» » » БОЛАШАҚТЫ БОЛЖАҒАН БОДАН

БОЛАШАҚТЫ БОЛЖАҒАН БОДАН

Тегінде, өткенге топырақ шашқымыз келмейді. Десе де, кешегі қызыл империяның сүтке тиген мысықтай, небір қазақтың арыстай азаматын абақтыға тоғытып, итжеккенге айдағаны ешқашан ұмытылмайды. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, сол заманның жан жарасы әлі де жазыла қойған жоқ. Қоғам қайраткерінен қарапайым еңбек адамына дейін ылаң салған кеңестік дәуір талай әулеттің көз-жасына қалды. Соның бірі – Мыхаевтар әулеті.
Бұл ел басына ауыр күн туған 1938 жыл болатын. Халық үрей мен қорқынышта өмір сүрді. Өйткені, қара киімділердің ертең кімнің есігін қағарынан ел хабарсыз еді. Жүрісі суыт, түсі суық «шаш ал десе, бас алатын» НКВД-нің жандайшаптары кез келген үйді баса-көктеп кіріп, құдды бір барымташыдай керек адамын алдына сап кете баратын. Сол күн жаңбырлы болды. Терезеден сорғалаған жаңбыр есікке жақындаған төртеудің сұлбасын сыза түседі. Бодан олардың бетін анық көргісі келеді-ақ. Бірақ, темір жолдың ауыр жұмысынан табаны тілінген шаруада кімнің шаруасы бар? Түнгі ауысымнан келген Қорғанбектің көзі ұйқыға кеткені енді. Естияр ұлдың бойын еріксіз үрей биледі. Демін ішіне тартып үлгіргенше, әлгілер тоқал тамның төрінен бір-ақ шықты. Баласының «әке» деуге шамасын келтірмей, теміржолшыны төсегінен жұлды да әкетті.
Әйнектен сығалаған күйі әкесінің артынан ұзақ қарады. Жаңбырмен қоса аққан көз жасы терезе шынысын бұлдыратып жіберді. Кеудесін намыс қысты. Сол кеткеннен Бодан әкесін қайта көрмеді.
«Халық жауы» деп жазықсыз атылған Қорғанбек Мыхаевтың есімі 1988 жылы ақталса, баласы Бодан аймаққа белгілі азамат болып өсті. Отқа оранған Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанып, елін жаудан қорғауға қатысады. Соғыстан кейін еңбек жолын ауданның ауыл шаруашылық басқармасында зоотехник болып бастап, кейін келе Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағамбет ауылдарында бас зоотехник ретінде шаруашылықтың алға басуына өз үлесін қосады. Мал шаруашылығының өңірде енді жандана бастаған шағында Ақтөбедегі 1-ші мал фермасын 3 жыл абыройлы басқарды. Кезінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының жерге орналастыру бөлімінің бастығы қызметін атқарған Келімбет Ысқақовтың айтуынша, Бодан Қорғанбекұлы Қармақшы мен Арал, Қазалының ауданаралық шекараларын бекітуге атсалысқан. Сондай-ақ, білікті маманның айтымымен елді мекендердің шекаралық даулары ортақ мәмілеге түскен. Жастайынан ел ісіне ерте араласқан Бодан Мыхаев ауылдық басқарма төрағасының орынбасары, төрағасы болған. 1963 жылдан өмірінің соңына шейін Қарақұм бөлімшесіндегі «Жапақ» шопандар ауылында жұмыс істеді. Талапшыл, еңбеккер, ұйымдастыру қабілеті жоғары Б.Қорғанбекұлы қашан да елінің құрметтісі бола білді.
Бодан әкеміз турасында аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге айтылады. Қармақшының қасиетті топырақ атануы да – туған жер төсінде туылып, бойына Алла дарытқан қасиеттен болар. Бірде Бодан әкеміздің үйі жанынан көлікпен бірнеше адам өтіп кетеді. Мұны байқап қалған ол балдызына (ұзақ жыл аудандық партия комитетінің ІІ-хатшысы қызметін атқарған Болатбек Сүлейменов) «ана көлікті қайтарып кел», – деп өзі ғана мінетін Боданторының шылбырын қолына ұстатады. Жездесінің жүйрігіне бір отыруды арман қып жүрген балдызы да атқа ырғып мініп, көлік артынан шаба жөнеледі. Сәлден соң көлікпен бірге үйге оралады. Сөйтсе, көліктегінің жасы үлкендеуі Боданның үйіне соғып, сәлем беру керектігін айтса, оны жастар тыңдамағанға ұқсайды. Сайып келгенде, әлгі жолаушылар кері қайтыпты. Ел сыйлаған жанның отбасынан дәм татып, сапарын әрі жалғаса керек. Болашақты болжаған Бодан ел-жұртына үнемі жақсылық жасап жүреді екен. Саяси сүргін мен зұлмат жылдардың зобалаңын көп тартқан отбасының баласы жетім-жесір, жоқ-жұқаға сүрінгенде сүйеніш, жығылғанда таяныш бола білген азамат. Жастардың қоғамнан өз орнын табуға да септігін тигізеді.
Ол зайыбы Рабиға Сүлейменовамен дүниеге 6 ұл, 3 қыз әкелді. Олар және олардан өсіп-өнген ұрпақ бүгінде еліміздің дамуына сүбелі үлес қосуда. Өкінішке орай, Бодан Қорғанбекұлы 49 жасында өмірден озып, отбасы тауқыметін Рабиға анамыз тартады. Р.Сүлейменқызы елі­мізде ат-жалын тартып, темір тұлпарды алғаш тізгіндеген қыздардың бірі. Көлік рулін бағындырған нәзік жан шалғай елді мекендердегі шопандарды аралап, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етті.
– Әкеміз қайтыс болған соң, оны Жосалы кентінің солтүстігіне қарай 4-5 шақырым жерге арулап жерлеп, басына үй там салдық. Қанша дегенмен, қасиеті болған кісі. Кейін келе ол жер үлкен қорымға айналды. Бүгінде сырты қоршалды. Ата-ананы қадірлеу, ісін өнеге тұту – ұрпаққа аманат. Бізде осындай іс-шараны жер­гілікті басқару органымен бірлесе қолға алудамыз, – дейді атпал азаматтың ұрпағы, еңбек ардагері Дүйсенәлі Боданұлы.
«Ғалымның хаты, жақсының аты қалады» демекші, Бодан Қорғанбек­ұлының артында үлгілі ұрпағы мен өне­гелі өмір жолы қалды. Ал, оның есімі­мен аталып кеткен Жосалы кентінің солтүс­тігіндегі «Бодан» қорымы өмірден өткен ағайынның мәңгілік мекеніне айналды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
22 тамыз 2018 ж. 1 735 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 004

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031