Көненің көзі - Желдиірмен
«Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры», «Жастар жылы» аясында, тарихи және мәдени ескерткіштерді насихаттау бағытында К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастырумен «Жиһанкез» өлкетанушылар клубының мүшелерінің қатысуымен сәрсенбінің сәтінде «Көненің көзі – Желдиірмен» тақырыбында Абыла желдиірменіне тағылымды-танымдық саяхат өткізілді.
Тағылымды шараны өткізудегі мақсат – Қазақстандағы бірден бір ескерткіш Қармақшы ауданы, Қармақшы ауылында орналасқан Абыла желдиірменінің тарихын түсіндіру жас буынға, оқушыларға көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп етене таныстыру, тарихи дүниенің кереметін ұғындыру. Жыраулар үйінің маманы, өлкетанушы Айдынбек Айтбайұлы мемлекет қорғауындағы Абыла желдиірмені ескерткішінің сипаттамасына тоқталып, тарихын түсіндірді. Онан соң үйірме мүшесі Серіков Еркебұлан ескерткіш жанында өз өлеңін оқып, жас «Жиһанкездер» тарихи-мәдени мұраның жанында естелік суретке түсті.
ЕСКЕРТКІШТІҢ ҚЫСҚАША СИПАТТАМАСЫ:
Дөңгелек негізінің диаметрі 6 метр, биіктігі 6-7 м. Ішкі құрылымы 360 см өлшемді ішкі диірмен. Сырты дөңгеленген айнала 196 см кеңістіктегі қоймадан тұрады. Қам кірпіштен қаланған қабырғаларының қалыңдығы 74 см. Айналатын қалақтары солтүстік шығысқа қарап тұр. Сыртында тақтайша қойылған, онда: «Жел диірмен 1940 жылы ұсталар Мамыров Құсейін мен Тәтібаев Әлнұрлардың басшылығымен салынды. Диірменші Мамыров Қ. Жел диірменді 1980 ж. Алтынбасов Ж. қалпына келтірген. Бұл ескі мұра кейінгі ұрпаққа Ұлы Отан соғысы кезеңдерінен ескерткіш. Абыла селосы 1983 ж.» деп жазылған.