» » » Жыр бұлағы – Жиенбай

Жыр бұлағы – Жиенбай

Қызылқұм мен Қуаңның тоғысар тұсындағы, бұйра құмға ілігер қабақ Бекет құмының етегіндегі есігі шығысқа қараған, керегесі он екі қанат, бүтін шапқан арысы шаңырақты биіктете көрсетіп, ақшаңқан туырлығы менмұндалап тұратын, үйдің ішіндегі бау-шуы көздің жа­уын алардай келісті ісмер бәйбішенің қолынан шыққанын айшықтайтын дөдегелі қазақы үйдің іші игі жақсылар бас қосатын орда секілді еді.
Елдің ішінде болып жататын әртүрлі дау-шарлар да осы жерден бітімін тауып жататын. Көрші-қолаңның ынтыға күтетін мәжілісі арнайы шақыртылған жыраулар келген шақта болатын. Осындай күндердің бірінде Бекет бидің ауылына арнайы Алаштың арын арлап, жоғын жоқтайтын, киелі жырдың иесі, жүлделі жүйрік Жиенбай жырау ат басын тіреді. Жырауын салтанатпен күтіп алған бидің жігіттері іштей қуанып та жүр. Қуанбағанда қайтсін, бүгін айызы қанғанша жыр тыңдамақ. Қазақта отыз үш сала «Көрұғлы» дастанын түгел жырлайтын Жиекем бір ауылдың емес, бүтін қазаққа қуаныш сыйлар айтулы тұлға екені түгел қарашаға белгілі еді. Жыраудың сыбағасы тартылып, ас-ауқат желініп болғаннан кейін Бекет би сөз алып көптен күткен қадірлі қонағына ыстық ықыласын білдіріп, қонағынан қалың елдің жыр тыңдағысы келетінін жасырмады. Орта бойлы, дөңгелек жүзіне бөлекше әр беріп тұрған шоқша сақалы, өзіне жарасымды етіп киген зерлі шапаны көркем келбетіне келісіп-ақ тұр. Әуелгі ретте дас­тан, қиссаларды сарапқа салып, халықтың ұнатқан шығармасын орындауды әдетке айналдырған кәтекі жырау бұл жолы да бұрынғы ізінен жаңылған жоқ. Әбден жошына келгенше халықты терме-толғаулармен сусындата отырып, кейде мұңға батырып, кейде шалықтата қиқулатып түн жарымын аударып та тас­тады. Осы уақыт ішінде салалы дастан тыңдаушы қараша да іріктеліп-ақ қалған болатын. Әр жерден салаға түсіңіз деп өтінген тыңдармандар дауысы жыраудың құлағына анық естіліп жатты. Енді әлқиссаның ауаны «Көрұғылы» дастанына ойыса берді.
Енді айтайын Үргеніштей қаланы,
Түсінгендер сөзге құлақ салады.
Жұма намаз оқымаққа сол күні
Жиналып бар отыр еді адамы, – деп Раушанбек пен Кәжденбектің Қызылбас елінен қашып келе жатқан жерін баяндауға түсті. Оқиғалы дастанның аяғына дейін тау­ысу үшін бір ай уақыт керек екені осы заман адамдарына ертегі секілді болатынын, ол кезде Жиенбай әкем білмеген де шығар. Бұл – алты алаштың ортасында өнерімен үстем болған жыраудың қорындағы бір дастанның ғана мөлшері еді. Көп білетін адамдарды кейде тесіліп кеткен деп жатамыз. Асылында, Жаратушы ие адамның ақпарат сақтаушы ми қабы толып қалғанда һақ жолына адал ұстанымда болған, белгілі бір шарттарына жауап беретін пендесінің көкірек көзін ашатыны – көзі қарақты жандарға беймәлім жайт емес. Дәл осындай қасиетке ие Жиенбай жырау 1864 жылы сол кездегі Қазалы уезіне қарасты «Ақтайлақ-Кезең» деген жерде жалғанның жарығына келіп, ата-анасын қуанышқа бөлеген екен. Әкесі Дүзбенбет елге сыйлы, сөзі уәлі, аузы дуалы жан болса керек. Анасы белгілі шайыр – Омардың апасы, Шораяқтың қызы екенін қазіргі кезде көп адам біле бермейді. Менің әкем Саймағанбет марқұм, «Жиекемді көрдім, жыр айтқан талай мәжілісіне қатыстым, алдында отырған адамның құлағын жарып жіберердей дауысы зор болатын» деп отырушы еді. Сол кездегі ел басқарған тұлғалар жыраулардың жырын ғана тыңдамай, оларды елдің бірлігін сақтау ісіне де қатыстырып отырғаны бізге жеткен әңгімелерден белгілі. Бірде Шөмекейдің Бозғұл аталығына қарасты Қаратамыр руының азаматтары арасындағы дүрдараздықты қойдырып, бірлікке келтіру мақсатында Қаратамырдың егесіндей болған айтулы Төребай би үш жырауды ат шаптырып алдырып, елдегі бүліншіліктен хабардар етіп, елді бітістіріп кетуді өтінеді. Жыраулардың ішінде жасы үлкені – Оңғар, екінші – Жиенбай, үшінші – «бала жырау» атанған Тұрымбет еді. Міне, осы әңгімеден кейін жыраулар сыртта анталап тұрған халыққа қарата ұйқасын бұзбай, елді бірлікке шақырып, табан астында суырып сала толғайды, айтылып жатқан толғаудың тереңдігіне түсініп, өткінші өмірде ащыласудың мәні жоқ екенін ұғынған қараша халық киіз үйдің туырлығын сыпырып тастаған екен, соңынан сөз алған Тұрымбет жырау, шұбырта айтқан толғауының соңында:
Бауырларың – Тұрымбет
Біршілік тілеп өмірлік,
Қолдарыңа жармасты, – деп аяқтай бере домбырасын қоя салып, жиналып тұрған ағайынның қолын алып, амандаса бастағанда, онсыз да татуласуға сылтау таба алмай тұрған ағайын өкпе-ренішті ұмытып ақар-шақар болып араласып кеткен екен. Бұл – жыраулардың ел ішіндегі идеологияға араласқандығының айғағы.
Жиенбай Дүзбенбетұлының өмір жолына үңіле түссек, орысқа отар болғаны болмаса, ұлттық қаймағы бұзылмаған ортада өмір сүргенін, ниеті бүлінбеген адал көңілді қазақты көреміз. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Жиекемнен өрген ұрпақ та өнерден алыс болмаған. Кіндігінен 1905 жылы Рүстембек, 1920 жылы Дас­танбек атты екі ұл, Марқыма, Алқыма атты екі қыз тараған. Исі қазақтың құлағының құрышын жырымен қандырған, 1941-1945 жылдар аралығында болған Ұлы Отан соғысына қатысып, туған топырақ алдындағы перзенттік парызын адал атқарған Рүстембек, осы сұрапылда майдан даласында небәрі жиырма екі жасында Отан үшін алтын басын ажалға тігіп, ел үшін құрбан болған Дастанбек жыраулар да – әке тәлімін алып, үлкен өнерге иелік еткен жандар. «Қыздан туғанның қылығы артық» дегендей, Марқыма апамыздан туған қазір сексеннің сеңгіріне шыққан жиен Ібән Аралбаев та нағашысына тартып, елге белгілі жырау болды. Ғылымда «генетикалық жад» деген ұғым бар, оның тұжырымы жоғарыда сөз қылған текке барып жүгінеді. Атам қазақ көргенін қорытып, әбден зерделеп барып жалпақ жұртқа пайдасы тиер тәмсілдермен түйіндеп отырған. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп елге шарапаты тиер ұрпақ өсіруде биік сананы қажет ететін парасаттылыққа саяды. Жиенбайдың үлкен ұлы Рүстембек жырау иісі қазаққа танымал тұлға. Сыр бойының дүл-дүл ақыны Қуаныш Баймағанбетов өзінің бір толғауында:
Жиенбай – жыр бұлағы Кетедегі.
Шәкірт қылып көп шайырды жетеледі.
Баласы Рүстембек бұл да өтті,
Демейтін Жиенбайдан бөтен еді, – деп Үріс­те­кеңнің де жыраулық өнерінің биік деңгейін жырына арқау етеді. Жиенбай жыраудың үлкен немересі қазір сексеннің бесеуіне шыққан Ыдық апамыз, әкесі Рүстембек жырау Ұлы Отан соғысынан орал­ған кезде «Жалағаш ауданы, қазіргі Мырзабай ахун ауылы маңында шағын ауыл­да тұратын едік» деп бастады әңгімесін. «Әкеміздің келгенін естідік. 1945 жылдың көктем мезгілі болатын, аудан орталығы Жалағаш пен ортадағы Сырдарияда мұз жүріп жатқан абыржының уақыты. Айға таяу уақыт өтті, келетін әкем жоқ, содан Ұлжан әжем (Рүстембек жыраудың анасы) мені ертіп алып, орталыққа баруға жолға шықты. Дариядағы мұзды сырықпен итеріп отырып, қорқуды білмейтін әжем екеуміз арғы бетке өттік те сұрастырып жүріп, орталықтағы бір үйде, әкемнің жырлап отырған жеріне бардық. Сондағы білгеніміз: әкем келгелі жырауды, жырды сағынған ел жібермей жырлатып жатыр екен. Міне, ол заманда жыраулар ел арасында жүріп, айлап жырлаушы еді» деп он бір жасында үлкен сахнаға шыққан Рүстембек жыраудың тұңғышы Ыдық апамыз өткеннің тәтті естелігімен бөлісті. Осы кезде ел ішінде Жиенбай жыраудың бәйбішесі үйіне келген би-болыстардан қысылып, «Жиенбай тірідей өлгенше, астындағы аты өлсін» деп жоқтықтың кесірінен жалғыз атын сойыпты деген қисынсыздау әңгіме айтылып жүр. Алты Алаш ардақ тұтып, төбесіне көтерген жампоз жырау неге кедей болу керек? Біз естіген Жиенбай жырау, жаны жомарт, қолы сахи адам болған. Жоғарыдағы әңгіменің нақты ұзын ырғасы мынадай: қатарлас би-болыстар Жиекемді сынау мақсатында қолындағы мал-текесін елге таратып жібергенін естіп, не қайран қылар екен деп, түскі әбетінде жыраудың үйіне сау ете қалады. Келген бектер әңгіме-дүкен құра отырып Жиекемді сыртқа шығармаудың қамын жасайды. «Сыртқа шықса, бір інілеріне тапсырма беріп, ойымыз орындалмай қалар» деген қауіп те жоқ емес. Осындай пиғылды сезген жыраудың бәйбішесі Балшаш анамыз «Жиенбай тірі­дей өлгенше, астындағы аты өлсін» – деп көк шолақ атты сойып, қонақтарын сыйлап күтеді. Мынадай мырзалыққа көңілдері тоғайған би-болыстар ұялыс тауып, «ат-шапан айыбымыз» деп мал айдатып берген екен. Ал жоғарыдағы әңгімелер желісі – кешегі қызыл империя кезінде жампоз жырауды саясаттың оң жамбасына келтіру үшін құрастырылған, яғни ойдан шығарылған туындылар. Біздің елде Шонай деген елге белгілі бай өткен. Баласы Бектібай әкесіне арнап берген жылдық асына үш жүз үй тігіп, жырау жырлатқан. Астың сойыстық малына бір түсті елу қара, яғни елу жылқы сойған. Үш жүздің баласына берілген садақа аста елге азаға мал әкелмеу жөнінде хабар шашқан. Екі күнге созылған жыр додасында халық көп қаумалаған жыраудың жүлдесіне үш жүз жылқы тіккен. Осы асқа Жиенбай жырау он екі жасар баласы Рүстембекті алып барып, топқа түсіріп жырлатқан екен. Бұл шамамен өткен ғасырдың басындағы, нақтылай түссек, 1917 жылдың күзге салым мезгілі болса керек. Әкелі-балалы жыраулар бәй­геге тігілген үш жүз жылқыны алып, ел-халықтың сыбағасын беріп, қалған елуге тарта қараны айдап қайтқан екен. Ауыл-үйді сыбағадан құр қалдырмай жүретін жанның талғажау таппай тарығатын күні болушы ма еді? «Советке жағамыз» деп асылдарымызды жасыққа, қайырлы байларды батыраққа балап өмір сүрудің амалын жасадық қой. Бұл – өткеннің өкіндіретін тұсы. Жиенбай тұқымы осы қызыл империя тұсында да елеусіз болған жоқ. Рүстембек баласы Көшеней, ұлдың үлкені 1946 жылы жалғанның жарығына келген, бүтін қазаққа танымал тұлға, жырдың жарық жұлдызы еді. Жиырма жеті жасында тағдырдың өлшеп берген талқаны таусылып, қайтпас сапарға аттанған болатын. Қамшының сабындай келте ғұмырында жырдың ертеңіне тыңнан түрен салып, ғылымға икемдеп ата мұрамыз жыраулық өнерді үлкен сахнаға шығарған тарланбоз дегеніне жете алмады. Сырдың бойындағы жыраулықтың сахналық фор­масын қалыптастырып, Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасында оқып жүргенінде кенеттен жыр деп соққан үлкен жүрек соғуын тоқтатты. 1973 жылғы наурыздың басы еді. Небәрі жиырма жеті жасында үлкен тірлік бітірген, ең бастысы артында Арбалы, Нұрбол, Арнұр атты үш ұл, Ақнұр атты бір қыз қалдырып, мүбәрак атын өшпестей етіп қазақтың өнер тарихына ойып жазған күйі келмес жолға түсіп жүре берді. Қазақ киносында өзіндік орны бар әйгілі Сағынайдың асы туралы түсірілген «Ас» кинофильмінде аттың үстінде тұрып өзінің жанға жайлы, жайлы болса да денеңді түршіктірер қоңыр дауысымен «Ата, біз алыс сапарға аттандық» – дейтін Көшенейдің осы сапары, шынымен де баһилық сапар болғандай. Иманы саламатта болғай! Күміс көмей дүл-дүлін туған жері ұмытқан жоқ. Аймағымызда алғашқы, тіпті Қазақ еліндегі тұңғыш ашылған «Жыраулар үйіне» Көшеней Рүстембеков аты берілді. Бұл – сол кездегі елдің тізгінін ұстаған азаматтардың өнерге, жырға деген шынайы ықыласы еді. Көшеней ағамыздың жалғыз інісі, осы кездегі жыр өнерін жалғастырушылардың алдындағы ұстазы, жыр мұраның босағасындай болған – Бидас Рүстембеков. Көшеней жыраудың кенжесі Арнұр да жыр жолына түсіп, ел-халыққа белгілі өнер өкілі болды. Қазіргі таңда Қармақшы аудандық мәдениет үйінің директоры болып қызмет атқаруда. Міне, үш жүзге белгілі Жиенбай жыраудың ізі өшпей, артына қалдырған ұлы өнер мұрагер ұрпақтары арқылы заманға сай дамып, өркендеп келеді. Қазақта «екі дүниең абат болсын» деген жақсы сөз бар. Алла ақырын абатшылық қылған жыр көгінің жарық жұлдызы Жиенбай Дүзбенбетұлы 65 жасында мына жалғандағы өлшеулі демі таусылып, бақиға аттанды. Биыл жампоз жыраудың туғанына 155 жыл толғалы тұр. Біздің соңымыздан да өкшелесіп келе жатқан жыр әлемінің өскелең жастары барда Жиенбай аталары туралы әлі талай зерттеу еңбектері жазылып, өз дәрежесінде дәріптелеріне сенемін.

Берік Саймағанбетов
14 тамыз 2019 ж. 966 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031