» » » ҚАЗЫНА ҚАРТТЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ

ҚАЗЫНА ҚАРТТЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ

Ауданда орталық кітапхана бар. Не іздеп барсаң да керегіңді таппай қайтпайсың. Өйткені оқырман сұранысын қанағаттандыруды қалай­тын маман көп мұнда. Бұл жолғы ізденіс ел мен жер тарихы жайлы еді. Ауданнан шыққан шешендер мен көсемдер туралы мақала дайындау жүктелген. Қызығы сол бірнеше кітапты аударып, төңкерсек те дәл осындай құнды естелік таппадық. 1990 жылдан бері аудандық, облыстық, республикалық газетте жарық көрген аңыз адамдар мен тарихи орындар жайлы мақала қиындысы кітапхана мұрағатында сол қалпында сақталыпты. Естелік деп осыны айт. Қалай оқымайсың? Кітапхананың «Coworking» залында жайғасқан жұмсақ дивандағы жастықты қолтыққа қысып, жантая жатып оқуға да мүмкіндік барын айтсаңшы. 1997 жылы 25 қаңтарда «Қармақшы таңы» газетінде жарық көрген газет қиындысынан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аманкелді Суханберлінің жазған «Қазыналы қарттың әңгімелері» жазбасы бірден көзге түсті. Сары майдай сақталып, сарғайған қағаз жазуы өшіріле бастапты. Қазыналы қарт деп отырғанымыз – Абыла ауылында тұрған соғыс және еңбек ардагері, ұзақ жыл ақсақалдар алқасының төрағасы болған марқұм Мешітбай Ыбыраев. Ол осыдан көп жыл бұрын болған оқиғаны жылы түгіл айы, күніне дейін түстеп-түгендеп, жіктеп-жіліктеп, ұмытпай айтып отырады екен. Мешітбай әкенің, тағы басқа ел мен жер тарихын зерттеген жанашыр азаматтардың тағылымы мен тәрбие, өсиетімен өнеге сыйлар тарихи деректері мен айғақты әңгімесін өзіміз оқып қана қоймай, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Редакциядан
ҚОРҚЫТ БАБА
Қорқыт баба Сейхун дарияның үстінде қобызын гөй-гөйлетіп Қармақшы тұсынан кілемімен ығып, өтіп бара жатады. Бір сәт киелі кілем дария ортасында шыр көбелек айналып тұрып қалыпты. Өз әуеніне өзі елтіп, көзін тарс жұмып, қобызын сарнатып отырған Қорқыт айналасына қараса сонау дария жарқабағын қопара, шаңын бұрқыратып дәу қара шұбар жылан өңмеңдей суға түсіп, өзіне қарай салып ұрып келеді екен. Дарияның бергі бетінде әудем жерде жайбарақат таяғына сүйеніп тұрған бейтаныс сиыршыға Қорқыт үн қатады.
– Уа пендем. Мен қысылғанда қол ұшын, ұлсызға ұл, қызсызға қыз берген Қорқыт едім. Ендігі менің ажалым анау арғы беттен келе жатқан қара шұбар жыланнан болады. Еліңе сәлем айт. Мені ақ жауып, арулап осы жерге қойсын. Иншалла, жаман болмассыңдар, – деп айтып үлгереді.
Сиыршы байғұс елін жиып, жұмылып жүріп қасиетті қобызшының өтінішін бұлжытпай орындайды.
1945 жылы соғыстан оралған соң Қорқыт ата басына барып түнедім депті Мешітбай Ыбыраев. Қорқыт стансасының оңтүстігіндегі дарияның жарқабағында тұрған киелі қобызшының бейітін алғаш сонда көрген. Жанында басқа да бейіттер бар екен. Бір қызығы, Қорқыт бейіті тік жарқабаттан дарияға ентелей төніп тұрды, оған жар жағынан қос тіреу тіреліп қойылыпты.
Сол маңдағы теміржолдың алғаш салынып жатқан кезі болса керек. Қорқыт баба қорымы қасынан өтуге тиіс жол күндіз төселінсе, түні бойы астаң-кестеңі шығып, болат рельстер қырық майысып, шпалдар ортасынан қақ бөлініп қала беріпті. Руы Қаратамыр Жетес деген біреу «Шошқакөлде» жабайы шошқа аулап жатқан орыстардан дәу бір қабан әкеп сойып, соның қанын сол маңайға шаштырыпты. Содан соң теміржол құрылысы әрі қарай жайбарақат жалғасып кеткен екен. Жетес пақырдың көп ұзамай үйелмелі-сүйелмелі жеті ұлы, әйелі, іле-шала өзі де қайтыс болыпты. Қорқыт бабаның киелі қобызы өзімен бірге көмілген екен дейді. Сол қобыз кешегі күнге дейін бейіт ішінде сарнап тұрған. Ертеректе қобыз үні сонау батысындағы қырық қыздың құлағына шалынып, әсерлі әуен оларды өзіне қарай тарта беріпті. Жолшыбай отыз тоғызы қаза болып, жалғыз ақсақ қыз Қорқыт қорымына келіп жығылған көрінеді. Бұл аңызды айғақтайтын қазіргі Қор­қыт ата қорымы жанындағы Ақсақ қыз бейіті, «Қыз қалған», теміржол бойындағы «Шошқакөл» бекеті Қар­мақшы өңірінің жұртшылығына тарихи деректермен белгілі. Ал Қорқыт бабаның ақырет алдындағы аманатын орындаған Сиқыршы ата ұрпақтары – қармақшылықтарды қасиетті әулиенің аруағы әлі күнге дейін желеп-жебеп келеді.
МАРАЛ ИШАННЫҢ
БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Кезінде Қыдырды үш рет көрген Марал ишанның он екі-он үш шамасында­ғы кезі болса керек. Жетім бала сол кездегі Арғын руының әулетті байы Мыса-Шегенге жалданып қой-ешкісін бағып, отымен кіріп, күлімен шығады. Бір таңқаларлығы, өзге байлардың малын тал түсте қасқыр тартып кетіп жатқанда Маралдың бағып жүрген уақ жандығына ештеңе де жоламай, дін аман жүреді. Баланың тегін емесін Мыса-Шеген де сезетін болса керек. Бір күні бай сапардан оралып келсе, асүй жаппаның көлеңкесінде қойын ж­а­йып діңкелеп келген бала Марал шыбын-шіркейдің астында бүк түсіп, бұратылып жатыр екен.
– Мына бала бұл жерде неғып жатыр? Үйге кіргізіп тамақ бермедіңдер ме? – деген байға адуын бәйбішесі:
– Сен-ақ кім көрінген жалшыларды жарылқап жүреді екенсің. Менің үйіме кіріп тамақ ішетіндей кім еді бұл. Тамағын итаяққа құйғанмын. Кересіне не керек болса содан ішсін, – дейді түлен түрткендей бұрқылдап. Мына сөзді естіген Марал қатты назаланады. Бір күні түнде бір қария түсіне еніп: «Балам-ай, қатты қапа болдың-ау. Тілек тілеші, батамды берейін», – депті.
– Маған осы Мыса-Шегеннің әулетін бағындырып берсеңіз сол жетеді.
– Балам басқа тілегің жоқ па? – деп әлгі қарт үш рет сұрағанда Марал «жоқ» деп жауап беріпті. Содан әлгі аян берген ақ сақалды кісі бала Маралға өңінде келіп аса таяғын ұстатып тұрып: «Енді Жам тауындағы Жалаңаяқ ишаннан дәріс ал», – деп жөн айтады. Қолында асасы, үсті-басы алба-жұлба жетім бала сол Жам тауына дейін екі жыл сапар шеккен екен. Отыз тоғыз қалпеге дәріс беріп жүрген Жалаңаяқ ишан шәкірттікке ешкімді де алмай қояды. «Бұл орынның егесі бар. Бір мүсәпір екі жылдан бері маған жете алмай, жолда келе жатыр, соның тілеуін тілеп отырмын», – дейді екен көріпкел әулие. Арып-ашып «Марал баба Кәттеқорғандағы Жалаңаяқ ишанға келген күні оны бір топ қалпелермен суға түсіп келіңдер», – деп өзенге жібереді. Содан қырық шәкірт улап-шулап суға шомылып, жейде-дамбалдарын жуып, кептіріп, киініп мешітке келеді де отыз тоғыз қалпе күндегі әдетімен зып етіп мешіт ішіне кіріп кетеді. Сол кезде Марал табалдырықтан аттамай тұрып қалыпты.
– Не болды? – дегендей сұраулы көз тастаған ұстазына:
– Тақсыр мына табалдырықтың астында Құран көмулі жатыр. Соны аттай алмай тұрғаным, – дейді шәкірт Марал. Қазып қараса табалдырық астынан бір бума Құран кітабы шығыпты. Қысы-жазы жалаңаяқ жүретін Жалаңаяқ ишанның бір күні аяғына жара шығып, онысы құрттап, дерті дендей бастайды. 
– Осыдан бір айлық жердегі бір кісіде қазақы қоңыр қой бар. Ертең таңертеңнен қалмай сол қойдың құйрығы мына жараға тартылса маған сол ем. Әйтпесе қауіп. Кәне қайсың барасың? – деп қырық кәлпесіне қарайды.
Сонда бала Марал үнсіз тұрған топтан суырылып шығып: «Тақсыр, мені жіберіңіз», – деп батасын алып, бәрін де ұстазы айтқандай ғып орындайды. Қойдың құйрығын әкеп тартқалы жатқанда жарадағы быжыныған құрттарды көріп қалпелер теріс айналыпты. Ал, бала Марал болса науқас ұстазына деген сүйіспеншілік сезімі жанашырлыққа ұштасып, жиіркенбей қызмет жасай береді. Бірде жарадан алынып құрты быжынап, ирелеңдеген құйрық майды қолына ұстап тұрған Жалаңаяқ ишан: «Қойдың пірі Шопан ата. Сол пейіштен келген мал рәсуа болып, жерге тасталмасын. Кәне, қайсысың асайсыңдар», – дегенде өзге қалпелер тұра қашып, Марал шемірікпей асап жіберген көрінеді. Сөйтсе мұның бәрі әулие ұстазының бала Маралды сынақтан өткізіп жүргені екен де, ал құрт деп жүргені кейін үш жүзге пір болған Марал Ишанның бойына көшкен қырық мың әруақтың иелері екен ғой. Айтпақшы, баяғы итаяққа ас құйған байдың адуын бәйбішесіне көп ұзамай шалық тиіп, жынданып, кәдімгідей ит болып үретін болыпты. Арғынның байы Мыса-Шеген Жам тауынан ишан боп оралған Маралдың аяғына жығылып, тоғыз нар құн төлеп, кешірім сұрапты.
«ҚАРМАҚШЫ»
АТАУЫНЫҢ ТАРИХЫ
Қазіргі Қармақшы ауданының орталығы ол кезде Орынбор губерниясы, Қазалы оязы, Қосқорған болысы деп аталады. Сырдарияның жағасындағы жалғыз лашықта отыратын бір жарлы жігіт үйіне кім келсе де құрақ ұшып күтіп, ерінбей-жалықпай есігі алдындағы дарияға қармақ тастап, құдайы қонағын жайынның семіз сүбесі ме, сары сазан ба, тулаған тыраң ба, әйтеуір бұйырған несібесіне тойдырып жібереді екен. Елге осындай мырзалығы, ақкөңілдігі мен еңбекқорлығымен мәлім болған сол кісі кейіннен марқұм болған соң дарияның ішкі бетіне жерленіп, басына кісі түнейтін әулие болыпты. Сол Қармақшы ата қорымы тұрған жер кейіннен Қармақшы аталып кеткен көрінеді.
ЖОСАЛЫ ТӨБЕ
– Жоса деген шөп екен деп жүрсем, қиыршық тас екен ғой, – дейді автобус үстінде екі жас бір-біріне.
– Сол қасиетті төбе қай тұста өзі?...
Көп уақыттан бері Жосалы төбесін білеміз. Ол Жосалы стансасынан он төрт шақырым оңтүстік-шығыс жақта. Бұрын жан-жағы көл, шөбі шүйгін жайылым еді. Төменгі жақтағы жұрт көшкенде малының белін суытып, осы жерге демалып отыратын. Жол үстіндегі демалыс аймағы іспетті. Жосалы төбесінің аумағы 10 гектардай, топырағы майда, қиыршық тас аралас. Кезінде жолға төсеуге пайдаланылған. Суға, жаңбырға иленбейді. Міне, осы төбеден жоса дейтін тас пайда болған. Ол суға салсаң жайылып, жоса-жоса боп еріп кетеді. Ілгері уақытта қазақ қой терісінен тон, шалбар, күрте тігіп, оның сыртқы түрін келтіру үшін осы жосаны бояу ретінде пайдаланған. Оның сары түсті өңі көп уақытқа дейін жоғалмаған. Бұл жосамен қараша үйдің уық, кереге, шаңырағын да бояған. Көнекөз қариялардың айтуынша, 1904 жылы Жосалы стансасының атын қою кезінде ішінде Өмірзақ Берістемов деген кісі бар, кейін қызыл партизан атанған жігіттер бар жұртшылық осы Жосалы төбесінің атын ұсынған екен деген әңгіме бар.
1928 жылға дейін Жосалы төбесінде той және ас беру рәсімі өтеді. Бірақ қазір бұл төбе оқшауланып, алыстан қол бұлғап тұр. Бір күндері шөге-шөге жоқ боп кетуі де ықтимал. Ал жас ұрпақ туған жер төсіндегі әрбір жердің тарихын, ел аузында жүрген аңыз бен шындық оқиғаны білгені дұрыс.
Амангелді СУХАНБЕРЛІ
10 шілде 2019 ж. 2 054 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031