» » » Амандық ҚУАНДЫҚҰЛЫ: «Әр адамның әкесі өзіне пір»

Амандық ҚУАНДЫҚҰЛЫ: «Әр адамның әкесі өзіне пір»



Амандық ҚУАНДЫҚҰЛЫ,
К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің директоры:

Дана халқымыз «Жақсы адам таң қалдыру үшін, өлген соң сағындыру үшін келеді» дегендей, өңірде жыраулық өнермен әлемді мойындатқан шайырлар жетерлік. Соның бірегейі – киелі Тұрмағамбеттің тумасы Қуандық Бүрлібаев. Ардақты азаматтың ғұмыры келте болғанымен, тұғыры аласарған жоқ. Елдің есінде, халықтың жадында сақталып келеді. Ерекше дауыс пен табиғат берген талантты тұлғаның ұлы Амандық та әке ізімен осы сара жолды жалғауда. Қуандық жыраудың 85 жылдығына орай ұлттық өнерді өрістетуші Амандық Бүрлібаевпен әке тәлімі жайлы әңгіме өрбіттік.

– Амандық Қуандықұлы, сіз жүз жылда бір туар, ерекше дауысы бар дарынның ұрпағысыз. Әкеңіз ел арасында беделді жырау болды. Өмір жолына аз-кем тоқталсаңыз...
– Әжеміз әкемді «Құдайдан бір, адамнан бір сұрап алған жалғызым Қуанжаным ғой. Тентектеу» деп шешеме айтып отырады екен. Ол отбасында жалғыз болса да немере ағаларымен бір үйде өскендіктен, үнемі 5 ағайындымыз дейтін. Анамның кіші келіні болдым. Үлкен отауда «тайқазанға тамақ істеуші едім» дейтіні бар. Әкем нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Аңға барғанда, қанжығасы бос қайтпайтын. Әкесі Бүрлібай өмірден өткен кезең жоқшылықтың уақыты болса керек. Қырық күндігін өткізерде союға мал таппай, киіктің текесін атып әкеліп, сонымен құдайы жолы беріпті. Кете Жүсіптің баласы Мұзарапты өзіне ұстаз тұтып, ырымдап «тапа нан» апарып түнеп жүріп жыраулықты үйренген. Бір күні түсінде әкем оң қолының бас бармағын шайнап алыпты. Мұны ұстазына айтқанда «Бұл Құдайдың сыйы. Сенің жыраулық өнерден бағың жанады» деп жақсылыққа жорыпты. Бұл кездер әкемнің қырық жас кезіндегі шамасы болса керек. Осыдан кейін жыраулық өнердің жолына түскен. Ал оған дейін ауылда, ауыл-аймақ, дос-жаранның ортасында әуелетіп жүрген.


– Жыраудың төл өнермен біте қайнасқан өмірі қалай өрбіді?
– Өнер адамдарының достығы жаспен, румен, байлықпен өлшенбейді деп Алмас ағамыз айтып отырады. Әкем Алмас Алматов ағамызбен жақсы дос болды. Мұзарап Жүсіптің баласы Сабыт әкемізді де үйге көп шақыратын. Әкемді Өзбекстанның Үшқұдық, Газли деген жеріне тойға алып кететін. Он-он бес күн, кейде тіпті айлап сапарда жүретін. Сондай сапарларынан бірнеше қой, түрлі сыйлық алып олжалы оралушы еді. Бала күнімізде әкемнің арқасында киіміміз көк, тамағымыз тоқ болды. Қатарымыздан кем қалмадық. Әкем қолы ашық жан еді. Өзіне сыйға келген затты үйге келген қонақтарға бөліп беретін. Соның бір мысалы Сабыт әкеміз үйге қонақ болып келгенде, өзіне сый ретінде берілген бағалы қаракөл шапанын иығына жауып, «жеңгемнің сыбағасы» деп бір қойды артып жіберген. Мұның астарында ұстазға деген құрмет, досқа деген сыйластық жатыр. Тұрмағамбет ауылы жалпы 100 шайырдың мекені ғой. Әкемнің бойында кісі менсінбеушілік деген қасиет жоқ еді. Жасы үлкені-кішісіне қарамай Берман, Сүйінбай, Жаппар жырауларды аға тұтып, сыйлас болды. Бірде әкем Алмас Алматовпен Самарқанға барып «Шердер» медресесінде «Көрұғлы» дастанын жырлайды. Әлем бойынша музыкатану ғылымының мықты мамандары сол жерде әкеме жоғары баға берген екен. Осыдан соң әкеміздің бағы жанып, жапон еліне шақыру алып, Жапонияға барды. Ол елде әр ұлттың дәстүрлі өнерді дәріптеушілерінің арасында ерекше танылған. Сахнада өнер көрсетіп болған соң жапон өнертанушылары әкеме келіп «ауызыңды ашшы» дей беріпті. Қайталанбас дауыстың қайдан шығып жатқанына таң қалған болуы керек. Бәрі бастарын шайқап кете беріпті. Тағы бір оншақты өнертанушы келіп, шляпаларын шешіп, құрмет көрсетіп, «Сіз еліңізге неше күнде жетесіз?» деп сұрапты. Сонда шамамен 10 күндей болар дегенінде, жаңағы кісілер «біз мына бас киімімізді 10 күнге дейін, сіз еліңізге аман-есен жеткенше кимейміз. Бұл біздің сізге деген құрметіміз» деген екен.

– Бұл сапардан кейін тағы қай елдерге барып өнер көрсетті?
– Жапонияда Американың Висконсон университетінің өнер зерттеушісі Иосиф Зеф Фелдьман мырза әкемді Америкаға шақырған. Алайда ол Жапониядағы сапарынан ауырыңқырап келіп ол елге бара алмады. Бір күні үйге Алмас ағамыз келіп, әкемізге Ленинградқа жүретінін айтты. Сонда әкем өзі жолға жарамайтынын айтып, өзінің орнына мені алып кетуін айтты. Сонда мені Алмас ағаға аманаттап жатқан-ды. Сол кезде Алмас ағаның ай Қуеке «кәрі қой ісегінде қартаяды деген. Аманатың не? Аманаттың жүгі ауыр болады ғой» дегенін құлағым шалғанымен, мән бермеппін. Мен Алмас ағамен Ленинрадқа кеттім. Ол жақта белгілі өнер зерттеуші ғалым Алма Құнанбаева апай күтіп алды. 3000 адамдық үлкен залда концерт басталғалы тұрғанда өнер зерттеуші ғалым Изали Земцовский концертті тоқтатты. Алмас аға маған келіп, «Айналайын Амандықжан елде папаң қатты қысылып жатыр екен, сен елге қайтуың керек» деді. Сосын бізді алып барған Шекер апаймен Ташкент арқылы ауылға да жеттім. Ауданнан бір кісі күтіп алып, ауылға қарай жол тарттық. Ауылға кіре берісте үлкен кісі қол көтеріп біздің көлікке мінді. Әдетінше «Кімнің баласысың?» деп сауал тастады. Мен жөнімді айттым. «А, әкеңнің алдынан жарылқасын!» деді. Біреу үстімнен мұздай су құйып жібергендей, жүрегім су ете қалды. Ауылға жеткенімде әкемнің намазын шығармай мені күтіп тұрған екен. Сонда Ленинградтағы концертті «Қазақстанда, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында өзіміз қадірлейтін дәстүрлі өнердің өкілі қайтыс болды. Мұндай жағдайда біз концерт өткізе алмаймыз» деп үш күн траур жариялап, тоқтатып тастаған екен ғой. Бұл өнерге деген үлкен құрметтің белгісі болар. Концертті өткізіп болғасын Шамшат апай мен Алмас ағамыз бастап ол кісілер де ауылға келіп анама көңіл айтты. Жыраудың өмірден өткенін естіген профессор Иосиф Зеф Фельдман мырза арнайы Америкадан ауылға келіп, көңіл білдірді. Сонда анама «Мен бұл кісінің дауысының ерекшелігіне құмартқан едім. Сол себепті де Америкаға шақыртып едім. Бұлай болғаны өкінішті» деп көңілқостығын білдіріпті. Бұл да өнердің бір құдірет екенін айғақтайды.

– Әкеңіз жайлы ең жылы естелігіңіз...
– Мені осы күнге дейін ойландыратын бір нәрсе бар. Әкемнің бірнеше домбырасы болды. Ол сапарлатып кеткенде, үнемі өзі отыратын тұста ілініп тұратын домбырасы өзінен-өзі дыбыс шығаратын. Басында мән бермейтінбіз. Шешем «Бүгін әкелерің келеді» дейтін. Айтқанындай-ақ, әкем сол күні келетін. Кейіннен біз де оған үйреніп, домбыра дыбыс шығарғанда әкеміздің келе жатқанын біліп отыратынбыз. Осы бір дүние мен үшін әлі жұмбақ. Жалпы әкеміз бізге көп нәрсені үйретті. Соның ішінде дастарқан басында отырғанда сөйлемей тамақтануға аса мән беретін. Ас ішіп отырғанда үйде бір адам артық сөз қозғамайтын. Әкемнің бір қыры – аңшылық болса, екіншісі – жүйрік атқа құмарлығы. Бәйгеге ат қосатын, сондағы ат жаратушысы мен едім. Шешеміздің әкемізге деген құрметі ерекше болды. Көзі жұмылғанға дейін әкемізді құрметтеп, піріміздей сыйлататын. Қай уақытта да шеше көп нәрсеге себепші ғой. «Әкеңнің аяқ киімін тазалап қой», «Әкең келе жатыр» дегенді естіп тып-тыныш болатынбыз. Сонда анам ер адамды сыйлаудың озық үлгісін көрсете біліпті. Әкемнен есте қалған ең жылы естелік – сапарға бара жатқандағы қимай қоштасқан сәті. Мен келем дегенше өмірден өтерін сезсе керек. Сол бір көрініс көз алдымнан кетпейді. Бүгінде әкемнің домбырасы, киген шапандары облыстық музейде тұр. Дауысы таспаға жазылған. Кейбір фестивальдердің бейенұсқалары да бар. Бұлар да мен үшін әкемнен қалған құнды мұра.
– Бүгінде жыраулық өнерді жалғастырушы ұрпақтары бар ма?
– Шешем 13 құрсақ көтерген. 5 перзенті ертерек шетінеп кеткен. Одан кейін 8 бала қалдық. Төрт ұл, төрт қыз болдық. Үйдің ең кенжесі мен едім. Үйдегі перзенттерінің барлығы дерлік ән айтады. Негізі жыраулық өнер қанмен келетін қасиетті өнер ғой. Әкем таңертең, түсте, кешкісін қолынан домбырасы түспейтін. Магнитафоннан Рүстембек, Мұзарап жырауларды тыңдайтын. Біз де әкемді тыңдау арқылы мақамды да, сөзін де жаттағанбыз. Ауылда Оңғарбай Жанділдаев деген киномеханик әкеміз болды. Сол кісі күнде екі-үш сағат клуб үстіндегі дауыс зорайтқыштан жырауларды қосып қоятын. Күнде естіп, құлаққа сіңгені сонша, бүгінде ауыл адамдары өздері ән айтпаса да сырттан келген жыраулардың сөзінің, мақамының қатесін айтып отырады. Сол секілді біздің де құлағымызға сіңіп қалған. Бүгінде бауырларым басқа салада қызмет етеді, дәстүрлі өнердің басы-қасында жүрген мен ғана. Мені кенжесі болғандықтан ба, әкем ерекше жақсы көретін. Жүрген жерінде үнемі ертіп, жанынан тастамаушы еді. Манап Көкенов, Махамбетқали Тұрсанов, Замаддин Ибадуллаев деген ақындармен дос болған. Әкемнің қасында ере жүріп, осы кісілердің әңгімелерін көп тыңдайтынмын. Мұндай рухани ортада тәрбие көрген баланың да тәлімі бөлек болатыны сөзсіз. Ол кісілердің алдында бізге өлең айтқызады. Олар мақтап, арқамыздан қаққан сайын, өнерге деген қызығушылығымыз артады. Бұл да бір тәрбиенің бөлігі. Мектепте оқып жүргенде-ақ Ленинградқа екі рет симпозиумға бардым. Бүгінде ауылдағы ағамның Байқоңыр деген баласы «Тасберген жырау» үйірмесіне қатысып жүр. Алла қаласа сол бауырым ата жолын ұстана ма деп үміттенеміз.
– Жыраулық өнердің ұрпақ тәрбиесінде атқарар рөлі қаншалық?
– Жырау дегенді жалпылама түсінеміз. Бұрын жыраулар ханның қасында кеңесші болған. Жырдың өзі тұнып тұрған философиялық ой-толғамға толы насихат. Жырау өзінің айтқан шығармасының үдесінен шыға алуы қажет. Жырды жаттап өскен, рухани тәрбие алған бала жаман болмасы анық. Мысалы, менің әкем аңшылыққа, жылқыға үйір болды, мен де соған бейіммін. Кез келген адамның өзіне әкесі – пір. Бүгінде жыраулар үйіне келетін 100-ден аса шәкіртіміз бар. Ауылдардан қосымша үйірмелер ашып жатырмыз. Ең мықты балалар ауылда. Талантты балалар көп. Жыраулық өнерді үйретудегі мақсат, ол балалардың барлығы жырау болып кетпегенімен, өнерді құрметтейтін тұлға болары сөзсіз. «Жырлаушыдан тыңдаушың көп болсын» дейді. Тыңдаушыдан алар тәлім, насихат мол. Жыраулар үйінің жемісі ретінде Ақсұңқар Бүркітбайді атасақ болады. Ол жыраулар үйінен тәлім алып бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттің «Дәстүрлі өнер, жыр» мамандығын бітіріп келді және Жыраулар үйіне қарасты Алдашбай ахун ауылындағы жақында ашылған «Ешнияз сал» үйірмесіне жетекші болып қабылданды. Бұл біздің Жыраулар үйінің жетістігі.
– Қазіргі жастардың жыраулық өнерге ұмтылысы қандай? Оны дәріптеу үшін тағы не істеу керек деп ойлайсыз?
– Біз шетелді өзіміздің төл, яғни ұлттық өнерімізбен ғана таңғалдыра аламыз. Күйшілік, қобыз, ұлттық қолөнермен ғана тәнті етеміз. Президентіміздің өзі ұлттық өнердің мәртебесін көтеру мақсатында көптеген мәселе көтерді. Қазіргі жастардың жыраулық өнерге ұмтылысы жақсы. Шәкірттеріміз Бакуге барып, 15 мемлекет қатысқан халықаралық конкурстан жүлде алып келіп жатыр. Жыраулық өнер біздің ұлттық кодымыз. Мұны жоғалтып алмауымыз керек. Жоғалмас үшін өнердің жанашыры көп болуы қажет. Сол себепті де біз жырлаушыны да, тыңдаушыны да тәрбиелеудеміз. Осы ретте мына бір жайға ерекше тоқталғым келеді. Жақында өзіміздің Қорқыт ата атындағы университеттің ректоры Бейбіткүл Каримовамен жолығып, оның ұлттық өнерге деген құрметінің ерекше екеніне риза болдым. Ол кісіге біздің елде бала кезімізде ауылдық клубтың төбесіндегі дыбыс күшейткіштен жыраулардың жырларын қойып қоятын соны құлағымызға сіңіріп өстік деп айта бастап едім, «Біз де қазір «Дәстүрлі өнер» институтына ұлттық дәстүрлі өнерімізді шәкірттердің құлағына сіңіру мақсатында солай жасап қойдық» деді. Барып, көріп таң-тамаша болдым. Ғимараттың сыртында, әрбір қабаттың дәлізінде жыр қосылып тұр. Бұл керемет қой, ерекше қуандым. Қала, аудан мектептері де осыдан үлгі алса деймін. Жыраулар үйіне де осы бағытта жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Себебі халық жыр тыңдау керек. Жыраулықты арзан өнермен салыстырмай, бағасын әрдайым көтеріп отыру қажет.

– Биыл Қуандық жыраудың 85 жылдығы. Мерейтойға орай қандай жоспар бар?
– Осы ретте ең алғаш 70 жылдығына облыстық фестиваль өткізгенімізді айта кетсем. Марқұм анам «Әкеңе бір кеш өткізбедің-ау» деп жүретін. 70 жылдықты өткізу туралы бастаманы Алмас ағам бастап, мен де кірісе кеттім. Алдын ала көмек қолын созамын деген жандар мерейтой уақыты жақындағанда бас тартты. Ал біз фестивальге шақыру билетін таратып жібергенбіз. Енді қалай болар екен деп уайымдап та қоямыз. Алла сәтін салып облыстық мәдениет үйін тегін беріп, асқа сойылар мал да табыла кетті. Бұған қуанған Алмас ағамның «Сенің әкең ақ көйлекпен туылған болар. Қайда барып, кімге өтініш айтсаң да оң шешіліп жатыр» дегені есімде. Осылайша фестиваль жоғары дәрежеде өтті. Сондағы анамның қуанғанын көрсеңіз. «Ойымдағыны орындадың» деп, өле-өлгенше разылығын айтып отыратын. Ал қазір Тұрмағамбет, Төребай би ауылдарында Қуандық жыраудың 85 жылдығына арналған шаралар өтуде. Алдағы уақытта аудандық кітапханада, облыста өткіземіз деп жатыр. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Ауыл-ауылдардағы әкеме арналған іс-шараға бізді «Жыраудың баласы» деп арнайылап шақырып, төрін ұсынып жатыр. Соның өзі бізге, әкеме, жалпы жыраулық өнерге деген үлкен құрмет деп білемін. Мұнымен қатар, әкемнің аты ауылдың клуб үйіне берілді. Бұл да біраз әуре-сарсаңға түсіргенімен, оң бағытта шешілген шаруа болды. Мен әкемді насихаттамасам да, әкем өзінің жырау екенін халыққа дәлелдеп кеткен адам. Себебі ол кісіге «жырау» деген атақты мен емес, халық берген болатын.
– Әңгімеңізге рақмет.


Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 наурыз 2021 ж. 1 279 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031