» » » ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫ ФРАНЦИЯНЫ ТӘНТІ ЕТТІ

ӘУЕЗОВ ТЕАТРЫ ФРАНЦИЯНЫ ТӘНТІ ЕТТІ


Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Францияның Авиньон қаласында өткен Festival d’Avignon халықаралық театр фестиваліне қатысып қайтты. Ерекшелігі сол – әкемтеатр бұл әйгілі фестивалға Орталық Азиядан қатысып отырған алғашқы өнер ұжымы. Іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты.
Араға 34 жыл салып, Франция жеріндегі әлемнің үздік театрлары бас қосатын фестивальға қатысқан қазақстандық театр Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклін сахналаған. Актері Дулыға Ақмолданың айтуы бойынша, театр француз жерінде өзінің ең бір сәтті сапарын жүзеге асырған.
– Ол жақта төрт күн өнер көрсетіп, көрерменмен, жалпы өнер, әлемдік театр жұлдыз­дарымен қауышып, Қазақстанның М.Әуезов театрының атын аспандаттық. Бәрі ойдағыдан артық өтті десе де болады. Франция елі жақсылап қарсы алып, шығарып салды. Парижде, оның аржағындағы Марсельде болдық. Жалпы, фестиваль туралы көп дүние айтуға болады. Ең бастысы, тәжірибе алмасу. Әлемдік театрлар қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын және біздің театрдың деңгейін бай­қа­дық. Бір тәуліктен аса жол жүрдік. Ұжыммен жүр­геннен кейін жолдың алыстығы, ауыр­лығы се­зілген жоқ. Әр шетелден келген сайын еліміздің кеңдігі байқа­лады. «Қазақстанға көп­теген Франция сыйып кетеді» деп бекер айтпайды екен. Кең байтақ жері­міз, еліміз аман болсын! «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы ая­сын­да бізге үлкен мүмкіндік бе­ріп, қол­ты­ғымыздан демеп жат­қан Арыс­танбек Мұхамедиұлы бас­та­ған Мәдениет және спорт ми­нистр­лігіне үлкен ұжым­ның аты­­нан алғысымызды білдіреміз, – дейді Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Дулыға Ақмолда.
Фестивальдің өзіндік ерек­шелігі де бар. Қатысушы театрлар өнерлерін, спектакльді қала көшелерінде шеруге шығып жарнамалайды екен. Билеттер мен афишаларды таратады. Спектакльді қояр алдында, М.Әуезов театрының актерлері гриммен Авиньон көшесімен жүріп, сақ, ғұн дәуірін, шамандық дәстүрдің сипатын еске түсіріп, қала тұрғындарына қазақ жерінен келгенін айтып өтті. «Дүние­жүзілік театр фестиваліне үш мың театр қатысып жатқандықтан, Авиньонды – Театр фестивалі қаласы деуге әбден лайық. Осы шағын қала аталған фестивальді өткізу арқылы өзін-өзі асырап отыр. Фестивальға қатысуымыз футболдан Әлем чемпионатымен тұспа-тұс келгені де тегін емес шығар. «Жақсы қонақ келсе – құт, жаман қонақ келсе – жұт» де­меуші ме еді, өзім әу бастан жан­күйер болып келе жатқан командам жеңіске жетті. Фран­циялықтардың жеңісті қалай тойлағанын сол елде көрдім. Бір ұлттың мерейін асырған осы жеңіс сол ұлттың руxын аспан­датты» деп жазады актер Бекжан Тұрыс әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, әкемтеатр 1984 жылы Францияның Нанси қаласында өткен халықаралық театр фестиваліне Ә.Мәмбетов­тың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен қатысқан болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін, араға 34 жыл салып, әлемнің үздік театр фестиваліне өнер ұжымы Орталық Азиядан тұңғыш рет аталған фестивальға қатысып келді.
21 шілде 2018 ж. 1 481 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 739

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 792

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031