» » » Орынбасар ТӨЛЕПОВ: "Жастар туған жерге тұрақтаса екен"

Орынбасар ТӨЛЕПОВ: "Жастар туған жерге тұрақтаса екен"

Қар көбесі сөгілгеннен қара күз түскенше шаруа мен диқанға дамыл жоқ. Жуырда өткен "Алтын дән – 2020" мерекелік салтанатында еңбеккерлердің еткен еңбегі ақталып, ауданда "Озат шаруашылық" атанған "Жаңажол" ЖШС төрағасы Орынбасар Төлеповпен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Биыл серіктестік үшін қандай жыл болды? Нәтиже қалай?
– Әр жылдың өз қиындығы бар. Биыл су тапшылығы мен елдегі пандемия жағдайына байланысты біршама қиындық болды. Бұл біздің еңбеккерлерді де айналып өтпеді. Шаруалардың дені ауырды. Соған қарамастан егіс алқабынан табылды. Жұмыс тоқтаған жоқ.
Сол кезеңде көрші Шиелі ауданының Төңкеріс ауылын қоршап тастағанда, бізде қалай болар екен деп уайымдап қалғанымыз рас. Осыдан кейін ауылға блок-бекет қойдық. Егін алқабына сырттан келетін көліктерді жуып тұратын ауысыммен адам жасақтадық. Әуелі Алла, кейін мейлінше сақтық шараларын ұстанғандықтан болар, жұмыс нәтижелі болды. Әрине, шаруалардың табандылық пен еңбексүйгіштігін айта кету керек. Еселі еңбектің нәтижесінде жақсы өнім алдық. Ауылда өткен сабантойда озаттарға 3 автокөлік берілді. Мұнан бөлек, 21 сушы, 2 ардагер, 5 механизаторға Жаңақорған ауданындағы шипажайға жолдама ұсынылды.
– Биыл Дүр Оңғар ауылының 90 жылдығы. Осыған орай, ауылда алаңқай салып жатыр екенсіздер...
– Ауылдық адамның қала адамынан қандай кемшілігі бар? Жастар қалаға көшпей, туған жерді қалса деген ой біздікі. Ауылдың 90 жылдығы елдегі жағдайға байланысты тойланбайтын болғандықтан, ауыл халқына тарту жасамақ ниеттеміз. Құрылыс жұмысы әлі де жүріп жатыр. Алаңқайдан ересектер мен балаларға арналған тренажерлық-стритбол алаңын салуды жоспарлап жатырмыз. Сонымен қоса, алаң ортасында субұрқақ та бар.
– "Табысқа жеткен ердің артында мықты әйел тұрады" дейді. Жарыңыз сізге қаншалықты қолдау білдіреді?
– Әйелсіз күнің қараң ғой (күлді). Жұмыстан шаршап келгенде күліп отырып шай-тамағын бергенінен артық не бар дейсіз?! Бар бабың жасалып тұрса, жұмыс та жақсы жүреді.
– Сіз үшін ешқашан құнын жоғалтпайтын үш нәрсе?
– Адал еңбек, жақсы жар, жақсы тәрбие.
– Орынбасар аға, "Жақсы басшы – жарты бақыт" деп жатады. Басшының бойынан ұқыптылық, еңбекқорлық, ептілік, жомарттық қасиет болуы керек болса, осының қайсысы сізде басым?
– Өзім туралы өзгелер айтқанын құп көремін. Мұның бәрі басшы адамнан табылуы қажет. Дегенмен адам жанын түсіну де керек секілді. Алдына келген қызметкердің қандай оймен, не айтпақ мақсатта келгенін жазбай таныса болғаны.
– Қайырымдылыққа қаншалықты бет бұ­расыз?
– Адамның тұрмыс-жағдайын көре тұра, бей-жай қарап қала алмайсыз. Бойдағы қасиет пе екен, мүмкін мінезден болар. Жақсылық істі соңына дейін жеткізуге тырысамын. "Біз біргеміз" жобасы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыға, көмек көрсеттік. Ауылға және ауданға оттегі концентраторын алып бердік. Мұның барлығы елге жақсы атты болып көріну емес, адами капиталды дұрыс қалыптастыру.
– Өмірде өкінетін дүниеңіз бар ма?
– Әр адамның өмірінде бір "әттеген-айы" болады. Бір өкінетінім, анамның өмірден ерте кеткенін. Ешкім жамбасына байлап жүре алмайды. Алланың қалауы, әрине. Біз тоғыз ағайындымыз. Әрқайсысы бөлек шаңырақ болды. Қызықты енді көремін деген шақта келмес­ке кете барды.
– Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Өмірлік жарым Нұрзиямен бірге үш ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірдік. Тұңғышым – егіз. Алма бүгінде аудандық ауруханада дәрігер. Тұрсын Қызылорда қаласында жиһаз жасаумен айналысады. Екінші ұлым Ерсін темір шығарумен шұғылданады. Ал Кенже ұлым Ермек ауылда жиһаз жасайды. Балаларды кішкентайынан еңбексүйгіштікке тәрбиеледік. Міне, бүгінде әр саланың тізгінін ұстап отыр.
– Алға қойған жоспарларыңыз қандай?
– Жоспар көп, оны уақыт көрсете жатар. Келер жы­лы ауылдың 90 жылдығын тойламақ ниеттеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ
16 қараша 2020 ж. 888 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031