағы барлық шаруашылыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Олар да өз қаражат есебінен насостар алып күнелтуде. Жалпы ауданда СНП 500, 300, 200-дік насостан 54 насос жұмыс істеп тұр. Әрине бұл судың аздығын, жоқтығын білдіреді. Ендігі жылы әртараптандыру мақсатында шаруашылықтардың күріш көлемін сәл азайтып, басқа да майлы дақылдарға көшеміз деген жоспарлары бар. Себебі соңғы үш жылда судың тапшылығын өздері де байқады, күресіп те жатыр. Күзде егінге орағымыз түсіп, қамбаға бұйырған несібемізда алсақ, қазан, қараша айларында келер жылға әртараптандыру бойынша жұмыс жасауға жоспар құрмақ ниетіміз бар.
– Әртараптандыру бойынша ауданда жаңашылдық бар ма? Мәселен, былтыр Ақжар ауылында күнбағыс қолға алынды. Сол сияқты биыл қандай дақыл түріне маңыз бердіңіздер?
– Жаңашылдық бар әрине. Биыл ауданның тарихында егілмеген қант құмайы өсірілді. Жаңажол ауылдық округінде 50 гектар жерге сынама ретінде ектік. Бұл мал азығына жатады. Шығымы жақсы, жақында бір орымы алынды. Жалпы қант құмайы малдың оңалуына, тез семіруіне өте пайдалы. Ерте көктемде егіледі, суды да аз қажет етеді. Күзгі ылғалдылықпен де шыға береді. Биыл жақсы нәтиже беріп жатса, келер жылы көлемін көбейтеміз.
– Сыр өңірі аграрлы өлке болғандықтан егінге көп басымдық беріп жатырмыз. Осы орайда мал шаруашылығы ұмыт қалып бара жатқан жоқ па?
– Осы жылдағы дерекке сүйенсек, салалар бойынша мал басында өсім бар. Аудан халқы мал бағу жағынан жақсы кәсіпке бейімделіп келеді. Одан бөлек бір-екі ұсақ мал, яғни ірі-қарадан ұстау дәстүр есебінде болып отыр. Шаруашылықтар қанша қиыншылық көрсе де кәсіптері алға басып, ілгері келе жатыр. Мал шаруашылығын дамыту, өнімділігі мен сапасын арттыруға өкіметтен тиісті субсидия бар. Былтыр жем-шөп алуға субсидия берілді. Бұл енді сәл болса да көмек. Жем-шөп мәселесіне келсек былтыр Арал аймағында қуаңшылық орын алып, мал азығында көп қиыншылық болды. Биыл ол жақта да, өзіміздің аймағымызда да мал азығынан мәселе туындап жатқан жоқ. Жеткілікті болады деген сенімдеміз.
– Егін саласына қайта оралсақ, бізде ауыспалы егіс тәртібі қалай? Сақталып жүр ме?
– Жалпы күріш – мелиоративтік дақыл. Ғылыми тілде егіс айналымы деген түсінік береді. Біздің жерде оған күріш және жоңышқаны пайдаланады. Оны шаруашылықтар өздері үшін сақтайды. Күріш танапқа үш жыл егілсе, одан кейін үш жылға жоңышқа алмасады. Күріш егілгеннен кейін жердің қорегі азаяды. Жоңышқаны органикалық тыңайтқыш ретінде өсіреді. Ол жердің құнарын көтереді. Бұл әдіс – Сыр өңіріне тән құбылыс. Егер жерімізде ауыспалы егіс тәртібі сақталмаса, ол жердің тұздануына әкеп соғады.
– Сырдарияда су жылдан-жылға төмендеп бара жатыр. Аудандағы шаруашылықтардың жері тамшылатып суару әдісін көтереді ме? Бұл туралы не дейсіз?
– Су тапшылығы мәселесі қазіргі таңда өзекті болғаннан кейін алдағы уақытта тамшылатып суару әдісін қолға алу ойда бар. Қазір оңтүстік өңірдегі кәсіпкерлермен алдын ала келісімге келіп отырмыз. Алдағы уақытта оларды шақырып, осы әдіспен алдымен 20 гектар жерге бақша дақылдарын егіп өсіруді жоспарлап отырмыз. Осыны шаруашылықтарға жеткізіп, тамшылатып суару әдісімен аяқ судың келу ағысының айырмашылығын түсіндіріп жатырмыз. Мәселен, бақшаны ағыспен суаруға 10 шелек су кетсе, тамшылатумен 2 шелек су жұмсалады. Осыдан кейін тамшылатудың үнемділігін байқай беріңіз. Бұл әдіске бірден көшпесек те аз гектарлап қолға аламыз. Мысалы, Алдашбай ахун ауылы былтыр қарбызды буландыру әдісі арқылы кленканың астында өсірді. Яғни алғаш рет сынама ретінде көрді. Шығымы жақсы болып Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларын қарбызбен қамтамасыз етті. Биыл да сол әдісті жалғастырып, қарбыздары ерте пісті. Енді келер жылы одан да жер көлемін үлкейтуді жоспарлауда. Өйткені олар нәтижесін көрді, демек жер көтереді деген сөз.
– Жалпы ауданда бақша дақылдарын өсіруде қай ауылдардың жұмысы басым?
– Биыл Т.Көмекбаев, Қуаңдария халқы бақша егуден белсенділік көрсетуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 316 гектар қосымша жер ашылып, 837 отбасы бақша екті. Одан бөлек Алдашбай ахун, Тұрмағамбет, Ақжар, ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар ауылдары өздеріне бекітілген лимиті бойынша бақша дақылдарын қолға алды. Ал Төребай би мен Иіркөл ауылы 50-60 гектардан 110 гектар жерге көкөніс, бақша дақылдарын шығарып отыр. Жалпы округтерде қауын-қарбыз, картоппен қамтамасыз етуде жақсы серпіліс бар. Алдағы он күннің ішінде бірінші нәтижесін береді деген үміттеміз.
– Сұқбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен Ерсін СӘДУҰЛЫ
01 тамыз 2022 ж. 841 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031