» БОЛАШАҒЫН БОЛЖАҒАН АХУН

БОЛАШАҒЫН БОЛЖАҒАН АХУН


Қазақ жұртына «Жүз шайырдың Отаны» атауымен аталып келе жатқан қасиетті Қармақшы өңірінде өсіп-өніп,  табиғат Ана сыйға берген мақамдарымен елді ән-жырмен сусындатқан  жыр –  жампоздары да діни сауат алып, содан кейін жыраулық, ақындық өнерге бет бұрғанын біз жақсы білеміз. Ал, осы жыр тарландарын ақындыққа, діни сауаттылыққа баулыған кімдер? Осы сауалға жауап берейік.

Қармақшы табанынан шыққан жырауларлар арасында діни сауат алып, өмірін өнерге арнаған тұлғалардың  көбі өздерін есімі Сыр бойы халқына танымал болған діни ғұлама Алдашбай ахунның шәкірттеріміз деген. Оған дәлел, қарт Қуаңның  бойы мен Майлыөзек, Ақтайлақ елді мекенінде өсіп-өнген шайыр­лардың біразының шығармасында міндетті түрде Алдашбай ахунның есімі аталады.

Көнекөз қариялардың айтуынша, Алдашбай Ерназарұлы 1858 жылы Қуаңдария мен Алдашбай ахун ауылдары аралығындағы көне «Ақбас» деген елді мекенде дүниеге келіп,  өсе келе халық арасында ахундардың ахуны, діни ағартушы атанған Ораз ахун Бекетайұлының мешітінде діни білім алып шыққан соң, ұстазының кеңесімен, яғни 1876-1886 жылдарда  Өзбекстанның Бұқара қаласындағы талай діни ғұламалар білім алған «Көкілташ» медресесінде білімін жетілдіреді. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, 1890-1924 жылдар аралығында аталмыш медреседе Жалағаш және Қармақшы өңірінен 2 мыңнан астам қазақ жастары  діни сауат алған екен-мыс.

Міне, сол медресені бітірген соң елге оралған жас имам Алдашбайға Сыр сүлейі  Омардың әкесі Шораяқ би Өзбекстаннан арнайы маман алдырып, мешіт салдырып береді.  Ауыл балаларының діни білім алуына барлық жағдайды жасайды. Қазіргі уақытта сол мешіт орнында бүгінгі құрылыс кірпіштеріне еш ұқсамайтын қызыл кесектер жатыр.

Міне, ел сенімінен шығып, ауыл балаларын имандылыққа, елжандылыққа тәрбиелеп, Ислам дінінің қадір-қасиетін бойына сіңіруде Алдашбай ахун ерінбей еңбек етеді. Тынбай еткен еңбек қашанда өз нәтижесін беретіні бесенеден белгілі. Ахунның көптеген шәкірттері ұстаз сенімінен шығып, дін жолына түседі. Тіпті, кейбірі Бұқара асып,  «Көкілташ» медресесінде діни біліммен сусындайды. Спан, Жанәділ, Ермұрат, Сүйінбай, Дүйсенбай секілді білімді шәкірттері ұстаз жолын қуып, олар да шәкірт тәрбиелейді.

Олардың арасында  парсы ғұламасы  Фердауси жылдар бойы жазған «Шығыс Илладасы»  атауымен әлемге тараған «Шаһнама» дастанын  тоғыз айда қазақ тіліне аударған даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов те бар. Ұстазының ақыл-кеңесімен әйгілі «Көкілташ» медресесінен алған  діни біліммен Тұрмағамбетке «Шаһнаманы» жазу қиынға түспегені белгілі.

Алдашбай ахун ел-жұртқа тек діни маман ғана емес, талай жерде топ жарып, өзінің балуандығымен елге танылған әкесі Ерназар сияқты балуан, сондай-ақ  шығыс ақындарының өлеңдері мен шығармаларын оқып, өнеге алған талант иесі болған.

Мешітте білім алған әрбір шәкіртіне шығыс және қазақ ақындары мен жыршы-жырауларының шығармаларын жаттатып, олардың болашақта қоғамнан өз орнын табуына еңбек сіңіргенін айтады  көзі қарақты, құйма құлақ қариялар.
Міне, Алдашбай ахуннан дәріс алып, ақындық, шайырлық өнерді  таңдағандар қатарында  Шораяқұлы Омар да бар. Ол ұстазының ауыл үстінен өткен керуен басы арқылы алыс елдерден алдырған шығыс ақын­дарының өлең және діни кітаптарын оқып, білімін жетілдірген. Ұстазының кеңесі­мен осы жолды таңдаған.

Қазіргі Қуаңдария ауылына жетер-жетпес 10 шақырым жерде «Асан тамы» деген  жерде бұрындары ел тұрған екен. Ел дейміз-ау. Бұл аймақта жоғарыда айтып өткен Шораяқ бидің  ауыл балаларын Ислам дінін меңгерту  мақсатында арнайылап салып берген меші­тінде Алдашбай ахун шәкірт тәрбиелеген. Сонымен бірге, сол маңдағы шағын төбешікте төрт-бес зират бар. Қариялардың айтуынша, шайыр Шораяқұлы Омар өмірден өтер кезінде ағайын-жұртын жинап: «Мен өлген соң  ұстазым Алдашбай ахун мешітінің жанына жерлеңдер» деп айтқан екен. Міне, бүгінде манағы айтқан төрт-бес зираттың бірі Омар атамыздың бейіті. Ал, сол үлкен жолдың бойында, яғни  зиратқа барар бұрылыстан өткен жылдары ұрпақтары  шайыр Омар атамызға арнап ескерткіш орнатты.

«Тумайды ақын жұртын жылатуға,
Туады көңілдерін нұрлантуға.
Өлеңін орамал қып өтеді олар,
Көз жасын адамзаттың құрғатуға», – дегендей, ақынның сырын  ақын жақсы ұғады.
Міне, Сыр шайырларының бірі – Қарасақал Ерімбет пен Омар арасындағы жұмбақ айтысында Ерімбет шайыр Алдашбай ахун жайлы:  «...Бұл күнде қалып тұрмыз шабандап-ақ.
Алдашбай ахунменен екеуіңіз,
Кіршінің тең тұрсындар тасындай-ақ», –  деп Алдашбай ахунның ақындығы мен парасаттылығына риза болғанын жазады.

Алдашбай ахун бар саналы өмірін діни білімге арнаған  ғұлама тұлға. Ол өз замандастары Әлібай Қосқұлақұлы, Қалжан Бөлекбайұлы, Дәулетназар, Сейтжан, Садық сынды  ел қамын ойлап, өмірден өткен ахундармен тығыз байлданыста ұстап, елдің бірлігі мен қазақ қауымына Ислам дінін насихаттауға жұмыс істеген. Тіпті, Алдашбай ахунның өнегелі өмір жолын Сыр сүлейлері жыр-термелеріне қосқан.
Жоғарыда айтқандай, ахунның көптеген шәкірті ел болашағы үшін саналы өмірін арнап, құрметке бөленген. Міне, ғұлама атамыздың сондай шәкірттерінің қатарында елімізде большевиктер көсемі Ленин бастаған  үкіметтің саясатына қарсы шығып, ұлт тарихында «Қызылқұм көтерілісі» атауымен есте қалған халық көтерілісінің басшысы Ақмырза ишан Төсұлы да бар. Бірде Алдашбай ахун ауылына аялдап, үкіметке қарсы көтеріліс ұйымдастыру ойында бар екенін айтқан  Ақмырза ишанға ұстазы: «Бұл үкіметтің билігі дінсіздердің қолында, олар обал сауапты білмейді, ешкімді аямайды, ал мен  сенің сөзіңді құптап ауылдастарымды көтеріліске қатысыңдар деп үгіттей алмаймын» дейді. Осы ретте, ұстазынан құптау аламын деп сеніммен келген Ақмырза үйден шыға сала атына мініп, ауылды айнала шаба жөнеледі. Осы кезде Ақмырзаның ерсі ісін байқап тұрған бір сарбаз Ақмырзаның артынан шыққан Алдашбайға  найзасын ала ұмтылады. Бірақ, жігітінің ерсі қылығын байқап қалған Ақмырза дереу атын бұрып ұстазына сарбазынан бұрын жетіп, оны найзаның ұшынан  қалқалап қалады.  Осы кезде өзіне қарсы найзамен ұмтылған сарбазды шапалақпен тартып жіберген Алдашбай ахунның алдына Ақмырза ишан  қарсы тұра қалып: «Алдашбай аға, ұстазым, шәкіртіңіздің ерсі қылығын кешіріңіз. Сізден кешірім сұраймын. Батаңызды беріңіз жолға шығайын» дейді. Тұла бойын ашу кернеп кеткен Алдашбай ахун дереу есін жиып, шәкірт өтінішіне мейіріммен қарап, батасын берген екен. Содан, Ақмырза Алдашбай ахун ауылынан ұзап кеткен кезде манағы сарбаз ишанға қарап: «Тақсыр,  мен түсінбедім. Сізді тоқтатқан мына ахунның мысы ма, әлде асасы ма?  Бұған дейін кәпірлерден қорықпаған, тайсалмаған жүрегіңіз  сізді ахунның алдында дәрменсіз етті ғой. Соншама ахуннан неге төмендеп кешірім сұрадыңыз» дейді. Сонда  ишан ешнәрсеге түсінбеген сарбазына қарап: «Сендер, жаңа аспанды не жауып кеткенін байқамадыңдар. Алдашбай кәкем тегін адам емес екенін тағы бір көрсетті. Сендерге көрінбегенмен, маған не  көрінгенін мен сендерге айтпай-ақ қояйын» деген екен.

Даңғайыр ақын Тұрмағамбет  «Көкіл­таш­та» білім алып жүрген кезінде ұстазы берген тапсырмаларды оқымай-ақ айтып береді екен. Шәкіртінің алғырлығына таң қалған  ұстазы бірде оған: «Сен мен берген тапсырмаларды  ылғи дайындалмай-ақ жатқа айтып бересің» дегенде, Тұрекең мүдірместен: «ұстазым, мен сіздің берген тапсырмаңызды елімде ұстазым Алдашбай ахуннан алғанмын» дейді. Қарт ұстаз шәкіртінен Алдашбай ахунның есімін естігенде: «Түсінікті, алымды Алдашбайдың шәкіртімін десеңші» деген екен.
Енді бірде сонау бір заманда Сауд Арабиясында діни білім алып, Түркістанда ұзақ жылдар мешітте ұстаздық еткен Аппақ ишан Орта Азия мұсылмандары арасында  Құран оқудан сайыс ұйымдастырады. Жер-жерден жиналған қарилар қатарында Сыр бойынан өз білімін тексеруге барған қарилармен бірге Алдашбай ахунның шәкірті Спан қари да болады. Сайыс барысында Спан қари Құранды жатқа айтып, ортасына келгенде алдыңғы қатарда оны ұйып тыңдап отырған Аппақ ишанның басын төмен қойып көзін сүртіп отырғанын байқап қалады.  Міне, Құран да  оқылып болған кезде Аппақ ишан  басын көтеріп: «Апырмай, Спанжан Құран оқитын  жан тек Араб елінде бар ма деп жүруші едім. Өзіміздің арамызда да жүр екен ғой» деп батасын береді. Сол кезде Спан қари  ишанға қарап: «Тақсыр, қасиетті Құранды жатқа оқуды ең бірінші Алламның, содан кейін ұстазым Алдашбай ахуннан үйрендім» деген екен. Алдашбай ахунның есімін естігін Аппақ ишан басын шайқап: «Осындай ұстаздар мен шәкірттер тұрғанда елдегі мұсылмандар Алланың һақ жолынан ешқашан таймақ емес» деп тебіренген екен.

Жоғарыда  Алдашбай ахун  өңірдегі өзге діни ғұламалармен өте жақын қарым-қатынаста болғанын айттық. Міне, ахунның өзіне жақын тартқан әріптестерінің  бірі –  Дәулетназар ахун деседі аға буын өкілдері.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылы­ның аяғында елімізде сталиндік солақай саясатпен жүргізілген дүрбелең кезеңде елдегі дәулетті адамдардың мал-мүкіі тәркіленіп, үкіметке өткенін білеміз. Сондай қуғын-сүргін көргендер  қатарында  бай-манаптармен бірге  иықтарына ел қамын арқалаған ахун-ишандар мен ақын-жыраулар да болды. Большевиктік үкіметтің азабына шыдамаған Дәулетназар  бірде  түнделетіп, Алдашбай ахунның үйіне келеді.  мән-жайға қаныққан Алдашбай замандасын үйгі кіргізіп, қонақ етеді. Әңгіме арасында Дәулетназар: «Алдашеке, мына үкіметтің белсенділерінің сорақы ісі қаншаға созылады екен.  Олар Құдай жолындағыларды тыныш қоймайтын сыңайлы ғой» деп әңгімеге тартады. Сонда ойға шомып кеткен Алдашбай ахун:  «Бұл үкіметтің өмірі ұзақтау болады, олай дейтінім,  большевиктер алдымен жоқ-жітіктің, жетім-жесірдің, кедейдің сөзін сөйлеп,  кейін бойын тіктіп алған соң  оларды да аямайды. Тіпті, орыстың сөзін сөйлемегендердің бәрін оңдырмас» дейді   үлкен күйзеліспен. Алдашбай ахун ертесіне таң ата замандасының астына ат, жолына азық салып беріп, шығарып салады. Біраз жерге барғасын Дәулетназар өзін шығарып салушы Ешмұхамбет  молдаға қарап: «Алдашекеме бұл үкімет ғана емес, түздің тағысы қасқыр да зәбір көрсете алмас, жарықтық оның ілімі өте күшті ғой» деп таңдай қаққан екен.

Міне, Алдашбай мен Дәулетназар сынды  дара тұлғалардан тараған ұрпақтар Асан мақсұм мен  Әбілһақ мақсұм да әке достығын жалғастырып, өмірден өткен.

Қазақ халқына жұт әкелген сонау отызыншы жылдар жасы  егде тартқан Алдашбай ахунға да кесірін тигізді. Кеңесшілер оның да аз-маз жинаған мал-мүлкін тәркіледі.  Бар саналы өмірін Исалм дінін насихаттауға арнаған Алдашбай ахунның  ұстаздық кәсібіне тиым салды. Мешітін жапты, құдай қосқан жары өмірден озып мұқалып қалды.  Тіпті, «халық жауы» деген жала айып тағылған ұлдары Әубәкір мен Қожахмет атылып кетсе, тағы бір ұлдары Омар мен Асан да біршама жыл  коммунистердің қудалауына ұшырады. Бірақ, баласы Омар Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясына алынып,  соғыс біткен соң елге оралса, кенже баласы Әбділхамит сол сұм соғыста қаза тапты. Осындай азапты өмірді басынан өткерген Алдашбай ахун көп азап шекті. Бірде үй сыртында дәрет алып отырған ахунның  алдына бір қоян  келіп,  я бұлай, я олай қашпай тұрып алады. Сонда ахун: «Ей, мүсәпір хаюаным, сенің де күнің менің күнімдей екен, сен де мен сияқты жаратылыстың жаны бар мүшесісің ғой» деп, оны қолындағы аса таяғымен түрткілеп қашырып жібереді. Үйге келгесін осы оқиғаны келініне айтқанда,  келіні  атасына ренішін білдіріп: «Ата-ау,  алдыңызға келген қоянды үркіткенше, қолыңыздағы аса таяғыңызбен ұрып алмадыңыз ба? Осы күні оны ас қатық  қып жеп отырар ма  едік» дегенде ахун атамыз: «Балам, бізге Жаратқан иемнің бұйыртқан дәмі әлі алда тұр. Ел осылай тарыға берсе қояндардың күні не болады. Мен соны ойлап отырмын. Ал, өзің мына оттың үстіне сексеуілді салыңқырап қой,  есікті қапсырғанмен,  жаппа, іргені де көтеріп қоярсың» дейді де теріс қарап жатып қалады. Содан түн ауа сырттан: «Кім бар үйде?» деген дауыс естіледі. Үйдегілер орнынан тұрып  дыбыс берген соң, сырттағылар да есікті ашып, ішке енеді. Екі жақ сәлем-саулық білдірген соң,  жүргіншілер адасып жүргендерін, рұқсат болса дем алып, азанмен жолға шыққысы келетіндерін айтады. Сөз кезегінде Алдашбай ахун келініне дастархан жайып, қонақтарды күтуін тапсырады. Біраздан соң шай да қайнап, ортаға дастархан жайылады. Бірақ, дастарханға шашылған  бір уыс бидай мен онша қызармаған шәйді көрген қонақтар бір-бірімен ақылдаса келе  ахунның мырзалығы үшін бір қап бидай мен жаңа  боталаған түйені қалдырып кетуді ойлайды. Ал, қонақтардың дастархан басындағы сыбырының мәнін түсінген ахун оларға қарап: «Шырақтарым, мен сендерге келінімнің жасаған аз ғана қызметін пұлдамаймын, бергендеріңді алмаймын» дейді. Алайда, керуен басшысы оны жолдан адасып кеткен өздеріне пана болғаны үшін  алғыс, көрсеткен құрметіне сый ретінде бидай мен боталы түйені алуға көндіреді.

Жүргіншілер кеткен соң келіні: «Жа­рат­­қанның бұйыртқан дәмі де бо­лар, отты жағып, есік пен керегені ашып қоярсың» деген атасының сөзінің  мәнін енді ұққандай болады. Атасының көрегендігіне бас иеді. Сөйтіп керуеншілер өз жөнімен кетіп, ботасы аяққа тұрып кеткен соң,  түйені сойып,  азық қылады. Ал, келесі жылы Алдашбай ахун баласы Асан мақсұмның қолында қайтыс болады.  Алдашбай ахунның төсек тартып, өмірден де қоштасар сәті. Әкесінің көпке ұзамасын сезіп жүрген Асан мақсұм қолхоз бригадиріне мән-жайды айтады. Яғни, әкесінің өмірден өтер кезі жақындағанын, қасына бір-екі інісін беріп, әкесінің мәңгілік жайын әзірлеуге рұқсат беруін сұрайды. Бірақ, бригадир рұсқат бермейді. Осы жағдайға ренжіп үйге келген баласына Алдашбай ахун басу айтады: «Балам ешкімге ренжіме, Алла қаласа мен де таң ата мына жалған фәнимен қоштасармын. Шегіртке де түнімен егіннен көтерілер. Содан соң, сендерге де үш күнге бостандық тиер. Алла қаласа халық мені жайғар, саспа балам»  деп сол түні өмірмен қоштасқан екен ғұлама. Бұл 1936 жыл болатын.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
---
27 қараша 2018 ж. 2 023 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 045

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031