» » » САРҚЫТ – САЛТТЫҢ САРАСЫ

САРҚЫТ – САЛТТЫҢ САРАСЫ

Пай-пай, шіркін! Қазкемнің дастарқаны пейілі секілді даладай кең ғой. Бала-шағадан бөлек, қонаққа деп арнайы ет сүрлеп, сыбаға сақтап қадірлейтіні-ай. Түбі бір түркіде барын алдына тосып, қонағын құдайдай күтуден алдына жан салсашы. Есіктен енгенді төріне шығарып, сый-құрмет көрсетуден де кенде емес. Бұдан кеміп  жатқан ешкім жоқ. Қайта, «Қырықтың бірі – қыдыр» деген. Қонақ күткеннің берекесі тасып, шыққаны еселеп кірген. Сондықтан халқымыз ертеден-ақ: «Атың барда – жер таны желіп жүріп, асың барда – ел таны беріп жүріп» деген ізгі мұратты ұрпақ санасына сіңірген.
Ас демекші, бірде үлкен аста болғанымыз бар. Семіз жылқының еті тартылды. Семіз болғанда да тайқандай, қазысының майы төрт елі. Құда-құдағай, ағайын бар, әркімге өзіне тиісті кәдесі ұсынылып, етке қол салар кезек келді. Дүкеннің дайын жаймасынан гөрі қолдан жайған қамырдың орны басқа ғой, шіркін. Тұздық та аса баппен дайындалған. Ет деген өзі тәбетіңді ашатын тамаша тағам. Астан асап, сорпадан сіміріп отырғанда сарқыт жайында сөз қозғалып кетпесі бар ма?
Манадан бері үнсіз отырған бидай өңді, тақиялы ағамыз сөзге араласты. «Салт-дәстүрдің ұлдың ұлықты, қыздың қылықты болып өсуіне септігі зор. Бұл да бір  халқымыздың ертеден келе жатқан жоралғысы. Ілгеріде әжеміз той-томалаққа барғанда «Қашан келер екен» деп жолын асыға тосатынбыз. Сондағысы – әжеміздің қалтасында келетін той сарқыты. Ащы кәмпит пен үш-төрт құрт-ірімшік»,  – деді жапырақ еттен қылғытып жатып. Сорпадан соң сары қымызды сүйсіне  сімірген етжеңді жеңгей де ойындағысын ірікпей жеткізді.
– Рас айтасыз, соған да қырқысып, қым-қиғаш болатын едік үйді басымызға көшіріп. Қамзолдың қалтасына жабысып қалған карамель кәмпитке қалай таласушы едік? Қайран жастық-ай, карамельдің дәмі әлі күнге тіл үйіреді. Балалық бал дәурен! Ал қазір ше? Шағын қонақ немесе тойханадағы үлкен той, ас бола ма,  дастарқанды мәдени түрде үптеу сәнге айналды. Қалай айтпассың? Той иесі өзі де қалта беріп «Салып алыңыздар» деп жатады. Бірақ оған дейін үстел үстінің  сиыр жалағандай сып-сидаң. Аштықтан келгендей. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» деген. Мұндайды жиі кезіктірсек те, айтуға ретін таппайсың, – дейді жеңгей реніш білдіріп.
Қалай десек те той – қазақтың қазынасы. Отбасының қуаныш-думаны үшін барын шашудан аянып қалмайды. Дегенмен, солай екен деп, сөмкеге бірнеше қалта сүңгітіп, кісі дастарқанына сұғанақтық жасау шектен шығу емес пе?
– Сарқыт алған әбес емес. Салтымызда бар. Байқасаңыз, бүгінде жас та, бала да алдыңнан жүгіріп шығып сарқыт сұрамайды? Сүбелі салтымыз ұмытылып бара ма, қалай? Сол үшін де жайылған дас­тарқаннан жақсы ырым, жақсы оймен: «Мен де осындай шаттыққа бөленейін, менің де отбасымда осындай қазыналы той көп болсын» деген мақсатта ептеп алуға болады, – деді сабырлы қалыпта кимешекті ана.     
Әңгіме-дүкен құрып отырғанда бата қайыратын да уақыт келді. Жас келіндер қаздай тізіліп, сәлем салуға кірісті. Осы кезде қазақы шапан киген ақ сақалды атай  орнынан қозғалып:
– Жастарды шақырыңдар, үлкен астан асатайын, – деді аталық сөзін айтып.  
Қазақтың  салт-дәстүрі қандай керемет еді. Астан асаған жасы кіші асатудан ерекше бір рух алғандай терлеп-тепшіген күй кешті. Мұнан соң ортадағы табақ алынып, келіндер иіліп сәлемін салды. Дастарқан жиыларда бала-шаға мен келін-кепшік сарқытсыз қалмады.
Айта кетерлігі, үстіміздегі жыл халықты бауырмалдыққа, мейірімділікке үндейтін «Қайырымдылық керуені» жобасы өз жұмысын бастады. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болған дәстүрлі акция еліміздің бірнеше өңірінде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Ұлы дала қайырымдылығы» тақырыбымен Шымкент қаласында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға дәстүр бойынша сарқыт үлестірілсе, мұндай шара – Қостанайда да жалғасын тапқан.    
– Халқымызда сарқытты үлкеннің жолы мен абыройын, айбынын берсін деген ырыммен жастарға жегізген. Осыны ескерген Ассамблея мүшелері шымкенттік  сарбаздарға бауырсақ, құрт-ірімшік, жент-талқан секілді ұлттық тағам түрінүлестірдік. Ынтымағы мен бірлігі бекем елімізді қорғауда табандылық пен ерік-жігер тіледік оларға, – дейді этносаралық мәдени бірлестіктегілер.
Айтулы шараның басты мақсаты – салт-сананы рухани жаңғыртумен қоса,  қарттарға, науқас азаматтарға, жалғыз басты аналарға, сондай-ақ көмек керек ететін жандарға демеу болу, қиналғанда солардың жанынан табылу. Акция аясында бесікке салу, тұсау кесу рәсімі жасалды. Көпбалалы аналарға азық-түлікпен қайырымдылық көрсетілді. Міне, сан ғасырлық сабақтастық деген осы болар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлтымыздың дәстүріне негізделген «Сарқыт» қайырымдылық шарасы жылдың соңына дейін жалғаспақ.  
Түйін
Жаһандану – бір орында жайлану емес, жігерлену һәм жандану. Тектілік пен ептілікті сынайтын, салт пен дәстүрді таразылайтын – ұлы күш. Жайбарақат жүріп, жаһандануға жұтылған аз емес. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ала кететін жаһандану үрдісінде қазекем ұлы халықтың ұрпағы, тектінің тұяғы, асылдың сарқыты екенін ұмытпаса екен.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК 
17 шілде 2019 ж. 4 236 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031