БӘЖІМ АҚЫН
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын назарға ала отырып, ақын Бәжім Тәжібайұлының мұрасын жалықпай жинаған Ұлы Отан соғысыныңардагері, ақын Әлімбай Әлиасқаровтың 1980 жылдары «Коммунизм шамшырағы» газетінде жарық көрген «Бәжім ақын» мақаласын қайта басылымға беруді жөн көрдім.
Бәжім Тәжібайұлы Қармақшы ауданы, бұрынғы Жамансыр болысының екінші ауылы «Абыла» деген жерде 1871 жылы туып, 1919 жылы қайтыс болған. Бәжім ақынның ата тегі: Орта жүз – Керей – Келімбет – Еспембет – Майқы – Жарғақ – Өшпай – Шашты – Төбе би – Ашамайлы – Тараш – Смайыл – Ақсары – Тоғымбет – Шегетай – Жолболды – Наурыз – Арық – Орман – Тәжібай, одан Бәжім туады. Ол ескіше сауатты болған «Мысыр жолы» және «Қысасыл» атты кітаптың бірнеше тарауын дастан етіп жазған. Сыр бойындағы Керейт Көтібар, Байұлы Алтын, Нұрым деген атақты ақындармен айтысқа түскен. Оның көптеген айтыстары сақталмай халық аузынан ғана бізге жеткен.
Ә.Әлиасқаров Бәжімнің Сәлима есімді қызына кездесіп, одан төрт-бес жұмбақты шешкен өлеңін жазып алған. Ол мынадай жағдаймен айтылған екен. 1914 жылдың жазында Бекбастың Шегебайы мен Шораяқтың Омары Шөмекейге ұзатқан бір апасының ауылына келіп, бірнеше күн сауық-сайран етіп жатады. Апасының бұрынғы күйеуі өліп жас қайнысына тиіп қапыда жүргенін көріп, бұлар да қайғырады. Апаларының көңілін көтермек болып Омар мен Шегебай қыз болып жұмбақ жазады. Бұрын соңды естімеген Бәжім ақынды сынамақ болыпӘбдікерім деген жігіттен жұмбақтың бір данасын беріп жіберген екен. Бұрын-соңды ел аузында айтылмай жүрген Омар мен Шегебайдың қыз болып жазған жұмбағын және оны шешкен Бәжім ақынның сөзін көпшілік оқырманға ұсынамын.
Ойымда осы күнде бір арман бар,
Болады әйелде де намыс пен ар.
Көңілімді қош, денемді сақат айлап,
Бола көр қадыр мәулен нашарға жар.
Биһуда ілгерімді өткізіппін,
Өткен жас кейінгіге болмайды пар.
Салып жүр қатты уайым күні-түні,
Бұйдасын үзіп қашқан бір бегілік нар.
Халайық көңіл гүлін шаштым тыңда,
Табылса қымбат сөздің бәрі тіллә.
Бір қыздың жұмбағына кез боп тұрмын,
Көріңдер не дер екен Бәжім мұнда.
Бұл сөзді алып келген Әбдікерім,
Аямай шешуші іздеп аттың терін.
Әр істің сәті білер, пенде мұқтаж,
Халайық білді сөздің келген жерін.
Жазсаң жаз деген соң жазып тұрмын,
Қалдыру қиын жанның көңілдерін.
Шын сөзбен сәтті болар істің басы,
Ашылар тілдессе ойдың шекарасы.
Бой сақтап естіген соң тұра алмадық,
Табылар, иә табылмас сөздің нашы.
Қараған ар-абырой ұятына,
Марқайған бір қыз шығар толған жасы.
Ол қыздың әуелгі ері дүние салған,
Шағында күліп ойнаған замандасы.
Жас бала қайнысына қарағанды,
Біреуге қимаған соң ата-анасы.
Бірі жас, бірі үлкен пар келмеген,
Кетуге оны тастап жоқ шарасы.
Беклік нар әуелгі өлген жары екен,
Үзілген ажал жетіп жез бұйдасы.
Жүйрік бар алуан-алуан әлге қарай,
Бәжімнің зейілі жеткен бұл шамасы.
Аға-еке хат жазамын ықыластан,
Білгенге ықылас артық гауһар тастан.
Төменгі Қаракесек, Әлім, Шөмен,
Атыңды білуші еді Бозғұл, Аспан.
Осындай дабысыңа ылайықсың,
Сыртыңнан бір азырақ еттім дастан.
Кете мен Шөмекейден келген жұмбақ,
Жігітке білу қиын әуелі бастан.
Екеуі дәу, екі зиян, екі мұқымын,
Затыңыз емес шығар хабарласқан.
Қосылып екі соқыр алтауына,
Сегіз боп орын алған бір қапастан.
Ағажан шамаң келсе қайырып бақ,
Сырласып бөтен болмас көңіл ашқан.
Шырағым, айтсаң сөзді айнымастан,
Жақсы сөз жанға жайлы көңіл ашқан.
Тіліме ер аруақ жәрдем болса,
Сегізін айтып берем қалдырмастан.
Дегенің екі дәуір – екі ләпсің,
Өлгенше шауып тұрар шаршамастан.
Айтылған екі зиян – екі көзің,
Келмеңдеп дәметерсің қиғаш қастан,
Тыңдасаң екі мұқымың екі құлақ,
Зат емес ол сырласып сырын ашқан.
Тұрады не естісе тура сақтап,
Арасын жақсы-жаман айырмастан.
Дегенің екі соқыр ылас мұрын,
Сегізі орын алған жалғыз бастан.
Шырағым көп мекердің біреуісің,
Сұрайсың біле тұра мұны қастан.
Аңқиды бес аш бөрі жалғыз қойды,
Жалғыз қой нағып тойғызат
өңшең жойды.
Ол қойдың желі, арқаны, қи қорғаны,
Аға-еке уақытың болса жібер ойды.
Қышқырған дауыс келмес қабақтағы,
Жалғыз қой салынған ас табақтағы.
Аулайды таң атқаннан кеш батқанша,
Пендені әуре қылған тамақ-тағы.
Дегенің желі арқан тұтқыш шығар,
Әр заттан бал өзінше тамат-тағы.
Қымбатты қи қорғаның қазан дейік,
От тұрар ас пісіріп жалай-тағы.
Дегенің бес аш бөрі – бес саусағың,
Болмаса қарының аш қалат-тағы.
Ағажан қолымда бар бір қарлығаш,
Еш заттан болмаса да сірә мұқтаж.
Тұрады дамылдамай талпынат та,
Сол ісін тоқтатуға қандай ылаж.
Ей аға, шешіп беріп шын көңілмен,
Көркейтіп көңілімді жайлашы жаз.
Қарағым, қарлығашың өзің екен,
Мендағы шын сұрасаң баян етем.
Бара алмай сүйгеніңе соры қайнап,
Дегеннің бірі екенсің қайда кетем.
Талпынып таста да шық бүркемейді,
Ойлаған мақсатыма жетем десең.
Бостандық аңсағаның дамылдамай,
Ылаж жоқ тоқтатарға онан бөтен.
Жан-жаққа жалтақтамай құлағың сал,
Кедергі шын бағыңа болмас төтен.
Халқынан Россия шықты дана,
Жылынар есен болсаң күнге шекең.
Жаз болып көңілің сонда жадырайды,
Бас жарып бақылдаған құрып текең.
Бір құс бар қанаты елу, басы алпыс,
Сүйегі екі бөлек емес таныс.
Ол құстың даражасын сұрасаңыз,
Отыз тал құйрығы бар зинүл нақыш.
Ағажан қалайда да қамданып қал,
Шешілмей кетпесін де қайраумен тіс.
Қарағым құс дегенің бір жыл екен,
Жылдар жасап ғасырды еттің мекен.
Қанаты елу дегенің намаз болар,
Айтайын алпыс бас та емес бөтен.
Жұма бар қырық сегіз он екі айда.
Алпыс деп қоссаң мұны санап өтем.
Отыз тал – нақыш құйрық ораза айы,
Пенденің деген күні қашан жетем.
Екі бөлек сүйегің ай менен күн,
Бірі күндіз, бірі түн мағұлым етем.
Сыпайылық күтіп едім, ей жәнуділ,
Байқамадың өзіңді еттің шешен.
Ата нақылын аттадың төртке жетіп,
Жұмбақ жола сол үшін қиял кешем.
Шешуін кешіктірмей жіберерсіз,
Қарсы алып қарындасым мақұл десең.
Әлімбай Әлиасқаров Бәжім ақынның 1917 жылы Торғайға көшіп барып, 1919 жылы сонда қаза болғаны және қызынан басқа да қолжазбаларды сұрағанда Торғай қаласында қалғанын айтады. Кешегі аға буынның ой-тұжырымдары, жетістіктері үзіліп қалуы мүмкін еді, егер Әлімбайдай жанашыр ағаларымыз болмағанда.
Ләйла СЫЗДЫҚОВА