» » » Халық қалаулысы болу – үлкен жауапкершілік

Халық қалаулысы болу – үлкен жауапкершілік

ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМ – ҰЛЫ КҮШ. ОЛ ЕЛГЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТІҢ МЕН ҰЛТЫҢА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІҢДІ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ. ТУҒАН ЕЛІҢ МЕН ЖЕРІҢЕ ДЕГЕН ЖАНАШЫРЛЫҒЫҢДЫ АРТТЫРАДЫ. ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ МЕН АДАЛДЫҚ ТА ОСЫ ҰЛЫ КҮШТЕН ТІН ТАРҚАТАДЫ. БҮГІНДЕ НЕГІЗГІ ЖҰМЫСЫМЕН ҚОСА, ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ РЕТІНДЕ КӨПТЕГЕН ИГІ ІСКЕ МҰРЫНДЫҚ БОЛЫП ЖҮРГЕН АЗАМАТТАР ДА АЗ ЕМЕС. СОЛАРДЫҢ БІРІ – АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ ЕРКІН РЗАЛИЕВ.


– Еркін Оразалыұлы, сұқба­тымызға қош келдіңіз. Сіздің еңбек жолыңыз қарапайым жұ­мысшыдан басталғанынан хабарымыз бар. Оқырманға түсінікті болу үшін еңбек жолыңызға аз-кем тоқталып өтсеңіз?
– Туған жерім – Қазалы. Кенттегі №17 теміржол мектебінің түлегімін. Орта мектеп аттестатын алысымен арман қуып Шымқалаға қарай жол тарттық. Алғашында осындағы политехникалық техникумын біті­ріп шығып, еңбекке аралассам, кейіндеу Қазақ Қатынас жолдары университетіне құжат тапсырып, "Тасымалдау, жол қозғалысын ұй­ымдастыру және көлікті пайдалану" мамандығы бойынша жоғары білім алып шықтым. "Жігіттің бір сыны – әскер" дегендей, қатарымнан қалмай әскерде болып, Отан алдын­дағы борышымды өтедім. Алғашқы еңбек жолым Қазалы аудандық тұтынушылар одағында электрик болудан басталса, кейін келе мамандық алып кәсіптік деңгейде қызметке араластық. Еңбек адамы болудың мен үшін орны бөлек. Ол адамның алдына мақсат қоя білуіне, алға қарай ұмтылуына септігін тигізеді. Келісім-шартпен Байқоңырда әскери қызмет те істеген кезім бар. Мұнан соң "Космотранс" мекемесінде пойыз бастығы, жолсерік резерв бастығы, теміржол жолаушылар тасымалдау қызметі бастығының орынбасары, басқа да қызметтер атқардым. 2019 жылдан бастап бүгінге дейін "Строй Сервис Центр" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып абыроймен қызмет етіп келемін.
– Сізді үнемі белсенді ортадан кездестіреміз. Өтімді ой, өрнекті сөз айтасыз. Жалпы мінезіңіз кімге ұқсаған?
– Халқымызда өсіп-өнген жан­дардың ортасында жиі айтыла­тын "Бақытты адамдардың ұстам­дылығы баянды сәттілік сыйлаған сабырдан тарайды" деген тәмсіл бар. Сол айтпақшы, кез келген ортада сабырлы болып, есті ой, ұтымды пікір айтуға тырысамын. Оған мүмкін ұзақ жылғы жинаған тәжірибе мен айналадан алған көрген-түйгенім де сеп болар. Ал мінезге келсем, әкеме тартқанмын. Әкем Оразалы теміржол саласында еңбек еткен. Ел білетіндей, теміржол темірдей тәртіпті қажет ететін сала. Әкеміздің темір тәртіппен өсірген ұрпағымыз. Ол кісінің бір сөйлейтіні де маған берілгендей.
– Аудандық мәслихаттың соң­ғы үш шақырылымында депутат болып сайланып келесіз. Халық қалаулысы болу сізге нендей жауапкершілік жүктейді?
– Көпшілік білетін болар, аудан­дық деңгейдегі депутаттарға еңбек­ақы немесе басқа да артықшылық қарастырылмаған. Нәпақа жағы­нан тек негізгі атқарып отырған жұ­мысымызға иек артамыз. Айтайын дегенім – бұл жерде мүмкіндігінше елге, халыққа пайдамызды тигізу. Үш рет қатарынан халық қалаулысы болғаным, осы жүкті бәлки, көтере алып жүргенімнен шығар. Осы сәтті пайдаланып маған сенім артқан, таңдау жасаған сайлаушыларыма көптен-көп ал­ғыс айтамын. Қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, көсемсөзші Мір­жақып Дулатұлының "Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт" деген сөзі еріксіз еске түседі. Менің бар мақсатым – жергілікті жердің өзекті деген мәселесін жарыққа шығарып, түйінін тарқатуға жәрдемімді бе­ру. Депутат болу әлбетте – үлкен жауапкершілік!
– Сайлаудың қоғамды демо­кра­тияландыруда, ашықтық пен жа­риялылықты қалыптастыруда маңызы ерекше. Елімізде өтетін әрбір сайлау – азаматтардың мемлекетке, өмір сүріп отырған әлеуметтік қоғамға селкеусіз се­німі мен жауаптылығы десек, қателік болмас. Сондықтан да жүйенің жетіліп, жаңарып отыруы – заңдылық та. Осы тұрғыда соңғы шақырылымдардағы сай­лаудың бір-бірінен қандай да бір өзгешелігі туралы айтып берсеңіз?
– Сізбен келісемін. Әсіресе соң­ғы сайлау басқаша бағытта өрбіді. Оның басты жаңалығы – елімізде тұңғыш рет тәжірибеде Праймериз партияішілік іріктеу өткізілді. Оған ауданнан 64 кандидат қа­тысып, іріктеуден өткені өзара пікірсайысқа, ашық дебатқа түсті. Онда әрбір үміткер партияның сайлауалды бағдарламасын түрлі форматта насихаттап, түсіндірме жүргізілді. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде партиядан 11 кандидат басым дауысқа ие болып, қазір "AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасын сапалы іске асыруға тер төгуде.
– Байқоңырда депутаттардың (сіздердің) ықпалымен шешімін тапқан мәселелер бар ма?
– Депутат билік пен халықтың арасындағы жіпсіз көпір. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік, баспана, жұмыспен қамту сияқты бірқатар мәселемен келіп жатады. Олардың дені заң аясында оң шешімін тауып та жатыр. Кейбіріне сұрақтары бо­йынша түсіндірме жүргізіліп, бағыт-бағдар сілтенеді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
– Азаматтың келбетін айшық­тайтын іс – қайырымдылық. Игі іске үлес қосу, көптің батасын алу да – ер азаматқа тән құбылыс.
– Қайырымдылық істеу қазақ халқында атадан балаға мирас­ болып келе жатқан дәстүр. "Қа­йы­рымдылықтың ең үлкені – айтпай істеген жақсылық", "Қайы­рым­ды­лықты неғұрлым жарияламай жасырын істесең, соғұрлым сауабы мол болады" деген ғой аталарымыз. Дінде "Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін" деп те айтады. Қайырым жасаған әрине жақсы, оны жасырып жасаған одан да жақсы. Сұраған соң айтайын. Негізі мұндайды жария ете бергенді өз басым қалаңқырамаймын. Жеке азамат ретінде қайырымдылық іс-шарасына атсалысуды азаматтық парызым санаймын. Ал партия тарапынан тұрақты түрде үлес қосамын десем болады. Ел басына түскен коронавирус індеті халықты біраз әбігерге де, сынаққа да салған жайы бар. Осы қысылтаяң шақта іргеден енген індетпен күресте және оның алдын алуда әріптесім екеуміз Ақай ауылындағы аурухана ішіндегі бұ­рын қойма болған ғимарат бар еді, соны бастан-аяқ қайта жөндеуден өткізіп бердік. Осыннан шамамен 20-22 науқасқа орын ашылып, қабылдау, ем-шара және тексерілетін бөлмелер сантехникалық құрал-сайманымен жабдықталып, жөн­делді. Одан басқа пандемия толы­ғымен аяқталғанша мобильдік топ­тардың жол қатынасына керекті жанар-жағармай өз тарапымнан қамтамасыз етіліп отырылды. Бе­кеттердегі қыз-жігіттердің ас-суына да қарасып, «AMANAT» партиясына келіп көмек сұраған зейнеткер, көпбалалы және мұқтаж отбасыларына да бірнеше мәрте азық-түлікпен жәрдем берісіп отырдық.
– Сіздіңше депутат қандай болу керек?
– Депутат – сайланатын ха­лықтың өкілі, көзі һәм құлағы. Билік пен халықтың арасын жа­қындастыратын ықпалдастық орта. Оның бойында білім мен тәжірибе, кәсіби деңгей мен мемлекетшілдік қасиет пен парасаттың болуы шарт.
– Жанұяда әкесіз. Бала тәр­биесінде неге мән бересіз? Ер бала тәрбиесі қазір қоғамда жиі талқыланатын тақырыпқа айналды?
– Жанұяда бала тәрбиесіне аса көңіл бөліну керек. Оның жүрген жері, қасындағы досы, мектептегі тәртібі ата-ана назарында болуы – тәрбиенің басты тетігі. Үйге келгенде құрдасымдай сырласып, айналасында қандай жаңалықтар болып жатқанынан хабарлы болып отырамыз. Өкінішке орай қазіргі таңда аға, орта және кіші буынның арасында байланыс арқауы алыс­тап бара жатқандай көрінеді маған. Егер осы буындардың арасында қатынас жақсы орнаған болса, үлкендердің тәлім, өсиеті жастарға жылы әсер еткен болар еді. Ер бала тәрбиесі расында соңғы жылдары қоғамда өзекті мәселеге айналды. Балаларыммен жиі диалог құруға, сұқбаттасуға тырысамын. Достық дегеніміз не? Дос қандай болу керек? Оны қалай түсінесің, деген секілді балаларыма сауалдар қойып, әке мен баласы болып пікір алмасуға, ой бөлісуге шақырып отырамын. Бір сөзді болуға, достықты жоғалтпауға, достың орны бөлек екенін түсіндіріп, айтып отырамын отбасында. Оған анасы да атсалысады.
– Келешектегі жоспарыңызбен бөліссеңіз?
– Бәріміздің алдымыздағы мақ­сат та, мүдде де – бір. Ол Қазақстан­­ның әлеуметтік-эконо­микалық да­муын әлемге танытып, алға жылжыту. Бізден кейінгі Қазақ елінің болашағын әрі қарай дамытып алып кететін тәрбиелі де инабатты жас ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ауданда патриоттық сезімі мол, үлкенді сыйлап, кішіге ізет білдіре алатын жастарды тәрбиелеуге қо­ғам болып жұмылуымыз қажет. Келешектегі ұстаным – өңірдегі ха­лықтың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартуға жұмыс жасай беретін боламыз.
– Уақыт бөліп, әңгімелес­ке­ні­ңізге рақмет.

Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
17 мамыр 2022 ж. 1 133 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031