» » » БЕЙІТ ТҰРҒЫЗУ КІМНІҢ МІНДЕТІ?

БЕЙІТ ТҰРҒЫЗУ КІМНІҢ МІНДЕТІ?

Қарап отырсақ, өмірде біз білмейтін түйіткіл көп. Ол жа­йында айналаңнан сұрай бастағанда әртүрлі пікір естисің. Оның қайсысы – дұрыс, қайсысы – бұрыс екенін ажы­рата алмай санаң саққа жүгіріп, ойың онға бөлінеді. Соның бірі – адамның көзі тірісінде өзіне бейітін тұрғызу.
Әлбетте, жас адамға мұндай сөз суық әрі түрпідей тиеді. Десе де, жасы егде тартқан кісілер: «адам – мәңгілік емес, түбі барар жерің сол» деп алдын ала  төртқұлақ өргізіп, оны өз көзімен көріп жүргені. Жалпы мұны қолдайтын да, оған қарсылық білдіретін де бар қоғамда. Соның бірсыпырасына тоқталып өтсек.
Қазақтың ырымшыл халық екенін ескерсек, бейіт салдыру үрдісі – ертеден бар секілді. Мысалы, заманында Қалжан ахуннан дәріс алып жүрген Құнанбай қажы: «Мен сенен алыстамаймын» деп сол маңайдан сахнасын салдырған деген ел арасында алып-қашпа  әңгіме тараған. Бірақ, Құнанбай қажының Сырдария бойына емес, өзі туып-өскен Семей топырағына жамбасы тиген. Бейіт, саханасын арнайы салдырмаса да әулие-әмбиелер өздерінің қайда жерленетінін, келешекте қайда  тыныстайтынын алдын ала болжаған. Онысы босқа кетпеген. Бірде Жәрімбет әулие, Марал баба және Ер Сейітпембет баба кездесіп қалып, Сырдың бойында әңгіме құрады. Сол жерде Марал ишан: – Сейітпембет, сені жұрт әулие деп жүр. Әулие болсаң, біз өлгенде қайда жерленетінімізді айтшы? – деп қолқа салыпты. Сонда Сейітпембет баба: – Марал мен суы мол мекенде қаласың, Жәрімбет саған тұрған жеріңнің тауы бұйырар, ал мен қиян шөлге жайғасармын,  – деп жауап беріпті. Әулие бабаның айтқаны келіп, сөзі шындыққа айналады. 63 жасқа келгенде Қожа Ахмет Яассауи бабамыз: «Ұлық Пайғамбарымыздан артық емеспін», – деп жерасты мешіті – қылуетке түсіп, қалған ғұмырын сонда өткізген деген де дерек бар тарихта.  Айтпақшы, Отырар ауданының Шәуілдір елді мекенінде мәңгілік орын тепкен бабтардың бабы – Арыс­тан бабаның да Қазақстанда 7 жерде бейіті бар дегенді құлағымыз шалып жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады, расымен де осылай болса, мұның сыры неде? Оның жауабын келешектің еншісіне қалдыра тұрып, төрт көзі тірі тұрып, бейіт тұрғызуда қандай да бір мән-мағынасы бар ма? деген сауалға оралсақ. «Ел құлағы – елу» дегендей, бұл тұрғыда елдің ой-пікіріне құлағымызды түрсек.
– Бұл – әркімге әрқалай. Үй-тамын салдырып қойған 2-3 кемпірді білемін. Өзімнің енем де солай етті. Науқас еді. Тіпті, 3 мәрте тұрғызды бейітін. Соның 3-еуі де өзіне емес, басқаларға бұйырды. Бір есепте жамандық шақырған жөн емес секілді. Өлімге асыққанның несі жақсы. Оның шақырмасаң да келетіні белгілі ғой. Десе де, қалың қар, қақаған қыста жердің тоңын еріту де оңай шаруа емес. Сондай сәтте марқұм енем, «түгеннің сауабын алдым» деп марқайып отырушы еді. Әке-шешем де бейітін ертерек салдыртты, – дейді Жосалы кентінің тұрғыны Боранкүл Қаймақбаева.     
Оның айтуынша, тауық кепеде намаз оқыған заманда да ата-анасы дініне адал болып, елге қызмет еткен. 45 жыл отасқан ерлі-зайыптылар арасына 3 жыл салып бірінен соң бірі жарық дүниемен қош айтысқан.
– Екеуінің бейіті қатар. Мейі­лінше, мұндайда тірлікте тату-тәтті отасқан ерлі-зайыпты мәңгілік мекенде де бірге болуды қалайды. Оған қоса, жақынының қасынан табылайын деген мақсатпен осы қадамға барады-ау. Қара жер кімді болса да теңестіретіні анық. Осы жерде қалсам деген де ой тұратын секілді. Бір ретте салдырғанның да зияны жоқтай. Әсіресе, қыста біреудің са­уабын аласың. Ал, сауаптың қайдан, қалай берерін бір Аллаға ғана мәлім, – дейді Б.Қаймақбаева.   
Адамдар арасында басқа да пікірлер бар. Мәселен, ардагер-ұстаз Сұлтанбек Мырзабаев: «Бұл ырымға жақсы емес. Қара жерге қара жылан кірсін» десе, мәдениет саласының ардагері Жаңыл Әбдікешова да осы пайымды қоштайды.
Тағы бір айта кетерлігі, бейітті арнайы адамдар салатыны. Мұның қазір бәсі қызған бизнес болғаны да жасырын емес. Дегенмен, ақша табамын деп, оған құнығуға болмайтынын айтады бір ағамыз. «Иә, бейіт салушылар болады. Ол да бір кәсіптің көзі. Қалай десек те, белгілі бір уақытқа дейін ғана салып, содан соң оны басқаға беру керек. Мен солай жасадым. Себебі, ақшаға құныққан сайын өлім-жітім көбейіп, қаза да арта түседі, – дейді қолөнерші Марат Үсенов.  
Бұл тұрғыда шариғатта қандай шешім айтылады? Оның қандай да бір тәрбиелік маңызы бар ма? Оған жауапты дін өкілінен сұрасақ. Аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбеновтің сөзіне қарағанда, мұндай мәселенің ішінара болса да бар екені рас.
– Бұл – қисынсыз дүние. Өйткені, өмірде әркім өзінің міндетімен айналысуы тиіс. Ал, сіздің бұл өмірдегі міндетіңіздің бірі – осыған қатысты айтатын болсақ, дұрыс та саналы, білімді де адамгершілігі мол, діндар да өткенді сыйлай алатын ұрпақ тәрбиелеу. Сондай-ақ, оны іс жүзінде ұрпаққа көрсету. «Сен ешкімді тәрбиелеп әуре болма, сен өзіңді тәрбиеле-дағы соны өзің жаса. Сонда сені көрген адам соны жасайды. Яғни, сіз әкеңіз бен анаңызды құрметтеңіз, кейінгі ұрпақ та сізді құрметтейтін болады». Иә, ата-баба жолын ғасырдан-ғасырға жалғап, ұлттық дәстүрді ұлықтаған ұлыларымыз осылай дейді. Алдын ала бейіт салдыруды кей адам ана дүниеге дайындық ретінде қарағысы келеді. Ақыретке баруды мойындаудың белгісі көреді. Бірақ, бұл оған жатпайды. Неге десеңіз, мойындаудың белгісі – ақыретке баған соң қабір сұрағына жауап беру, Алланың алдында есеп беретінімізді сезіну, құлшылықты арттыру мен садақа берумен дайындаламыз. Қиямет күнінде болатын сұрақтың жауабына осы арқылы өзімізді да­йындайды  екенбіз, – дейді бас имам.
Жалпы бейіт тұрғызу – бұл кімнің міндеті? Оның біз білмейтін қандай да бір  сыры бар ма?
Шариғатта бейіт салу – біздің емес, бізден кейін қалатын ұрпақтың міндеті. Сол себептен де әркім өз бейітін өзі салып қоюы дұрыс емес. Екінші бір жағынан жаман ырым секілді. Өйткені, бұл «менің артымда ұрпағым жоқ, артымда бейітімді салатын адам жоқ» деп сенбегеннің көрінісі. Артында ешқандай ұрпақ қалмаған кісінің өзі қазақта бейітін салдырмаған. Неге десек, ол елге, халыққа сыйлы болады, еңбегі сіңеді, қадірі артады. Кейін баласы болмаған күннің өзінде де ағайын-туысы оның сол өмірдегі сыйына, қадіріне, бағасына қарап төртқұлақ бейітін тұрғызып, ешкімнің қабірін ешуақытта таптатпаған.
– Қала берді, өзінің баласына сенбеген, нашар бала тәрбиелеген ата-ана ғана  көзі тірісінде өзіне бейіт салып, осындай қадамға барады. Себебі бұл – «мен дұрыс өмір сүре алмадым, өмірдегі міндетімді жөнді атқармадым, менен кейінгілер бейіт салмас. Менің балам мұсылман емес» деген сенімсіз ойдан туындаған нәрсе. Болмаса оның бер жағында өз-өзіне тірісінде құрмет жасауы – бір шапанды сатып алып, «мұны менің атымнан кигізіңдер» немесе өзі ақшасын төлеп, сый-сияпат алып, «маған осыны халықтың көзінше сыйлаңдаршы» деген екіжүзділік пен жалғандықпен бірдей, – дейді ауданның бас имамы.
Түйін.
Имандылыққа бет бұрған халқымыздың жылдан-жылға діни сауаты артып, кемелденуде. Мақала барысында түрлі пікір-пайым келтірдік. Сенікі – дұрыс, сенікі – бұрыс деуден аулақпыз. Мұны әркімнің өз шаруасына баласақ та, қай кезде де мәселенің ортақ шешімі болатынын жоққа шығара алмаймыз. Сіз не дейсіз, оқырман?
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы». 
21 маусым 2019 ж. 1 569 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031