ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
1941-1945 жылдары КСРО мен фашистік Германия әскері арасында өткен Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіс – жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадында сіңіруде айрықша рөлге ие.
Ескерткіштің тарихына үңілетін болсақ, ХХ ғасырдың 60-70 жылдары, нақтырақ айтқанда 1969 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арнап «Ер есімі – ел есінде» атты ескерткіш орнатылған. Ескерткіш – аудан жұртшылығының жыл сайынғы Ұлы Жеңіс күніне орай, яғни 9-мамыр мерекесінде – қаза болған жауынгерлермен майдан даласында өшбес ерлік көрсеткен және хабар-ошарсыз кеткен қармақшылықтарға тағзым ететін «Тағзым алаңы».
скерткіш екі бөліктен тұрады. Біріншісі – жауынгер-батыр әскери гимнастеркада, арқасында плащ-палатка және қолында ППШ-41 автоматы, басында каскасы бар. Мүсін бейбіт қадымдап, алысқа көз жіберіп келе жатқан жауынгерді бейнелейді. Мүсін бетоннан құйылып, қола түстес бояумен боялған. Биіктігі 280 см. Ескерткіш жоспары төртбұрышты екі сатылы тұғырға орнатылған. Біріншісінің көлемі 113х113х50 см, екіншісі 147х140х207 см. Тұғырдың негізі, нақтырақ айтқанда іргетасы бетоннан салынған. Оның жоспары үшбұрышты, көлемі 12х12х30м. Тұғыры және іргетасы толықтай қызыл гранит плиткамен қапталған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 490 см. Ескерткіш тұғырынан 175 см жерде «Мәңгілік алау» орнатылған. Екіншісі – жауынгер мүсінінің артқы жағында Қармақшы ауданынан соғысқа қатысқан адамдардың тізімі жазылған тақтайшалар орнатылған «Құрмет қабырғасымен» толықтырылған. Бір қарағанда ежелгі қалалардың бекіністі дуалын еске салатын бұл қабырғада азаматтардың тектері мен есімдері жазылған 114 дана қара гранит тақтайша бар. «Құрмет қабырғасы» күйдірілген кірпіштен тұрғызылған, жалпы ұзындығы 80 м, биіктігі 3,3 м. 2014 жылы облыстық бюджеттен мемлекеттің қорғауында екендігі қамтылған нұсқадағы қорғау тақтасы орнатылып, аудандық бюджеттен ескерткіштің төлқұжаты рәсімделді. 2015 жылы аудандық бюджеттен ескерткіш аумағына қосымша абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жер» бағдарламасын Қызылорда облысында іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Туған өлке мәдениеті» тармағымен ескерткішке «QR-кодын енгізу» жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні ескерткішке Жосалы кенті әкімдігі тарапынан күтуші бекітіліп, жылма-жыл оның айналасына көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаңырақ көтерген жас отбасылар мен жас ұландардың ант беретін қасиетті орны.
Айдынбек Айтбайұлы,
өлкетанушы.