ҚАСИЕТ ҚОНҒАН ҚАРМАҚШЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫ
Қармақшы ауданы бойынша бүгінде 66 тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 6 республикалық маңызы бар, 58 жергілікті маңызы бар, 2 алдын-ала тізіміне алынған. Бұл жәдігерлер халқымыздың рухани құндылығына айналған киелі орындар ретінде ерекше маңызға ие.
Мұнаралы мұнарасы- жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерктіш санатында. Көмекбаев ауылдық округінен солтүстік- батысқа қарай 35 швқырым жерде орналасқан. Мұнаралы – Сыр өңіріндегі дәстүрлі мұнаралы құрылыстардың өзіндік ерекшелігін танытатын сәулет туындысы. Зерттеу материалдарында ескерткіштің Жаңадарияның көне арнасы маңындағы тарихи кеңістікте орналасқаны көрсетіледі.
Мұнара шикі кірпіштен тұрғызылып, сазды ерітінді пайдаланылған. Зерттеу барысында кірпіштердің өлшемдері шамамен 7,5 × 18 × 33 см екені көрсетілген.
Ескерткіштің жалпы биіктігі зерттеу материалдарында 7,4 метр, қабырғаларының қалыңдығы шамамен 1,45 метр деп сипатталады.
Мұнараның төменгі бөлігі цилиндр тәрізді болып келеді. Жоғарылаған сайын құрылымның пішіні өзгеріп, шошақтау сипатқа ауысады. Ішкі кеңістігі күмбезбен жабылған. Мұнараның жоғарғы бөлігіне қабырға ішіне орналастырылған айналмалы баспалдақ арқылы көтерілуге мүмкіндік болған.
Сыртқы және ішкі қабырғалары әкті сылақпен әрленген. Ғылыми сипаттамаларда мұнараның сыртқы көркемдік безендірілуінде көлденең белдеулердің болғаны да айтылады. Бұл оның тек функционалдық емес, сәулеттік-көркемдік мәнге де ие болғанын көрсетеді.
Мұнаралардың пайда болу мақсаты жөнінде зерттеушілер арасында әртүрлі пікір бар. Сыр бойындағы мұнаралы ескерткіштердің бір бөлігі қайтыс болған адамға белгі қоюға арналған құрылыстармен, енді бір бөлігі күзеттік және бағдарлық қызметпен байланыстырылады.
Мұнаралы мұнарасына қатысты да оның бастапқы қызметі жөнінде түрлі болжамдар кездеседі. Сондықтан тарихи нысанның нақты қызметін бір ғана тұжырыммен шектеу дұрыс емес. Оның сәулеттік құрылымы, орналасқан жері және тарихи ортасы кешенді түрде зерттеуді қажет
Мұнаралы мұнарасы 1985 жылы «Қазпроектреставрация» институтының экспедициясы тарапынан зерттелген. Кейін 2011 жылы «Археологиялық сараптама» ЖШС барлау жұмыстары жүргізген.















