ҚҰТ ДАРЫҒАН ШАҢЫРАҚ
Береке мен бірлігі жарасқан Құлмырзаевтар әулетін қармақшылық жұртшылық жақсы біледі. Ғибратты отбасының өмірі үлгі-өнегеге толы. Сыйластықтары жарасқан шуақты шаңырақта әріптесім Бекзат Есқалиев болып келді.
Қобыз сарынымен сары даланы тербеген Қармақшы топырағында өніп-өскен Құлмырзаевтар әулетінің өнегесі тұтас елге жетерлік. Қазақтың әдет-ғұрпын берік ұстанған отбасы күллі түркі әлемі қасиет тұтқан орынға келіп жиі тәу етеді. Елдің амандығын, шаңырақтың береке-бірлігін тілеген еңбек ардагерінің ақ батасы - ұрпағының иманды, мына балпанақтай бүлдіршіндердің саналы боп өсуіне алтын тін, арқау.
Құлмырзаевтар әулетінің берекесін кіргізіп отырған қос қазынасы барда, балалардың да мерейі үстем. Әулеттің ақсақалы Серік Құлмырзаев - 42 жыл еңбек өтілімен зейнетке шыққан мемлекеттік қызметкер. Гір тасын көтеруден ардагерлер арасында Азия,Еуропа, Әлем Чемпионаттарының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Шаңырақтың ақжаулықты әжесі – Балгүл Жалғасбаева - ұлағатты ұстаз. Бүгінде «Әжелер ансамблінің» белді мүшесі. Дастарханынан бауырсағы мен ағарғаны үзілмеген Балгүл апа - адамгершілік қасиетімен өз жақындарының ғана емес, ағайын-туыстың ауызбірлігін сақтай білген отана.
Ал үйдің үлкен ұлы Ерлан зайыбы Мерекемен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Қармақшы намысын қорғамақ. Жас та болса, еңбегімен елге сыйлы - көп балалы жанұяда - қамшы ұстар үш ұл мен кестетігер екі қыз өсіп келеді.
Ерлан Құлмырзаев – аудандық Мәдениет үйінің директоры
Қырықтың қырқасына шыққан Ерлан Құлмырзаевтың мамандығы – заңгер. Еңбек жолын мектептің әскери пән ұйымдастырушысы қызметінен бастаған жігіт ағасы мемлекеттік қызметтің бірнеше сатысынан өтіп, аудан әкімдігінің бас инспекторы лауазымынан соң мәдениет үйінің тізгінін ұстады. Оның араласуынсыз ауданда бірде-бір мәдени-көпшілік шара өтпейді. «Қазақстан даңқы» ордені, «Кәсіби еңбегі үшін» медалі білікті де, іскер басшының табан ет, маңдай терімен келген наградалар. Өз жұмысына деген жауапкершілік , балаларына деген әкелік қамқорлық Ерлан Серікұлының бойындағы басты қасиет.
Ал, әулеттің келіні Мереке педагог-психолог, әрі он саусағынан өнер тамған ісмер. Жас кезінен құрақ құрап, тоқыма тоқуға бейім жанға - қолөнершілік -әкесі Сражадин Акимовтан дарыған қасиет. Көргенді келін көсегені көгертеді демекші, Мереке – алтын құрсақты ана. Ибалы да инабатты, ақылды да парасатты. Бір сөзбен айтқанда, нағыз пысық келін.
Мереке Акимова – әулеттің келіні
Қызығы сол, бұл шаңырақтың төрінен музыкалық аспаптың түр-түрін табасың . Өнегелі отбасының ата-әжесінен бастап балаларына дейін өнерлі. Биылғы мектеп түлегі – Нұрасыл домбыраның құлағында ойнайтын күйші, Бибімәриям – халықаралық «Бозторғай», «Звонкие голоса Байконура», республикалық «Айгөлек» байқауларының ән жанры бойынша жеңімпазы.
Ал, Бекасылға қарап, жүз шайыр шыққан өлкенің өнерін жалғастырушы ұрпақтың өсіп келе жатқанына тәубе дейсің.
Жалпы, бұл әулетте экономика ғылымдарының кандидаты, журналист, ұлағатты ұстаз, мемлекеттік қызметші де бар. Ең бастысы, айрандай ұйыған шаңырақта қазақы тәрбие берудің негізі мықтап қаланған. Тәрбиенің әліппесі ұлттық құндылықтардан нәр алған Құлмырзаевтар әулетін Отанын жанындай сүйетін нағыз патриот шаңырақ деуге әбден лайық.
Бекзат Есқалиев, Алмат Меңдібаев