» » » Ғалымжан ҰЗАҚБАЕВ: "Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес"

Ғалымжан ҰЗАҚБАЕВ: "Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес"


Ғалымжан ҰЗАҚБАЕВ, аудандық мәслихат депутаты:

Бүгінде ауданда Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткерлері, депутаттар қаншама. Солардың бірі – аудандық мәслихат депутаты Ғалымжан Әлімұлы. Ол біз қойған сауалға тігісін жатқыза отырып, тұщымды жауап берді. Әңгімені әріден бастаған ол алдағы сайлау, депутаттық мандаттың қызметі, атқарылған жұмыстардың тінін тарқатты.

– Ғалымжан Әлімұлы, қыстың осы көрікті айы мерекеге толы. Жыл да аяқталып, қорытындылар тұс. Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі сізге де құтты болсын!
– Рақмет, айналайын! Алдымен сұқбаттасып, менің пікірімді, жауабымды білу үшін сауал қойғандарыңызға алғысымды айтамын. Иә, бүгін ең басты мерекеміздің бірі – Тәуелсіздік күні. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Жетіп те келе жатыр. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасында. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы, аманаты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз. Мереке құтты, аспанымыз ашық, еліміздің болашағы жарқын болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!
– Келер жыл 10 қаңтарда елде Парламент сайлауы өтеді. Аз уақыт қалса да, сайлау додасының қызуы байқалады. Ал сайлау әділ өту үшін не істеу керек?
– Ең алдымен сайлау әділ өтуі үшін әрбір Қазақстан Республикасының азаматы сайлауға келіп, өз қалауын білдіріп, дауыс беруі керек. Әрине, ол кісілердің дауыс беруін қамтамасыз ету үшін біздің учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері халықтың дауысын санап, заңның аясында жұмыс істеуі қажет. Бұл біріншіден. Екінші, Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына өзгерістер енгізілді. Сондықтан қазір сайлаушылар бір адамға емес, партияға дауыс береді. Өздеріңіз білетіндей «Nur Otan» партиясында праймериз өтіп, партия мүшелерінің ішінен кім депутаттыққа лайықты деген сауалға жауап беріп, өздерінің қалауын, дауысын берді. Өз кезегінде сайлаушыларға, партия мүшелеріне алғысымды айтамын. Өйткені маған сенім білдіріп, біршама адам праймеризде дауыс берді. Бұл осы кезге дейін атқарған жұмысымның нәтижесі, жемісі деп білемін.
– Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желінің кең ауқым алған уақыты. Ондағы пікір түрлі топқа бөлініп, «депутат» деген ұғымға басқаша көзқараспен қарайтыны бар. Мұндай жағдайлармен ұшырасқан боларсыздар...
– Қазіргі қоғамда мынадай ой бар. «Депуттарға бір мәселені көтерсек, ол ертең не арғы күні шешіледі» деген. Бұл ой дұрыс шығар. Бірақ ол сұрақтар лезде шешіле қоймайды. Әрбір мәселе шешілуі үшін оған бір жыл, екі жыл уақыт керек. Оған қаржы керек. Оны жүзеге асыратын жоспар, бағдарлама қажет. Қаржы бөлінген жағдайда оны игеріп, соған тиісті жұмыс атқарылуы керек. Сол үшін ол бүгін, ертең атқарылатын жұмыс емес. Көпшілік соны түсінсе екен деймін. Қандай да бір жұмыс, мәселе болмасын оны көтергеннен кейін біраз уақыт кетеді.
– Бір аттасақ жыл да аяқталады. Биыл халық қалаулылары қандай қызмет атқарды?
– Негізі аудандық, облыстық мәслихат депуттарын білемін. Қасында жүрміз. Депутаттың негізгі міндеті – халықтың ойын, сұрағын, мәселесін жергілікті билікке жеткізу. Соны іске асыру, сауалды жауапсыз қалдырмау. Осы 4 жылдық депутаттық өмірімде біраз сұрақ көтерілді. Сайланған округімдегі Байқоңыр қаласы бойынша көп мәселе қаралды. Мұнда тұрып жатқан тұрғындардың үйін приватизациялау, қаладағы коммуналдық төлемдер жайлы сұрақтар қойылды. Бұл жерде қазақ мектептері бар. Орыс мектептерінде Ресей Федерациясының стандарты бойынша білім беріледі. Ол орыс тілді мектептерде Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан географиясы оқытылмайды. Осы мәселе көтеріліп, облыстық депутаттарға, әрі қарай мәжіліс, сенат депутаттары алдында қозғадық. Нәтижесінде, қаладағы №275 мектептің базасында биыл қыркүйектен бастап орыс тілінде оқытатын сыныптар ашылды. Ол сыныпта орыс тілді азаматтар Қазақстан Республикасының стандартымен білім алады. Одан соң №272 мектепте инклюзивті сыныптар ашылды. Онда денсаулығына байланысты мектепке бара алмай жүрген балалар білім алуда. Байқоңыр қаласындағы түйіні шешілер мәселенің барлығы дерлік бірден жүзеге асатын дүние емес. Себебі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында қала жайлы келісімге қол қойылған. Әрбір мәселе сол келісімге өзгерістер енгізіп, сосын барып шешіледі. Өз кезегінде көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен оңтайлы шешімін тауып келеді. Мәселен, былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында қалада бес тұрғын үй салынып, халыққа берілді. Жергілікті халыққа материалдық көмек көрсету және тағы басқа да мәселеге қолғабыс қылдық.
– Қазір өзіңіз басқарып отырған білім ошағының жеткен жетістіктері аз емес. Елге сыйлы азаматтың бірісіз. Ал бала Ғалымжанның балалық шағы қалай өтті?
– «Бала Ғалымжан қандай болды?» деген сұрақ маған қатты ұнады. Өйткені өткеніңді бажайламай, болашағыңа көз тастау бұлыңғыр. Орыс мектебінде білім алдым. Ол кезде Фрунзе атындағы №27 мектеп болатын. Білім ордасынан жақсы бітіріп шықтым. Комсомол комитетінің председателі болып қызмет атқардым. Қай уақытта болмасын мектептің әлеуеттік басқа да жұмысына атсалысып жүрдім. Куә болған оқиғаны баяндайын. Мұны оқушыларыма күнде айтып беремін. Орыс мектебінде білім алдым дедім ғой, сонда «Қазақстан Республикасы тарихының христоматиясы» деген кітап болған еді. Жетісіне бір рет сол сабақ болатын. Еліміздің шынайы тарихы, біздің түркі тілдес екенімізді, біздің қандай халық екенімізді сол кітаптан оқу мүмкін емес-тін. Мектеп бітірген соң екі жыл КазАкропром бірлестігінде жұмыс істедім. Содан кеңес үкіметінің әскер қатарында болдым. Әлі есімде, сол әскерде жүргенімде бір госпитальға бардым. Сонда бір үлкен дәрігер «Басқалар ауырса да мына жігіттер ауырмайды ғой» деді. Қасымдағы офицер «Ол неге?» деп еді «Өйткені бұл Ғұндардың тұяғы ғой» деп жауап берді ол. Сол кезде мен осы әңгімені естіп тұрып «ғұндар деген кім екен, тіпті білмейді екем ғой» деген ойға қалдым. Рас, ол кезде біз білмедік. Себебі ол уақытта бізді ешкім оқытқан жоқ. Кеңес үкіметінің сол кездегі саясаты ғой. Тіпті қайдан шыққанымызды, кім екенімізді білмей жүрдік. Тек институтта оқып жатқанда біздің кім екенімізді білдім. Олжас Сүлейменовтың «Азия» кітабын оқып, сонда ғана көзім ашылды. Сол кезеңдерде өзіміздің тарихымыз ұмытылып қала жаздады. Алайда еңсемізді тіктеп тік тұрдық. Қазіргі балалар, жастар бақытты. Өйткені Қазақстан тарихын оқып жүр. Қазақтың тарихын біледі. Біздің кім екенімізді, жерін сақтаған, жауға қарсы төтеп берген батырлар жері екенін біледі. Олардың қазір мүмкіндіктері бар. Сүлейменов, Шаханов, Қонаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сияқты өзінің елінің дамуына, өсуіне, көркеюіне, үлес қосуына мүмкіндіктері көп. Өйткені біз егемендік алдық.
– Депутат қандай болуы керек?
– Депутат ашық болуы керек. Ол халықпен бірге болуы қажет.
Халықтың ойын, көтерген мәселесін жергілікті билікке жеткізіп, сол мәселе шешілуі үшін оңтайлы шешім жасауы керек. Алдымызға келген адамның сауалы мен көтерген мәселесі бізді бей-жай қалдырмайды. Қарапайым халықтың өтініші, ұсынысы, сауалы болсын жоғарыға жеткізіп, сол мәселе шешілуі жолында аянып қалмаймыз. Депутат – халық сайлайтын, халықтың өкілі, көзі, құлағы. Билік пен халық арасындағы ықпалдастық көпірі. Депутат бойында білім мен тәжірибе, кәсіби деңгей мен мемлекетшілдік парасат болуы қажет. Бұл тұрғыда депуттар кешегі Алаш арыстарының мінезі мен көз-қарасын және іс-қимылын өздеріне үлгі етуі тиіс. Мәселен, мемлекеттік Дума құрылған 1905 жылдан 1917 жылға дейінгі кезеңде Әлихан Бөкейхан Мемлекеттік Думаның І шақырылымында депутат болды. II шақырылымындағы сайлауға түсуден бас тартты. Себебі, оның депутат болуын қаламайтын патшалық үкімет сайлауды жарамсыз деп тауып, қазақ өкілдерінің Мемлекеттік Дума сессиясына баруына кедергі болатын еді. Ал Міржақып Дулатұлы не деді? «Ресей Думасына қазақтан депутат сайлау мүмкіндігі болғанда, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек. Ол ақжүрек, таза болса жұртты иә сатып, иә алдап кетпейтін болса, халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүректі болса, өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса, саясат ісіне жетік болса, білімді, шешен, оқыған көсем болса» деп еді. Сонда ол бұл сұраққа бір ғасыр бұрын жауап беріп кеткен екен ғой. Иә, жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ

16 желтоқсан 2020 ж. 1 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031