» » » ТАЗЫНЫҢ ҚАСИЕТІ

ТАЗЫНЫҢ ҚАСИЕТІ

Ит – жеті қазынаның бірі. Сүтке тойып алып, ыстық пештің қасында көзін бір ашып, бір жұмып жататын мысыққа көңілі толмаған қазекем кейбір жалқауды: «мысықпиғылдыға» теңесе, итті «адамның адал досы, үйін қоритын қорғаушысы» санап, оң бағасын берген. Жапондар «Хатико» атты итіне мыстан мүсін құйып, құрмет көрсетсе, мұндай қошеметтен біздің қазекем де қағажау қалмаған. Ауған соғысы кезінде талай жауынгерді мина жарылысынан қорғаған «Беда» атты иттің ерлігі өзінше бір хикая. Неміс овчаркасының иесі Мерғали Қалдығұлов Ақтөбенің қазағы. Өкінерлігі, ол елге оралған соң Бедадан көз жазып қалған. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегенге қалай сенбессің, осындайда. Бүгінде Бедаға Ақтөбе қаласынан биіктігі үш метрлік ескерткіш орнатылған.


Ит демекші, қазақ үшін құмай тазы – тектіліктің белгісіндей. Жүгіртсе – желмен жарысқан, жетекке алса – сұлулықтың символындай, ал аңға салса – аузын майлаған тазы итінің қасиетіне кім болса да тамсанады. Тәуелсіздікпен түлей, жаңғыра келген ұлттық дәстүріміз – саятшылық, аңшылық өнері жылдан-жылға қанатын жаюда. Аңызға сенер болсақ, тазының шығу тарихы тіптен қызық. Оны қазекем италақазбен байланыстырады. Ол бір рет қана күшіктейді екен және екі жұмыртқа туады-мыс. Оның бірінен – қаз, екіншісінен – күшік шығады. Бір қызығы – италақаз қай жұмыртқадан күшік шығарын білсе, сол жұмыртқаны шұқып тастайды-мыс. Егер таба алмаса, өзіне қауіпті. Өйткені, күшік жұмыртқадан шығысымен италақазға ұмтылмақ. Ой, тоба-ай! Рас, өтірігін кім біліпті, бірақ ел ішіндегі аңыз әңгіме осылай дейді.
– Тазымен аңға кез келген уақытта шыға беруге болады. Қар жауып, күннің аязданғанын күтудің қажеті шамалы. Тек ит бабына келсе болғаны. Қансонарда тазының артық тырнағын кесіп, тегістеу керек. Тұяғының арасы да мұқият тазартылады. Өйтпегенде, артық тырнақ тазының еркін аң аулап, жүгіруіне кедергі. Сабалақ жүнін жұқартып қоймаса – ол да оған бөгет. Жалпы, ит иесі барда жыртқыштан қорықпайды. Қар жаңадан жауғанда, тазылар ерекше иіс сезгіш. Тазылар тегіне, сипатына қарай әркелкі. Қоян, түлкі, кейбірінің қасқыр алуға да бейімі бар. Бірі – ептілігімен ерекшеленсе, бірі – күштілігімен, батылдығымен өзгеше. Жүйрігі аңға тез жетіп алса, күші көбі қасқырға түседі. Қасқыр қууға иттер арнайы дайындалады. Тазы – аңғарымпаз хайуан. Иесінің іс-қимылын мүлтіксіз бақылап, сақтықпен әрекет қылады. Аңға шыққанда атпен шауып келе жатқан иесінің қапталымен жүгіріп отырады. Аңшылыққа дағдыланған тазы түлкіні әп-сәтте мойнынан бұрайды. Әккісі түлкінің тұмсығынан қысып, жерге ұрады. Ал, қоянды кез келген жерінен қарпиды. Тазының батылы, күштісі қасқыр алады. Тазы – ақылды жануар. Түз тағысына бірден тап бермейді. Қасқырдың мысы қайткенде басым болады. Сондықтан тазы қасқырдың шабынан тартып, әбден ызасын келтіреді. Сөйтіп, иесі келгенше осы әдісті қайталайды. Аңшының төбесі көріне бастағанда қасқырды желкесінен, алқымынан алып жұлмалайды. Иттің естілігі сол – қасқырды қуып жеткенде тірсегінен қиып жіберуге ұмтылады. Мұндайда иттің иесі жылдам келуге тиіс. Себебі, қасқыр тазыны жарақаттауы мүмкін. Әдетте, тірсегі қиылған қасқыр алысқа кетпей шойырылады, – дейді жосалылық тазы баптаушы Әділбек Серікбаев.
Күтімі жақсы, бабы келісті кей тазы бір маусымда елу түлкіге дейін алады екен. Бүгінде тазықұмарлардың айтуынша, Қазақстанда бір жарым мың тазы бар көрінеді. 1937 жылы қазақ даласында төрт мыңнан аса таза текті тазы болса, кешегі кеңестік одақта қазақтың асыл тұқымды иті де тоқырауға ұшырады. Өткенге шегініс жасар болсақ, ашаршылық, нәубет жылдарда тазы бүтін бір ауылды асыраған кезі болған. Қазір елімізде тазы тұқымын көбейтуде ақжолтай жұмыстар істелуде. Қазақ текке, қасиетке терең мән берген халық. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі – қазақ ұлтына ғана тән. Себебі, дала философы атанған ата-бабамыз қаны бұзылғанның тегі бұзылатынын болжаған. Ұлттық дәстүрімізді насихаттаушылар қан тазалығын бұзбауға барын салуда. Оның ішінде, қазақтың тазысын көздің қарашығындай сақтауға күш салуда.
– Тазы ұстағаныма көп бола қойған жоқ. Осыдан екі, үш жыл бұрын «Марал бабаның» басынан тазыға шатыс күшік алдым. Тазыға деген қызығушылығым осыдан басталды. Кейін келе Ақтөбе облысында тұратын тазы асырау­шылар Ғабит Сейітжанов, Қанат Нұрмағанбетов, Аслан Қаленовтер қазақы көкқасқа тазының екі күшігін сыйға тартты. Ұрғашысын – «Қарауыз», еркегін – «Ақтөс» деп атадым. Жуырда «Ақтөсті аңға шығардым. Шағалды оп-оңай ұстады. Алда тазыларды қырға салуды көздеп жүрмін. Еліміз бойынша тазы ұстау, аңға салу – жандана түсуде. Ауыл жастары қызығушылық танытуда. Дүр Оңғарда менен өзге Ғанибек, Айдар, Рүстем секілді азаматтар тазы асырау­да. Қазекемдер аңшылықты атам заманнан бері кәсіп еткен ғой. Аңшылық пен саятшылықтың өз құмарлығы бар. Аң-құсты мылтықпен атқаннан, құмай тазы, қыран құспен алғанның әсері әсте бөлек. Былтыр Ақтөбе облысында тазы иттердің көрсетілімі өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден аса тазы баптаушы қатысып, шараның шырайын келтірді. Бұйыртса, болашақта тазыларымды айтулы шараға қатыстырамын, – дейді Дүр Оңғар ауылының тұрғыны Әділбек Сүлейменов.
Түйін:
Бұл 1980 жылдардың болатын. Қызылды қиялай қонған шопан отбасының бірі – біздің жанұя еді. Ар жағы – Өзбекстан аумағы. Жайлауға көшкен кез. Сол күні кешқұрым алай-дүлей жел тұрып, айналаны құмға орады. Өрістен келген бір отар қойды қораға жабылып зорға қамадық. Алмас інім онда екі-үш жаста-тын. Аласапыраннан біреуді-біреу көру мүмкін емес. Абыр-сабырда Алмастан көз жазып қалдық. Түнімен құм арасынан бала іздеп, әбігерге түстік. Осылай құмды кезіп, бала іздеп жүргенде таң да қылаң берді. Түске дейін де одан хабар болмады. Бір айтарлығы – сол кезде үйдегі «Ақтабан» атты ит Алмастың қасында болыпты. Атқа отырған адамдар түс қайта біршоқ жусанның түбінде ұйықтап жатқан Алмасты аман-есен үйге әкелді. Қасында «Ақтабан». Осы оқиғадан соң Алмас түнеген төбені біз «Алмас төбе» деп атап кеттік. Ал, сол күні «Ақтабанға» мол етіп ас құйдық.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
«Қармақшы таңы».
05 желтоқсан 2018 ж. 4 020 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 143

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930