КІТАП ОҚЫҒАННЫҢ КӨШІ ІЛГЕРІ
Әрбір кітап өзінше құпия, бір әлем. Парақтай бастасаң ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, талай оқиғаның бетін ашады. Осындай ұлттық құндылықты айқындайтын әрі тарихымыз бен қазақ елінің шежіресін айшықтаушы бірден-бір байлық – кітап десек, атадан қалған асыл сөз бен сағынышты сары хаттарды көздің қарашығындай сақтап, оқырманға жеткізуші орта – кітапхана. Ал оны кітапсүйер қауымға насихаттап, ұйқысыз еңбек ететін мәртебелі мамандық иесі – кітапханашы.
Тәуелсіз еліміздің рухани жаңғырып, кемелденуіне кітапхананың қосар өзіндік үлес зор. Ұлттық байлығымызды ұлағаттап, жазба мұраны келешек ұрпаққа жеткізуде бірқатар тың жоба мен бағдарлама жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Белсенді оқырман» жобасы.
Жоба аясында кітапхананың көптеген оқырманына саралау, сараптау жұмысы жүргізілді. Соның арасында еңбек ардагері – Лайық Бекмырзақызының есімі ерекше аталады. Отыз жылдан аса уақыт ұстаздық еткен білім саласының майталманы рухани орта – кітапханамен бірге жасап келеді. Педагогикалық еңбек жолында талай шәкіртті тәрбие мен білімге баулыған білікті ұстаз сабақ барысында оқушыларына кітапты көп оқуды насихаттап, өзі де әдеби кітапты сүйіп оқу арқылы білімін жетілдіріп отырды. Ол зейнет демалысына шығып, ардақты ана, асыл әже атанса да, кітапханадан байланысын бір үзген емес-ті.
Кітапханашылар тұрақты оқырманның оқитын кітабы мен газет-журналын алдына ала тауып қоюға тырысады. Өйткені кітапханашы үшін оқырманның талап-тілегі қашан да бірінші кезекте. Керек болса, ол кісінің қызыға оқитын авторлары мен түрлі жанрдағы әдеби кітаптарын жатқа біледі десек, өтірік емес. Бір айтарлығы – Л.Бекмырзақызы баспа бетінен жарыққа шығып, әлі сиясы кебе қоймаған ақын, жазушылардың су жаңа шығармаларын елден бұрын білетіні.
– Қазақ әдебиетінің абызы Әбіш Кекілбаевтың, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың, майдангер жазушы Кемел Тоқаевтың таңдамалы томы мен Дулат Исабеков, Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауиннің кітаптарын бірнеше мәрте оқысам да бір жалыққан емеспін. Сол секілді Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Камал Смайловтың шығармасы назардан тыс қалған емес. Әсіресе Шерағаның «Ай мен Айша», «Ақындар мен әкімдер» әңгіме-әпсанасы керемет ойға қалдырады, – дейді ардагер ана.
Ұлы бабаларымыз: «Әрбір адамның ішінде ат басындай алтын бар, бірақ сол алтынды аршып, тазалайтын, жан-дүниені маржандай етіп көрсететін жалғыз дүние – кітап қана» деген. Өзін мәдени тұрғыда сыйлайтын, жақсы көретін әрбір жан кітап арқылы өсіре де дамыта алмақ. Егер біз зулап өтіп жатқан өмірдің аз-маз минутын кітап оқуға қиятын болсақ, қазақ елінің жылдам дамитыны күмәнсіз. Себебі адамзат баласы бір-бірінен – білім, оқумен ерекшеленеді. Кітап қана адамды қараңғылықтан сақтап, сәулелі өмір сыйлайды. Сол үшін кітапханаға бір мезгіл бас сұғып, рухани жан дүниеңізді байытуға мән беруге асығыңыз.
Ләйла СЫЗДЫҚОВА,
аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі