» » » ТАЗЫ – ҚУСА ЖЕТЕДІ, ҚАШСА ҚҰТЫЛАДЫ

ТАЗЫ – ҚУСА ЖЕТЕДІ, ҚАШСА ҚҰТЫЛАДЫ

Ұлы даланы қазақтың құмай тазысыз елестете аласыз ба? Неге оны ұлттық құндылығымызға жатқызып жүрміз? Дене бітімі шағын, аса күші болмаса да тазының жүйріктігі ертеден аңыз. Тазы парсы тілінде «алғыр» деген мағынаны білдіреді. Бұл – қазақ құмайының таза қаны мен қасиетін меңзесе керек.
Қармақшыда құмай тазы баптап, дәстүр жолын жалғап келе жатқан азаматтың бірі – Әділбек Серікбаев. Ол 2012 жылдан бастап тазы ұстауды қолға алады. Басында қызығушылықпен 2 тазы сатып алған ол бірте-бірте жеті қазынаны көбейтеді. Құмай тазыны еліміздің әр шетінен алдырған. Тазы – күтімді қажет етеді. Жылдам қозғалатыны, тұрқының орташалығы, сидыйған жіңішке аяқтары мен дөңес арқасы – оны ит біткеннің сұлуы етіп тұрғандай. Атамыз аңшылық пен саятшылықты ертеден-ақ жанына серік еткен. Ит баптау мен құс ұшырауда алдына жан салмаған десек, артық емес шығар. Себебі, қазақ халқының бар ғұмыры дала төсінде, тау бөктерінде мал бағумен, малдың жайы мен қамын жасаумен өткен. Тазы оның айнымас серігі, қорғаны бола білген. Мал шетіне келген ит-құстан сақтап, абай болған. Осыбір ерекше жаратылыс иесін күту – қазақтың кез келген жігітін рухтандырып, батырлыққа баулиды. Оған күш-қайрат беріп, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ұстануға, туған жер тарихы мен мәдениет білуге септігі мол.
– Ер адамдарға қазақтың құмай тазысын ұстауға кеңес беремін. Тазы – тұрған философия. Басқа итке ұқсамайды. Аңға шыққанда оған талай мәрте куә болдым. Жұмысым қауырт болса да, ит баптаумен шұғылданамын. Ол бір мезгіл менің атқа отырып, аңға шығуыма әсер етсе, мұның адам денсаулығы мен рухани байлығына да ықпалы оң. Бүгінде құмай тазыға балам Айбек те қызығады. Қыста уақыт табуға тырысып, саятшылыққа шығамыз, –  дейді Ә.Серікбаев.        
Кеңестік дәуірде қазақ халқының бай мұрасына зобалаң келсе, оның бір ұштығы осы қазақтың құмай тазысына да тигенін жасыра алмаймыз. Қазаққа қатыстының бәрін тамырымен жоюға күш салған кеңестік идео­логияның кесірінен қазақ даласындағы таза қанды тазы саны едәуір кеміп, жойылу­ға дейін бар бір кездері. «Тұрымтай тұсына, бозторғай басына» деген заманда құмай тазының аз бөлігі әупірімдеп аман қалған. Десе де, соңғы он жылдықта құмай тазының саны көбейіп, оны дәріптеушілердің де қарасы қалыңдапты. Айтпақшы, бүгінде Павлодар, Қостанай, Қарағанды облысында бұл ата кәсіп бір ізге қойылуда. Қазіргі қоғам алдында тұрған мәселенің бірі – құмай тазының қазақтікі екенін іс жүзінде заңдастыру, бекіту болып тұр.
– Тазыны аңшылыққа салғанда оның өзіндік тактикасы болады. Биылғы қыста да қанжығамыз майланды. Тазыны жүгіртіп отыру керек. Онсыз болмайды. Оның табиғаты жүгіруге жаралған. Бірде жұмыс барысымен тазы жүгіртуге уақытым болмады. Бірнеше күн бойын жазбаған тазылар ауылдың сыртына шығысымен жайылып жүрген бір отар қойдың ортасынан қақ тіліп өте шықты. Жылдамдығы көз ілеспейді. Отарға жақын­дағанда бірақ білдім, бірнеше қойды «қағып» кетіпті. Құнын төледім. Бұл жерде айтарым – құмай тазыны жиі-жиі серуендетіп, жүгіртіп тұрмаса – табиғатына қарсы, – дейді кейіпкеріміз.    
Тазы ит баптау – ұрпаққа өнеге. Бір жылдары көмескі тартып, жоғалуға айналған ұлттық өнердің жыл санап өміршеңденіп келе жатқанына қуанамыз. Аудандағы «Тазы ұстау­шылар» қоғам­дық бірлестігінің жетек­шісі Әділбек Серікбаев секілді ұлтжанды азаматтарымыз құмай тазының қасиетін қашан да арттыра түспек. Өйткені, тазы ұстау – еріккеннің ермегі емес, ол – елдігіміз бен ертеңіміздің жарқын көрінісі, дәс­түріміздің алтын діңгегі.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
26 наурыз 2019 ж. 3 005 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031