КЕЛБЕТ

Ел есінде қалу үшін үлкен лауазым иесі болу міндетті емес шығар. Әуелі өз шаңырағың, ағайын-туыстарың, құда–жекжат, жора-жолдастарың, қала берді күнделікті өзің араласып жүрген көпшіліктің көңіл-күйін тамыршыдай ДӨп басып кеңес бере білу, адами болмысымызға тән, азаматтықтың ең бір биік белесі екені шындық. Бүгін қолыма қалам ұстатып, аз ғана естелік жазуға себеп болып отырған қырық жылдан аса аға-інілігіміз жарасқан Әбдіраман Тұрғанұлына деген қимастық сезім, інілік парыз еді.
Бірде Әбекең: «Беке, мен құрылысшымын, сен мұғалімсің, мұғалім жазу-сызуға бізден гөрі бейім ғой. Бұл өмірде үлкен іс тындырмасақ та, ағайын-туыспен, дос-жаранмен құда-жекжат­пен, ел сыйлаған ағалармен шама келгенше араласып, сыйласуды өзіме мақсат, парыз санап келемін. Бұл үдеден шықтық па, шықпадық па, бағасын көпшілік бере жатар. Шамасы сенен бұрын кететін шығармын. Егер олай-бұлай болып жатса, барды асырмай, жоқты жасырмай бір естелік жазатын шығарсың», – деген еді. «Ой, Әбеке, Сіз де қайдағыны айтасыз-ау, мұныңыз әзіліңіз бе, шыныңыз ба, кімнің қашан кететіні бір Алланың қолында емес пе? Жүз жасайсыз, әлі талай тойды бірге атқарамыз», – деп әзілге айналдырғаным бар сонда.
Періште тыңдап тұрды ма екен, кім білсін, Әбекең осы әңгімеден кейін екі ай өткенде ойда жоқта бақилық сапарға аттанып кете барды.
1978 жылдан көрші тұрдық. Әбекең ол кезде 34-те, мен 32-де едім. Мәңгілік ештеңе жоқ. Өмірге келген әрбір пенде тағдыр-талайына жазылғанды көру табиғаттың, өмірдің заңдылығы.
Әбдіраман Тұрғанұлы 1944 жылы 15 шілде­де Қармақшы ауданы, Ленин атындағы совхозда (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) дүниеге келген. 1950-1960 жылдары №29 орта мектепті бітіріп, кейін Жосалы қыстағындағы №149 кәсіптік училищеде оқып, «Тракторист-слесарь» мамандығын алды. 1961-64 жыл­дары құрылыста жұмысшы, сонан соң Алматы Қазақ политехникалық институтын «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1969-1971 жылдары Қиыр Шығыста рота командирінің орынбасары болып әскери қызмет атқарса, қыстақ орталығындағы №30 мехколоннада шебер, прораб, участок бастығы болды. Мұнан соң аудандық ұжымдық шаруашылық аралық құрылыс (межколхозстрой) мекемесінің бастығы, кейін облыстық құрылыс мекемелерінде аға инженер, прораб,  аудандық архитектор қызметін атқарды. 2002-2008 жылдары аудандық мұрағат мекемесінің директоры болып зейнет демалысына шықты.
Атақты жиһангер Шыңғысханның «Құлаш бойым құласа да, тіккен туым жығылмасын» дегені бар. Осы қағиданы үнемі жадымызға сақтамасақ та, күнделікті тыныс-тірлігіміздің ағымы өз-өзінен осыған бағыттайды. 1964-1969 жылдары бір пәтерде тұрып, институтты бірге бітірген досы, сол кезде үлкен ла­уазым иесі, Қазақстанға танымал тұлға Шалбай Құлмаханов Әбекеңді Алматыға үлкен қызметке шақырғанын, оған шешесі Жанымкүл апамыздың келісім бермегенін айтып отыратын. Адам өз өмірін өзі жасайды дегендей, ел-халық, қоғам алдындағы азаматтық міндет-борышын аудан көлемінде атқару пешенесіне жазылған шығар. Өзінің көпшілдігі, үлкенге іні, кішіге аға, қазақи жөн-жобалардың реттілігін білуі, ағайынның реніш-қуанышына қалмай араласуы Әбекеңді аудан ақсақалы ретіне көпке танымал етті десем қателеспейтін шығармын. Аудан ақсақалдары Шәкіман Бектібаев, Сағилат Нысанбаев, Тұраш Ержанов, Қасым Жүсіпов, Қасқыр Нәметшаев, Нәжмадин Ысқақов, Балқыбай Алманов, Орынбасар Сариев, Әбдібек Лақбаев, Әділбек Ибашев, Әбіламит Сыдықов сынды ағаларын қадірінше сыйлап, жылына бір-екі рет үйінен шай беріп, әңгіме дүкен құрып отыратын. Ол кісілер де көп жағдайда өздерінен кіші демей кейбір мәселеде Әбекеңмен санасып, ақыл-кеңес сұрайтын. Кейінгі өзінің ізін басқан інілері Қаршыға Есдәулетов, Әбдібек Байбарақов, Ордабек Өткелбаев, Аманкелді Ақжігітов, Жахан Тоқтаров, Асқар Мереков, Нұртілеу Салықов, Есет Назарқұлов, Бекберген Жұмабаев, Сабытбек Жолмаханов, Сақтапберген Медеуов т.б. аға-інілерімен көп араласатын, Әбекеңнің отбасында жиі болатын. Жасыратыны жоқ бір асты түсіріп жатса, артынша екінші қазан көтеріліп жататынына талай рет куә болғаным бар. «Асың бар да ел таны, атың бар да жер таны» дегендей қонақжайлығы бөлек жыр етіп айтуға тұрарлықтай еді. Шамасы Мәрзия жеңгемізді де Алла тағала Әбекеңе осындай жар керек деп қосқан шығар деп ойлайтынмын. Жарты ғасырға жуық көрші болғанда Мәрзия жеңгеміздің қабағына бір кірбің түскенін көрмеппін. Алматы, Астана т.б. қалаларда Әбекеңмен институтта бірге оқыған үлкен қызметтегі достары, балалық шақты бірге өткізген Алматыда тұратын Слам Сейдуллаев, Қолғанат Оспанов, Айсбек Тәуенов, Бақтыбай Ешмахановтар Әбекеңнің қуаныш тойларына алыстан ат арытып келіп, апталап жататын. Әбекеңнің үлкен-кішімен де, дос-жаранмен де араласуы, дастарқан басындағы отырыстарда көпшіліктің көңіл-күйіне қарай ретімен айтылып отыратын әзілдері де көптің көңілінен шығып өз жарасымын табатын. Бірде ақиық ақын Мұқағали Жазушылар одағының жиналысында сын-ескертулерді көп естіп, сыртқа шыққасын сол жиналысқа қатысып отырған батыр Бауыржанға: «Мәскеуді фашист құзғындарының тырнағынан аман алып қалғанда, мен сияқты ініңізді мыналардың тырнағынан арашалап қала алмадыңыз-ау», – депті. Сонда Баукең: «Қалқам-ау, ол кезде артымда қалың қолым бар еді. Бүгінде жалғыз қалған батырдың қолынан не келеді», – деген екен. Азды-көпті тіршілігімізде жұмыста болсын, ағайын арасы немесе отбасының тірлігін­де болсын кейбір мәселенің ретін келтіре алмай, ішкі қайшылықтарға кездесеріміз анық. Мұндай жағдайлардан Әбекең де аттап кете алмаған шығар. Бірақ соның бәрін ерік-жігермен ақыл таразысына салып тиісті қорытынды шығару Әбекеңе тән қасиет еді. Кез келген адамның көп пе аз ба, жақсы ма жаман ба ішкі құпиясы тарау-тарау боларлықтай тарих. Азғана естеліктің желісінде бүкіл мінез-құлық болмысты ашу мүмкін емес.
«Атаның аты мен орны балаға қалады» дейді халық мақалы. Оның Құдай қосқан қосағы, немерелерінің сүйікті әжесі Мәрзия жеңгеміз, шаңырақтың егесі ұлдың кішісі Мұрат пен Гүлмира келіні апта сайын құран бағыштауды үзген емес. Бұл да әкеден қалған жол, үлгі тәлім-тәрбиенің нәтижесі болса керек. Парсы-тәжіктің шайыры Рудаки: «Бұл дүние бұлдыраған түс секілді, бір ұшса қонбайтұғын құс секілді», – деп айтқандай, уақыт ешбір өтініш-арызды тыңдамайтын, қолға ұстатпайтын, өз заңдылығымен жүретіні белгілі. Осы заңдылыққа баршамыз да бағыныштымыз. Әбекең де бұған бас иіп, қол қусырып фәни дүниеге аттанды.
Қатар жүргенде көп нәрсені байқай бермейтініміз бар. Аудан көлемінде түрлі қызмет атқарған інілері Әбекеңді басшы тұтып ерекше сыйлайтын. Сондықтан Әбекеңді қай кезден бастап екені есімізде жоқ «командир» деп атап кетіп едік. Ағайынға, дос-жаранға деген «көңілі баладай, пейілі даладай» Әбекеңді еске алғанымызда, ағалығынан ақсақалгершілігі басым «командир» ағамызды өкшелес інілері әлі де іздеп тұратынымызды еріксіз мойындаумен келеміз.
         Бекдәулет МАХАНОВ
11 шілде 2019 ж. 924 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031