» » » Мақтана аласыз ба?

Мақтана аласыз ба?

Қазақ болғаныңызға мақтанасыз ба? Әрине! Мақтанамын! Не айтып тұрсың?! Бұл сұраққа әдеттегі жауап осы. Ал, енді мысалға көшейік...


Бірінші көрініс: Құрылыс басы. Қайнаған тіршілік. Қыс. Бетті аяз қариды. Оған қарап жатқан құрылысшылар жоқ. Биік ғимараттың қабырғасын өріп жатыр, кірпішті кезегімен қалап жатыр. Күңк еткен біреу екіншісіне қарап: "Ас ішерде деген, қазақ қана қыста құрылыс салады. Әйтпесе, көктем болғанда мынаның қабырғасы сөгіледі ғой", – дейді. Екіншісі оның ізімен: "Қазақты Құдай бейнетке жазған, орыс болса, қап-қап цементті бесінші қабатқа қолдап тасымас еді", – деп жауап қатты.

Екінші көрініс: Базар. Ығы-жығы халық. Бұрымдысын сабаққа баруға даярлаған ана. Ана тілін алмаған қыз. Анасы: "Бәрі – қырғыздікі. Бәрі – қытайдікі. Бәрі – өзбектікі. Қазақ тек шашылуды біледі. Әу баста қой баққан, сол күйі күйбең тіршілікті ғана қалайды. Асылы қазақ – жалқау. Әйтпесе осыны өзімізде тігуге болады ғой!"

Үшінші көрініс: Банк. Мұнда да сапырылысқан жұрт. Бірі - несие төлеп, бірі - балабақшаға ақша салып жатыр. Енді бірі - несие алуда. Ұзынсонар кезектен жанжал шықты. Кезек бұзылған. Біреу кезексіз банк қызметкеріне кіріп кеткен. Сонда бірі: "Айтсаң, өзімізге тиеді. Осы сорлылығымызбен ел болуымыз қиын шығар. Қазақ қана бір-бірін алдайды. Қазақ қана бір-біріне қысастық қылады".  "Баранами были, такими и остались", – дейді екінші қазақ. Жай қазақ емес, өзінше "интеллигент" қазақ. Біздіңше "шала қазақ".

Денеміз дір етпейді. Шімірікпейміз де. "Қазақта не әкеңнің ақысы бар?!" – дейтін ешкім жоқ. Күнделікті күйбең тірлікте қазақты осылай қазақ жер етуде. Ал, содан кейін мақтана аласыз ба?

Тағы бір қызық мысал, қазақты қарекетіне орай "неміс", "татар", "еврей", "өзбек", "қытай" ету басым. Одан бөлек, шыққан дарынымызды да бәзбіреудікіне ұқсата саламыз. Мәселен, "Қазақтың Гомері", "Қазақтың Есенині", "Қазақтың Модельианиі", "Қазақтың Вашингтоны", тағысын тағылар. Шыққан "ұлымызды" "Қазақтың Мағжаны", "Қазақ Нұрсұлтаны", "Қазақтың Жамбылы" десек, аузымыз қисайып қала ма? Әлде біздің мәдениет пен өнер, дәстүр мен салт кейін дамып па? Болмаса өзгеден көшіріп басатын, аударып алатын "ұрлықшы" халықпыз ба? Жоқ! Күллі Еуропа бұтына жапырақ байлап жүргенде, қазекем шалбар киіп, атқа қонып, жұрт аңсайтын әрі қорқатын, көргенін үлгі ететін ұлт болған. Мәдениеті мен дәстүріне, ойы мен дағдысына тәнті еткен. Кентаврлар елі атанған.

Бойыңызды мақтаныш кернеді ме? Кеттік әріге. Аңыз дейміз бе, тарих дейміз бе, Гомер ақсақал жазып қалдырған "Илиада" дастаны бар (Жұрт поэма десін, ал біз дастан және қисса жазғанбыз). Сол туынды Троя соғысы туралы өрнектейді. Соғыс қызған шағында әйгілі Ахилдің інісі Гектордың қолынан өліп, Ахил трояндық ханзаданы жекпе-жекке шақырады. Приамның ұлы сол жекпе-жекте мертігіп, Ахил жауын қосынға дейін атпен сүйреп барады. Шөп-шалам, бұта-тасқа соқтыққан Гектордың денесі адам көріксіз күйге түседі. Беріге келейік, Тигр мен Евфрат өзені аралығында Ассирия деген мемлекет болған. Алғашқы мемлекеттің тарихы да қанқұйлы. Жеңілген елдің патшасын арбаға жегіп, ел астанасына дейін Ассирияның патшасын сүйреп келуі керек екен. Нақ тарих солай. Сәл жылжиық, Лидия мемлекеті. Крез сол елдің соңғы билеушісі еді. Кир Лидияны жаулап, патшасы Крезді торға салып, торды айналдыра от қояды. Мермрад әулетінің соңғы тұяғы осылай мерт болады. Одан беріректе, Рим деген империя болған. Сол алып державаны құлату үшін қанша тұлға мерт болды? Карфагендік Ганнибал Барка, алғашқы көтерілісші Спартак, тағысын тағылар. Олар Римге барар жолдың бойында ит-құсқа жем болып, крестке ілініп жан тапсырды. Солай қор болды. Дәл солай тарих жауды азаптап өлтірген, мүрдесін қор еткен билеушілердің қанқұйлы саясатымен жазыла берді. Кешегі Гитлер де, Сталин де жауын аяған жоқ. Өлтірді. Өлтірген соң мүрдесін қорлады. Қанша қазақ батырының басы Ресейде Эрмитаж бен Кунсткамерада жатыр. Денесі бөлек, басы бөлек.

Ал, қазақ ешқашан жауына қорлық көрсетпеген.
Сол қазақ ешкімге қиянат қылмаған.
Сенбейсіз бе? Тағы бір мысал, Кекірелі деген елді мекен бар. Атаулы жерден оңтүстік-батысқа қарай 12,5 шақырым жерде Тықы батырдың мүрдесі жатыр. Қазақ батыры емес, қарақалпақ қолбасшысының бейіті. Қазақ жерінде өзге батыр неге жерленген дейсіз ғой. Мән мынада, ел аузындағы әңгімеге сенсек, күндердің күнінде шау тартып, қартайған шағында Жақайымның Жылқайдар батырының қамсыз жатқан ауылына қарақалпақ Тықы үш жүз сарбазымен шабады. Қызын – күң, ұлын – құл етіп, малын айдап әкетеді. Қарт батырды қапыда өлтіріп, сауытын қанжығаға байлап кетеді. Мұны естіген Есет, Толыбай, Ақтан, Жанқожа батырлар қазақ жеріне етене енген қарақалпақтарды Хиуа жеріне апарып тығады-мыс. Он жеті-он сегіздер шамасындағы Жанқожа Тықы батырды жекпе-жекте мерт еткенде батырын тастап қарақалпақтар жан сауғалайды. Мұны аңғарған қазақтар жау болса да Тықының батырлығын ескеріп, арулап жерлеп, мұнара көтереді. Мұнымен қалайша мақтанбасқа?! Қалай кеуде кермеске! Жауының аруағына құрмет көрсеткен баба жұрттың қасиеті бойға леп, денеге қуат береді.

Әр ұлттың өзіне тән қасиеті бар. Ұлт уақытындағы адам. Оның бойындағы бар қасиет ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Әкеден балаға, атадан немереге. Қазақта жатқан жері жақсы, қаны текті деген әңгіме содан шықса керек. Ал, ұлтты жамандау, қазақты даттау – әр адамның өзін сөгумен тең.

Рас, қазақ кеш қимылдайды. Бірақ қимылдайды. Өйткені, біз кеш қарекет етеміз. Мәселен, сандық технологияға қазақ енді келді. Сымсыз байланыс дегенді кеше игердік. Себебі, сіздің де, біздің де сандық әлемге қызығушылығымыз болған жоқ. Енді үйреніп жатырмыз. Айтпақшы, қазақтың арысы Мұстафа Шоқай "Жаман ұлт жоқ, жаман адам бар" дегені бар емес пе?

Африкада арыстан деген жануар бар. Біздің танымда ол аң патшасы. Айбаттылықтың, қаһарлылықтың нышаны. Есесіне гиена деген тағы бір жыртқыш бар. Жыртқыш деуге келмейді. Қарақшылық қылып, өзге әлсіз етқоректілердің азығын тартып жейді, мықтысынан ұрлап жейді. Әйтеуір шәуілдеп күнін көруде. Екі жыртқыш бір-біріне жау. Гиенаның жақ күші арыстандікінен мықты. Оның жағының күші 71 атмосфералық қысымға тең. Сүйекті жұғым көрмейді, шайнай салады. Ал, арыстандікі 40 атмосферлік қысымға тең. Бірақ, жалғыз арыстан мен жалғыз гиена кездессе міндетті түрде арыстан жеңеді. Бірақ, гиеналар арыстандардың жемтігіне айналуы қиындау. Өйткені, олар топ болып өмір сүріп, ирархиялық заңдылықты сақтайды. Солай аман қалады. Солай көбейген. Ал, арыстандардың гиена жемтігіне айналғаны жиілеп кеткен. Өйткені, арыстан прайдпен өмір сүргенмен, олардың табиғатында қалыптасқан заң бар. Еркек арыстандар прайд қожасы болу үшін жан алысып, жан берісіп төбелеседі. Кім әлсіз, сол прайдтан кетеді. Әлсіздік – кемшілік. Одан бөлек жеңген арыстан жеңілгенінің ұрпағын шайнап өлтіреді. Өзгеден тұқым қалмасын деген де заңдылық. Тағы бір қызығы, арыстандар да өз ұрпағына (ұрғашы арыстанға) шаппайды. Уақыты келгенде оны да үйірден қуып жібереді. Жеңілген арыстан да, үйірден қуылған арыстан да жаңа прайдқа қосылғанша жалғыздан-жалғыз күн кешеді. Оларға жалғыз жүріп жем табу қиын. Әрі бөлек-салақ жүрген арыстан гиенаға таптырмас азық. Гиенаның ұтымды саясаты – бірлігінде. Сол үшін әлсізін де, мықтысын да жауға бермейді.

Мысалдан ойға, кемшілікті тайға таңба басқандай көрсетіп, бетке баса бергеннен ұтқандар жоқ. Бізге керегі бірлікпен тірлік ету. Кемшілік кез келгенде бар. Ал, ұлт кемшілігі – біздің кемшілігіміз. Біз оң жүрсек, ұлт та оң қадам жасайды. Сол жүрсек, ұлт та теріс қимылдайды. Қорыта айтқанда, ұлтты кеміткенше, өз басымыздағы мінді түзейік. Қазақтығымызбен мақтанайық!

Д.САДЫҚ,
"Қармақшы таңы".
13 желтоқсан 2018 ж. 1 014 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031