» » » Нұргүл Ысқақова: "Абай мұрасы бір жылда айтып тауысатын дүние емес"

Нұргүл Ысқақова: "Абай мұрасы бір жылда айтып тауысатын дүние емес"



Өткен 2020 жылы Қазақстанда елеулі іс-шаралар жоспары қолға алынып, ол жыл шеңберінде насихатталып отырды. Соның бірі – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерекесі. Айтулы датаны халыққа насихаттауда аудандық басылымда 31 мақала жарық көріп, оқырманына жол тартқан болатын. Бүгін Құнанбай әулетінің алтынның сынығы, тектінің тұяғындай болған зерделі ұрпағы Нұргүл Ысқақовамен болған сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Әңгімемізді өзіңізді таныстырудан бастасаңыз? Абай атамызға қандай жақындығыңызды тарқатып айтсаңыз?
– Атым – Нұргүл, тегім – Ысқақова. Өзіңіз білесіз Абай атамыздың өзінен кейінгі екі жас кіші тете інісі Ысқақ, сол кісіден тараймын. Тегім әлі күнге дейін сол кісінің атында. Қазақта «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген бар. Жеті атамызды тізген кезде әкем – Әлішер, әкемнің әкесі – Азат, одан үлкен Архам аталарым болып жалғасады.Әкем де, атам да мұғалімдер, менің ұстаздарым болған. Азат атам Семейдің Аягөз қаласында тұрғанбыз. Сол қалада Абай, Шәкәрім, Мұхтар атындағы мемориалдық музейін ашқан болатын. Архам атам Абай музейінің негізін қалаушыларының бірі, абайтанушы. Сондай-ақ Абай туралы көп кітап жазған адам. Архам атамның әкесі – Абдулхаким (тарихта Кәкітай деп аталып кеткен – автор). Ол кісіні өзіңізде жақсы біліп отырған шығарсыз. 1909 жылы ең алғашқы Абай атамыздың бүкіл өлеңдері мен сөздерін жинақтап, Питерборда баласы Тұрагұл бар, Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың қолдауымен кітап шығарған болатын. Кәкітай – төртінші атам. Оның әкесі – Ысқақ Һакім Абайдың туған інісі. Ұлжан анамыздан, яки бір әке, бір анадан туған.
– Қай саланың маманысыз?
– Мамандығым – географ. Алматыда ҚазМУ-да оқығанмын. Бакалавр, магистратура бітірдім. Кейін аспирантурада білім алдым. Университетте сабақ бердім. Одан соң он бір жыл Мемлкеттік орталық музейде ғылым қызметкері болып жұмыс істедім. Ғылыммен айналыстым. Қазір заман талабымен кәсіпке ауысқан жайым бар. Ұлттық зергерлік бұйымдар жасайтын отандық компанияның бірінде сату бөлімінің басшысымын. Осылайша өмірдің ағымына сай басқа салаға бет бұрдым. Дегенмен, Абай, Шәкерім аталарым туралы насихаттаудан қол үзгенім жоқ. Оқу, мекеме орындары кездесуге конференцияларға шақырып тұрады. Ондай сәттерде келісіп, туыстық қан, қонақ ретінде қуана-қуана барамын.
– Былтыр А.Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Мұндай кең көлемдегі іс-шара елімізге не берді деп ойлайсыз?
– Өткен жылда Абай атамыздың мерейтойы ауқымды түрде аталып өтілді. Әлі де ол жалғасын тауып жатыр. Жыл керемет басталды. Көптеген іс-шараларға қатыстым. Әр апта сайын кітапханаларға шақырып жүрді. Туыстық қатынасымыз болғандықтан. Әдемі кештер болды мектептерде. Құнанбай атамыздың кітабы жарық көрген еді. Зиялы қауым өкілдерімен, Абай атамыздың рөлін сомдаған актерлармен кездесулерге қатыстым. Сөйтіп келе жатып, көктемде пандемияға байланысты біраз тоқайрап қалды, арасында онлайн конференцияларға қатыстық. Бізде туысқандардың «Ырғызбай ұрпақтары» деген тобымыз бар. Сол жерде Абай ауылындағыұрпақтары дайындалып, қаржылай да жинап , кітап шығарсақ, іс-шаралар жасақ деген жоспарымыз болды. Бірақ елдегі ахуалға орай оған қол жеткізе алмадық. Сол кездерде Семей қаласындағы Атамыздың атындағы музейдің директорымен кездескен болатынмын. Ол кісілер де музейді керемет дамытыпты. Ішінің бәрін жаңа технологияға бейімдеп, жасандырып жіберген. Шәкәрім атамыздың 160 жылдық мерекесі қарсаңында барғанымда Абай ауылының ауыз толтырып айтарлық жаңалықтарына риза болып қайтқанмын. Осы жылы да Жидебай жақта жақсы-жақсы жұмыстарды көріп отырмыз. Карантинге байланысты той тойланбады. Біз, туған-туыстар кішігірім Құран оқытпақшы болғанбыз. Жергілікті орган тарапынан рұқсат болмағандықтан одан бас тарттық. Кім біледі, мына жағдай басылып жатса әлі де тойланады деп жатыр. Абай атамыздың мұрасы бір-ақ жылда тойлап кетіп, бір-ақ жылда айтып тауысатын дүние емес қой. Бұл кісіні өмірбақи айтып жүрусе де артық емес. Себебі қазақ бар жерде, Абайы бар. Ақынның даналық сөздері мен өлеңдерінен еліміз бойынша жастар, мектеп оқушылары және еңбек ұжымдарында қаншама челендж ұйымдастырылды. Шығармалары жаңғырып, көптеген қазақстандық оны жатқа айтты. Тіпті біздің өзіміз де, ұрпақтары бір-бірімізді іздей бастадық. Осы дата аясында көптеген адамдармен таныстым. Абайдың 175 жылдық мерейтойы елімізге көп нәрсе берді деп айтуыма толық негізді.
– Абай ұрпақтарынан көзі тірі кімдер бар?
– Құнанбайдың ең үлкен ұлы Құдайбердіден тек қана Шәкәрім атаның Меркі деген немересінен Нұрлан деген ағамыз қалды. Ол Алматыда тұрады. Және Шәкәрім атаның Ахат деген баласынан Дәулет атты немересі қалды. Одан кейін Құнанбайдың Тәңірберді, Тәкежан деген балаларынан тараған ұрпақ өте көп. Олар – Семей, Абай ауылында тұрады. Үлкен кісілер бәрі бар ол жақтан. Одан кейінгі Абай атамыз. Одан кейінгі Ысқақ атамыз. Ысқақтан тараған біздер де бір қауым елміз. Олардың дені Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей қалалары мен Абай ауылының осы кезге дейінгі байырғы тұрғындары. Абай атаның Ақылбай баласынан тараған Айдар Ақылбаев атамыз бар болған. Ол кісі жақында ғана өмірден озды. Бүгінде Айдар атаның Данияр деген баласы мен Айдос есімді немере інісі ғана бар. Айдос – Алматының тұрғыны. Данияр – Мәскеуде. Отбасылысы.Жеңгеміз орыс ұлтының қызы. Абай атамыздан ұл кіндіктен осы екеуі ғана.
– Аталарының ізін қуғаны бар ма?
– Өлең жазу туыстарымның біразына қонған. Құнанбай әулетінің азаматтарының біршамасы – абайтанушылар. Баспасөзде материалдары жиі жарияланады. Өз әкемнің және інілерімнің де өлең жазатыны бар. Дегенмен, әулетте түбегейлі ақындық жолды ұстанып жүргені бар деп айта алмаймын.
– Сіздің осындай ұлық тұлғалардың ұрпағы болғаныңыз үлкен жауапкершілік жүктейтін болар?
– Осындай қазақ тарихындағы үлкен тұлғаның ұрпағы болу – әрине, өте үлкен жауапкершілік. Мысалы, кез келген жерде өзімізді дұрыс ұстауға, дұрыс сөйлеуге тырысамыз. Ата-бабамыздың атына кір келтірмеуге барымызды салып жүреміз. Сол кісілердің кітаптарын көп оқуға уақыт бөлемін. Бұл – зор мақтаныш. Барлығымыз жақсы түсінеміз. Алла кез келген адамның басына бақ бере бермейді ғой. Абай ол – біздің ғана атамыз емес, бүкіл Қазақ елінің атасы. Сондай адамдардың бізде қаны болғаны ол кездейсоқ жай емес. Әдебиетке жақындығым немесе абайтанушы болмасам да аталарымның есімі өшпесін де шақырған жерден қалмайға күш саламын. Кеңес өкісеті кезіндегі қызыл қуғын саясатты өзіңіз де білесіз. Аталарымыз түгілі, әкемнің өзі сол кездегі аласапыран заман туралы айтуға қоқатын кездер болған. «Құнанбайдың ұрпағы» десе, бәрі өлім жазасына кесілетін немесе түрмеге тоғытылатын. Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған уақытта өмір сүріп жатырмыз. Сол кездегі қудалаушылық пен Құнанбай ұрпақтарының бастан өткізген қиыншылықтары жайында басылым беттеріне өзім де жария етіп жазып жүрмін. Интернет жүйесіне де ашық түрде бере аламын. Мен көбіне Абай туралы айтпауға тырысамын. Өйткені ол кісі жайында айту – өте ауыр жүк. Есесіне Шәкәрім Құдайбердіұлы турасында көп айтамын. Себебі, Құдайберді атамыздың туғаннан денсаулығында кәнарат болып, ерте қайтыс болып кетеді де менің Ысқақ атам сол отбасында өскен. Ысқақты Құнанбай атамыз бәйбішесіне берген болатын. Әкелеріміз осы кісілерді көп айтатын. Сондай-ақ Шәкәрімнен туған Ахат атамды пір тұтамын. Оның да туғанына 120 жыл толды.
– Отбасында Абай атадан қалған қандай да бір жәдігер бар ма?
– Қазір Жидебайдағы музей кезінде менің әкем тұрған үй еді. Кейін оны музей қыламыз деп аталарымызға жер бөліп үй салып алған болатын. Сол кезде барлық қолда бар жәдігер музейге өткізілді. Аталарымыздан келе жатқан самаурын бар. Ол самаурын қазір менің анамда. Енелер келіндеріне аманаттайтын құнды дүние есептелінеді. Жеке өзімде Шәкәрім, Ахат аталарымның жазған өлеңдерінің қолжазбасы сақтаулы тұр. Ауылдағы үйде тура Абай атадан қалмаса да, сол әулеттен мирас болып келе жатқан домбыра, тағы басқа жәдігерлер ұрпағына жетіп отыр.
– Қармақшы халқына лебізіңіз болса?
– Ризашылығымды білдіремін. Алыстан ат арытып іздеп жатқандарыңызға таңғалдым. Рақметімді айтамын. Қазақтың топырағының қай жері де киелі ғой. Қорқыт ата мен Марал ишан бабалардың мәңгілікке тыныстаған мекені Қармақшы халқына ізгі сәлемімді жолдаймын. Осы елдің жас өрендерінің Абай аталары сияқты білімді, даналы ұрпақ болуына тілектеспін. Еліміз пандемиядан аман-есен өтіп, бұрынғы емен-жарқын өмірімізге қайта оралуды нәсіп етсін. Бізді елеп-ескеріп жатқан газет ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл АҚКІСІ
02 ақпан 2021 ж. 1 147 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031