» » » ЖҮЗІ басқа, ЖҮРЕГІ БІР

ЖҮЗІ басқа, ЖҮРЕГІ БІР

1944 жылдың қаһарлы қысының 23 ақпаны күні Шешенстан Республикасындағы Кален ауданына қарасты Тусхарай селосына бірнеше көлікпен әскерилер келіп, ауыл тұрғындарын дүрліктірді. Бейбіт жатқан халықты лезде ауыл алаңына жинады. Мән-жайға түсінбеген село тұрғындарын әскерилер өздері мініп келген көліктерімен теміржол вокзалына әкеліп, «қызыл вагонға» тиеп, белгісіз бағытқа алып кетті.


Міне, жолда екі аптадан аса уақыт жүрген «қызыл вагон» өздеріне таныс емес елге тоқтады. Суықтан, аштықтан қайтыс болған бала мен қарт адамдардың қаншамасы жолда қалды.
Бейтаныс елге келген шешендер өздерінің Қазақстанға, Жосалы стансасына келіп түскенін түсінді.
Бұл оқиға да биыл 74 жыл болды. Сонау Таулы өлкеден суық вагондардан тоңып, шаршап түскен қарттар мен бауырына сәбиін басқан аналарды, жас жеткіншектерді қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Оларды үйіне бөліп алып дас­тархандарын жайды. Бір үзім нанды бөліп жеді. Балаларын өздерінің балаларымен бірге бір көрпенің астына жатқызды. Шеттетпей үй-жай салуға көмектесті.
Сонымен, Кеңес үкіметінің сол уақыт­тағы солақай саясатымен туған елін еріксіз тастап, қазақ елінен екінші Отанын тапқандардың бірі – Вахид Ахмадұлы Губанов еді. Сол уақытта ол небәрі 12 жаста болатын.
Соғыс оны ерте есейтті. 1946 жылы 14 жасында анасына көмектесу мақсатында аудан орталығындағы бұрынғы рельс дәне­керлеу мекемесінің орнында орна­ласқан «Эмаль» зауытында жұмысшы болып еңбек етіп, нәпақа тапты. 1947 жылы Жосалы механикалық зауытына токарьдің көмекшісі болып жұмысқа қабылданды.
Міне, дүниежүзіне өзінің қайғы-қасіре­тін әкелген Ұлы Отан соғысы да Кеңес Одағы әскерінің жеңісімен аяқталып, май­дан­герлер туған елге орала бастады. Елімізде халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмысы басталды. Вахид Губанов та майданнан аман-есен елге оралып, соғысқа дейін зауытта еңбек еткен В.Языков, К.Клинц, Ә.Қаржауов, М.Томанов, Д.Трещенко, И.Панин және басқа да есім­дері елге танымал азаматтармен бірге күн­діз-түні тынбай еңбек етті. Оларды ұстаз тұтып, өнеге алды.
Жас маман аз уақыттың ішінде токарлық мамандықты игеріп, кәсіби маман ретінде еңбек етуге көшті. Өзінің тиянақтылығымен, еңбекқорлығымен, басшылар тарапынан жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқаруының арқасында фрезеровщик, ағаш және темір ұстасы және басқа да мамандықтарды меңгерді.
Соғыстан кейінгі жылдары Жосалы механикалық зауыты геологиялық барлау-бұрғылау жұмыстарына қажетті станоктар шығара бастады. Кейіннен зауыт КСРО құрамындағы одақтас республикаларға және шет мемлекеттерге өнімдерін экспорттады. Ол кезде Жосалы механикалық зауыты тікелей Мәскеуге қарайтын-ды. Одаққа, шет мемлекеттерге белгілі зауытта қызмет еткен Вахид үшін үлкен бақыт болды. Ол уақытпен санаспай еңбек етті. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Зауыт жанынан құрылған футбол, волейбол және теннистен құрама командалар мен көркемөнерпаздар үйір­месінің белсенді мүшесі болды. Облыстық, республикалық жарыстар мен байқауларға қатысып, зауыт мерейін тасытты.
Жас та болса да өзінің іскерлігімен елге танылған жас маман 1954 жылы зауыт басшылығының ұйғарымымен цех шебері қызметіне тағайындалды. Бұл қызметте ол 2003 жылға дейін, яғни құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін абыройлы еңбек етті.
Жосалы механикалық зауытында сол жылдары көптеген ұлт өкілі, яғни жер­гілікті тұрғындармен бірге мордва, ингуш, татар, башқұрт, орыс, украин, белорус, грек, еврей, тағы басқа ұлттардың өкілдері бір ананың баласындай бірлікте, ынтымақта еңбек етті. Олардың қатарында өзінің білімділігімен, еңбекқорлығымен сый-құрметке бөлініп жүрген Вахид Губановтың орны бөлек болатын.
Вахид Ахмадұлының тағы бір ерекшелігі ол бала жасынан құранды жатқа білетін. Жыл сайын ораза ұстап, жас ұрпаққа діни өсиеттер айтып отыратын. Әсіресе, ол көктем шыға келетін Наурыз мерекесін асыға күтетін. Сол күні әруақтарға арнап дұға жасап, құран бағыштайтын. Отбасында келіндеріне наурыз көже дайындатып, оны көрші-көлемге үлестіртетін еді.
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, білікті маман өзінің еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген көптеген шәкірттер тәрбиеледі. А.Бекшебаев. Р.Орақов, Т.Дүйсеков, Ғ.Ма­ха­нов, М.Сарыбаев, А.Мусаев, Ш.Ноғаев, Ж.Лекеров, Т.Көлбаев, Ә.Әубәкіров, О.Спан­дияров, М.Сарсенбаев және басқа да азаматтар Вахид Губановтай атпал азаматтан тәлім алған шәкірттер.
1954 жылы ардақты азамат Яха Чилаева есімді шешен қызымен отау құрып, бақытты шаңырағында ұл-қыз тәрбиелеп-өсірді. Үлкен қызы – Ано Шешенстан Республикасының Сендровск қаласында тұрады. Отбасылы. Екінші қызы – Дано да сол қалада. Ұстаз. Ұлдарының үлкені – Руслан Жосалы кентінде отбасымен бірге тұрып жатса, Исламы – Шешенстанға қоныс аударды.
Қармақшы халқының құрметтісі атанған Вахид Ахматұлы қаншама рет бала­лары­­ның Шешенстанға көшу туралы үгітіне қарсы болды.
– Мен жасым келген адаммын. Ол жақта мені кім тани қояр дейсің! Мына дархан да құшағы кең қазақ елінің, оның ішінде киелі Қармақшы халқының көп құрметін көрдім. Осындай сайын дала аспанында ұшқан әрбір құстың үні, самал желдің лебі мен үшін ыстық. Дархан даладай мінезі бар қазақ халқын қалай қиып тастап кетем. Қарақтарым, менің де о дүние­ге аттанар күнім алыс емес, ендігі жер­де сол келмес сапарға кеткеннен кейін, бар саналы өмірімді бірге өткізген халқым зиратыма келіп қол жайып, құран оқиды. Оны мен жақсы білемін, сендер мені жылы орнымнан қозғамай-ақ қойыңдар, – деп Шешенстанға көшуден бас тартты.
Міне, өзі айтқандай, дархан даланың перзенті Вахид Ахмадұлы 2014 жылы 82 жасында өмірден өтті. Талай дарынды өмірге әкелген қасиетті Қармақшы топырағынан мәңгіге мекен тапты. Бүгінде қармақшылық аға буын өкілдері Вахид Губановтай атпал азаматтың өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ретінде айтып отырады.

Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ,
«Қармақшы таңы».
30 қараша 2018 ж. 1 214 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031