» » » ТҮТІНІ ТҮЗУ, ТҰРМЫСЫ БӨЛЕК МАЙЛЫӨЗЕК

ТҮТІНІ ТҮЗУ, ТҰРМЫСЫ БӨЛЕК МАЙЛЫӨЗЕК

Күн еңкейе Алдашбай ахун ауылына құладық. Кешкі шапақ ауылды қызыл түске бояп, өзгеше реңк берген. Көкте тыраулаған тырналар қаз-қатар тізіліп, бұлттарды жарып барады. Қорада мөңіреген бұзау мен маңыраған қозы-лақтың дауысы жанға рахат сыйлағандай. Жайылымнан оралып, мал ізінен шұбырған шаң да ауылдың кейпін аша түскен.
Кешігіп келе жатқанымызды ескеріп, көлік тізгінін ауылдық әкімшілікке  бұрдық. Жұмыс уақыты аяқталса да, ауыл басшысы бізді күтіп отыр. Аз-маз әңгімеден соң қасымызға мекеменің маманын қосып, ауыл тарихымен танысуға беттедік.
Айтулы ауылдың іргетасы 1927 жылы қаланған. Алғашында «Жаңа тілек» артелі бой көтерген. Ал 1930 жылы осы атпен ұжшар ретінде қайтадан ұйымдастырылған. 1939 жылы «Жаңа тілек» пен «Қызыл әскер»  бірігіп, «Карл Маркс» болған. 1957 жылы аталған ұжшар «Ленин» ұжшарына қосылған. Ауыл іргетасы қалағаннан бастап, ауыл жемшөп дайындау бағытында жұмыс істейді. Мал бордақылау орталығы, ірі қара фермасы, егіс бригадасы болған.
Әр жылы 750-800 га күріш егіп тұрған. Уақытында 65-70 центнерге дейін өнім алынған. 1987 жылы кеңшар тарап, Т.Көмекбаев атындағы ауылдың «Майлыөзек» жем-шөп дайындау бөлімшесі болады. 1993 жылдың наурызында «Майлыөзек» ұжымдық шаруашылығы 1220 гектарға дейін егін егіп, 330 ірі қара мал ұстайды. Ауданның бір белсенді шаруашылығына айналады. Ауыл көркі – бүгінде өз ажарын сақтады. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші де төмен емес. Аудан орталығынан 80 шақырымда орналасқан Алдашбай ахун ауылын 931 адам мекендейді. 172 қожалық тіркелген. Экономикалық белсенді 508 адамның 143-і жұмыспен қамтылған. 194 ауыл тұрғыны өз-өзін жұмыспен қамтығандар тізімінде. Шағын ауылда кәсіпкерліктің түтінін 37 жан түтетуде. Елді мекенде 2 орта буын медицина бикесі халыққа сапалы қызмет көрсетсе, 145 бала орта біліммен қамтылған. Бөбекжайда 41 бала тәрбиеленуде. Ауыл адамының саламатты өмір сүруі де назар тыс қалмаған. Бұл бағытта 2 спорт нысаны жұмыс істеуде. Мал санында да біршама өсім бар.
Ауыл әкімі Фархат Шегебаевтың айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қам­ту-жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағ­дарламасы аясында «Бизнес Бастау» курсында өткен  жылы 7 адам оқыған.
– Мал басын көбейтуде «Ауыл шаруашылық қолдау қорынан» ауылдың екі азаматы 3 млн. 500 мың теңге алып, жұмыс бастаған. «Өңіраралық инвестициялық орталығы» арқылы 6 ауыл тұрғынының жобасы «Бақылау кеңесімен», сондай-ақ «Еңбектен» қолдау тауып, жылқы, МІҚ малын өсіру, жолаушы тасымалымен, тағы басқа кәсіп ашу үшін 12 млн. 400 мың теңгеге қол жеткізілді.
«Нәтижелі жұмыспен қамту-жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 2017-2021 ж.ж. «Бизнес Кеңесші» оқу курсына 4 адам оқыды. Грантпен қаржыландыру бойынша 2 ауыл тұрғыны 1млн. 200 мың теңгені ұтып, кәсіп етуде, – дейді әкім.
ЫҚЫЛАС БОЛСА – ҚОЛДАУ КӨП
Ауылға келгендегі мақсатымыз да кәсіп ашушылармен кездесіп, әңгімесін тыңдау. Сондай кәсіп иесінің бірі – Ералы Сүгірәліұлы. Ауыл азаматы сөзге шорқақ болғанымен, шаруаға мығым. Малдың жайын бес саусағындай біледі. «Аз сөйлеп, істе семіз шыққанды» жақсы көреді. Бір кездері мектеп басқарған, ауыл сыйлаған  әкесінен жас та болса үйренгені көп. Отбасында қарашаңырақтағы анасы, ардагер-ұстаз Мінуара Жәрекееваның мақтанышы.
Кешқұрым малдың жайғалатын уақыты. Соған сай, кәсіпкер қора-жайда болып шықты. Браун-хайсекс жұмыртқа бағытындағы тауықтарды жемдеумен қоса, өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында сатып алынған аналық сиырларды саууға дайындау­да екен. Қасына адам келгеніне масайрады ма, жас бұзаулар ойнақтап  қояды.
 – Тауықты Новосібірден алдырдық. Жыл он екі ай жұмыртқалайды. Қазір 100-ге жуығы бар. Былтыр «Даму» өңірлік-инвестициялық қорынан 2,5 млн. теңгеге қол жеткізіп, 6 проценттік жеңілдікпен несие алдық. Оған мал басын көбейту мақсатында 8 бас аналық сиыр сатып алынды. Мұнан өзге қой, ешкі бар. Мал ұстаған ас-қатықтан тарылмайды. Сүті, құрты, қатығы бар, – дейді Ералы Құлжанов.   
«Жеңгесі жақсы қандай-ды» демекші, кәсіпкердің жеңгесі әрі ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Қарлығаш Нұртаева қонақжайлылық танытып, күбінің сары майы мен жаңа сауылған сиыр сүтін ұсынды. Күзде алынған сиырдың дені бүгінде бұзаулап, мал саны артуда.
ШЕБЕРДЕН ШЕБЕР
ТУАР САУСАҒЫ АЛТЫН
Келесі бағытымыз – ауылдың шебері Нұрсұлу Әбдешқызының отбасы. Көпті көргендігі, бәлки ауылға деген ерекше ықыласы болар, біздерді әрі қарай Қарлығаш өзі бастап жүрді. Жай жүрген жоқ, айналасын таныстырып, бәйек болуда. Екі көлікпен Нұрсұлу шебердің де үйіне ентелей жеттік. Бөтен адамды жатырқады ма, есіктен енгенде екі кішкентай анасын іздеп сыртқа шықты. Ар жақтан: «Кіріңіздер» деген жылы шырайда әйелдің дауысы естілді. Бұл – осы отбасының анасы, әлгі екі бүлдіршіннің әжесі, біз іздеген Нұрсұлу Ідірісова еді.
Қазақ қызына сай әдептілік, анаға сай мейірімділік бар жүзінде. Қимылы мен қозғалысы – нәзік. Орнымен сөйлейтін, ретсіз килікпейтін жан. Ұстаған заты мен тұтынған дүниесі – әр қайсысы өз орнында. Қараңғы түсе бастаған соң біз де асығыстық таныттық. Алдымен шеберхананы көрдік. Орындықтың үстіне біраз дүниелер қойылыпты. Ол ұлттық көйлектен бастап, қыз жасауына дейін тігеді.  Кейбір көйлектің етегінің жібі салбырап, тігін машинасынан жаңа шыққаны көрініп тұр. Көзіміз жайнап салды.
– Іс тігуді 8-сыныпта бастадым. Анам – Света Ідірісова қолөнер шебері. Ұлты кәріс болғанымен, қазақ қызынан еш айырмасы жоқ. Киіз басып, жүн бояғанда анама қызығатынмын, – дейді 5 ұлдың анасы. 
Нұрсұлудың шебер екенін киген қам­золынан білуге болады. Ұлттық киімді нақышына келтіре тігетін шебер қай нәрсеге де тапсырыс ала береді екен. Бағасы – қолжетімді. Ол жұмсалған мата, тігуі мен заттың пішу бағасын есептейді. Бір көйлегі – орта есеппен алғанда, 3-4 мың теңгенің көлемінде. Өзінің айтуы бойынша, жақында тігін машинасын 25 мың теңгеге сатып алған. Оған дейін қол машинасымен күнелткен көрінеді. Шеберханадағы басқа да бағаға көз жүгірттік. Мысалы, дайын көрпеше – 5 мың, көрпе – 6 мың теңгенің шамасында.  Ауыл тұрғынына шымылдық тігіп, құрақ құрауда шебердің кәсібі жарап тұр.
Шебердің негізгі жұмысы бар. Дегенмен, бір айлыққа қарап отыру – заманға сай емес. Отбасы – үлкен. Жұбайы Болат Жалғасбаев шебердің басты қолдаушысы болса, келіні Салтанат та енесінің көмекшісі. Іс тіккен адамның абыройлы боларын біледі. Нәпақасын инесінен тауып жүрген ана шыға берісте шеберхананың бірнеше өнімін сыйға тартты. Шынайы көңілімен. Алмаймыз деген ниетімізге  қарамады. Содан соң «астан үлкен емессің» деп, дастарқан жайылған ас бөлмеге шақырды. Қоңыр тірлік кешіп отырған отбасының осындай телегей-теңіз көңілі –  расында да ойландырады. «Мейірімділік қайда десе, кең пейілде» деп жауап беретіндей едік.
Уақыт еншісінде істелетін шебердің жоспары да, мақсаты да жетерлік. Ол  жолайырықта: «Кім қандай қызмет атқарса да, бойындағы адами қасиетін жоғалтпауы керек. Сонда бәрі дұрыс болады», – дегенді айтты. Бұл тәмсіл – шынында да адамға ой саларлықтай еді. Осындай зор тебіреністе үлкен жолдың үстіне көтерілдік. Қайда барсақ та бірге еріп жүрген Қарлығашқа да ризашылығымызды білдіруді ұмытпадық. 
Түйін:
Түнгі ауаны қақ жара ат-көлігіміз алға жүйткіп келеді. Бағанадағы жарықтар жа­қындаған сайын Жосалының төбесі кө­ріне бастады. Туған жердің жылы лебі бетіңді сипайды. Біз де сол сәт шар­шағанымызды ұмыттық.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».  
16 сәуір 2019 ж. 1 339 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 069

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031