» » » Серік ЫДЫРЫСОВ: «Мектебім – дала, ұстазым – ата-анам»

Серік ЫДЫРЫСОВ: «Мектебім – дала, ұстазым – ата-анам»

Айтыс – қазақтың қанында бар қасиетті өнер. Тапқырлық та, өрнекті өлең де, әуезді ән мен мың құбылған мақам да айтыстың бір бойынан табылады. Біздің өлкеде айтыс аламанында аты озып, Алаш абыройын асқақтатқан азаматтар аз емес. Соның бірегейі – айтыстың ақтаңгері, педагог, ұшқыр ойлы, ұтқыр сөзді ерекше дарын иесі Серік Ыдырысов. Он екі мемлекеттің басшысына арнау айтқан тума талант, жыраулық өнерді насихаттаушы, өнер майталманымен мерейтойы қарсаңында онлайн форматта сұқбаттасудың сәті түсті. Сапарда жүрсе де, сауалымызға жауап беруге уақыт тапқаны үшін алғысымыз шексіз.
Серік ЫДЫРЫСОВ, ақын, Қазақстанның өнер қайраткері, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы:
– Серік Махмутұлы, әңгімені ба­лалық шағыңыздан, сіз ат жалын тар­тып мінген туған жеріңізден бастасақ…
– Мен Қызылдың қиясындағы Жаңақала кеңшары, қазіргі Кеңес Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы елді мекенде туып-өстім. Сондағы №185 қазақ орта мектебінен білім нәрімен сусындап, 1975 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педа­гогикалық институтына түсіп, оны 1979 жылы тәмамдадым. Алғашқы еңбек жолымды туған өлкеге барып, өзім оқыған мектепте мұғалім болудан бастадым.
 – Айтыс өнері атадан балаға жалғасып келе жатқан асыл мұра деп жатамыз. Жалпы әулетіңізде сөзден түйін түйген адамдар болды ма?
– Иә, біз Шораяқтың Омары шыққан әулеттің ұрпағымыз. Әкемнің нағашысы Жүсіп ахун деген атақты кісі болған. Сол ақынның Бибісара деген қызынан менің әкем, әкемнен мен туылғам. Әкем Махмұт Ыдырысұлы анам Күләйша Қойшыбайқызы екеуі 10 бала тәрбиелеген.  Ол өте салмақты, айтар сөзін барынша ұғынықты, түсінікті етіп, құлағымызға құйып жіберетін. Бізге Шораятың Омары мен Тұрмағамбеттің термелерін жаттатып, мақал-мәтел, шешендік сөздерді көңілдеріңе тоқыңдар деп тапсырма беретін. Барлығымызды жыраулар мен Сыр сүлейлерінің сөздерімен жаттықтырды. Әкем мен анам кең далада қой баққан. Сонда біздің қойнымызға «Абай жолы», «Ботагөз», «Аққан жұлдыз» атты кітаптарды салып жіберетін. Қой бағып жүріп сол кітапты оқып, қызығына кіріп кеткенде талай рет қойды бөліп алатынбыз. Негізі бізді өнерге тәрбиелеген әкем мен анам десем, артық айтқандық емес. Ен далада қой бағып жүрсек те «Көшпенділер», «Үркер» атты кітаптарды оқытты. Тіпті кей перзенттерінің атын сондағы кейіпкерлермен  атағаны да бар. Өнердегі мектебім – дала, ұстазым – ата-анам. Қай жерде жүрсек те әкем сол жердің тарихын, қадір-қасиетін, астымызға мініп жүрген тұлпардың түр-түсін, ат әбзелдердің қажеттігін, қамшы, дойыр, шоқпардың не екенін үйретті. 7 сыныптан бастап ақындық өнерге бет бұрдым. Сол жылы «Қазақстан пионеріне» бір өлеңім шығып, оған бүкіл ауыл болып қуанғанымыз ерекше есімде қалыпты. Тағы бір айтарым, ата-анамыз «малдың астын тазала» деп өзге үйлерге жіберетін. Сонда Тұрмағамбеттің «Мың бір түн» және «Шаһнамасын» ат басындай қалап алғанмын. Сондай-ақ мені Тұрмағамбеттің «Ғазалбануы», Омекеңнің «Мәрді диқаны», Қалмахан Әбдіқадыровтың 4 томдық «Мың бір түні» қатты қызықтырды. Бұл аңыз әңгімелерден менің түйгенім мол болды. Басқа кітапты үйде оқуға рұқсат бергенімен, «Мың бір түнді» қора тазалап жүріп тығылып оқитынбыз. Бұл да бір балалықтың бал дәуреніндегі білімге деген құштарлық пен қызықты кезең екен ғой.
– Мектеп демекші, дәстүрді мең­геру, тілді байыту үшін де арнайы білім қажет. Кез келген ақынның қалыптасқан өз жолы бар. Сізді тәрбиелеген мектеп қандай?
– Мені тәрбиелеген мектеп қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы. Жасымнан дәстүр мен ғұрыпқа тәнті болдым. Сонымен қатар мені тәрбиелеген ұғым мен ғылымның үш түрі бар. Біріншісі – тіл. Өзімнің ана тілімді қатты жақсы көрдім. Екіншісі – дін. Жастайымнан дінді сүйдім. Үшіншісі – діл. Осылар арқылы өз-өзімді тәрбиелеп, қазақтың әңгімесіне құмарттым. Аузы дуалы ауыл ақсақалдарын арнайы іздеп барып әңгімесін тыңдау арқылы өзімді қалыптастырдым. Менің өмірден үйренгенімнің барлығы сол кісілердің парасаты менен олардың маған көрсеткен дара жолы деп бағалаймын. Көз көрген ұстаздарымнан Қуандық Бүрлібаев, Асылбек Сәрсенбаев, Шәмшат Төлеповалардың орны бөлек. Ал мені өнер додасына  қосқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шайтұрсын Әбдібаев, Аманкелді Жұматаев, Сейілбек Шауқаманов, Бақберген Досмамбетов, Қылышбай Бисеновтер. Олар басшы болуымен қатар, өнерді бағалай білетін, қадірін түсініп, құнын ұғынатын жандар. Қай кезде де  ақындық өнеріме қамқорлық жасаған азаматтар.
– Сіздіңше айтыс қандай өнер?
– Айтыс – киелі өнер. Айтыстың мәні, мағынасы – табанда суырып салып айту арқылы елдің әлеуметтік жағдайын, қарама-қайшылықтарын шеберлікпен жеткізе білуінде. Ертеректе айтыскер ақындардың тауып айтқан сөздеріне би-манаптар мен ел басқарған азаматтар тоқтап отырған. Айтыс өнеріндегі әрбір ақын айтыскер болып тумайды. Оны Құдайдың берген қабілетімен қалыптастырасың. Айтыс өнеріндегі мықтылық бір процент Алладан берілген талант болса, қалған 99 проценті өзінің еңбегі мен ізденісінде. Саясаттағы, қоғамдағы қайшылық пен елдегі алауыздықты, бәрін-бәрін көзбен көріп, ойға тоқып жүру ақынға тән қасиет. Уақыты келіп, додаға түскенде осылардың барлығын қарсыласыңа айтқандай болып, қоғамға, ел азаматтарына жеткізесің. Айтыстың қасиеті де, мәнісі де осында.
– Айтыстың бүгіні жайлы не айта аласыз?
– Қазіргі айтыс пен ертедегі айтыс­тың арасы жер мен көктей. Бұрынғы ай­­тыстардың суырып­салмалығы ай­­­­­қын көрініп тұратын. Қазіргі айтыс­та қар­сыласың бір ай бұрын белгіленіп, хабарланады. Сондықтан да арнайы дайындық болады. Бұрын елдің мұң-мұқтажын ғана жеткізіп, дүние үшін айтыспайтын, қазір сый-сияпат үшін барын салатын ақындар да кездесіп жатады. Бүгінде айтыс өнеріне басымдық берілуде,  ұсынылар сыйдың салмағы  да мығым.   Айтыскер ақындардың барлығы да Алланың берген талантының арқасында сахнаға шығады. Сондықтан да мен әрбір айтыскерді жоғары бағалаймын. Өйт­кені айтыс – кез келгеннің бақшасында піспейтін, кез келгеннің уысына түс­пейтін өнер. Бүгінде айтыстың мәні де, мағынасы да жоғалған жоқ. Тек қынжылтатын бір нәрсе бар. Ол бір айтыста айтқан жаттаманы ақындардың екінші айтыста қолданып жүруі. Осыған бір тоқтау болса деймін.
– Өнер жолында жүргенде сағыңызды сындырған сәттер көп болды ма? Өміріңізде болған қызық сәттердің бірін айтып берсеңіз?
– Әрине, өнер саласы оңай емес. Онда тек тазалықпен, адалдықпен, адамдығыңды биік көтеріп жүрсең, «өнерлімін» деп көкірегіңді кермесең, адамдарды бір-бірінен бөлмесең, алаламасаң, өзіңнің ата-анадан алған тәрбиеңді көрсете білсең ғана өнер саған жолын ашады. Өнер додасында жүрген соң сағың сынатын кездер болады. Жеңіп тұрған сәтте тамыр-таныстықпен жеңістің қарсыласқа берілуі көңіл түсіреді. Бірақ менің «Бұл өмірдің заңдылығы. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Сөйтіп барлығына көнесің де, Алланың берген жақсылығын көресің» деген ұстанымым бар. Ал қызықты оқиғаға келсек, біз мектепте оқитын кезімізде «Кірпі» деген газет шығатын. Соған Еркін Бекенова есімді апайым өзіме арнап өлең жаздырып, оны ілдіріп қойған. Балалығым болса керек, бірде қызды рогаткамен атамын деп, оным шалыс кетіп сабақ беріп отырған апайдың журналына түскен болатын. Сонда оны бұзықтыққа балап, өзім жайлы мынадай өлең шығартқызған.
«Ыдырысов Серіктай,
Ешкіммен жоқ шатағы.
Оқымаса сабақты,
Үйінде ұйықтап жатады.
Ұнатпаса апайын,
Рогаткамен атады» деп іліп қойғаны бар.
– Өмірдің 63 жылдық белесін ең­серу талайдың тағдырына бұйырт­паған бақ. Сізді үлгі тұтып, ұқсағысы келген шәкірттеріңіз де аз емес. Өміріңізде нені үйрендіңіз, неден жирендіңіз?
– Еліктеген адамдарым көп. Орақ Дәнекеров, Көшеней Рүстембеков, Алмас Алматовтай жырау болсам дедім. Бірақ дауысым келгенмен, мақаммен достаса алмадым. Сөйтіп айтыс өнеріне бет бұрдым. Марқұм Қали Шыңғысовтың өнеріне тәнті болдым. Сәнтөре Пірманов деген азаматпен қатар айтыстарға қатысып, Қасарбек Кәрібаевтармен үзеңгілесе бірге жүрдік. Олар бүгінде өз биігін алған азаматтар. Солармен бір жүріп, айтыс сахнасына шықтым. Одан кейін өз әлімше ізденіп, оқып, 20 жыл айтыс аламанында бақ сынадым. Аллаға шүкір деймін. 7-8 рет республикалық додада бас жүлдені иеленіп, аймақтық сайыс­тарда да жүлдесіз қайтпадым. Біздің кезіміздегі жүлделер кілем, магнитофон, түрлі кәдесыйлар болатын. Алайда қатарластарымызбен дүние жолында емес, өзіміз таңдаған өнер жолының өрісін кеңейту үшін еңбек еттік. Одан жаман болмадық. Ұстаз атандық. Бүгінде университетте 25 жыл еңбек етіп, зейнетке шықтым. Өзім үнемі айтып, өмірімде жиі қолданатын екі ұғым бар. Олардың бірі жапондардың «Ұрпақ біздің болашағымыз, бірақ олар біз емес» деген даналығы мен қазақтың «Терең дария тыныш ағады» деген мақалы. Түсінген адамға астарында салмақты ой жатыр. Себебі ойы терең адам айқайламай-ақ өзінің тереңдігін ақыл-парасатымен көрсетіп, абырой биігінен көріне алады.
– Сіз – ұстазсыз. Ғылыммен шұ­ғылданасыз. Күйбең тірлікте педа­гогтық қызметке, жастардың тәр­бие­­сіне уақыт табу да керек. Көз алдыңызда талантты буын өсіп келеді. Сіз түлеткен кешегі студенттеріңіз өздерінің саласында жемісті қызмет атқарып жүр. Жастарға тәрбие беруде қолданатын өзіндік әдістемеңіз бар ма?
– Мен түлеткен студенттер өнер айдынында еркін жүзуде. Шәкірттерімді әрдайым мақтан тұтамын. Тойда жүргенде  ортаға шығып ән салған Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаевтар бүгінде Алашқа танымал әншілер. Бағыт-бағдар көрсеткен шәкірттерім айтулы, азулы ақындарға айналды. Мысалы Мамыр Байдәулетов, Айдос Рахметов, Нұрмат Мансұр, Мұхтар Ниязов, Әбілқайыр Сыздықов, Кенжебай Жүсіповтердің барлығы мені ағасына, ұстазына балайды. Жастарға тәрбие бергенде қолданатыным – мейірімділік.  Әрдайым мейірімділік, қарапайымдылық, адамдық болмыс пен адалдық жолды көрсетемін. Әрбір жасқа «Үлкенді сыйламасаң көрінбей қаласың, кішіні сыйламасаң көмілмей қаласың», «Құдайдан сұрасаң біледі, адамнан сұрасаң күледі», «Алланы сыйла алдына барасың, анаңды сыйла жұмақты табасың, халқыңды сыйла тарихта қаласың, ағайынды сыйла батасын аласың. Төртеуін сыйласаң орныңды табасың, Төртеуін сыйлай алмай қалсаң адасып қаласың» деген ұғымдарды санасына сіңіруге тырысамын.
– Орындалған арманыңыз көп пе, ойыңыздағы арман көп пе?
– Адамның арманы өмірден кеткен күні ғана таусылады. Сондықтан да армансыз адам болмайды. Арманы жоқ жанды өмірге қызықпаған адам дер едім. Жасым 63-тен асса да әлде де көп нәрсені армандаймын. Күлкі деген ұғым бар. Халықты күлдіре білсең – өнер, ал күлкіге қалсаң – ол өлім. Тарихқа күлкі  сыйлай білсең – ол адамдық болмысың. Сондықтан да күлкі болмай, халықты күлдіріп, өнерімізбен өрге жүзе берсек, оны ұрпаққа үйрете білсек деймін. Менің бүгінде үш арманым бар. Халқымның денсаулықта, дәулетте, абыройда болуы. Осылар жоғары дәрежеде болса, менің де арманымның орындалғаны.
– Тағылымды әңгіме, сүбелі сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

18 мамыр 2021 ж. 1 753 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031