Құнанбай музейінің құрылысы басталады
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына ақынның туған топырағы – Шығыс Қазақстанда дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Мерейтой аясында іске аспақ игі шаруаның бірі – Абай ауданы аумағындағы Құнанбай қорымының мемлекет қамқорлығына алынып, Ақшоқыда музейдің салынбағы.
Орайы келгенде айта кетейік, Құнанбай қорымының сан жыл қараусыз тұрғандығын, қастерлі мекенді мемлекет қамқорлығына алу қажеттігі мәселесін газетіміз бұған дейін бірнеше мәрте көтерген болатын. Алайда сең қозғалмаған еді. Тек 2019 жылғы сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығыс Қазақстанға жасаған сапарынан соң бұл мәселеге көзқарас өзгерді. Президент сол сапарында: «Біз ұлы Абай туралы айтқанда, оның әкесі – Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы керек» деген болатын.
Жақында Өскеменде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Ақшоқыда Құнанбай Өскенбайұлына арналып салынатын музей құрылысы жуық арада басталатыны, бұған облыстық бюджеттен 276 миллион теңге қаржы бөлінгені жайында айтылды. Осы жиында ұлы жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келген Бөрілі ауылының жолын жөндеуге 48 миллион теңге және Семейдегі Абай атындағы театр ғимаратына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу үшін 198 миллион теңге қаражат бөлінетіні де хабарланды.
Айтпақшы, өңіріміздегі ең ірі екі қала Өскемен мен Семейде ақынның әкесі Құнанбай атындағы көше жоқ. Үлкен мерейтой аясында бұл мәселе шешімін табады деп сенеміз.
Азамат ҚАСЫМ,
Шығыс Қазақстан облысы