» » » Ақын ескерткіші қалай салынды?

Ақын ескерткіші қалай салынды?

Тұрмағамбет ауылында Тұрмағамбет Ізті­леу­овке қойылған ескерткіш бар. Бұл ескерткіш сегіз бұрышты күмбезді болып келген. Айналасындағы тегіс ландшафтан биіктеу орналасқан. Ескерткіш сегіз қырлы призма түрінде, күмбезбен көмкерілген. Дөңгелекше келген негізге орналасқан, айналасына баспалдақтар салынған. Сегіз қырлы негіз сегіз қырлы колоннасы бар портпен жабылған. Колонналарға негізделген аркалар екі қима түрінде салынған (тең бүйірлі үшбұрыш түрінде). Осыған ұқсас аркалық қуыстар сегіз бұрышты негіздің барлық бұрышында бар. Оңтүстікке бағытталған шетте кіреберіс есік салынған, есік қос жармалы, ағаштан жасалған, ескерткіш күмбезі жарты шар іспетті. Сегіз қырлы призманың биіктігі 4,5 м, күмбездің биіктігі 2 м. Әрбір қырлы приманың ені 128 см.
Енді осы ескерткіштің салыну тарихына үңілсек, көреген адам қай кезде де құрметке лайық қой. Оған айқайлап жар салудың қажеті де шамалы. Ақылға жеңдіріп заман озбырлығынан ақын тағдырын қорғау және жарыққа шығару жолдарын іздестіру басты мақсат. Осы орайда Е.Көшербаев тарапынан ақынға ескерткіш қою, күмбез көтеру мәселесі ойластырылды. Бірақ мүсін, ескерткіш қоюға рұқсат етілмеген заманда ескерткіш мәселесін ойлаудың өзі мүмкін жағдай емес сияқты еді.
Десе де, ойластырылған, табанды жұмыстардың нәтижесінде Тұрмағамбет ауылына кіреберістегі осы күнгі «Тұрмағамбеттің күмбезді ескерткіші» осындай қиын-қыстау уақытта, яғни 1980 жылдың 15-қазанында салтанатты түрде ашылды. Осы күні түске дейін Қорқыт атаға арналған ескерткіш те ашылған болатын. Екі ескерткіштің де ашылуы сол уақыт үшін тек жетістік ғана емес, күтпеген оқиға, сол заманның идеологиясының бетін қайыра бастаған іс, келешек ел тәрбиесіне деген батыл қадам еді. Бүгінгі күні де мәні артпаса, кеміген жоқ. Аталған ескерткіштің де қойылу қиындығы қалай шешілгенінен оқырмандардың хабардар болғаны жөн болар. Әсіресе, өткеннен тағзым алу жас ұрпақтар үшін аса қажет.
Тұрмағамбеттің күмбезді ескерткіші салынар кезде оған ескерткіш деген атау берілмеді және ондай ескерткішті салуға рұқсат етілмеді. Тұрмағамбетке аталған ескерткішті қоюға рұқсат алып жұмыс бастаудың өзі бір тарих. «Тұрмағамбет Ислам дінін уағыздаушы, діни оқу оқып ауылда мода болып бала оқытты», –деп, сонау сұрапыл жылдары тағылған қиянат айып ақынның өмірден өткеніне қырық жылдан астам уақыт өтсе де, тиісті орындардың қатаң бақылауында тұрды. Ақынды қолдаған адам сол уақыттың саясатымен қоғамнан аластатылатын кезең болатын. Дегенмен, қиын жағдайдан шығып, қалайда ақынға белгі қойылмаса, оны кейін тарих та, халық та кешірмейтінін аудандағы бірінші басшы терең түсінді. Сол үшін де Е.Көшербаев жауапкершілікті мойнына алып үлкен тәуекелге барды.
Тәуекел түбі келешек қойылатын күмбезді «Бейіт үстіне қойылатын белгі» деп шешу жөніндегі ұйғарымға тірелді. Тек осы жағдайда ғана ақын бейітінің үстіне, болмаса басқа жерге орнатылатын болса келешек мәйітін әкеліп қоятындай болған жағдайда ғана рұқсат етілмек екен. Онда да белгі біткеннен кейін марқұмның мәйіті әкелініп қойылатын болуы шарт және оған ақынның ұрпақтары алдын-ала келісім берсе. Аталған мәселеге, яғни ақынның денесін қозғауға ұрпақтарынан келісімін алу қиынның қиыны болды. Оған ақынның рухын асқақ тұтқан ауылдың зиялы ақсақалдарын көндіру, ол да нағыз бітпес шаруа қатарында қалды.
Бұл орайда белгілі қоғам қайраткері, сол кездегі облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы С.Құбашевтің еңбегі зор, ерекше қызмет жасады. Сол кездегі саясат талабымен қарағанда тәуекелге бел буған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Көшербаевқа, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Н.Ысқақовқа ғимаратты салуға тек қаржылай ғана емес, табанды тәуекелшілдік жасауға да азамат ретінде үлкен сүйеу болды.
Ол кісі істің болар жағына бағыт-бағдар берді, жұмыстың аяқталуына дейін ашық түрде болмаса да оның барысын үнемі бақылауда ұстады. Айтылған пікір, ұсыныс бойынша ауыл зиялыларымен ақылдасқан Е.Көшербаевтың сөзі ескерусіз қалмады. Осындай ой пікірге үмітпен қараған ақынның ұрпақтары да, көпшілігі қазір өмірден озған ауыл қариялары да, ауылдастары үміті ақталып, орнаған күм­безді көзімен көрді, ақын сүйегін де орнынан қозғамай, рухын риза етті.
Сондықтан Тұрмағамбет тұлғасына тағ­зым еткен, оның мағыналы да мәнді өміріне бас иіп, оның жарыққа шығуына саясаттың бет қаратпай тұрған осындай қаһарлы кезінде облыстың белгілі басшысы бола тұра аудан азаматтарына қол ұшын берген, күмбездің орнатылуына ерекше үлес қосқан азамат Сағидолла Құбашевті ақын Тұрмағамбеттің, Тұрмағамбет арқылы халқымыздың өнерін қиын қыстау кездері қорғай білген жанашыры деп білген абзал.
Ақынның еңбегін жарыққа шығару мен оны насихаттауды қалайда республикалық деңгейге көтермей ауыл айналасындағы жұмыстарға қанағат тұтып тоқырауға болмайтынын Е.Көшербаев алдын ала болжап, енді оның жолдарын қарастырды. Осы мақсатта Тұрмағамбет ауылының адамы, әрі сол шаруашылық партия комитетінің хатшысы ретінде ауданның бір топ жырауларын сол кездегі республика астанасы Алматы қаласына республикалық телевидениеге түсіру үшін басқарып бару, басшылық тарапынан Тұрсынбек Бекпанов ағамызға тапсырылған болатын.
Әрине, ауылда атын атауға жүрексініп жүргенде, ақын туралы республикалық телевидениеден хабар таратуға қол жеткізу бұл ақын өмірін насихаттаудағы бақыт құсын қолға қондырғанмен бірдей жағдай еді. Ол мәселеге қол жеткізді, бірақ сол кездің саясатында оны шешуге қалай қол жеткізілгені бүгінге дейін тек басшының өзіне ғана аян болып қала берді.
Міне, бүгінгі күні ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов ескерткішінің қайта абаттандырылып, жөнге келтірілуі егеменді еліміздің ел басқарған ерлердің азаматтық борышы жоғары парасаттылықпен орындауы деп білеміз.
Айдынбек АЙТБАЙҰЛЫ,
өлкетанушы.
15 қазан 2018 ж. 2 608 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 058

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031