АЛДАШБАЙ АХУН

ГАЗЕТТІҢ ӘР САНЫНДА РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ АЯСЫНДА ТӨҢІРЕГІМІЗДЕГІ ТЕКТІ ТҰЛҒАЛАР ЖАЙЛЫ АҢЫЗ БЕН ЕСТЕЛІК ЖАРЫҚ КӨРІП КЕЛЕДІ. БҮГІН АҚЫН, ШЕЖІРЕШІ ЗАПА ДӘУЛЕТБАЕВТЫҢ АЛДАШБАЙ АХУН ТУРАЛЫ КӨЗІ ТІРІСІНДЕ ЖАЗҒАН ҚҰНДЫ МАҚАЛАСЫМЕН ТАНЫСА АЛАСЫЗ.

Алдашбай Ерназарұлы 1858-1936 жылдары Сыр бойында өмір сүрген. Жоғары білім алған зиялы азаматтың бірі. Ол Ораз ахун Бекетайұлынан 17 жасқа дейін дәріс алған. Одан әрі білімін тереңдету үшін Бұхараға баруына әкесі Ерназар келісім бермейді. Оның себебі әкесі көрші елдегі Керейт Көбдік бидің қызына құда түсіп, қалың мал беріп қояды. Бірақ Алдашбайдың мақсаты  жоғары білім алу болатын. Осы ойын анасы Ұлдайға айтады. Сонда анасы:
– Балам, менің қолымда  ақша жоқ, төрт өре ақ киіз бар, соны ал да бақырмайтын сары атанға мініп, кеше Бұхараға кеткен ба­заршыларға жетерсің, – дейді. Ананың ақылы балаға қона кетеді.
Білімге іңкәр жас түн жарымында сары атанға мініп, ақ киізін теңдеп, ертеңіне Бұхараға шыққан базаршыларға жетеді. Керуен басы өмірден көрген, түйгені мол қайырымды адам екен. Жас Алдашбайдың сөзін тыңдап: «Талабың құтты болсын, балам. Міне, өзім бас­тап бір үлесімді жолыңа байлаймын. Жолшыбай елге сенің хабарыңды айтып отырамын», – дейді. Жол бойы жалпақ Қызылқұмды жайлаған қалың елдің біріне қонып, екіншісіне түстеніп, керуен басы бойынан білім қуаты сезіліп тұрған Алдашбайға тағы да он алты қара жинайды. Бұхараның базарында 17 қараны кер­уен басы өз малымен бірге сатып, ақшасын Алдашбайға табыстап, елге қайтады.
Жас Алдашбай он жыл бойы Бұхарада әдебиет пәнінен дәріс алып, Шығыстың атақты жеті жұлдызының еңбегін терең зерттейді. 27 жасында туған еліне оралады. Ол оқуда жүргенде Көбдік бидің қызы бойжетті деп хабар айтқанда «Оқуды бітіріп барамын» деп қызға рұқсатын береді.
Сондағы ойы бұрын оқуға баруға келіспеген әкесі үйленген соң тағы да жібермей қалар деген сақтығы еді.
Алдашбай он жылдан соң келгенде Көб­діктің үшінші қызының бойжетіп отырған кезі. Ол: «Бұрын қыз үшін қалың мал берілді ғой?» – деп барса, қыз әкесі оны басқа жерге атастырған болып шығады. Би ешнәрсеге келіспей: «Бұрынғы қалың малыңды қайтарып ал», – дейді. Әкесі бермеген соң бір күні сәтін тауып Алдашбай қызды ат үстіне өңгеріп, алып қашады.
Би қаладағы приставкаға шағымданып, қыз бен жігітті қудырып алады. Ал пристав болса қызға: «Қалаған жағыңда қаласың», – дейді. Сонда Көбдік би: «Қызым ойлан, күйеу табылады. Ата-ана табылмайды», – дейді. Қыз ата-анасына иланып, жігітке ермей қалады. 
Алдашбайдың бұл жоспары іске аспай, үйінде үш күн жатады. Әкесі де «елдің рәсімін  бұзып, қызды алып қаштың, қалың малды сол үшін қайтып бермейді» – деп ренжиді.
Енді қалың беруге әлім келмейді, өз күніңді өзің көр дейді. Сол кезде ойланып Алдашбай 3 жерден мектеп ашуға бел буады. Осы мақсатпен Шораяқтың ауылына барады. Алдашбайды көрген Шораяқ қуанғанынан ақ ту алып шығып, қырық ағайынын шақырады. Одан қырық қара мал жинап, соның жиырма қарасына Алдашбайды үйлендіреді де, қалған жиырмасына бала оқытатын мешіт  салдырады.Сөйтіп  Алдашбайдан Әбубәкір, Омар, Асан, Мұстафа, Қожахмет, Әбдіхамит деген ұрпақтар тарайды. Алдашбай ахунның әдебиетшілігінің әсерімен осы өңірден жүзден аса жырау, ақын  араб графикасымен сауаттанып, Шығыс әдебиетімен кеңінен танысуға мүмкіндік алған. Олардың ішінде Тұрмағамбет Ізтілеуов, Омар Шораяқұлы, Кете Жүсіп бар. Ахунның ұзақ жылғы ұстаздық еткен кезінде одан 2 мыңдай шәкірт дәріс алғаны ел аузындағы деректер бойынша анықталған. 1920 жылы Қармақшыға Меккеден «Ақишан» атты өте діни ілімді кісі келіп, Қарақожа мешітінде арабша оқығандарды байқамақшы болыпты. Олардың ішінде татар ишаны Зейнулла хазіреттің шәкірті және өзбек, түрікпен зиялылары келіпті.
Мешітте тарабы сабағын әуелі өзбек молдасы бастайды. Ол мүдіргенде татар молдасы жалғастырады. Ол да бір жерде кідіріп қалады. Оны түрікпен молдасы іліп алып кетеді. Ол да бір тұста жаңылады. Сол сәтте Алдашбайдың шәкірті Спан қари жалғастырып ала жөнеледі. Меккеден келген оқымысты шәкіртке сүйсіне қарайды. Сол жерде оқымысты кісі елі, жұрты есіне түсті ме көзіне жас алады. Спан қариға:
– Шырағым, Спан, сенің үніңді есіткенде араб жұртынан біреу келіп қалды ма деп едім. Ұстазың кім еді? – дейді. Спан қари оң жағында отырған Алдашбай ахунды көрсетеді. Ол Шығыс елі атынан Алдашбайға рахметін айтады.
– 1906 жылы Алдашбайдың ұстазы Ораз ахун Бекетайұлына үй там (күмбез) салынады. Оның алдында Сарқұм деген жерден сүйегі көшіріліп, 13 жылдан кейін келген. Ораз ахун күйеубаласы Қалжан ахунның түсіне еніп, «мені су алуға айналды, сүйегімді көтеріңдер» деп аян береді. Содан ел болып сүйекті ыза су ала бастағанын көріп, осы күнгі Ақжар мен Ленин атындағы кеңшар аралығындағы тас жол бойына көшірген. Ол кезде Дауылкөлден бастап шалқыған көл, жолбарыс жортқан ну қамыс, суында тайдай тулаған балық, көлінде сыңсыған құс болады екен. Бұл күндері ол жерлер көрген түстей өзгеріп, құба белге айналып отыр. Сол шалқыған су «Қарақтан» өтіп, жолшыбай сай-саланы толтырып Аралға құйған.
Ол кездері қыста қар қалың, жазда жауын мол болған. Сыр мен Қуаңның арасы «Жеті асар» алқабының гүлін көктем айында адам басуға қимаушы еді деп айтып отырады қариялар. Жарықтық Ораз ахун 12 жылдан кейін мәйітін ашқанда денесі сол қалпында сақталыпты. Тірі адамдай сақал-мұрты өскен екен. Сол кезде көзбен көріп, есіткен адамдар Ораз ахун шын «әулие» екен деп тәнті болыпты. Үй там (күмбез) 6-7 жылдан кейін 1906 жылы салынған көрінеді.
Алдашбай ахунмен немере туыс болып келетін Биназарұлы Мәмбетәлі мен Мәнібай үй там салатын шебер екен. Ораз ахунның үй тамын да осы ағайынды кісілер салған.
Сол кезде халық арасында:
«Мәмбетәлі, Мәнібай,
Кәне, кесек, кәне лай», – деген сөз пайда болыпты.
Тұрмағамбет ақын Алдашбай ахунда оқып жүрген кезінде түсінде алты дәуіт сияны ішіп, қолына қызыл және қара қалам алыпты.
Түсін ұстазы Алдашбай ахунға жорытады. Сонда ол:
– Шырағым, алты дәуіт сия ішсең, алты алаштың тілін білерсің, қызыл және қара қалам алсаң сонша ұлың мен қызың болар деп түсін жорыған, – дейді.
Тұрмағамбетпен қатар Алдашбайда оқыған Тұрақ Қожабайұлы математика мамандығын және Бұхараның қазылық бөлімін бітірген.
1920-1924 жылы Тұрақ мақсым Қармақшыға Қара қожа мешітінде Шорай Исламның қыз­меткері болған. Кейін діншілердің қу­даланған кезінде Тұрақ мақсұм елден ығысып, 45 жасында Нұрата тауының етегінде дүние салады.
Алдашбай ахун кедейлерді егін салуға, диқаншылыққа үйретіп, сол жерден қыш өр­тейтін шағын шеберхана салдырады. Жо­ғарыдағы айтылған немере туыстары Мәм­бетәлі, Мәнібай шеберлікті осы Алдашбай туысынан үйренген.
Алдашбай ахун «Бұхарада он жыл оқыған кезінде ел ішіне қажет деген әр өнерден үйренеді. Біз бұрын арабша оқығанды молда, ол тек дінді уағыздайды деп уақыт заңына қарай шошып келдік. Шын мәнінде олар көне тілде оқи тұра әр мамандықтың, әртүрлі кәсіп саласының қыр-сырын меңгеріп, шәкіртіне сабақ ретінде үйретіп отырған. Мысалы, Садық ахун ірі дәрігер болса, Тұрақ Қожабайұлы математик, Тұрмағамбет әдебиетші болған. Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқының 2 проценті ғана сауатты деген дерек тек Еуропада оқығанды ғана есептеген. Ал Шығыстан жоғары білім алғандар есепке кіргізілмеген.
Алдашбай ахун 1936 жылы жаз айында 78 жасында туған жерінде дүние салады. Зираты Тұрмағамбет ауылының оңтүстігінде, 3 шақырым жерде орналасқан. Сол кезде қожа, молданы тергеп, Сібірге айдап жатқанда бұл кісіге бірде-бір адам бір ауыз сөз айтпаған. Ел аузында бұл кісі туралы жақсы пікір мен аңыз көп. Марқұмды жерлейтін күні қаптаған шегіртке бірден көтерілген. Сол түні қаза шілдеханасында жаз айында сыңсып жүретін сары маса да жоқ боп кетіпті.
Алдашбай ахуннан оқып шыққан шәкірт­тер де бірнеше мектеп ашып, халықты сауат­тандырған. Алдашбай ахун Ерназарұлы Сыр бойындағы ұстаздық еткен алғашқы ағар­тушының бірі. Оның ұсталық, ақындық өнері де болған. Сондықтан Ораз ахунның шәкірті Алдашбайды халық «ахун» деп атаған. Мұндай ағартушылық қызмет жасап, елді сауаттандыру үшін орасан зор еңбек еткен белгілі адамның есімі туған жер, атамекен төсінде қайта жаңғыртылып, кейінгі жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Өйткені, тарихты ешкімнің бұрмалауға хақысы жоқ.
Запа ДӘУЛЕТБАЕВ
16 шілде 2019 ж. 1 429 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031