» » » ҚАНАТТЫ СӨЗБЕН ҚАУЫРСЫН ҚАТАЙСА...

ҚАНАТТЫ СӨЗБЕН ҚАУЫРСЫН ҚАТАЙСА...

Қара сөздің мәйегі – мақал, қай­мағы – афоризм. Афоpизм – өткip нақыл сөз. Даналық ой­лар­­дың тобықтай түйіні көңілге қо­ным­ды тіркестерімен шымыр өрілгенде сананы бір серпілтіп тастары анық. Әлем классиктері де афоризмге өзінше анықтама береді. Кармен сильва: «афоризм ара сияқты: онда улы тілмен қатар алтын түстес бал да кездеседі» десе, георгий александров «афоризм – адам ойының алгебрасы» дейді.
Афоризмдерді біз ежелгі дәуір әдебиет өкіл­дерінің шығар­ма­лары­нан кездестіреміз. Мысалы, Қор­қыт­тың «Қыз анадан көрмейінше өнеге алмас, ұл атадан бата алмай сапар шекпес» деп ата-ана тәрбиесі туралы айтса, «Тәкап­парлықты тәңір сүймес» дегенде адам бойындағы жаман қылықты сынға алады. Жүсіп Баласағұнның да «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды», «Кісі алдындағы асқа қол созбас болар», «Жақсылардың ісін өсекшілер бұзады» сияқты афоризмдерінің тәрбиелік мәні зор. Қожа Ахмет Йассауидің «Нағыз махаббат қысқа ғұмырыңды ұзартады» деп адам өмірінде ойып тұрып орын алатын махаббаттың қаншалықты құнды дүние екендігін айтқан. «Сөзі тәтті, мінез-құлқы жүз мың түрлі» дегенде екіжүзділік пен жылтырағанның барлығы алтын емес дегенді басты назарға алған.
Жыраулар поэзиясында да афоризм­дер жиі ұшырасады. Асан қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жырау толғаулары тұнып тұрған афоризмдер. Асан қайғы «Жеңемін деп біреуді, өтірік сөзбен қостама», «Құйрығы жоқ, жалы жоқ – құлан қайтіп күн көрер?! Аяғы жоқ, қолы жоқ – жылан қайтіп күн көрер?!» десе, Шалкиіздің «Жоғары қарап оқ атпа, жуық түсер қасыңа», «Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық-ты», Ақтамбердінің «Сәрі ақсайды ақылдан, ер ақсайды жақыннан», «Қару алсаң мылтық ал: қарның ашса тамағың, жаяу жүрсең таяғың», «Түйе мойнын тұз кесер, жігіт мойнын қыз кесер, жомарт қолын тұз кесер», Үмбетейдің «Баласын мақтар бас жаман, қатынын мақтар қас жаман», Бұқардың «Қызға қылық болмаса, құр шырайдан не пайда?» «Жаманмен жолдас болсаң, көрінгенге күлкі етер, жақсымен жолдас болсаң, айырылмасқа серт етер»-деп бірліктің басталатын қайнар көзін ашып береді.
Сайын даламыздың кеңдігіндей дархан еліміз екі сөздің басын құрап, нақыштап сөйлеуге шебер болғаны жоғарыдағы мысалдардан-ақ белгілі болды. Баба мұрасына жастайынан қанып өскен қазақтың бас ақыны Абайдың ғақлиясында да, өлеңдерін де афоризмдер молынан кездеседі. Мысалы, «Өзімшілдік - адамды бұза­тын пиғыл», «Естілердің айтып жатқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі есті болады», «Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы» т.б. Ыбырай Алтынсариннің афоризм­деріне тоқтал­сақ, «Нәрсенің сыртына қызықпа, асылы ішінде болар», «Көңіліңді, бойыңды мөлдір бұлақтай таза ұста», деп бүгінгі күнге дейін өз құнын жоймаған асыл сөздерін қалдырды. Жыр алыбы Жамбылдың да афоризмдері баршылық. «Ел байлығы-өзімде, сөз байлығы-тілімде», «Ақын ғаріп емес пе, Байды өтірік мақтаса, Заман ғаріп емес пе, Әділеттен аттаса», «Сөздің саласын табу қиын емес, анасын табу қиын». Шәкәрім Құдайбердіұлының афоризмдері: «Білгеніңнің жақсысын қыл, білмегенін біле бер» деп өсиет сөздер қалдырған. Санамалай берсек осы аталғандардың әрқайсысында жеке тақырып етіп тоқталып, зерттеп шығуға жетерлік қанатты сөздер бар. Қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсыновтың да «Білім-бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де, келістіріп істейді», «Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? деген афоризмдері көпке мәлім. Қадыр Мырза Әлінің қазақ әдебиетіне қосқан елеулі үлесі – оның афоризмдері. Ақынның афоризмдері ұшқыр оймен жазылып қана қоймай, адамның санасына сәуле түсіреді. Афоризм туралы ақын өзінше былай толғанады: «Афоризм дегеніміз–белгілі бір күні басталып, белгілі бір күні біте қалатын шығарма емес. Ол ғұмыр бойы айтылып, ғұмыр бойы қағазға түсіп өмірдің соңғы сәтіне дейін созыла беретін, жалғаса беретін дүние. Афоризм – қызық жанр. Ол негізінен ауыз әдебиетіне жатады. Ауызша тарайды. Біреу айтады, біреу қағып әкетеді. Содан кейін қағазға түседі. Өкінішке орай, ауыздан шыққанның бәрі қағазға түсе бермейді. Қағазға түскеннің бәрі бірдей кітапқа кірмейді. Кіргеннің бәрі бірдей тарихта қалмайды. Олар де екшеленеді... Қанатты сөз болуға лайық, тартымды тіркес менің аузымнан бірінші рет қашан шықты? Ол жағы маған беймәлім. Есімде жоқ. Адам өз сөзін өзі бағалай бермейді. Сөзді қадір-қасиеті кейін, біраз кейін келеді. Осы бір керек дүние-ау деген тіркестерді қағазға түсіре бастағаныма небәрі он-он бес-ақ жыл» болды деп толғанады. Ақын өзінің керек-керек, ең жақсы деген қанатты сөздерін іріктеп 2000 жылы «Жазушы» баспасынан «Алмас жерде қалмас» деген атпен жарыққа шығарды. Қадыр Мырза Әлінің бірсы-пыра афоризмдері «Алматы ақшамы» газетіне, 2009-2010 «Алматы ақшамының кітапханасы» деген айдарда шығып жүрді. Бейсенбіден бейсенбіге дейін деп апта сайын ақынның «су жаңа афоризмдері» жарияланып тұрды. «Тіл және қоғам» журналына да «Өнеге» айдарына Отан, туған жер, тіл және адамгершілік тақырыбындағы-біршама афоризмдері берілген. Ал афоризмдерінің тақырыбына келер болсақ сан алуан. Ал адамгершілік, асыл қасиеттер хақында оның мынадай афоризмдері бар: «Ең таза адам – ары таза адам», «Ары таза адамның ұйқысы тыныш», «Ардың бағасы ақшамен де, алтынмен де өлшенбейді» дей келіп «Адамгершіліктің падишасы – ар-ождан» деп екінің бірі айта алмайтын қорытынды жасады. Ер мен әйел тақырыбын да тілге тиек еткен ақынның «Әйел өзі ештеңе істей алмаса да, күйеуіне істетуге шебер», «Әйелдің екі-ақ жолы бар: не алдау, не алдану», «Кемпірді кемпір демей, көп жасаған қыз деу керек» «Әйел жеңе алмайды, жеңдірмейді де», деп ұтымды түйінге келген. Мұнанда басқа көптеген өзекті тақырыптарға тоқталған ақын, ешқашан ақшамен сатып алу­ға болмайтын денсаулық туралы «Ыңқыл аурудың қайырмасы», «Кейбір ауру дерттен емес, емнен өледі», «Ауруды сыйлап төрге сүйрелесең, ол сені қинап көрге сүйрелейді», «Сау кезіңде жүгірмесең, ауырғанда тызақтайсың» деген афоризмдерді айтып денсаулықтың қадірін ауырғанда білетініміз жайында «Жөні бар нені де аңсаудың, аурудың арманы-денсаулық» деп түйіндейді. Саналы жанға сәуле шашатын ойдың бір ғана сөйлемге кіріп, үлкен бір тақырыпқа жүк боларлық салмақ арқалап тұрғанына куә боласыз. Бала кезімізде жоғарыда келтірілген афоризмдердің барлығын дерлік ата-анамыз бен ата-әжеміздің аузынан естіп, мағынасына қанық болдық. Нәтижесінде, сөзге тоқтайтын қазақы қасиет, тағлым мен тәрбиеге сусындап өстік. «Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, қазақтың афоризмдерінің өнеге-өсиетке толыларын іріктеп, болашақ өскелең ұрпақтың тәрбиесінде қолдана білсек, қанатты сөзбен қанаты қатайған жас жеткіншек келешекте ардың жүгін арқалап, адамгершілік парасат-пайымы мол азамат болып қалыптасатыны сөзсіз!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
23 қаңтар 2018 ж. 3 808 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031