» » » "Ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз қажет"

"Ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз қажет"





Еркебұлан ӘБДІКЕРОВ, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп туризм бөлімінің басшысы:

Елде әлеуметтік-экономикалық әлеуетті өсіру үшін өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын барынша дамытуға ден қоюда. Бұл бағытта түрлі жұмыстардың жүргізіліп жатқаны да баршаға аян. Кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетуге ел де бейімделіп келеді. Осы орайда, аталған саладағы атқарылып жатқан жұмыс жайын білуге және қазіргі төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерге қойылар талапты нақтылауға аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбдікеровпен сұқбат жүргізген едік.

– Еркебұлан Өмірсерікұлы, Мемлекет басшысының айрықша назарындағы саланың бірі шағын және орта кәсіпкерлік екені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстардың беталысы қалай?
– Кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар іске асырылуда. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2020 жылдан бастап шағын бизнес өкілдерін 3 жылға тексеруге мараторий жарияланды және салықтардан босатылды. Бұл қабылданған шаралар шағын бизнестің дамуына зор мүмкіндік берері сөзсіз.
Ауданымызда түрлі бағдарлама шеңберінде бизнес бастамашыларын оқыту және қаржыландыру тетіктері кеңінен насихатталуда. Барлық елді мекенде бизнес жобалар іріктеліп, оларды іске асыру бойынша көмек көрсетілуде. Қазірге уақытта өнеркәсіп және өндіріс саласындағы жобаларға басымдылық берудеміз. Бұл салада жыл басынан бері жиһаз, пластик, тігін, кондитерлік сияқты шағын цехтар іске қосылып, елге еңбек етуде.
– Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін ауданда қандай шаралар қабылдануда және жеңілдікпен несиелендіру процестері қалай жүріп жатыр? Бұл жағынан ауданның үлесі қай деңгейде?
– Ауданның бағдарламаларға қатысуы өз деңгейінде. Нақтырақ тоқталсақ, 2019 жылы оқыту курстарына 675 адам қатысып, кәсіпкерлік білімін жетілдірді. Гранттық қолдау және несиелендіру бойынша 501 жобаға қаржы берілді. Нәтижесінде 600-ге жуық адам жұмыспен қамтылды.
– Кәсіп бастаған азаматтар мен бұрыннан айналысып келе жатқандарға қаржылай қолдау жұмыстары күн тәртібінен түспейтінін білеміз. Осы күнге дейін мемлекет қолдауын сезінген кәсіпкерлер туралы айтып берсеңіз...
– 2019 жылы мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болған кәсіпкерлердің бірқатарын атап өтсем, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде Жосалы кентінде жас кәсіпкер Махмуд Қазақбай наубайхана ашып, қызмет көрсетуде. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Әмит Елубаев жиһаз цехын ашып, өз ісін дөңгелетуде. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасымен мүмкіндігі шектеулі азамат Қайрат Мұсабеков тігін цехын ашып, жұмыс істеуде. Ол былтыр облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың «Өзіңе сене баста» атты форум-көрмесіне өнімдерімен қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Жүлде қоры 1 млн теңгені құрады. Осындай мысалдар жеткілікті. Бұл кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалардың нәтижесі.
– Елімізде төтенше жағдай жарияланғаны баршаға аян. Осыған орай қажетті заттармен толықтай қамтамасыз ету кәсіпкерлерге қиындық тудырып жатқан жоқ па?
– Әрине қазір әлемде вирустың таралуына байланысты болып жатқан жағдай экономикаға, оның ішінде шағын бизнеске өз қиыншылығын алып келгені рас. Мысалға, жеке бастың гигиенасын сақтауды қамтамасыз ету құралы болып табылатын қарапайым бетперделерді жеткізу мәселесі өзекті болып тұр. Осы тығырықтан шығу үшін өткен жылы, жоғарыда айтылған, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде несие алып, тігіншілік кәсібін бастаған жерлесіміз Қайрат Мұсабековке қолқа салып, бетперделер өндіруді қолға алдық. Кәсіпкер жергілікті дәріханалардан бетпердеге тапсырыс қабылдап, сұранысын орындап отыр.
– Әлемді шарпыған індеттің алдын алу мақсатында сақтық шаралары белгіленді. Осы орайда кәсіпкерлерге қойылған талаптар мен шектеулер жөнінде айта кетсеңіз?
– Мемлекет басшысының пандемияға байланысты жариялаған төтенше жағдайдың негізінде барлық тойхананың жұмысы тоқтатылып, кафелердің жұмысы шектелді.  Азық-түлік және күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар сататын сауда орындарына, дәріханаларға, кейбір халыққа қызмет көрсету нысандарына санитарлық шараларды күшейту талабы қойылды. Жарияланған төтенше жағдай талаптарының орындалуын қадағалау үшін арнайы құрылған ауданның жұмысшы тобы күнделікті рейдтер жүргізуде. Талапты орындамаған кәсіпкерлерге хаттама толтырылған жағдайлар да орын алуда. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдай режимін бұзған тұлғаларға айыппұлдар салу немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алу қарастырылған.
– Қазіргі ахуалға байланысты кәсіпкерлер нені ескеруі қажет?
– Жаман індетке қарсы күресте әрбір кәсіпкер, әрбір тұлға ұлт алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі қажет. Ол жауапкершілік біздің әрбірімізді ортақ тәртіпке бір кісідей бағынуға үндейді. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегеніндей, тәртіпке бағыну – баршаның міндеті. Міндеттің үлкені – барынша сақтық шараларын пайдалана отырып өзіңе жұқтырмау, өзгеге таратпау. Ал кәсіп иелері талап етілген нәрсені орындап, күнделікті дезинфекция жасап, алдын алу шараларын қатаң бақылауда ұстауы қажет. Осы күнге дейін, түрлі теперішке бой бермеген халқымыз бірліктің, сабырлықтың, сақтықтың арқасында бұл қиындықтан да өтерімізге сенім мол. Бастысы – ұлттың амандығы, елдің болашағы үшін тәртіпке бас иіп, сақтық ережесін сақтау.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

31 наурыз 2020 ж. 1 244 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031