СӨЗ СОЙЫЛ

Жүрегінен жыр төгілген жүз шайырдың мекенінде қара сөзден қаймақ сүзген тұлғалар жетерлік. Ел аузындағы «деген екендердің» бір шамасын әдеттегідей назарға ұсынып отырмыз. 
Жоқ жоғалтқан жаман шал болдым

Бірде Кіші жүз Шөмекей руының Балқы аталығының жасы тоқсан алтыға жетіп, «Күнімнен көрім жақын» деп отырған Досқара есімді ел ағасының үйір жылқысын Кенесары хан сарбаздары барымталап кетеді.
Содан ханға ренжіген қария артынан ерген бірде-бір жанның жоқтығына азарланып, ауыл арасына мініп жүрген саяқ атымен хан сарайына келеді.

Досқара Кенесары сарайына келгенде алдынан шыққан күзетшіге: «Қарағым, мен егде тартқан бір бейкүнә адаммын. Аттан түсе алмаймын. Хан Кенеге барып айт, Досқара есімді қария сізбен жолыққысы келеді. Тыңдаймын десе, айтар уәжім бар», – дейді.
Үлкеннің сөзін жерге тастамаған күзетші ханға қария тілегін жеткізеді.
Үлкенді сыйлай білген хан Кене де сыртқа шығып, қарттың уәжіне құлақ түреді. Сонда Досқара Кенеге қарап тұрып: «Айналайын, хан ием, сенің бабаң Абылайдың кезінде жауға шапқан бала едім. Қасым сұлтан ел билеп тұрғанда ақыл айтқан дана едім, ал енді міне, сен билік құрған кезде жоқ жоғалтқан жаман шал болдым», – дейді.
Қарияның ойының төркінін түсінген хан Кене сарбаздарының ісіне кешірім сұрап, астына ат, үстіне жібек шапан жауып, барымталаған жылқыларын қайтарған екен.

Биікті биік демеңіз, қасында аққан бұлағы болмаса
Ертеректе Арқада Алмат, Самұрат есімді еліне сыйлы ағайынды билер өмір сүріпті. Міне, олар қай жердегі той-томалақ, жиынға барса да әрқайсысы өзіне бөлек үй тіктіреді екен. Бірде сол ағайындылардың бірі, яғни Алмат Сыр бойындағы Жаппас руының белді азаматына беріліп жатқан асқа келеді. Үлкен алаңға тігілген ақшаңқан үйлер арасында оны күтіп тұрған адамның, тіпті арнап тігілген үйдің жоғын біліп, қайтып кетуге ыңғайлана бергенде жақын тұрған киіз үй ішінен:
«Биікті биік демеңіз, қасында аққан бұлағы болмаса,
Құрақты құрақ демеңіз, мал айналатын құрағы болмаса.
Бәрімізде өзіңіздей пендеміз, қараңғы деп көрге кірмей тұрмаса, Әлеке, бұл қалай тұрысыңыз, ішке еніп астан ауыз тиіңіз», – деген дауыс естіледі. «Ас» деген аталы сөзден аттап кете алмаған Алмат «Астан ұлы емеспін ғой» деп атын шылбырлап үйге кірген екен.

Арқада бір ақын қыз бар
Бірде Сыр сүлейлері Базар жырау, Дүр Оңғар мен Әзілкеш қонақтан қайтып келе жатып, жол айырығында әлдекімнен түсіп қалған ақ тоқымды көреді. Ақ тоқымнан дәмелі болған үшеу ойлана келе, соңғы ұйқасты кім келістіре айтса, тоқымды сол егеленеді деген шешімге тоқтайды.
Содан «үшеуінің үлкенімін» деп өлең ұйқасты бастап жіберген Базар жырау: «Ауылымның ақсақалы адай Сүгір», – дегенде, оның сөзін іліп кеткен Дүр Оңғар: «Көзі көк, тапал қыздан түңіл», – дейді. Сол уақытта ағалар не айтар деп аңдысын аңдып тұрған Әзілкеш домбырасын шертіп жіберіп: «Ақ тоқым айдалада тауып алдық, Құдайым тастай батып, судай сіңір» деп жерде жатқан ақ тоқымды іліп алып, өзі егеленеді.
Содан олар әрі қарай бір ауылдың тұсына жақындағанда алдарынан егде тартқан қарт ананың кезігіп, жолға ұзыннан жата кетеді. Кейуананың ерсі қылығына таң қалған дүр Оңғар мен Әзілкеш Базарға қарайды. Інілерінің «ымын» түсінген Базар жырау: «Отырған қарсы қарап кемпір еді», – деп ұйқасты бастап жібергенде Дүр Оңғар: «Бұл Оңғар сөздің мәнін келтіреді», – дейді, ал оны әрі іліп әкеткен Әзілкеш: «Қазірде кәрі ешкінің терісіндей, бұрында қара бұйра елтірі еді» деп ұйқасты сілтеп жібергенде жаңағы алдына жата кеткен кейуана бұлардың осал кісілер емес екенін біліп, жол береді.
Сол сапарда әбден шөлдеп, таңдайлары кеуіп келе жатқан үш жырау бір ауылға келіп, шеткерек тұрған киіз үйге тоқтайды.
Үшеуін есік алдынан күтіп алған әйелге Базар: «Ассалаума, әй жеңеше, айран маған» деп бір шумақ өлең арнап жібергенде, Дүр Оңғар оның артын іліп алып: «Жоқ болса, берсін жеңгем қайдан саған» дейді. Ал, кезегі келген Әзілкеш ағаларынан қалмайын деп: «Түйенің бір қатары артып қапты-ау, болмаса торсық-торсық байланбаған», – дегенде жолаушылардың жай адам емесін біліп, іште отырған үй иесі далаға шығып, қонақтарды жайғаған екен.
Манағы үш жыраудың кішісі Әзілкештің ақындығы бойына сыймай, кім болса, сонымен айтысып жүрген шағы екен. Бірде ол ел-жұрттан «Арқада бір ақын қыз бар. Оның ақындығы күллі Арқа жұртына жайылыпты» деген әңгіме естиді.
Міне, сол ақын қызмен кездесуді армандаған Әзілкеш бір жазда Арқаға жол тартқан керуен­шілермен арнайылап қыздың ауылына келеді. Қыз арнайылап Сырдан келген Әзілкешті танымаса да оған қонақкәде жасайды. Ауыл жастарына ән салдырып, жыр жырлатады. Отырыс арасында ақын қыз Әзілкешке: «Сыр мақамдарынан қонақкәде жасаңыз, жыр жырлаңыз» деп ұсыныс айтқанымен, қонақ өлең де, жыр да айтпайды. Үндемей отырған қонақтан шаршаған ауыл жігіттері оны сол кезгі қазақ жастары ойындарының бір түрі «ошақ асуға» көтеріп алып кетуге ыңғайланғанда ақын қыз ауыл жігіттеріне ақы беріп арашалап алады. Артынша Әзілкешті құтқарып алған құны ретінде жұмбақ айтысқа көндіреді.
Содан ақын қыз Әзілкешке:
«Таудан тас жұмаламайды» дегенде,
Әзілкеш «Менікі жұмаламайды» деп жауап қайырады.
Қыз «Шым-шытыр, шидей қотыр» десе,
Әзілкеш: «Шым шытыр емес, ши де қотыр емес» деп екінші жауабын береді.
Үшінші рет қыз Әзілкешке қарап: «Тақырда тайдың ізі» дегенде Әзілкеш: «Қобыда қойдың ізі» деп жауап береді. Содан ақын қыз қонақтың Әзілкеш екенін біліп, оған екі-үш күн қонақжайлық жасап, сый-құрметпен елге қайтарған екен.
  
Разы қылған бата
Қартайған шағында қарт Қуаңның бойында өмір бойы бақша егіп, одан өндірген өнімін елге сатып күнкөріс жасап отырған бір қарияның үйінің үстінен  өтіп бара жатқан керуеншілер түстенуге ат басын бұрады. Ол қауын-қарбыздың піскен кез  екен. Содан керуеншілерден бата алып қалуды мақсаттаған  кемпір-шал үйіндегі бар тәттісін қонағының алдына төгеді.
Жайған дастарханнан дәм-тұз татып, қауын-қарбыз жеп болған қонақтар бата бермекке қол жаяды. Сонымен керуеншілердің үлкені үй егелеріне қарап:
«Жегендерің қауын болсын,
Алдарыңда мың жылқы сауын болсын.
Сыр мен Қырдың арасы,
Малға жайлы жайлаулы ауылың болсын», – деп батасын береді.
Сондай мағыналы батаға ие болған үй иелері қонақтарға алғысын айтып шығарып салар кезде, керуенбасы қарияның өзіне қарайлай бергенін байқап жанына келеді.
Сонда қария қонағына қарап тұрып: «Кемпірім екеуміз  ойлана келе жаңа сіз берген кең батаның бізге енді керегі жоқ. Өмірімізден көріміз жақын адамбыз. Бізге сауындық мың жылқы мен Қыр мен Сырдың кең жайлауы да керек емес. Одан да сіз біздің бүгінгі күнімізге лайықты бата беріңіз» деп қайта қолын жаяды. Сонда керуенші қарияларға:
«Жегендерін қауын болсын,
Қара ешкі сауын болсын.
Мекен еткен қара жер,
Өле-өлгенше ауылың болсын» деп батасын береді. Ал, өз кезегінде өздеріне тиесілі батасын алған екі қарт «Әумин» деп аса ризалықпен бетін сипаған екен.

Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ
27 қараша 2018 ж. 1 547 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 548

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 617

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031