» » » БІЛІМ БЕРУДІҢ БІЛГІРІ

БІЛІМ БЕРУДІҢ БІЛГІРІ

Өмірдің өзі дәлелдегендей, еңбектің қайнар көзі – халық, оларды өсіретін де, нақты баға беретін де халық екеніне дауа жоқ. Ел үмітін ақтамағандарды тарихтың табалдырығынан сыртқа ығыстырып тастап жататын да осы құдайдың бір аты берілген халық екенін ұғындық.
Өмірдің аты өмір ғой. Алғашқы өмір жолдамасын осы халықтан ала отырып, қызметі өсе, өзі толыса келе бар дүние өзіне берілгендей сезініп, өзгені менсінбей, тоңмойындық танытып, ойына келгенді істеп жататындар да аз емес. Олардың көбісі билік құдіретін өзінің мақсаты үшін ғана берілгендей пайдаланып, кешегі кеңестік жүйенің тарих сахнасынан кетуін жеделдеткені жасырын емес. Жалпы алғанда лауазымды қызмет биігіне көтерілген азаматтан халық не күтеді. Әрине, оның сол қызметке сай болғаны қажет. Әйтеуір креслода отыр деген аты болмаса, халық мүддесін сезінбейтін, сезінсе де жанын қинап күреспейтін, ең негізгі құндылықтардың маңызы мен мәнін біле бермейтін, сол себепті де үнемі «әлде не болып қалар екен» деп жалтақтап, қорқып отыратын біреу болса ол елдің соры. Лауазым иесінің кісілік қалпы, егер ол бұрынғы қалпынан өзгеріп, мүлде басқа адамға айналып, өзінен қызметі төмендерге бір мінез, үлкендерге екінші мінез көрсетіп, әртүрлі рөлдерде ойнап жүрген актерлерге ұқсап жүрсе, онда бұл да қоғамның соры. Міне, өмірдің осындай қатал талаптарын әуелі өзіне, сонан соң өзгелерге қоя білген, ерік-жігері және еңбегімен табысқа жетіп, жұртшылықтың есінде қалғанның бірі – Тұрсын Мешіт­­баев еді. Ағаның өнегелі ісі мен ұстаздық жолындағы ерен еңбегін осы талаптармен сабақтастыра отырып әңгімелеудің жөні бар. Адам бір жылын ойласа дән себеді, бар ғұмырын ойласа ағаш отырғызады, ал болашағын ойласа ұрпақ тәрбиелейді деген ғой данышпан аталарымыз.
Тұрсын Мешітбаев өнегелі өмір жолымен халық сеніміне ие болған тұлға. Тұрсекеңнің жарқын бейнесі өзі­мен қызметтес болған адамдар мен шәкірттерінің әлі есінде. Өйткені, ол артында өшпестей із қалдырған жан. Кеңестік дәуірдің шалқып тұрған шағында 30 жылға жуық Қызылорда қаласында Гагарин атындағы мектеп-интернаттың директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласындағы алғашқы қазақ орта мектебінің директоры болып, ел экономикасының өсуіне, жастардың білім алуына үлес қосып, бірнеше жаңа әдістемелер қалыптастырған білікті маман.
Иә, Тұрсекең өз ісінің білгірі, ша­руаның шешімін дұрыс таба біле­тін, көпірме көп сөзділікті жаны сүймейтін, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін жан болатын. Шаш ал десе бас алатын Кеңес дәуірі кезінде де ол айналасындағы адамдар мен қарамағындағы қызметкерлерін біл­­­­­­­­­гір­лігі мен тапқырлығының ар­қасында қорғай да, қолдай да білді. Мен ол кісімен бірге қызмет атқарған жылдарда байқағаным Тұрсекең әрбір айтқан сөзіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, сөзінің әрі қысқа, әрі нұсқа болуына назар аударатын. Көп сөзділікті жаны қаламайтын. Жалған сөз бен жауапсыздыққа жол бермейтін. Сол бір тұста аудандық оқу бөлімінің беделі өте жоғары болғанын мақтанышпен еске аламыз. Өмірдің теперішін жас кезінде бастан өткерген Тұрсекең аудан халқының, қызметтестерінің алдында беделді болды.
Әлі есімде, облыстың барлық басшылары бас қосқан үлкен бір жиында Қармақшы ауданы оқу бөлімінің басшысы туралы жақсы сөздер естігенде кәдімгідей көңіліміз марқайып қала­тынбыз. Оның облыстық оқу бөлімінің алқа мәжілістерінде өте сауатты, кәсіби білімдарлықпен айтқан ұсыныс-пікірлерін тыңдаған кездеріміз көп болатын. Ол ауданда алғашқы боп «Сыр ұшқыны» ән-би ансамблін құ­рып еді. Оның мүшелерінің 80 пайызы жас мұғалімдер болатын. Тіпті, қызметтестері, достары, тұстастары арасында тыңдаушыларын ұйытып ала жөнелетін шеберлігі де болатын. Сол кезде ақпараттық техникалар дамымаған кездің өзінде дүниежүзінде не болып жатқанын елден бұрын біліп, таң қалдырушы еді. Сонымен қатар, ол дүниежүзі классиктері мен қазақ жазушыларының шығар­маларын сүйіп оқитын, аудандық, облыстық Кеңесі ат­қару комитеттерінің сессияларында, аудан­дық, облыстық партия ко­митеттерінің пленумдарында шешен сөйлейтін.
Тұрсекеңмен бір кездескендегі мына әңгімесі есімде қалыпты. «Бәрі де табиғат пен тәрбиеге байланысты. Осы екі заңдылық менің болашақ өмірімді айқындады. Мен анамнан тазалықты үйренсем, әкемнен адам баласын бө­ле жармайтын бауырмалдықты мұ­раға алдым. Өмірде талай адамнан бетім қайтса да, ешкімге кек сақтаған емеспін. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» дейді дана қазақ. Ал, данышпан Абай «адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп кеткен ғой. Шамасы осы дүниеге жетуге, табиғи болмыс пен тәрбиелік ұмтылыстың нәтижесінде кейіннен көптің көңілінен шығып, жақсы дос, аға-іні тауып арқа-жарқа болып жүруіміз осының арқасы ғой» деп отыратын қайран аға.
Сол кездері аудандық білім бөлімінің инспекторларының айлық жалақысы 80 сомнан аспайтын. Бірде Тұрсекең бөлімде инспекторлық қыз­мет ететін қу тілді Асылбек Құн­дақбаевтан: «Жағдайларың қалай» деп сұрайды. Сонда Асылбек: «Жағдай өте жақсы, тек осы жерде «шыбын қағып жеп отырғандай» қалыппен жүрміз ғой» деп әзілмен жауап қайтарады. Сөзді түсінген Тұрсекең қосымша жұмыс істеймін деген бірнеше инспекторға мектептерден сағат алып беріп, айлық алуға мүмкіндік жасағанын тұстастары әлі айтып жүр.
Мен сол жылдары аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметінде болатынмын. Отбасымызбен пәтер жалдап жүргенбіз. Аудан орталығында басшылық қызметте жүрген бірнеше кісілерді отымның басынан шай ішуге шақырдым. Үл­кені Тұрсекең болып шақырылған кісі­лердің бәрі келіп, мәре-сәре болып қалдық. Дастархан басында бізді кішісінбей әңгімеге тартып, ортақ әңгіме айтылды. Сондай бір сәтте мен Тұрсын ағайыма: «Тұрсеке, менің комсомолда жұмыс істегеніме 3 жылдан асып барады, әлі күнге баспанам жоқ, әр үйде пәтерде жүрмін. Менің «Ленин» совхозына мамандығыма сай оқу ісінің меңгерушісі болып баруыма бола ма?» дедім. Тұрсекең сәл ойланып отырып, «Неге болмасын болады. Бірақ, сенің мына жұмысың ешкімнің қолына тие бермейтін, өмір сүруді, адаммен қатынасуды қалыптастыруды үй­рететін үлкен мектеп қой шырағым. Ауылға кез келген уақытта барасың, жұмысыңды жалғастыр, қайта бұрын­ғыдан да жақсы жұмыс жаса» деп ақыл берген еді. Қазір өзім ақыл беретін жасқа келсем де көрегенді кісінің айтқан ақылы маған жолбасшы болғандай. Тұрсекеңнің маған ой салған осы бір сөзі де өмірге бейімделген, арада 30 жыл өтсе де мәнін жоймаған мәселе ме деп қаласың.
Тұрсекең мансапқа, байлыққа мастанғандарды ұнатпаушы еді. Бірде қатар жұмыс істеп жүрген азаматтың лауазымы өсіп, қонақта бірге болдық. Ол бірден төрге өрлеп, ешкімді менсінбей, төрдегі орындыққа жайғасып, жасы үлкен кісілермен жарыса сөйлеп, ешкімге сөз бермей қойғаны. Содан Тұрсын аға төменірек отырған маған жай ғана: «Нұртілеу, ана жігітің өз аты мен әкесінің атын ұмытып қалмауын есіне салшы. Уақытында есіне салмасаң ол өзін де ұмытып, далада қалып қоюы мүмкін» деп, әзілдеген сөзінің өзі өмірдің шындығына айналып еді. Алайда, қай қызметте болса да, қолынан келгенін аянбай, өзінің жеке басының қасиетімен, ерік-жігерімен, еңбегімен табысқа жеткендер де баршылық. Тұрсекең шын мәнінде жақсы қартайған, қазыналық қасиеті мол аға болды. Ұлтымызға тән ұстамдылық пен халқымызға тән қарапайымдылықты қастер тұтып, дәстүр-салтқа беріктігімен бүкіл ғұмыр бойына айнымай өтті ол.
Қызмет бабында жүргенде адам­ның мінез-құлқының талай өзгеретінін көріп жүрміз. Кеше ғана кішіпейілділік көрсетіп, көшенің арғы бетінен келіп сәлемдесіп жүрген біреулер, бір қарасаң саған бұрылып қарауға ерініп кетіп бара жатады. Япырай, бұған не болды десең жоғарылаған болып шығады. Немесе сені кісі құрлы көрмей жүрген біреулер аяқ астынан құрақ ұшып, кішіпейіл бола қалады. Сөйтсең ол кісі орнынан түсіп қалған болып шығады. Бұл екі күннің бірінде болып жататын өмір шындығы. Сондықтан лауазым иелерінің бойынан адамгершілік қасиеттердің табылуы қоғам үшін, ұрпақ үшін айрықша мәні, маңызы бар нәрсе екені белгілі. Тұрсекеңнің «Лауазым иелері үшін ең үлкен қазына халықтың сенімі, ықыласы, сүйіспеншілігі. Ешкімге өзіңді зорлап сүйгізе алмайсың ол басы ашық мәселе. Елдің жүрегіне жеткізетін жалғыз нәрсе ол өзіңнің шынайы кісілік қабілетің. Сол арқылы халыққа да, қалың жұртқа да сүйкімдісің. Адам ол қасиеттен жүре келе айырылуы да мүмкін, онда сені сол сүйкімсіздіктен биік мансап та, мол байлық та, шен-шекпен де, ештеңе құтқарып қала алмайды» деген сөздерін жиі естуші едік. Ардақты ағаның туған елі үшін төккен тері кезінде тиісті орындардан лайықты бағасын алды.
Ол бірнеше рет аудандық, облыстық Кеңестердің депутаты болып сайланды. «Қазақ ССР еңбек сіңірген мұғалім» және «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төс белгілерін алды. Бірнеше рет мемлекеттік орден, медальдармен марапатталды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Бұл жарық дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Біреу ерте, біреу кеш қамшының сабындай қысқа өмірмен қош айтысады. Туған еліне қалтқысыз қызмет ету Тұрсын Мешітбаевтай атпал азаматтың бүкіл мағыналы өмірінің мұраты болды. Ол айналасына қолдан келгенше тек жақсылық жасап, өнеге көрсетіп, өзіне ғана тән қасиетінен айнымай, тектілік тұғырынан таймай өмірден өткен, туған халқының ойында сақталып қалған ардақтысы болды.
Адамның өзі өлгенмен, рухы өл­мейді десек, бүгінде Тұрсын аға­мыздың рухы бізбен бірге жүргендей әс­ер етеді.
Нұртілеу Салықов,
Қармақшы ауданының
Құрметті азаматы.
02 қараша 2018 ж. 1 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031