» » » ҚАДІР ТҮНІНДЕГІ ҚАЙЫРЛЫ КЕШ

ҚАДІР ТҮНІНДЕГІ ҚАЙЫРЛЫ КЕШ

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған ұлағатты шараның бірі – Ыспан қари Сүлейменұлын еске алуға арналған кеш болды.
Ыспан қари – Сыр өңіріндегі діни ағартушылық қызметтің көрнекті өкілінің бірі. Жас кезінен қос жанарынан айырылған зағип жан тағдыр тауқыметіне мойымай, атақты Алдашбай ахун мешітін үздік бітірген. Есту қабілеті мен жадының мықтылығы арқылы қасиетті Құран кітабын жатқа айтатын қари атанған. Өз заманында шайыр да, айтыскер де болған.
Тілегін тәңір беріп, қасиет қонған мекенде тұрақтаған қаридың  ұрпақтары қасиетті қадір түнімен тұспа-тұс келген кеште тағылымды басқосу өткізді. Ақтөбе ауылының мәдениет үйінде Ыспан қари Сүлейменұлы жайлы жазылып, жарық көрген кітаптың тұсауы кесілді.  Экраннан 1937 жылдағы ауыр жағдай, қуғынға ұшырағандардың жай-күйі көрсетіліп тұрды. №109 орта мектептің «Жас ұландықтары» қуғын-сүргін қасіреті мен қаридың өмірін халыққа түсінікті әрі рухты көтеретіндей деңгейде жеткізгенде тұтас зал ұйып тыңдап қалды. Тақылдап тұрып тақпақ айтқан бастауыш сынып оқушыларының өнеріне «бәркелді» демеске болмайды.  
Ауылдағы шараға ауданнан арнайылап барған аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев сөз алып, өткен тарихқа сәл шегініс жасады. «Өткенді мақтан тұтып, бүгінгіні білу – келешектің кепілді болуына жол ашады. Сондықтан өткенді естен шығаруға қақымыз жоқ», –деді өз сөзінде.
Мұнан соң сахна төріне «Ыспан қари» кітабының авторы Ибрагим Бекмаханұлы көтеріліп, тағы бір тағылымды кеште ауылдастарымен қайта қауышып отырған қуанышын жеткізді.
– Қари жайлы кітап жазу оңай болмады. Оның көзін көрген тірі замандасы тек 95 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірауық Сатыбалдиев. Сол кісімен етене жақын әңгімелесу барысында біраз мағлұмат алдық. Ардагер ұстаз Қарлығаш Ермағамбетова 1999 жылдан бері ауыл жайлы, ауыл басқарған азаматтар, билер мен шешендер жайлы деректер жинап келеді. Осы кітаптың жарыққа шығу жолында да біраз тер төкті. Қуғын-сүргін жылдары ауыл тұрғындарынан біршама адам зардап шексе, 11 адам қаза тапқан. Сол 11 тұлға жайында да барлық дерек осы кітапқа топтасқан, – деді автор.
Кітаптың лентасы қиылып, ауылдық кітапхананың кітапханашысы Мархаббат Шынарбаеваға бірнеше данасы табысталды.
Ибрагим Бекмаханұлы бұған дейін де біраз кітап жазды. Ауылдан шыққан атақтылар туралы зерттеп, жинақтап жүрген жанашыр жан. Осы шарадан кейін де ауыл ақсақалдары «елдің атын ер шығарды» деп ағаның арқасынан қағып жатты.   
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, қуғын-сүргін құрбаны Әбен Ниетбаевтың ұлы Осман Ниетбаев, абыройлы азамат Асқар Мереков, ардагер ұстаз Қарлығаш Ермағамбетовалар да сөз сөйледі. Жарқынбек Тұрымбетов пен Берік Аққалиев қари айтысынан үзінді орындап берсе, Руслан Байғараев пен Қуаныш Сұлтановтың шырқаған патриоттық әндері көңіл көтерді.
Шара соңында «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы айлардың сұлтаны рамазанда қадір түнімен қатар келген рухани кештің береріне тоқталды.
 – Құранды бастан аяқ жатқа біліп, ғылымды жан-жақты меңгергенде ғана қари атанады. Ол үшін аса сабырлық пен терең ізденіс, жігер, талмайтын қанат керек. Араб тіліндегі 604 бетті, 30 параны жаттау ғана емес, ережені қажет ететін ғылымды меңгерген Ыспан қаримен қалай мақтансақ та жарасады. Қари деген қасиетті адам саусақпен санарлық. Қармақшы өңірінде де көп болмаған. Өз басым Ыспан қариды дана кісі деп ұғамын. Құран оқығанда әрбір әрпіне сауап жазылады. Құран жаттаған кісіге жәннатта тәж кигізеді дейді. Қаридың ақиреттегі орны сайлы, жаны жайлы деп білемін, – деді бас имам.
Содан соң шейіт болған ата-бабамыздың рухы жебесін деген ниетпен Құран бағышталды. Алақан жайып, тілек тіленді. Расымен де Қадір түнін күтер кеште өткен шара жанға тыныштық, жүрекке иман, жүзімізге нұр сыйлағандай.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
03 маусым 2019 ж. 1 139 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 053

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031