» » » Театр өнеріне тәнтімін

Театр өнеріне тәнтімін

Біздің анықтама:
Мадияр Махамбетұлы 1996 жылы 18 қарашада дүниеге келген. Қармақшы ауданының тумасы. №250 орта мектептің түлегі. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде жоғары білім алған. Театр өнеріне баулыған ұстазы – белгілі режиссер, ҚР мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов. Осы уақытқа дейін Қызылорда қалалық Жастар театрының әртісі болып қызмет атқарған. Қазіргі таңда аудандық мәдениет үйі жанындағы Халық театрының режиссері.
– Театр – ғажап әлем. Сол ғажайыпқа талайлар түрлі жолмен келді. Ал сіз ше?
– Бала кезімнен өзімнің сахнада өнер көрсетіп жүргенімді елестетіп өстім. Театрға, сахнаға жетелеген де сол бала күнгі саф арманым. Кейін келе ол мақсатқа айналып, бүгінде осы театр саласында жұмыс істеудемін.
– Ең ежелгі өнерге бағаланатын театр өнерінде қай жанр өтімді?
– Бүгінгі жастар комедияны жақсы қабылдайды. Оған себеп комедия жанры қарбалас өмірден сергітіп, еркін тыныстауға жол береді. Сонымен қатар халық көңілінен діни бағыттағы қойылым да ерекше орын алады. Осы тұрғыда еңбектенсек, көрерменнің талабынан шығарымыз анық.
– Қайсыбір іске де жауапкершілік керек, әсіресе театр әртісіне қандай талап қойылады?
– Әртіс әрдайым ізденіс үстінде болуы қажет. Өзінің айналасында болып жатқан өмірдің әрбір сәтінен қажетті образды жинақтауы қажет. Адамға берілген талант бір пайыз да, қалған тоқсан тоғыз пайыз таза еңбекпен келеді. Сол себепті еңбектен қашпайтын, қашан да ізденіс үстіндегі жан әртістіктің биігіне жетеді. Үлкен рөл болмайды, үлкен әртіс болады. Менің ойымша театр әртісіне қойылатын басты талап – ізденіс, еңбек, жауапкершілік һәм тәртіп.
– «Біткен іске сыншы көп» дегендей, көрерменнің сынын қалай қабылдайсыз?
– Көрермен пікірін өте жақсы қабылдаймын. Себебі көрермен үшін жұмыс жасаған соң олардың пікірі біз үшін өте маңызды. Театр – тәрбие беріп, рухани азық сыйлайтын орта. Сынның айтылғанын жұмыс нәтижесіне баға беріп жатыр деп қабылдаймын. Жөн сөзге ессіз ғана тоқтамайтын болар. Сондықтан да орнықты ой болса, ықыласпен құлақ асып, сол бағытта жұмыс жүргіземіз.
– Шығармашылық ізденісіңіз тоқайрап қалмас үшін не істейсіз?
– Көп жағдайда спектакль көріп, поэзия оқимын. Шетел драматургтарының пьесаларын оқып, талдағанды жақсы көремін. Себебі олардың аудиториясы басқа. Айырмашылық көп. Біздегі бар нәрсе мен шетелдің озық тұстарын ұштастырсақ, жақсы бір дүние шығатыны сөзсіз. Әр пьесаны, өлеңді оқыған сайын шабыт аламын. Режиссерлердің бір ерекшелігі – пьесаны оқып отырғанда-ақ ойша сахналап жатамыз. Сол дүние әрдайым жадымызда сақталады.
– Әртістігіңізден бөлек, әншілік өнеріңізді де байқап жүрміз. Мұнан өзге біз білмейтін қандай қырыңыз бар?
– «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші, кәсіби әнші болмасам да ән салатыным рас. Бұл да бір қызығушылығымның бірі. Ал басқа өзгешелігім, мен негізі жақсы сатушымын. Саудагер болудың өзі әртістікті талап етеді. Себебі түрлі тұтынушының көңілін таба білу де үлкен өнер. Осы салада 10 жылдан астам уақыт жүргенім сахнадағы еркіндігіме сеп болған шығар.
– Бойыңыздағы өнер кімнен дарыған?
– Бұл өнер біздің отбасымызға Алланың берген сыйы. Себебі ата-анамның өнерге қатысы жоқ.
– Сахнадағы ең алғашқы рөліңіз немесе кімдерді сомдап жүрсіз?
– Ең алғашқы рөл әрбір адамға ыстық қой. Мен алғаш рет әскерден келген жігітті сомдадым. Сахнада жүргеннен кейін түрлі образды алып шығамыз. Солардың ішінде есімде қалғаны ұлы тұлғалардан әл-Фараби, Асқар Тоқмағамбетов, қырық жастағы Ғалым дегеннің рөлдері. Одан бөлек, балаларға арналған қойылымда алаяқтың, қасқырдың рөлінде ойнасам, жақында сахналанған «Алғашқы махаббат» комедиясында Қайыржанның образын алып шықтым.
– Әрбір іс белгілі мақсатқа құрылады. Аудандағы халық театрын дамытуға бағытталған алдағы жоспарыңыз?
– Жалпы театр 1972 жылдан бастап жұмыс істеуде. Бүгінде театр құрамында мәдениет қызметкерлері мен оқушыларды қосқанда жалпы 10-12 адам өнер көрсетеді. Алға қойған ауқымды жоспар өте көп әрине. Бір парасымен бөлісе кетейін. Халық театрының жұмысын жаңаша бағытта дамытып, өзге форматтағы іс-шара, концерт өткізу. Сонымен қатар шетел драматургтерінің ерекше, көрерменге берері көп қойылымдарын сахналау. Ауданымыздан шыққан батырларды дәріптеу мақсатында, арнайы пьесалар жаздырып, сахналап келер ұрпаққа таныстыру. Мұндай қойылым арқылы оларды туған жерінің төл перзентін ардақтауға, мақтан тұтуға тәрбиелеуге аз да болса үлесімді қосу.

– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
27 қаңтар 2020 ж. 1 811 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 525

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 596

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031