» » » Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ: "Тәуелсіз елдің жастары еңбекті сүйсе..."

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ: "Тәуелсіз елдің жастары еңбекті сүйсе..."


Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы:

Әрбір тұлға – жеке тарих. Өзгеше өмір өрнегінің иесі. Саналы ғұмырды қандай етіп өткізу адамның өз қолында. Өз өмірін адал еңбек пен түпсіз білімге арнап, болашақтың қамын күйттеп, келешектің кемел болуын аңсайтын ел азаматтары аз емес. Туған мекеннің тыныс-тіршілігін бағамдап, келелі мәселелерді кең көлемде көтеріп жүрген Сыр перзентінің бірі – сенатор Мұрат Бақтиярұлы. Қарапайымдылығы бір төбе ел ағасымен мерейлі мереке қарсаңында сұқбаттасудың сәті түскен еді.

– Мұрат Бақтиярұлы, еңбек жолыңызды қарапайым комбайнер болып бастап, ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына дейін көтерілдіңіз. Осы аралықтағы еңбек жолыңызға аз-кем тоқталып өтсеңіз.
– Иә, 1975 жылы мектеп бітіргеннен кейін, білімімді шыңдауға Ташкенге оқуға бардым. Алайда конкурстан өте алмай, тамыз айында елге қайта келдім. Күріш орылып жатқан кез еді. Комбайн, трактор айдап, көмекші болғаным да рас. Сол жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, Венгрияда азаматтық борышымды өтедім. Онда жақсы қызмет етіп, аға сержант атандым. Елге оралған соң, оқуға тағы да талпыныс жасадым. Бұл қадамым да сәтсіз болып, оқуға түсе алмадым. Одан соң, біршама уақыт құрылыс саласында жұмыс істеп, тек 1980 жылы ҚазМУ-дің тарих факультетінің дайындық бөліміне оқуға түсіп, оны 1986 жылы үздік дипломмен аяқтадым. Мектеп бітіру мен оқуды тәмамдаудың арасында 10 жылдай уақыт өтті. 2 жылдық әскер, 3 жылдық жұмыс азаматтың өсуіне, ерте есеюіне әсер етеді екен. Біз еңбектің арқасында ерте есейдік. 1986 жылы арнайы жолдамамен Қызылордадағы педагогикалық институтқа мұғалім болдым. 2 жылдан кейін аспирантураға түсіп, 1991 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. 1999 жылға дейін Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университетінде оқытушылық қызмет еттім. Одан соң, Қазақ Заң академиясында, кейіннен колледжде директор, облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарсам, 2011 жылдан бері сенат депутаты, ал 2019 жылдан бастап әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасымын. Комитетте 8 сенатор бар, ал жалпы Сенатта 48 сенатор еңбек етеді. Барлығымыз біріге, қоян-қолтық жұмыс жүргізудеміз.
– Сіздің ізденісіңізді халық ғылыми еңбектеріңіз бен кітаптарыңыз арқылы жақсы біледі. Жалпы осындай ізденіске қандай дайындықпен келесіз?
– Ғылым жолы маған жақындау. Тарихтан ғылым кандидаты, доцент болдым. 1996 жылдан бастап саяси ілімдерге бас ұрып, қызығушылығым артты. Осы кезеңде алты ай қызметтік демалыс алып, бірнеше қаланың кітапханасы мен архив құжаттарын ақтара отырып, докторлық диссертацияға жұмыс жүргіздім. 4 жылға жуық ізденістің нәтижесінде 1999 жылы саяси ғылымдар докторы атағы берілді. Онан кейін, 2003 жылы профессор атағын иелендім. Негізгі мамандығым тарих пәнінің оқытушысы болғандықтан біраз уақытым осы салада өтті. Оның ішінде өзім ұзақ жыл қызмет еткен Қызылорда Мемлекеттік университеті мен үшін барынша ыстық. Өйткені менің азаматтық қалыптасуым, өсуім осы жерден бастау алады.
– Жалпы жұмысқа күш-жігерді қайдан аласыз?
– Негізі жұмыс деген адамға мотивация. Егер өз жұмысыңды жақсы көріп, сол жұмыстан ләззат алып, соның бір нәтижесі болып жатса – өзің үшін жақсы. Сондай-ақ, отбасы – бірінші өмірің болса, жұмыс – екінші өмірің. Адамдармен қарым-қатынас, жұмысты ұйымдастыра білу, жұмыс істеу – бұл үлкен өмірлік мотивация. Сонымен бірге, кез келген азаматтың бойындағы бар дүние. Ал күш-жігер деген адамның өзіне, одан кейін берілген тәлім-тәрбиеге байланысты. Біз мектепте оқып жүргенде-ақ жұмысқа тартылдық. Сабақтан тыс уақыттың барлығында ерте көктемнен қара күзге дейін күріштік басында, бау-бақшада еңбектендік. Бізді сол кездегі өмірдің өзі еңбекке баулыды. Тіпті студент, аспирант кезімде де түрлі қосымша жұмыс атқардым. Себебі, ер-азамат отбасын толықтай қамтамасыз етуге міндетті.
– Қазір «Елім маған не берді емес, мен еліме не беремін» деген уақыттың кезеңі. Сіз еліңізге не бердім деп ойлайсыз?
– Бүгінгі қоғамда тұтыну психологиясы басым. Қоғамды, мемлекетті, билікті «әке», «қамқоршы» ретінде көретіндер өте көп. Бұл масылдық психологияға алып келуде. Ал нарықтық қоғамда ондай болмау керек. Мемлекет тек қарт кісілерге, мүгедектерге, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана көмек көрсетуі тиіс. Ал аяқ-қолы балғадай, он екі мүшесі сау жас азаматтар жұмыс істеуі шарт. Қоғамда «жұмыс жоқ» деген тіркесті көп айтады. Алайда бұл сөзбен мен көп жағдайда келісе бермеймін. Ниетті жанға қашанда екі қолға бір күрек табылары анық. Ал менің елге не бергенімді мен емес, ел бағалай жатар.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Өмір – қысқа. Жас кезімізде максималистпіз ғой, өмір өтпейтіндей, бізге қарттық келмейтіндей көрінетін. Ал өткенге көз салсақ, алпыс жылды артқа тастаппыз. Өмірдің қысқа, өткінші екенін адам белгілі бір жасқа келгенде түсіне, сезіне бастайды екен. Сондықтан да, осы қысқа ғұмырда адал болғанға не жетсін? Өзгелермен адами қарым-қатынас дұрыс болуы керек. Мүмкіндігінше, ешкімге жамандық жасамаған жөн.
– Келер жылы Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында сіздің ойыңызша елімізде қандай іргелі істер атқарылды?
– Тәуелсіздік – өте үлкен, әрі киелі ұғым. Қарап отырсақ, 30 жыл деген біршама уақыт. Біздің көз алдымызда тәуелсіздік орнады. Жетістіктеріміз бар, кемшіліктеріміз бар. Барлығы қатар жүріп келе жатыр. Мемлекет орнату оңай шаруа емес. Мемлекет – кең мағынадағы үлкен дүние. Оның ішкі, сыртқы саясаты бар, олардың барлығымен тең дәрежеде сөйлесу, шекараны бекемдеу, келіссөздер жүргізумен қатар, мемлекеттің ішкі жағдайында да мәселелер жеткілікті. Оның ішінде этникалық жағы, діни ахуал да бар. Сондықтан да жаңа мемлекет орнату қиын екенін біз білеміз. Тәуелсіздік жылдарында кемшіліктен гөрі, жетістігіміз мол болды деп айта аламын. Біз жіберген кемшілікті ұрпақ жөндер, дұрысталар, ең бастысы біз – Тәуелсіз елміз. Мұны мақтанып, ауыз толтырып айта аламыз. Біз ешкімге бағынбаймыз. Қазақ ұлтының билігі, қазақ ұлтының еркіндігі – қазақтың өз қолында. Осының өзі 30 жылдағы ең үлкен жетістік. Екінші бір үлкен жетістік – шекараның барлығын бекітіп алуымыз. Шығыста – Қытай, Оңтүстік Шығыста – Орталық Азия мемлекеттері, солтүстікте – Ресей секілді алпауыт мемлекеттердің ортасындамыз. Соның ішінде шекараны бекемдеп алу үлкен мәселе. Біз келер ұрпаққа дау-дамайсыз шекараны тастап кетеміз. Көптеген мемлекетте шекара мәселесі толықтай шешілмей, мемлекетаралық дауға апарып жатқаны жасырын емес.
– Тәуелсіз елдің жастары қандай болуы қажет? Олардың бойында қандай қасиеттердің болғаны жөн?
– Қазіргі жас ұрпақ бізден анағұрлым білімді, әрі бақытты. Олардың мүмкіншіліктері көп. Кезінде мен Мәскеуде білім алғым келді, бірақ оған мүмкіндік болмады. Қазір Мәскеу түгіл әлемнің кез келген елінде, мемлекетінде баланың түйсігінде парасаты, білімі болатын болса «Болашақ» арқылы, тағы да өзге бағдарламалар арқылы білім алуға болады. Тәуелсіз елдің жастары еңбекқор, білімді болу шарт. Өйткені еңбек ерлікке жеткізеді. Сондай-ақ, өзінің салт-дәстүріне берік болуы, ата-ананы сыйлап, үлкенге құрмет көрсете білгені дұрыс. Жастардың барлығы жаппай жоғары білім алуы шарт емес. Онан гөрі, бір кәсіпті меңгергені абзал. Өйткені, кішкентай кәсіптің нағыз маманы болудың өзі – үлкен бақыт. Жоғарыдағы аталған қасиеттер бүгінгі жас ұрпақтың бойында кездесер болса, біз іргесі берік, келешегі кемел мемлекет боламыз.
– Сөз соңында айтарыңыз...
– Облыстан сайланған депутат болғаннан кейін Қармақшы өлкесінің жайы маған да таныс. Жиі-жиі іссапарға барып, тыныс-тіршілігін бағамдаймын. Аудан халқының мұң-мұқтажы біздің басты назарда болмақ. Ал халыққа амандық тілеймін. Елдің амандығынан, саулығынан қымбат ешнәрсе жоқ. Онан кейін елге керегі – ынтымақ. Ынтымақ болған жерде мемлекет еш нәрседен қаймықпайды. Бірлігі бекем елдің келешекте потенциалы жоғары болады. Алла тек жақсылықта жолықтырсын.
– Лайым солай болғай! Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
05 желтоқсан 2020 ж. 1 100 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 080

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031