ЖЫР ЖАТТАҒАН ГҮЛСІҢАЙ

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында алға қойған міндеттерді іске асыру бағытында 6-10 сынып оқушылары арасында республикалық байқау ұйымдастырылмақ. Осы байқауда ауданымыздан бақ сынайтын 304 оқушының бірі – Гүлсіңай Кенжебек. Ол 132 беттен, 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Мұрабай жырау нұсқасын небәрі 2 айдың ішінде жаттапты. Жыр ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын Бибігүл Әбдірасыловамен бірге талдауда.
Биыл 11 сыныпқа аяқ басқан бойжеткен гуманитарлық емес, жаратылыстану бағытын таңдапты. Есепке де жүйрік ол физматтың білгірі болсам дейді. Жаз бойы ҰБТ-ға дайындалуда. «Алтын белгіні» абыроймен қорғап, грант жеңіп алу – басты мақсаты. Ол бүгінде «QAZAQ EPOS» республикалық ағарту жобасы ұйымдастырған «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысуға тас түйін дайын.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ