» » ҚҰПИЯСЫ МОЛ ҚАРИ

ҚҰПИЯСЫ МОЛ ҚАРИ

ХІХ ғасырдың 1937-1939 жылдарында Сталиндік режимнің кесірінен Қазақстанның барлық аймағында, аудандары мен елді мекендерінде «Халық жауы» деген жалған айыппен қазақтың небір марғасқа ұлдарыН қуғын-сүргінге салу өршіп тұрған еді. Қызыл өкіметтің бұл саясатының қанды шеңгелі ең бірінші алаштың айтулы көсемдері мен көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, сондай-ақ, діни ағартушылардың мойнына түсті. Бұл сұмдық саясаттың түпкі арам пиғылы кең байтақ даланы әлімсақтан мекен еткен өзі аз қазақ ұлтының тамырына балта шабу екені кейін белгілі болды.
Иә, сталиндік бұл зұлым саясат миллиондаған жазықсыз жанның өмірін жалмады.  Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қуғын-сүргін кең байтақ қазақ даласының түкпір-түкпірін шарлап, қарапайым халықтың да зәре-құтын қашырды. Өздері кеше ғана ашаршылықтан есеңгіреп шығып, оның өзінде көбі кетіп, азы қалған қазаққа қасақана ұйымдастырылған сол сұм нәубет өте ауыр тиген еді. Бір сөзбен айтқанда, жеті басты айдаһардай жерімізге ысқырып келген сұм зұлматтың зардабын шекпеген қазақ кемде-кем. Елім деп, жерім деп еміреніп, оның бақыты мен болашағы үшін күрескен қаншама азамат сол кездегі өкіметке қарсы саясат жүргізді деген жалған айыптармен ұсталып, өз жеріміздегі «Карлаг», «Степлаг», «Алжир», т.б. қатаң тәртіптегі түзеу лагерьлеріне немесе Сібірдің қалың тайгаларындағы қиын жұмысқа жегілді.Олардың көбіне туған жерден бір уыс топырақ та бұйырмады.
Бүкіл білімі мен күш-жігері діни-исламдық ағартушылық қызмет пен адамгершілік-имандылық тәрбиесіне және осы бағыттағы шәкірт оқыту ісіне бағытталған оқымысты, діни данышпан Ыспан қари Сүлейменұлының кеңес өкіметіне қарсы саясат жүргізді деген айыппен «Халық жауы» деп ұсталуы, сөйтіп, жазықсыздан-жазықсыз атылып кетуі – ешбір ақылға сыймайтын күнә екені Құдайға да, адамға да анық жәйт еді.
Ыспан бала кезінде қос жанарынан айырылып, су қараңғы болып қал- ғанымен, білім, өнерге талпынды. Бұған оның бойындағы ерік-жігері мен қайтпас қайсарлығы, мақсатына жету жолындағы табандылығы, ең бастысы, ұғымталдығы мен есту қабілетінің, яғни, жадының мықтылығы көмекке келді. Алдына оқу іздеп келген зағип баланы  Алдашбай ахун  оқуға қабылдайды. Бала Ыспан мешіттегі оқуын үздік бітіріп, Құран сүрелерін түгел жатқа айтатын болған соң, қари атағына ие болады. Сөйтіп, ол ұстазының сенімін ақтайды. Ол осы мешітте оқыған Алдашбай ахунның тағы бір үздік шәкірті Тұрмағамбет ақынмен сол кездің өзінде сыйлас дос, пікірлес болған.
Сыр елінде «Алдашбай ахунды айтқанда – Тұрмағамбет. Тұрмағамбетті айтқанда-Алдашбай ахун айтылуы керек» деген ұғым қалыптасқан. Алдашбай ахунның оқымыстылығы жөнінде мысалдар көп. Сонау 1916 жылы Меккеден Хазреті Ғалидың баласы Хусейн әулетінен Ақ ишан деген кісі Бұхараға, одан Қожа Ахмет Яссауиге зиярат етуге Түркістанға келеді. Жергілікті халық оны жібермей, үйлендіріп, сол жерге алып қалады. Ақ ишанды 1918 жылы қармақшылық бір бай татар саудагері арнайы қонаққа шақырыпты. Ораза айтының кезі екен. Қарақожа мешітінде жан-жақтан жиналған ахундар, молдалар мен қарилерді сол кісінің сынағынан өткізіп алмақшы болады. Сонда татар молдасы Құраннан бір фарасын айта бастағанда Ақ ишан көп қинамай, «Лұқма» («Жетер» деген сөз) деп тоқтатыпты. Одан соң кезегін алған өзбек қариіне де көңілі толмайды. Кезек қазақ Ыспан қариге тигенде зор әрі құлаққа жағымды қоңыр дауысымен Құранның қалған 30 фарасын еш қатесіз әрі мүдірмей айтып шығыпты. Сонда Ақ ишан оның Құранды аса шеберлікпен жатқа оқып, ерекше тебіренткені үшін көзіне келіп қалған жасты білдірмей сүртіп жатып:
– Оллаһи, мен мұндай қариды Шам Шаһарында, Мысырда да кездестіргенім жоқ. Сен кімнің алдын көрдің, ұстазың кім? – деп сұрапты.
Сонда татар байы:
– Ыспанды оқытқан мына отырған Алдашбай ахун, – деп анадай жерде үнсіз отырған ахунды көрсетіпті.
– «Бәрекелді,бәрекелді, бәрекелді»! – деп үш қайталаған Ақ ишан  Алдашбай ахун жаққа қарап, үлкен қошемет жасайды. Содан соң:
– «Самар» – арабша «Жеміс» деген сөзді білдіреді, ахун аға! Мына мәуелі жемісіңіз күні бұрын жәннатқа алдыңыздан жеткен екен, – деп аса ризашылық сөзін жеткізіпті.
Кеңес өкіметі Ислам дінінің Құдайды аса жақсы көріп, құрметтеп, дәріптейтінінен, халықтың бұл дінге деген сенгіштігі мен дінбасыларының айтқандарын екі етпейтінінен қатты сескенетін болған. Сондықтан да олар алыс аудандар мен елді мекендерде де қуғын-сүргін науқанын өте қауырт жүргізген. Мұндай жағдайды  Сыр өңірі де, оның ішінде Қармақшы ауданының барлық елді мекені де өткерді. Ресми деректерге сүйенсек, 1999 жылы 14 сәуірінде Ақтөбе ауылдық кеңесінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған облыстық семинар-кеңес өтеді. Сол жиында айтылғандай, 1937-1939 жылдар аралығында облыс бойынша 100000 қазақ азаматы сұм зұлматтың құрбаны болып, атылыпты. Ат төбеліндей Ақтөбе ауылынан сонда 11 адамның саяси қуғын-сүргін құрбаны болғаны атап айтылған.
Ыспан Қари туралы деректер мен материалдар жинау ісімен сол 1999 жылдан бері айналысып келе жатқан  ауыл мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі, бүгінде ардагер ұстаз Қарлығаш Ермағамбетқызының жинақтаған материалдардың, басқа да дерек көздерінің негізінде осы мақаланы жазуға итермелеген бір күш 37-жылғы сұм нәубеттің жазықсыз құрбаны атамыз Ыспан қаридың  аруағын тебірентіп, рухын жаңғыртудан туған ізгі ой.
Оның көзін көрген қарттардың керуені әлдеқашан ілгері озып кеткені белгілі. Сондықтан қолда бар белгілі этногаф, зерттеуші Тынышбек Дайрабайдың да ақыл-кеңесіне, деректеріне де сүйендік. Ол кісінің 2010 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Сыр перзенттері» атты кітабында Ыспан қари Сүлейменұлы туралы өмірбаяндық дерегі бар екен. Қанша дегенмен, шаң басқан мұрағаттармен өмір бойы жұмыс істеп келе жатқан кісі ғой. Сонда: «Ыспан Сүлейменұлы 1877-1878 жылдарда қазіргі Қармақшы ауданының Бозарқаш елді мекенінде туған. Құранды елдегі белгілі ахундар мен ишандардан үйреніп, жатқа айтатын болған. Құран оқығанда жұртты еріксіз елітетін болыпты. Құран сүрелерінің бәрін жатқа айтатындықтан, «Құран қари» атанған. Ақындығы бар кісі болған. Ыспан Сүлейменұлының 1930-1931 жылдары «Тауелібай» атанған елде ақын ағасы Тұрымбет Салқынбайұлы тұрып қалады. Қармақшыдан Ыспан қари ағасы Тұрымбетке бірнеше рет өлеңмен хат жазып, елге шақырып, оны елге қайтарады. Сондай-ақ, 1918 жылғы Шәкей сал Дәуішқызының жұмбағын шешуге қатысып, өлеңмен жауап берген. Бұлардан басқа да ел ішінде «Ыспан қари айтыпты», «Ыспан қари өлеңдері» деген әңгімелер қалған.
Ел ішінде діни ілім жайып отырған Ыспан Сүлейменұлы Кеңес өкіметіне қарсы саясат жүргізді деген айыппен 1937 жылы ұсталып, тергеліп, 19 қарашада атылыпты. Ыспан қари замандастары Тұрақ, Әбдікәрім молда, Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен сыйлас, пікірлес болған», – деп жазылған.
Ыспан Сүлейменұлы кезінде Бозар­қаштағы ауыл молдасы Тейіптің Серегінен ескіше сауат алғаннан кейін, білімін олдан әрі тереңдету мақсатында Майлыөзек ауылындағы атақты Алдашбай ахунның мешітіне әкесімен бірге барғанда 12 жастағы көзі көрмейтін су қараңғы жас бала еді. Мұнда ол алған бетінен қайтпай, қайсарлығымен  келген еді. Білімге аса құштар әрі қайсар балаға ахунның  мейірімі ерекше түсіп, оны мешіт оқуына қабылда- ғанын жоғарыда айтсақ та, оның қасиетті Құрандағы 30 фара, 114 сүре, 6666 аятты түгел меңгеріп, жатқа айтқан аса дарынды жан болғандығы тағы  ойға оралады.
Алдашбай ахун мешітін бітіріп, Бозарқашқа оралған Ыспан қари енді осы өңірдегі балаларды жинап, оларды оқытудың қам-қарекетін жасайды. Ауыл ақсақалдары мен ұжым басшылары Ыспан қариге қам кесектен  мешіт үйін салып береді.
Сыр өңірінде ата-бабамыздан ғасырлар бойы келе жатқан діни білім беру үрдісін жаңғыртушылардың бірі – Ыспан Сүлейменұлының тағдыр жолы өте күрделі және түрлі қиындықтарға толы болғаны әмбеге аян. Соған қарамастан, оның Құран Кәрімді жатқа білетін оқымысты қари атануымен бірге, үлкен шайыр кісі болғандығы  тағы белгілі. Ол атақты Шәкей сал қыздың  Сыр бойының 6 ақынымен болған жұмбақ айтысын шешуге қатысқан ақын. Ал, Тұрымбет жыраудың Тауелібайда жүргенінде, Ыспан қаридың ұстазымен өлеңмен хат алысып тұрғаны белгілі. Ол өлең жазбалары да Т.Салқынбайұлының жарық көрген кітаптарында бар. Сондағы өлең жолдарында Ыспан:
Бұл сәлем Тұрекеңдей ағамызға,
Кемеңгер көпті көрген данамызға.
Ер едің ел-жұртыңа қадірің қымбат,
Қамқа тон оқасындай жағамызға.
Көп болды көрісе алмай бір-біреуді,
Орнап тұр сағынған ой санамызда.
Күн туып екіталай ер басына,
Болмады кездесерлік шамамыз да- деп сол кездегі тар заманның шындығын ақындық қуатпен ашық жырлайды.
Ыспан қари Сүлейменұлының діни ілімі жөнінде айтқан әңгіме, өсиеттері мен артына қалдырған әдеби мұралары әлі де іздестіре түсуді кажет етеді. Оның  шығармалары кезінде жиналмай қалған немесе қолды болған  сияқты.
                                                 Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ.
20 мамыр 2019 ж. 1 360 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031