» » » Нұрбол АППАЗОВ: «Химияны ойламаған жерден таңдағанмын»

Нұрбол АППАЗОВ: «Химияны ойламаған жерден таңдағанмын»

Нұрбол АППАЗОВ, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қорқыт ата атындағы ҚМУ инженерлік бейіндегі зертханасының бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі:

Ғылым жолының тартар мехнаты қашанда аз болмаған. Оған заманында жерді дөңгелек деп жарияға жар салған Бруноның тағдыры жақсы мысал. Осыдан-ақ, ғылымның ғақлият жемісі тәтті болғанымен, жаңадан жаңалық ашып, оны қоғам қажетіне жаратып, өндіріске енгізу – оңай шаруадан емес. Дегенмен, осы бағытта өзінің жастығына қарамастан ғылымның айқара жолымен жүріп келе жатқан кейбір жерлесімізді – тек Қазақстанда емес, әлемнің көптеген елдері танып үлгерді. Солардың қатарында жерлесіміз, химия ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі Нұрбол Аппазов та бар. Төменде ғалыммен болған сұқбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Нұрбол Орынбасарұлы, әр нәрсенің бастауы болады демекші, сұқбатымызды химия саласына өзіңіздің қалай келгеніңізден бастасаңыз. Естуімізше, мектепте химик емес, хирург болуды армандапсыз, осы рас па?
– 1998 жылы мектепті бітірдім. Негізі дәрігер болуды қалағанмын. Сол жылдары өзіңіз білетіндей, қиындау еді ғой. Хирург болғым келген, бірақ әке-шешем «басқа қалаға жібере алмаймыз, Қызылордада ағайын-туыс бар. Сонда барып, медицинаға жақын – биологияны оқы. Бітіргесін дәрігерлігіңді тағы көре жатарсың» деп қалаға алып келді. Сөйтіп, сол жылы оқуға келерде биологияға құжат қабылдамайтынын бір-ақ білдік. Мұны білген соң ата-анам бірбіріне жақын ғылымдар деп химияға тапсыруға кеңес берді. Осылайша, аяқ астынан химияны таңдап кеткенмін. Сәті түсіп, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға оқуға түстім. Мектепте биологияны – 5-ке, химияны – 4-ке оқығанмын. Оқу процесінде ұлағатты ұстаздарымның арқасында химияға деген қызығушылығым ерекше артып, топтың алдында жүрдім. 2002 жылы «Жаратылыстану» факультетінде «Қызыл дипломға» бітірген жалғыз ер бала мен болдым. Бітірген соң ЖОО-да алғаш рет магистратура ашылды. Соның «Химиялық технология» мамандығы бойынша бағымды сынадым. Мұны да үздікке аяқтадым. Қолға диплом тигесін басшылықтан университетте қалуға ұсыныс жасалды. Келісімімді бердім. Бір жыл ұстаздық еттім.
– Білімге құмартқан жасқа магистр деңгейі аздық еткен жоқ па?
– Ғылым – түпсіз терең теңіз сияқты. Оған бойлаған сайын небір маржан, гауһар кездеседі. Сол айтқандай, болашағымды ғылыммен байланыстырсам деген маған да бұл деңгей аз көрінгенін жасырмаймын. Тоқтап қалу – тоқайрап қалу дегенді білдірсе керек. Әрі қарай да ізденіп, ғалым атанғым келді. Осы мақсатпен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аспирантурасына «Органикалық химия» мамандығы бойынша оқуға түсіп, зерттеулерімді жетілдірдім. Оған қоса, Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Сонда ұлағатты ұстаздарым, химия ғылымының корифейлері – химия ғылымдарының докторлары, профессор Хаким Суербаев пен Болат Жиембаевтың жетекшілігімен ғылыми зерттеулерді орындадым. Жалпы ғылыми жұмысым – органикалық химия, катализ, мұнай химиясының түйіскен тұсы.
– Диссертация қорғағасын туып-өскен Сыр еліне қайта оралдыңыз. Сол уақытта Қазақстанда 20 ұжымдық қолданудағы лаборатория ашылып жатқан кез болатын. Соның бірі – Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да еді. Дей тұрғанмен бір жыл бұрын тұсауын кескен лабораторияда жұмыс істейтін мамандар болмады. Осындай тың дүниені қолға алуда жүрексінбедіңіз бе?
– Қобалжу болғанымен, қорықпадым. Жетекшілерім дем берді. Сондай кісілердің бастамасы, тәлім-тәрбиесінің арқасында лабораторияда молекулалық, элементтік деңгейде зерттеулер жүргізетін қондырғыларды іске қостым әрі жетекшілік жасадым. Қазір де жетілу үстіндеміз. ҚР химия саласы бойынша зерттеулерді жүргізудеміз.
– Жоғары жетістік екен. Енді ғалым ретіндегі ғылымдағы жеке жеткен табыстарыңызға тоқталсаңыз?
– Біршама жетістіктерді атап айтар едім. Мысалы, жаңа антибактериалды және зең саңырауқұлақтарына қарсы заттарды синтездеу арқылы препарат ойлап шығардым. Одан бөлек, өңірге байланысты өсімдіктерге зерттеу жүргізгенімде жантақ шөбінің құрамы мен қасиетіне қызығушылығым пайда болды. Жұмыс барысында өсімдіктен биологиялық белсенді заттар алдым. Онымен биолог әріптестеріммен бірге атересклероз ауруының бастапқы кезеңінде емделуге болатынын анықтадық. Бұл жайында әлемнің алдыңғы қатарлы ғылыми басылымдарында мақала жазып, нәтижеміздің оң қорытындысымен патентке қол жеткізілді. Жантақтың шипасы әлі де зерттеледі. Ғылыми жаңалық ашуда дүние жүзінің ғалымдарына арналған Еуропалық орталық бағдарламасы бар. Соған португалиялық, британиялық, нидерландық, даниялық, ресейлік, украиналық және беларуссиялық ғалымдармен бірігіп жоба өткізіп қойдық. Мақсатымыз – паркинсон, альцгеймер ауруын емдеу мен алдын алуда қолданылатын дәрілік өнім жасау. Сол жобамыз жақында Еуропалық одақ комиссиясынан қолдау тауып, қаржыландырылатын болды. Қазақстаннан бұл жобаның жетекшісі мен болып табыламын. Бұған не итермеледі? Менің әкем өткен жылы осы паркинсон ауруынан дүниеден озған еді. Елімізде бұл аурумен ауыратын қаншама науқас бар. Енді осы дерттің алдын алу мен емдеу бойынша өз үлесімді қоссам деймін. Түркиялық әріптестермен бірлесіп ҚР Ғылым комитетінің конкурсына жобалар ұсындық. Егер амандық болып өтіп жатсақ, онда да жантақ шөбінің құрамынан алынған флавоноидтарды әрі қарай модификациялап, антибактериалды және өзекті болып табылатын коронавирустық инфекциясына қарсы емдеуге арналған препараттар алу да ойымызда бар. Сондай-ақ, жергілікті мұнай өңдеу кезінде көп мөлшерде мұнай шламдары түзіледі. Әріптестеріммен бірге 2010 жылдан бастап мұнай шламын өңдеп, одан жағармайларды алу технологиясын жасадық. Зерттеуді мұнымен тоқтатпадым. Біздегі «Ғылым қоры» миллиондаған қаржы бөліп, біздің ойлап тапқан технология бүгінде өндірістік шеңберде қолданылуда. Құмкөлдің басында аталған технологиямен мұнай шламынан мұнайды бөліп алу қондырғысы іске қосылған. Қондырғы Германияда жасалды. Оның көмегімен мұнай шламынан мұнай бөлініп алынуда.
– Біздің облыс республикаға Сыр маржанымен танымал. Ауыл шаруашылығында нендей еңбектер атқарудасыз?
– Рас айтасыз, Сыр аймағы ақ күрішімен әмбеге аян. Күріш жүрген жерде оның сабаны мен қауызы қатар жүреді. Мәселен, байқасаңыз, бізде орақтан соң сабанды өртейді. Одан қоршаған ортаға көптеген зиян келеді. Қауызы да жарамсыз болғандықтан өртеліп жатады. Бірақ оның денсаулыққа орасан залал әкелетінін адамдар біле бермейді. Осы мәселені шешуде күріш қауызы мен сабанын өңдеу арқылы белсендірілген көмір алу бағытында жұмыс жүргізудеміз. Қасиеті – ағаштан алған көмірден еш кем емес. Оған қоса, басқа да қасиетін зерттеп, дәлелдедік. Өміршең жоба ғылым комитетімен 27 млн теңгеге қаржыландырылды.
– Сіз облыстағы химия саласы бойынша ең жас профессорсыз. Еңбек жолыңыз оқырманға қызықты болар?
– Иә, 36 жасымда профессорлық атақ алдым әрі химия саласында аймақтағы жалғыз профессормын. 2009 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, зертхана жетекшісі, «Химия және экология» кафедрасында аға оқытушы, қауымдастырылған профессор, «Өміртіршілік қауіпсіздігі және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» кафедрасының меңгерушісі, ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректордың міндетін атқарушы, «Химиялық зерттеулер және технологиялар» институтының директоры сынды еңбек жолынан өттім. Бүгінде Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары және қосымша Қорқыт Ата атындағы ҚМУ инженерлік бейіндегі зертханасының бас ғылыми қызметкері қызметін қоса атқарамын.
– Ғылым жолындағы мехнатты жеткен жетістіктеріңіз елеусіз емес секілді?
– Сізге қосыламын. Қазақстандағы талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми орталықтың және облыс әкімінің стипендиаты атандым. 2014 жылы Ресей Жаратылыстану академиясының өнертапқыштықты дамытқаны үшін А.Нобель атындағы медалімен, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2016» аталымымен марапатталдым. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі кеудеме тағылды. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесімін. – Қоғамдық жұмыстар да назарыңыздан тыс қалмайтындай? – Қалада құрылған «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі ретінде әлеуметтік маңызы бар жобалар арқылы өңіріміздің қоғамдық өміріне араласып тұрамын. Ол – азаматтық парызым.
– Осы уақытқа дейін қанша ғылыми еңбек жаздыңыз?
– Қорқыт ата атындағы ҚМУ базасында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен және «Ғылым қоры» АҚ ғылыми жұмыс нәтижелерін коммерцияландыру бойынша гранттық қаржыландыру бойынша жүргізілетін ғылыми жобаларға жетекші әрі жауапты орындаушы ретінде қатысып келемін. Web of Science және Scopus базаларына кіретін жоғары импакт-факторлы басылымдарда 12 мақала және ҚР Білім және ғылыми минстрлігі Білім және ғылым саласында сапамен қамтамасыз ету комитеті және Ресей федерациясының Жоғары аттестациялық комитеті тізбесіне енген ғылыми басылымдарында 89 мақала, халықаралық және республикалық конференцияларында 87 материал мен тезис, 40 ҚР инновациялық, өнертабыс және пайдалы модельдерге патенттер, ЖОО студенттеріне арналған 5 оқу құралы, 5 монография түріндегі 238 ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектің авторымын. Сондай-ақ ғылым жолындағы ізденісімді Германия, Португалия, Жапония, Малайзия, Ресейдің жетекші ғылыми ұйымдары мен мекемелерінде біліктілігімді жетілдірдім.
– Кеше пандемия басталғанда сақтық құралдары жетпей жатты. Осы кезде сіздердің тараптарыңыздан қандай да бір көмек болды ма?
– Болды, әрине. Төтеннен келген көрінбейтін жаумен күресте біз де аянып қалмадық. Халық антисептик таппай қалғанда біздер жаңа құрамдағы препарат даярлап шығардық. Оның құрамы этил спирті, глицерин, су және әртүрлі табиғи эфир майларынан жасалды. Өзіміз фирма ашып, шәкірттеріммен бірлесіп аймаққа таратуға жұмыс жасадық. Наурыз, сәуірде халықты антисептикпен қамтамасыз еттік. Ол қазір де жалғасын табуда. Біз әзірлеген антисептиктің тағы бір жақсы жанама қасиеті анықталды, кейбір пайдаланушылардың экзема ауруы жазылған жағдайлары байқалды, осы бағытта да зерттеуді қажет етіп тұр.
– Білуімізше, сіздің екі ғылыми жұмысыңыз өндіріске енген. Бірі – мұнай шламы болса, екіншісі осы – антисептик. Дұрыс па?
– Дұрыс айттыңыз. Тағы екі жұмысымызды өндіріске ендіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, оны да алдағы уақытта жариялайтын боламыз.
– Жоғарыда өңірдің негізгі өнімі – күріш екеніне тоқталып өткен едік. Енді сол тақырыпқа қайта оралсақ. Күріш қалдығының іске асуы – жергілікті халық үшін маңызы зор емес пе?
– Менің жетекшілігіммен күріш сабанынан целлюлоза алып шықтық. Әрі қарай одан қағаз шығарамыз ба деген мақсатымыз бар. Бұл жаңа технология болмағанымен, біздің жасап шыққан технологияның бұрынғысынан артықшылығы – біз микротолқындық сәулелендіруді пайдаландық. Сол арқылы күріш сабанынан қағаз алу процесін арзандаттық. Оған кететін уақыт пен энергияны үнемдей білдік. Қаржыны аз жұмсай отырып, экологиялық таза технологияны ойлап таптық. Күріш қауызына келер болсақ, оның құрамында кремний өте көп. Біз содан 100 процент тазалыққа дейінгі кремний диоксидін алдық. Ал ол шыны өндіруде, кварц шынысын алуда таптырмайтын дүние. Одан бөлек, кремний диоксидін өңдеу арқылы таза металдық кремний алдық. Алдағы уақытта кристалдық түрін алуды жоспарлап отырмыз. Ол кезде оның күн энергиясын алуға да септігі мол болмақ.
– Жалпы химияны қиын пән деп танимыз. Түлектердің осы пәнге таңдау жасауы сирек. Оқушыларды оған қалай қызықтырамыз?
– Химия-физика ғылымның өте күрделі саласы. Сол себепті мектепте оқушылар қиын пән деп көбіне таңдамай жатады. Химия-биология, физика-математиканы таңдайды. Бұған басты себеп – оқу орнындағы материалдықтехникалық базаның әлсіздігі. Балаларға теориялық тұрғыда түсіндіріледі. Ал, химия, физика, биология пәндері ол міндетті түрде лабораторияны қажет етеді. Ол болмаса, ауызша айту баланың қабылдауына қиындық келтіреді. Өмірмен байланыстырып, тәжірибеде көрсету үшін зертхана жабдықталуы керек. Салыстырмалы түрде ән айту, өлең жаттау – оңай дүниелер. Дауысы бар адам – ол да талант. Бірақ нақты ғылымдарға келу үшін бала мектепте білім нәрімен сусындап, практикалық тұрғыда сіңірмесе, онда қызығушылық әрдайым төмен болатыны сөзсіз. Тек қана арасында жұлынып шығып, «мен осы боламын» деген балалар болмаса, біздің мамандыққа келетіндер сирек. Ескере кетерлігі, мектеп ұжымы оқушыларды бізге, қалаға әкеліп, саяхатқа шығарса (Әрине қазіргі жағдай реттелген соң). Университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, зертханада қандай жұмыстар жүргізілуде, соны қолымен ұстап, көзімен көрсе керемет емес пе? Сөйтіп оқушыларды химия саласына қызықтырар едік деген ұсынысым бар. Мектепте көп аса теорияға мән беріледі. Алайда практикалық маңыздылығы ескерілмейді. Мәселен, мынамен реакция жүрген кезде бояу, дәрі-дәрмек алынады, мынадан шыны немесе полимер алуға болады деген сықылды. Оны тұрмысқа пайдаланамыз дегендей. Жалпы өндіріс химиямен тығыз байланысты. Химияға қатысы жоқ өндіріс болса да, міндетті түрде сапаны бақылау деген болады. Сапаны бақылау – химиялық зертханаға сүйенеді. Сол себептен де химиясыз экономиканы елестету мүмкін емес. Химия, биология, физика үш тірегі десек, оның есептілігін жүргізетін математика. Осы төрт ғылымсыз экономиканы елестете алмаймыз. Спортшы, ақын, әнші, биші керек әрине, бірақ олар экономиканы ешқашан дамытпайды. Экономиканы дамытатын өндіріс. Ал оның тірегі – жоғарыдағы ғылым салалары.
– Қармақшының төл перзентісіз. Осы елдің түлегі ретінде туған жеріңіздің экономикасын қалай елестетесіз?
– Ауданға келер болсам, ауыл шаруашылығынан бөлек басқа өндіріс орнын салуға үлкен қаражат керек. Құс фермасын салып жатқанынан хабарым бар. Іске қосылса жергілікті жұртшылық үшін пайдасы мол шаруа. Өңірдің басты өнімі – күріш қой. Күрішпен қоса ауыспалы егістікті дамытып, бұл бағытта әртараптандыруды қолдаймын. Біздің агрономдар суды көп қажет етпейтін қант құмайын өсіруді ұсынуда. Май, қант өндірісіне ден қойып, қауын, қарбыз өсіру жанданса. Бұрын Жосалыда қауын базасы болған. Былтырдан екі шаруашылықта соя өсіріле бастады. Бұл да осы бағыттағы игі бастаманың бірі. Сондай-ақ, жантақты, мияны көбірек егіп, емдік дәрілер алуға болады. Оған шағын көлемдегі цех жарайды.
– Білгеніңді кейінгіге үйретіп, оған жол көрсету – бұл сауаптың үлкені. Тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз жайлы айтсаңыз?
– Шүкір, шәкіртсіз емеспін. Нұрлыбек Ахатаев химия ғылымдарының кандидаты, аға ғылыми қызметкер болса, Нұрғали Ақылбеков PhD-доктор. Инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі. Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері. Рақымжан Тұрманов магистратура бітірген соң Ресейге тағы да оқуын жалғастыруға жібердік, аспирантураның ІІІ курсында. Облыстық «Сыр үміті» сыйлығының иегері. Индира Еспанова зертхананың ғылыми қызметкері. Рахметулла Жаппарбергенов техника ғылымдарының магистрі, ол да ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Қала әкімінің «Самғау» сыйлығының жеңімпазы және Ғани Мұратбаев атындағы сыйлықтың лауреаты. Баурат Базарбаев деген шәкіртімнің де болашағы сәулелі. Бірнеше патенттің иесі. Динара Ниязова – қармақшылық. Бірталай жетістігі бар. Назгүл Сәтбаева ғылым магистрі. Көптеген жетістіктің авторы. Биыл бітірген студенттердің арасында да ауыз толтырып айтарлық шәкірттерім бар. Динара Серікбекқызы президенттік стипендияның иесі атанды. Университеттің үздік студенті болды.
– Жастарға қандай ақыл айтасыз?
– Алдымен ата-анама, жоғары оқу орнында мені қолдап, жол көрсеткен, ғылымға келуіме себепкер болған ұстаздарым – Әнипа Тапалова, Күлбарам Сәдуақасқызы, Гүлмира Абызбекова, Роза Нарманова, тағы басқаларына, ғалым болып қалыптастырған ұстаздарым Хаким Суербаев пен Болат Жиембаев ұстаздарыма, оқып, біліктілік арттыруда қолдау көрсеткен Қылышбай Бисеновке алғыс айтсам деймін. Ал жастарға айтарым – жалқау, еріншек болмау. Сенімділікпен алға ұмтылу. Рухани жағынан да жетіліп отыру. Ұшқыр қиял, самғау арман әркез серік болсын демекпін.
– Рақмет. Ғылым жолындағы еңбегіңізге толайым табыстар тілейміз.
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
08 қыркүйек 2020 ж. 1 611 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031