ЖӘРІМБЕТ ӘУЛИЕ

Бақилыққа аттанғанына екі ғасырдан астам уақыт өтсе де көңілден кетпей, санадан өшпей, жаңғырып, әруағын ұлықтаушылары мен қастерлеушілері көбейіп келе жатқан әулиелеріміздің бірі де, бірегейі де Келмембет батырдың ұрпағы- Жәрімбет әулие. Әулиенің қадір-қасиеті оған орнатылған күмбездің биіктігімен өлшенбейді. Зиратын жер бетінен ысырып тастасаң да, сол әулиеге деген халықтың ықыласын кеміте алмайсың. Оған бір мысал айтайын.
1931 жылы қайтыс болған ақын, оқымысты, әулие Мәшһүр Жүсіп Көпеев дүниеден өтерінен бір жыл бұрын елін, жұртын жинап: - «Уа, халайық, мен бүгін жетпістің екеуіндемін, қазір мені балталаса да өлмеймін. Ал, келер жылы пайғамбардың өзі арнайы келіп қолқаласа да тірі қала алмаймын! Бұл менің асым. Амандық болса, бір жыл өткен соң дүние саламын!»,- дейді. Жұрт не дерін білмей, тарап кетеді. Көрі қазылып, мәңгілік мекенінің үстіне едені тақтайланып үй тұрғызып, үйіне жиһаз-мүлкін, кітапханасын орналастырған.
Бір жыл өткенде айтқаны айтнымай келген. Мәшһүр Жүсіптің зиратына келушілер де, түнеушілер де толастамаған. Кеңес үкіметінің шыдамы таусылған, ақыры бұздыруға пәрмен берген. Обком ауданға, аудан милиция бастығына, милиция бастығы бағыныштысына, ол арақ пен ақша беріп, келімсек тракторшыны жұмсап, үйді қиратып жермен жексен еткен. Тапсырыс берген милиция басшысының аузы қисайып, тракторшы жынданып кеткен. Осынысымен Кеңес үкіметі Мәшһүр Жүсіптің рухына деген халықтың ықыласын тоқтата алған жоқ. Тәуелсіздік жылдарында Мәшһүр Жүсіп атына сәулетті де зәулім мешіт орнатылды.
Жәрімбет әулие шамамен 1730-1735 жылдар аралығында Қызылқұм өңіріндегі Қармақшы ауданына қарасты Қарақ тауының етегінде дүниеге келіп, 1809 жылы қайтыс болған. Әкесінің есімі – Солтан. Жәрімбет бабамыз алты әйел алып, он жеті ұлды болып, соның он үшінен тараған ұрпақтары өсіп-өніп, қанатын жайып, қазір бір рулы елге айналып отыр.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады»,- дегенді қазақ бекер айтпаған. Жәрімбет әулиенің ұрпақтарынан, өткен ғасырдағы Кеңес үкіметінің зорлығынан болған нәубет құрбандары, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан мелекеттерінің халық комиссары қызметін атқарған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов. Сырдария, Ырғыз өңірлерін жайлаған «жылқылары суға бас қойғанда дария ағысын баяулатқан»,- деп ақындар жырға қосқан, байлығына қайраткерлігі, ақыл-парасаты сай – Жүргенұлы Қара. Марқұм Қара бабасы да Жәрімбетке ұқсап болжампаз болған. Оған бір мысал. Кеңес үкіметінің қызметкері ұлын, үйін, қызмет орнын көрейінші деп әкесі Қара Алматыға келеді. Үйінде де, кеңсесінде де мылтықты күзеттің кедергісінен «наркомпрос ұлына» жолыға алмаған. Ауылға қайтуға темір жол вокзалында отырғанында әкесін ұлы іздеп келіпті. Сонда Қара жарықтық ұлы Темірбекке – «Шапаның жылтыр, бас киіміңнің маңдайы тым қысқа екен, өмірлерің ұзақ болмас, тірліктерің боямалы, ұраншыл боларсыңдар, сірә»,- деген екен.
Жәрімбет әулие өмір сүрген он сегізінші ғасыр, қазақ халқы үшін тілі, еркі өзінде, діні Ислам арқылы ауызбірлігі жарасқан, имандылығынан ажырамаған кезең болатын. Тілі мен діні өз еркінде болған халықтың рухы да биік. Ал, рух – қамалың, қорғаның екені даусыз. Осы жағдайлар Ер Сейтпенбет Қожа, Марал ишан, Жәрімбет әулие сияқты сияқты халықты діни сауаттандырған, Ислам нұрымен нұрландырған, рухани демеушілері болған тұлғаларды қалыптастырды.
Бабамыз Жәрімбет жастайынан зерек, алғырлығымен көзге түсіп ержеткен. Ел арасындағы мал-мүлік, жер-суға байланысты тартыстарға ерте араласып, ел-жұрттың көңілінен шығатын шешімдерімен аты шығып би атанған. Бірде Жәрімбетке мал ұрлығына қатысы бар өте жақын туысқаны, «ертеңгі болатын төрелікте менің сөзімді сөйлерсің, дұшпанға таба қыла көрме, «қанына тартпағанның қары сынсын»,- деп туыстығын міндет қып, жүк артып кетіпті. Осы дауда туралығын айтып, туысқанын жазалатып, мал иесіне ат-тон айыбын төлетіп, билік даңқы арта түскен.
Әулие – қастерлі, қасиетті ұғым. Олай болатыны, құдай жолын ұстаған, дінді уағыздаушы, көріпкел, сәуегей адамды - әулие дейміз.
Жәрімбет әулие Сырдария жағасында осы күнгі Байқоңыр қаласының орнында ұйықтап жатып түс көреді. Оянғасын, түсін жорып, «Осы орында көп жылдардан кейін бірінің үстіне бірі мінген үйлер тұрған үлкен шаһар болады, тілдерін мен түсінбейтін көп халық мекендейді, көзді қарықтырған, жарқыраған шам көріп тұрмын»,- депті.
Қарақ тауының етегінде замандастары – Ер Сейтпенбет қожа, Марал ишан мен Жәрімбет әулие үшеуі кездесіп кеңесіпті. «Біздің мәңгілік мекеніміз қай жерде болар екен»,- деген сауалды Марал ишан ортаға салған. «Оның жауабын Жәрімбет айтсын»,- депті Сейтпенбет қожа. – «Ер Сейтпенбет, сен шөлде қаласың, Артыңнан іздеушілерің аз болар. Марал, сен-көлде қаларсың, кейін көл тартылар, сенің басыңа тағзым етушілер көп болар. Мен осы Қарақ тауында атымның алдыңғы тұяғы тұрған жерде болармын. Менің ұрпағым, іздеушілерім баршылық болар, бірақ Қарақ тауының атын иеленбеймін»,- деп Жәрімбеттің айтқаны айнымай келгенін көріп, біліп отырмыз. Осыдан кейін ол кісіні әулие демеске амалың бар ма!
Жанқожа батыр әлі ерлігімен таныла қоймаған, он жеті жасында Қарақалпақ батыры Тықымен жекпе-жек айқаста бағы жанып, ел-жұртын қуантқан. Әкесі Нұрмұхамед ұлының ерлігіне мақтаныш сезіммен елдің игі жақсыларын жинап ас береді. Астың батасын сұрайтын ретінде Нұрмұхамед: - «Батаны үш мәрте қыдыр көрген, дүниенің төрт бұрышын шарлаған шөмекейден шыққан әрі би, әрі әулие Жәрімбет берсін»,- дейді. Әулиенің жасы алпыстың шамасындағы кезі екен. – «Жорытқанда жолың болсын, әруақты бабаларың желеп-жебеп жүрсін. Қыдыр ата оқ қағарың болсын»,- Жанқожаны маңдайынан иіскеп, арқасынан қағыпты.
Оқ өтпейтін адам болмайды, оқ тимейтін қасиет дарыған адам болады. Жанқожа батырдың қазақ халқын, қазақ даласын отаршылардың зорлық-зомбылығынан қорғап, бақайшағына шейін қаруланған жау әскерінің зәре-қүтын алып ерлік көрсетіп үш жүзге аты мәшһүр батыр атануы, көздеп атқан дұшпан оғы дарымай, туралып ұрған найзасы мен қылышынан аман қалып, қырғын соғыста жүріп, тоқсан жыл жасауы, Жәрімбет әулиенің батасының қабыл болғандығы, батырға қасиет боп дарығаны шығар, бәлкім.
Жәрімбет әулие өзінен үш ғасыр бұрын ғұмыр кешкен, халқына тұрмысқа жайлы Жерұйығын іздеген Асан Қайғы бабасына ұқсап, «Дүниенің төрт бұрышы»,- деп қазекем, өзінің ат-көлігімен аяғы жеткен Орта Азия мен Ресейдің көрші аймақтарын айтқаны шығар деп топшылаймын. Аталған аймақтардың табиғат байлығын көріп, тамсанып, қазағына шөбі шүйгін, орманы нулы, суы мөлдір, түгін тартса түбінен майы бұрқырап тұрған құнарлы топырақты, шұрайлы мекені көксегені анық. Оған дәлел, Торғайды, Ырғызда, Тобыл бойында, Ақтөбе өңірінде: - «Жәрімбет қыстауы», «Жәрімбет көлі», «Жәрімбет төбесі» деген жер-су атаулары барын ел-жұрт көріп жүр. Бұл деректе әулие бабамыз ел аралап жүріп, егін егудің не екенін білмейтін жұртқа жолығып, сол елде жылға жуық қалып егіншілік кәсібіне бейімделуге ықпал еткені айтылады.
Жәрімбет әулиенің қадір-қасиетіне сүйсінуден, атақ-даңқын құрметтеуден оның ұлдарына қызын беріп, қыздарын келін етіп түсіруге, есімі дүйім жұртқа әйгілі бектер мен билері, батырлары мен ақындары ықыласты болған. Соның бірі Тама Есет батыр жолаушылап жүріп Жәрімбет әулиенің үйінен өзі жоқта сусын ішіп, он екі жасар Ханым есімді қызының әдептілігіне, қонақжайлығына қызығып, кейін арнайы келіп, құдалыққа қолқа салып, Ханымды өзінің Ақшал есімді ұлына қосқан.
1995 жылы Қарақ тауындағы Жәрімбет әулиенің басына жаңадан күмбез кесене салынған. Осы игілікті іске ықылас танытып, демеушілік жасап, ұйымдастырып, ел- жұртты жұмылдырған, жетекшілік еткен Жәрімбет әулиенің ұрпақтары:- Өмірзақ Тұңғышбаев, Бердібек Шаймағамбетұлы, Бектай Ерімбетов, Мақшат Үйреков ағалар мен Түрікпен Қонысбаев інімнің еңбектері орасан еді. Құрылыс жұмыстары Бақытжан Базарбаев, Тынымбай Байманов, Оразбек Ахметов інілерімнің белсенді басқаруымен, атқаруымен орындалды. Әулиенің басына барып, түнеп, дертіне шипа іздеген, перзент тілеп, ұл сұрағандар мен арнайы зиярат етушілердің толастамағаны баршағы аян. Қазақстан егемен ел болғаннан кейін олардың қатары арта түсті. Осыны ескеріп, Жәрімбет әулиенің ұрпақтары тағы да бас қосып, қарақтағы кесене жанынан 2005 жылы қонақ үй-жай тұрғызды. Осы ауқымды іс марқұм Әбиұлы Қалмағамбет ағамыз бен Әмит Жұмағұловтың басшылығымен, Кенжебек Үйреков, Бақытжан Базарбаев інілерімнің материалдық, ұйымдастырушылық еңбектерінің арқасында атқарылды. Енді міне, тағы бір игі шара - Байқоңыр ғарыш қаласына кіре берістегі оң жақ бетінен жаңа мешіт бой көтерді. Қазақстан діни басқармасының шешімімен «Жәрімбет» мешіті деп аталды. Мешіт құрылысының салынуына Қызылорда облысы мен Байқоңыр қаласы әкімшіліктерінің үлкен қолдауы болды. Негізгі қаражат Жәрімбет әулие ұрпақтары мен меценат кәсіпкерлердің үлестерінен құралды. Қызылорда облысы әкімі мен Байқоңыр қаласының басшысына ел-жұрттың алғысы шексіз. Алла ол кісілердің қайраткерлік істеріне береке дарытсын, Жәрімбет әулиенің әруағы үнемі желеп-жебеп жүргей деп тілейміз.
Сәпен (Сәби) Аңсатов,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы.
28 шілде 2018 ж. 2 008 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031