» » » Қандай еді, жігіттер...

Қандай еді, жігіттер...

...Алматы! Арман қала, сұңқар көңіл самғау күндер, думан жылдар! Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бір курста оқитын жеті жігіт жанымыз жақын дос болып табыстық. Жалағаштан – Құттыбай Сыдықов, Қармақшыдан – Шәкизада Құттаяқов, Зайсаннан – Заманбек Әбдешев, Келес­тен – Сауытбек Абдірахманов, Түркістаннан – Тілеуқабыл Мыңжасаров және Шиеліден – Жолдас екеуміз. 1973 жылдың қысқы демалысында Ташкент – Келес – Түркістан – Шиелі – Қызылорда – Жалағаш – Жосалы жортқанбыз. Бастан кешкен қызық сапарды ауыздан тастамай жыр қылып айта жүріп, курс­тастар арасында «Жеті дәруіш» атанып едік. Студенттік шақ бітіп, қызметке араласқан жаңа өмір басталды. Жігіттер журналистік-жазушылық қарым-қабілеттерімен, қоғамдық қызметтерімен белгілі дәрежеде елге танылған азаматтарға айналған әдемі кезең туған...

Бәрі көз алдыңа келеді, көкіректе сайрап тұр. Қазақстанның әр қиырынан арман қуып аяулы Алматыға келген өрімдей жастар кім қай облыстан келгенімізді сұрағаннан басқа ештеңемен шаруамыз жоқ адал көңілмен алаңсыз қауышқанбыз. Өмір жолы тақтайдай тегіс келе бермейді екен, ыстық-суығымызға бірге күйіп, бірге тоңған жанашыр, қиыншылыққа мойымаған өр көңіл едік. Әркім өмірден өз орнын тауып, қызмет атқардық. Үйлі-баранды, балалы-шағалы болдық, ата-әже атанып та үлгердік. Көңіліміз әлі баяғыдай, көкірек толы арман еді...
Арамыздан алдымен Шәкең кетті. Асығыс кетті. Ақмылтық журналист, көсемсөз жорғасы, тамаша аудармашы Шәкең – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Баспасөз қызметінің басшысы Шәкизада Ізтілеуұлы Құттаяқов қызмет бабында кезекті, өзі үшін үйреншікті тағы бір іссапарға шыққаннан оралмады. Іссапары мәңгілік сапарға ұласып кетті. Ердің жасы елуге толған кемел шағында 1999 жылы 14 қарашада өмірден өтті. 1999 жылғы 13 қарашада Шымкенттен іссапардан қайтып келе жатып, кешқұрым Алматы жедел жәрдем ауруханасына түскен Шәкизада 14 қараша күні таң ата сол жерде асқынған жүрек-қан тамыр дертінен өзіне-өзі келе алмаған күйі көз жұмады. Адам жан-дүниесі тұтас бір ғалам дейтін болсақ, енді Шәкизада атаулы әлем өшті, сырлас, иықтас Шәкең жоқ, оның жұлдызы ағып түсті дегенге сенгіміз келмеді-ақ.
Шәкизада Ізтілеуұлы бір үйден өрбіген он баланың үлкені еді, оның сірә көпшіл, бауырмалдығы да осыдан. 1949 жылғы 8 шілдеде Жосалыда теміржолшы отбасында дүниеге келді. Ата-анасы Ізтілеу аға мен Рәбиға апай Алладан сұраған болмысы қарапайым, жаны ізгі кісілер еді. Шәкеңнің жан жомарттығы содан-ау. Қаршадайынан кетпеннен гөрі қаламды көбірек ұстаған, мектепте жүргеннен өлең, мақала жазып аудандық газет көрігінде сомдалған балаң Шәкетай – Шәкизада 1970 жылы әскерден оралған бетте Алматыға тартты. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті, сол кезде ол курстас­тар арасында өзінше есейген азаматтардың бірі еді.
Оның студенттік жылдарда құштар­лық­­пен жазған мақалалары, мөлтек әңгіме-эсселері жастар газеті "Лениншіл жаста" (қазіргі "Жас алаш") жиі жарияланып жүрді. Қаламы да, қадамы да жүйрік, кең тынысы ашылып келе жатқан балауса қаламгер ретінде өзіне назар аудартқан-ды. Сондықтан да ол оқу бітірмей жатып-ақ, соңғы курста 1975 жылы көктемде сол "Лениншіл жасқа" қызметке алынды. Мұны бәріміз абырой көретінбіз.
Ол "Лениншіл жастан" кейін "Қазақстан коммунисі" (қазіргі "Ақиқат") журналында қызмет етті. Бірақ журналдың манаураған бірқалыпты тірлігі "Лениншіл жас" сияқты сергек те ұшқыр мектептен өткен ширақ жігіт көңіліне қонбай қойды, содан көп ұзамай "Қазақ әдебиеті" газетіне ауысты. Оның журналистік қарымы, таланты нақ сол "Қазақ әдебиетінде" істеген жылдары мейлінше жарқырай көрінді.
Қоғамдық мәні бар ауқымды да өткір мәселелер көтерген толғамды мақалалары бірінен соң бірі шығып жататын. Көркем очерктерімен талай жақсының жақсылығын паш етті, азаматтық көсемсөздерімен толғанды, көңіл пернесін басқан эсселерімен сырласты. Өзекжарды шағын пъессалары Қазақ радиосында қойылып, алтын қорға өтті. Аудармамен де өнімді айалысты. Мәселенің байыбына барып, терең талдай жазды, қаншама адам тағдырына араша түсті. Қолында өткір қаламынан басқа билігі жоқ қарапайым, бірақ әйгілі ақмылтық жур­налисті – Шәкизада Құттаяқовты алыс түк­пірлерден Алматыға іздеп келіп, мұңын шаққан, әділетін, ақиқатын айтуды сұраған талай адамды оның алдынан көргенбіз. Оның осы абыройына сүйсінетінбіз. Қиянатқа төзбейтін ақ адал жан келесі бір сапарларына кетіп бара жататын. Әділдік оңайлықпен орнай ма, кейде күйе журналистің өзіне жағылады. Бірақ Шәкең табанды, мойымайды, айқаса кетеді. Ақыры журналист Құттаяқовтікі жөн болып шығатын.
Ол ұшқыр қаламын танытса, қаламының желі оны әйгіледі, республиканың белгілі де беделді журналистерінің қатарына қосылды. Журналистика саласында белгіленген біраз бәйгені оза шауып алды. Бірнеше көсемсөз жинақ кітабын шығарды. Бір кезде өзі оқыған қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде шәкірттерге енді өзі бірнеше жыл дәріс берді, журналистік шеберлікке баулыды. Осылайша тынымсыз ізденісімен, еңбекқорлығымен танылды, тұлғалы көсемсөзші деңгейіне көтерілді.
Сондақтан да ол 1990 жылы тұңғыш рет Қазақстан Президенті сайланып, оның аппараты алғаш құрылғанда алдыңғы қатарда қызметке шақырылды. Елбасы кеңсесінде істеген жылдар да текке кеткен жоқ, қайраткерлік қасиеттері ашылды. Делегация­лар құрамында талай ел көрді, жер көрді, жақсыға жақын жүрді. Дүниетанымы кеңіді, ойы өрістеді. Әр сапардан оралған сайын көрген-білгенін, әсерін қызықты баяндайтын. Жалқыдан жалпы ой түйетін пайымшыл-ды.
Шәкеңнің ұйымдастырушылық қабілеті Қазақстан Республикасының Президенті Әкім­шілігінің Баспасөз қызметінде бас сарапшы, одан соң Қазақ ақпарат агенттігінде директордың орынбасары және соңғы қыз­меті Қазақстан Республикасының Жо­ғары Соты Баспасөз қызметінің басшысы қызметтерінде жан-жақты көрінді. Ұлы көшпен Арқа өңіріне Астанаға келіп, Қазақ ақпарат агенттігінің тілшілер қосынын өз қолымен ұйымдастырды. Жас Астана жайлы жазған толғамды дүниелері сол кезде қала әкімшілігі тағайындаған бас жүлдені жеңіп алды.
Онымен қызметтес болып араласқан адамдар, меніңше, оны лауазым дәрежесі үшін ғана емес, кеңпейіл азаматтығы үшін қадірлейтін. Шәкең қызметінің көркі, қызметі оның азаматтық болмысының көркі болған жарасым еді. Қай жерде қызмет істесін, сол ортаны беріле сүю, әріптестерінің жақсылығына сүйсіну өмірге ғашық Шәкеңе тән болатын. Қуанышын да, ренішін де жасыра алмайтын.
Арамызда мынадай да қызықты жайттар болып тұратын. Ол екеуміз өзіміз қызмет атқаратын биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының қоғамдағы алар орны, мән-маңызы, ықпалдылығы туралы пікір таластырып қаламыз. Шәкеңнің өз ортасын әспеттеп, құлай кететін мінезін білетін мен жорта қисаямын, Шәкең жан-тәнімен қызулана дәлелдеуге кірісіп кетеді. Егер сол кезде ортамызда Сауытбек бола қалса, ол шоқты көсеп-көсеп жіберіп, сөйте тұра бір-бірімізге дес бермей өзеурейміз. Сонан соң сол балаша қылығымызға өзіміз күліп, мәз боламыз.
Шәкең елуге толған сол бір жылы Құттыбай досымыз туған жеріміз Қызы­лор­даның облыстық "Сыр бойы" газетіне көлемді етіп ол туралы портреттік мақала жариялады. Мақалада оның айналасында бәріміз жүрміз.
Шәкең Алматыда қайтса да, Сыр бойына Қармақшыда – күллі түркі жұртының абызы Қорқыт баба зиратына жерленді. Топырақ кіндік қаны тамған жерден бұйырды. Отыз жыл Алатау – Апқа бүкіл қазақ даласын шарлап, бір кезде белгісіз бала болып арманға аттанған туған жеріне ел таныған азамат болып оралды. Достар ортасынан топырақ салу Құттыбай мен Жолдасқа бұйырыпты.
Көп ұзамай Шәкеңнің бұл дүниеден өтуі­нің 100 күндігіне арнап Қызылорданың "Ақ­мешіт ақшамы" қалалық газетінде нау­рыз айында екі нөмірге "Көкейден кетпес бір бейне" деген өлең эссе тағы жазды. Былай толғаныпты Құтекең: "Жұрт сенің жас қабірі­ңе жапа-тармағай топырақ салып болды. Құран оқылды. Қырық қадам ұзап барып, тағы да Құранға отырдық. Сосын жұрт үн-түнсіз ұзап, тараса бастаған. Біз Жолдас екеуміз кейіндеу қалдық. Жас бейіт, жас топырақ. Соның бәрін әлгінде ғана адамдар соқты. Осы жолы мен өлім, дегеннің өзі де өмір екенін, адамдардың өлімі тек тірі адамдарға ғана қажет екенін, қырқы, жүзі, жылы дегеннің өзі де тірі жүрген адамдардың парасат-пайымы үшін ғана қажет екенін түсіндім.
Өлімнің өзі де өмір. Мына тірі жүрген біздің өміріміз". Аманатқа лайық тұжырым емес пе, ағайын...

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ
14 тамыз 2019 ж. 905 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031