» » Сейітпенбет әулие

Сейітпенбет әулие

Сейітпенбет әулиенің мазары Т.Көмекбаев ауылының солтүстігінде 40 шақырым жерде орналасқан. Әулие бабамыздың өзі 18 ғасырдың аяғы – 19 ғасырдың ортасында өмір сүрген. Әйгілі Марал ишанның замандасы болған. Қасиетті Түркістан қаласында дүниеге келеді. Әкесі Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінде діни қызметкер болыпты. Бала күнінде Сейітпенбет әулие Хиуа, Бұхарадағы медреседен білім алады. Онан соң өзінің білімін жетілдіру үшін Бағдат, Мысыр, Шам, Мекке, Мәдине, Герат қалаларын аралап, озық ғұламалардан дәріс алған деседі. Өзі араб, парсы, түркі, қытай тілдеріне жетік болған. Әсіресе, Ибн-Синаның дәрігерлік жазбаларын оқуға қатты қызығыпты. Түрлі шөптердің қасиеттерін игереді. Халық ішінде үлкен сый-құрметке, зор рухани ықпалға ие болыпты. Оны Шөмекей руының Дөсек, Бекет, Қалам деген би-бағландары өздеріне пір етіп көтереді. Содан бастан Түркістаннан Сыр өңіріне көшіп келеді. Қалам би Қуаңдарияның сол жағалауынан мешіт салып береді. Көнекөз қариялардың айтуынша бұл мешіт қазіргі Қармақшы ауданы «Қуаңдария» ауылындағы «Ерімбет» деген жерде болыпты.
Ер Сейітпенбет әулиеннің кереметі жөнінде ең көп айтылатын аңыз бар. Ол 90 түйеге жүк боларлық сексеуілдің қызған отының үстінде отырып, ара зікірін салған екен. Бұл оқиға жергілікті Сыр сүлейлерінің де жырларында кездеседі. Атақты жырау Шораяқтың Омары өзінің бір толғауында:
- Кәрәмәтті кәмбіл пір,
Тебіренбей текке қалай тұр,
Жолыңа құрбан пендеміз.
Жақын жерден жат еттік,
Сейітпенбет атты азизді,
Тоқсан түйе томардан
Шарпылмай шыққан тәнамыз, - деп жырлайды.
Ол осы оттан аман шыққаннан кейін халық оны «Ер Сейітпенбет» деп атапты. Көрнекті ғалым Серғали Толыбеков «Қазақ шежіресі» (1992) деген кітабында Сейітпенбет қожаның тоқсан түйе өртенген томарға түсіп күймегенін, содан халық оны пір тұтып көтергенін баяндайды. «Елдің есінен кетпеген бұл оқиға, - деп жазған.
Сол кезеңде Марал ишан мен Ер Сейітпенбетке жүгінген халық оларды тірісінде ту етіп көтерсе, өлгенде де пір тұтып, осы кезге дейін екі әулиені екі босаға санап, аузынан тастамай келеді.
Ел ішінде мына бір әңгімеге қарағанда, Жәрімбет әулие, Марал ишан және Ер Сейітпенбет үшеуі Сырдың бойында кездесіп сұхбат құрады. Сонда үш жүзге пір болған Марал ишан әңгіме барысында:
- Әй, Сейітпенбет, жұрт сені «Ер Сейітпенбет»деп атайды. Әулие болсаң айтшы, біз өлгенде қайда жерленеміз? – деп сұрапты. Сонда Сейітпенбет ойланып тұрып:
- Мен білсем, Марал сен ел жайлаған суы мол елді мекенде қаласың, Жәрімбет саған өзің тұрған осы таудың басы бұйырар. Ал, мен болсам қиян шөлге жайғасармын, - деп жауап беріпті.
Сейітпенбет бабаның осы айтқан көреген сөздері шындыққа айналады. Марал ишан Қармақшы ауданының шығысында елге жақын қорымға жерленеді. Ал, Жәрімбет әулиеге «Қарақ» тауының басы бұйырыпты. Жәрімбет бабамызды халық Жәрімбет би деп те атайды. Ер Сейітпенбет әулие де өзі айтқан жерден орын алған.
Тағы бір аңызда Жәрімбет әулие Арал теңізін жағалап ұзақ жолға бара жатқанда көкала атының аяғы ақсап, жүруден қалыпты. Содан жаяу жүрген Жәрімбет шаршаса керек. Ол Сейітпенбет әулиеге сыйынып, далада қисайып жатса көзі ілініп кетіпті. Ұйқысынан оянып, көзін ашса өз атының алдындағы жусанға байланып тұрғанын көреді. Міне, әулиеге де әулие керек деген осы деседі.
Сейітпенбет қожа «Қос күрең» деген жерде жазғы жайлауға барғанда науқастанып, дүниеден қайтады. Өлерін алдын-ала болжаған әулие: «Менің денемді өзім мінетін ақ түйеге артып, басын бос жіберіп, соның артынан еріп отырыңдар да өзі тоқтаған жерге қойыңдар» депті. Өсиетін халық орындайды. Ақ түйе Сырдариядан өтіп, «Қарақ» тауының солтүстігіндегі шөлді аймаққа тоқтапты. Бұл аймақ Хорезм, Қарақалпақ жұрты мен қазақтың сауда керуені жүретін төте жолдың үсті екен. Халық әулиенің басына сол Кеңес үкіметінің тұсында да зиярат ететін болған.
Сейітпенбет әулиенің шөбересі Дүрман қожа атасының басына зиярат жасап қайту үшін жол азабын шегіп бейіттің басына зорға жетіпті. Дұғасын оқып, басына түнегеннен кейін елге қайтуды ойлайды. Көлік жоқ, жата беруге су тағы жоқ, шөлдейді қысылады. «Далаға ұзап шығып кетсем рәсуа болармын, осы молада-ақ өлейін» деп көлеңкелеп жатқанда ұйықтап кетіпті. Түсінде Сейітпенбет бабасы «Әй, балам бүгін шыда, ертең саған көлік келеді» деп аян береді. Атасының берген аянын медет қылып отырса киік қуып келген бір машина тоқтайды. Дүрманды көрген олар: - Әке, біз қуып келген киік осы араға келіп еді ғой, қалай кетті, - депті. Дүрман ешқандай киік көрмегенін айтады. Олар қартқа сусын беріп, көлігімен елге жеткізіпті. Міне, әулиенің бейтаныс адамдарға киікті қудыртып, Дүрманға жолықтыру шарапаты осылай болыпты.
Ер Сейітпенбет әулие жайында орыс шенеуніктерінің қатынас қағаздарында құжаттар кездеседі. Қазалы уезінің шенеуніктері уездегі мұсылмандық жағдайы туралы жоғары басшыларына жазған бір қатынасында «…Уезде қазақтардың аса құрметпен қарап, әулиелігіне тәнті адамдардың арасында есімдері ерекше аталатын Қосымқожа, Сейітпенбет, Қалқай ишандар. Сейітпенбеттің қазақтар арасында Бұхара жақтан оқып, тұрып келген ғұлама» деп жазады 1899 жылғы қыркүйекте. Бұл аз ғана деректерден Ер Сейітпенбет бабамыздың қасиеттілігі басқа діндегі Ресей шенеуніктеріне де жеткенін байқаймыз.
Міне, қазақ жерінде Ер Сейітпенбет әулиедей керемет адам өткен. Сыр бойының, Қызылқұм өңірінің ақсақалдары бата бергенде:
«Мәдинада – Мұхаммед.
Түркістанда – Қожа Ахмет,
Ара шөлде – Ер Сейітпенбет,
Не керегін әзір ет», — деп бет сипайды. Немесе Ер Сейітпенбет Мағзаман, қысылған кезде қолдасын, — деген де батаның тіркестері бар.
Талғат Жолдасов
10 шілде 2018 ж. 1 900 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031