Ерен еңбек еленген күн
Күздің кереметі көп. Маңыздысы не дейсіз бе? Ол – ала жаздай арқасын күнге күйдірген еңбек адамдарына құрмет мен қошемет көрсетер шақ. Марапат пен мадақ күтпейтін, жүрегі баладай, көңілі даладай сала мамандары әуелі еккен дәнді ысырапсыз жинап алуды олжа дейді.
Өткен аптада Қызылорда қаласында пандемия жағдайына сәйкес, онлайн режимінде «Алтын дән – 2020» салтанаты өтті. Аталған шараны онлайн форматта қала мен аудандардан 300-ге жуық маман көрді. Ауыл шаруашылығы саласында табанды еңбек еткендердің жұмысы таразыланатын шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова арнайы қатысып, еңбеккерлерді 27 номинация бойынша марапаттады.
Марапат алушылар қатарында біздің жерлестеріміз де жоқ емес. Науқан қорытындысымен егін шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін аудан әкімі Мұса Қалдарбеков "Озат аудан" номинациясымен марапатталды. Орынбасар Төлепов басшылық ететін «Жаңажол» ЖШС «Озат шаруашылық» атанса, «Достық Жер МК» еңбеккері Закария Арифов «Озат жаткист», «Ақтөбе и К» ЖШС-да жас мамандардың ұстазына айналған, ұзақ жылдық тәжірибесі бар Басқынбай Қайырқұлов «Озат күріш өсіруші», Қармақшы сушар мекемесінің қызметкері Шоқан Ұзақов «Озат су маманы» номинациясына лайық деп танылды.
Шарада аймақ басшысы ауыл шаруашылығы ел экономикасының қозғаушы саласы екенін және мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер қалыптасқандығын тілге тиек етті. Сонымен бірге, пандемия кезеңінде су тапшылығының туындауына қарамастан, биылғы жылы әр гектарына орташа 61,8 центнерден өнім алып, 551 мың тоннадан астам Сыр күрішін ел қамбасына құйып, кезекті рекордтық көрсеткіштің жаңарғанын ерекше атап өтті.
Ерен еңбек еленген күнде таңның атысынан күннің батысына дейін дала майданынан табылған «Ораз ахун ЛТД» ЖШС-нан Жарқынбек Смайлов ІІІ дәрежелі, «Достық Жер МК» ЖШС-нан Закария Арифов ІІ дәрежелі, «Ақтөбе и К» ЖШС-нан Бақытжан Жұмабаев І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін тағынды. «Достық Жер МК» ЖШС еңбеккері Әбдімәжит Тоғаев Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасын алса, Орынбасар Төлепов Астана қаласы әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Шаруалар биыл аудан бойынша егілген 13496 гектар күріштің әр гектарынан 65,2 центнер өнім алды. Егін жинау жұмысына барлығы 138 трактор, 82 комбайн, 84 жатка, 62 жүк көлігі, 94 трактор жұмылдырылған.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ