» » » Мұнаралардың тарихи маңызы

Мұнаралардың тарихи маңызы

Орта Азияның жазық даласындағы сирек кездесетін мұнаралы деп аталатын ескерткіштер Қазақстан бойынша Сыр өңірі аумағында көп шоғырланған. Қазіргі таңда Қызылорда облысының тарихи мәдени ескерткіштер тізімінде жалпы 20 мұнаралы ескерткіш есепке алынған. Олардың ішінде Арал ауданы бойынша Бегім ана мұнарасы және Қазалы ауданында Сараман Қоса мұнарасы сонымен қатар, Қызылорда қаласы территориясында Көтібар батыр мұнаралары республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына жатады.
Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының аумағында жергілікті маңызы бар 15 мұнаралы ескерткіш болса, ал алдын ала есепке алынған 2 мұнаралы ескерткіш бар. Мұнаралы деп аталатын ескерткіштер қайтыс болған адамның басына белгі қою мақсатында салынып, кейін күзеттік мақсатқа немесе ру тайпалардың территориялық шекараларын анықтау мақсатында пайдаланылды.
Орта Азияның жазық даласында көшпенді ортада қалыптасқан қайтыс болған адамның басына антропоморфты стелла орнату немесе кей кезде ағаш отырғызумен аяқталатын (өмірдің әлемдік ағашы идеясын жүзеге асыру сияқты) қорған салу көне дәстүрі Х-ХІ ғасырларда Қазақстанда «мұнаралы» деп аталатын кесенелердің пайда болуына тікелей әсерін тигізді. Б.д.д І мыңжылдықтың басында Сырдарияның төменгі ағысында (Түгескен кешенінің 5 кесенесі, б.д.д. ІХ-ҮІІ ғасырлар) б.д. І мыңжылдықтың аяғында (Діңгек, Домбауыл, Қозы Көрпеш – Баян сұлу) басталған стеллалы қорған құрылыстары мен ағаш егілген мұнаралы кесенелердің күрт өсу үрдісінің нәтижиесінде Ақсақ қыз, Бегім Ана, Сараман-Қоса (Х-ХІ ғасырлар Қызылорда обл) сияқты тамаша бірегей монументті мұнаралы құрылыстар пайда болды.
Мұнаралар негізінен саз балшықтан, тастан, темірден, ағаштан тұрғызылды. Көлемі мен құрылысына қарай түрлі формаға өзгеріп отырды: дөңгелек, көпқырлы, төртқырлы. Кей мұнаралардың ұшы үшкір немесе қарауылдық қызметте жазық, қорғанысқа арналған ойықтары бар түрлерге бөлініп отырды.
Мұнаралардың өзіндік атқаратын қызметіне қарай мынадай түрлерге жіктеледі:
1.Қорғаныстық мұнаралар. Қор­ғаныс­тық мұнараларды екіге бөліп қарастырамыз.
а) Қамалдық мұнара – орта­ға­сыр­лық қалаларда көп кездескен түрі. Қа­ланың немесе қамалдың қорғаныс қабырғаларына жапсарласа салынған мұнаралы құрылысты жатқызамыз. Бұл мұнаралардың негізгі қызметі қала халқына қауіп төнген жағдайда немесе қала халқын қорғау кезіндегі соғыстарда жиі пайдаланылған.
б) Күзеттік мұнаралар – биік тө­бе­нің басына немесе рудың жүздің шекаралы аймақтарына тұрғызылады. Күзеттік мұнаралардың негізгі қызметі белгі беру және алыстан келе жатқан қауіптің алдын алу мақсатында тұрғызылған яғни, қарауылдық қызмет атқарады.
2. Ғұрыптық мұнаралар – немесе культтық мұнаралар деп те атауға негіз бар. Бұл бағытта салынған мұнаралар ислам, христиан, будда т.б діни жүйелерде кеңінен пайдаланылып келеді.
а) Шіркеулік мұнаралар – христиан шір­кеулерінде орта ғасырларда кеңінен тараған. Шіркеулік мұнара құрылысы – шіркеуге жанама жапсарластырып салып отырған. Бұл мұнаралардың негізгі қызметі шіркеудің қоңырауы мұнараның жоғарғы бөлігіне орналастырылып, белгі беру, хабарландыру және діни қызметте пайдаланып отырды. Сонымен қатар кейінгі орта ғасырларда Батыс Еуропа мен Ресейде мұндай мұнараларды сәулеттік сәндік үшін де тұрғызып отырған.
б) Мешіт мұнаралары – ислам дінінде мешіттің мінәжат етуге арналған биік күмбезі. Жалпы пішіні дөңгелек немесе көп қырлы болып салынады. Қазақстанда оның екі түрі таралған: 1) ішкі баспалдағы және жоғарғы бөлігінде муазинге арналған (азаншыға) алаңы бар мұнара, әдетте елді мекендердің жанына салынады; 2) дөңнің үстіне шикі кірпіштен, қыштан немесе тас­тан тұрғызылған ғибадатханалық-мұнара. Бұл түрге жататын мұнараға Шығыс Қазақстан облысындағы (Семей) Діңгек VIII ғғ, Қызылорда облысында Бегім ана ХІ ғғ, Сараман-Қоса ХІ ғғ, Еламан ХҮІІІ ғғ, Қазанғап ХҮІІІ ғғ, Бытық ХҮІІІ ғғ, Жаманқара ХҮІІІ ғғ, Көтібар ХІХ ғғ, т.б. жатқызуға болады. Бұл мұнаралар құрылысы әлі күнге дейін сақталып, тарихи-мәдени ескерткіштер тізімін толықтырып отыр.
3. Су қыспақты мұнаралар – ХХ ғасырдың басында бумен жүретін паровоздарды сумен қамтамасыз ету үшін салынған мұнаралар. Қызылорда облысы бойынша 22 су қыспақты мұнара тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізіміне енгізілген. Олардың 18-і жергілікті маңызы бар, 3-еуі алдын ала тізімге енгізілген. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында – 4, Арал ауданында – 5, Қазалы ауданында – 2, Қармақшы ауданында – 4 мұнара бар. Олар Жосалы кентіндегі, Диір­мен­төбе теміржол бекетіндегі, Қорқыт ата теміржол бекетіндегі, Қызылтам теміржол бекетіндегі су қыспақты мұнаралар. Жалағаш ауданында – 2, Сырдария ауданында – 1, Шиелі ауданында – 3, Жаңақорған ауданында – 2 мұнара бар.
4. Белгілемелік мұнаралар (маяк) – Теңіз жағасында тұманды күндері немесе түнде жағалауды көрсетіп тұру қызметін атқарады. Мұндай мұнаралар тарихта жеті кереметтің бірі «Александрия маягы» деген атпен ежелгі грек мәдениетінен белгілі. Қазіргі таңда теңіз жағалауларында белгілемелік мұнаралардың әр түрі белгілі.
5. Инженерлік мұнаралар – Инженерлік мұнараларды қызметіне қарай немесе топтастырып та түрлерге бөлуге болады. Мұнараның бұл түрі қазіргі заманға жататындықтан оларға жеке талдамалық тұрғыда тоқталмадық. Дегенмен бұл бағыттағы мұнараларды түрлеріне қарай жіктеуді жөн санап отырмыз.
а) Радиотеледидарлық мұнара – қазіргі таңда телевизиялық ақпаратты тарату мақсатында салынған мұнараларды атаймыз. Қазақстанда Көктөбе, Ресейде Останкино сияқты ірі телевизиялық мұнаралар осы ретке жатады. Мұндай мұнаралардың шағын нүктелері халық саны көп шоғырланған әрбір қалада бар.
б) Сутегеуріндік мұнара – судың дең­гейі мен қалыпты жағдайын бақылау үшін және апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында салынған мұнаралар.
в) Байланыс желілері мұнаралары – телефон желілерінің радиюсын кеңейту және тарату, оларды қабылдау мақ­сатында тұрғызылған мұнаралар. Қазіргі таңда Қазақ­станның әрбір қаласында, аудандар мен шалғай ауылдарда тұрғызылған.
г) Бұрғылау мұнаралары – мұнайды өндіретін жерүсті скважиналарында бұрғылауға арналған мұнара болып есептеледі.
6. Обсерваториялық мұнара – орта ғасырларда аспан әлемін бақылауға арналған арнайы салынған мұнара.
Сыр бойында Х-ХІІ ғасырда үрдіске айналған мұнара салу дәстүрі ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда жанданды. Халық арасында жау шапқыншылығында пайдаланды немесе белгілі бір тұлғаға құрмет негізінде қойылған Сыр бойындағы мұнаралардың тарихи маңызы ашылса, өлкемізге тән осындай бірегей сәулеттік құрылыс нысандарына қатысты әлі тың зерттеулер жүргізілетіні анық.
Айдынбек Айтбайұлы,
өлкетанушы.
14 қыркүйек 2018 ж. 630 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (9824)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (9823)

13 қыркүйек 2019 ж.

№70 (9822)

09 қыркүйек 2019 ж.

Хабарландыру

Қорқыт және Ұлы дала сазы

Қорқыт және Ұлы дала сазы

17 қыркүйек 2019 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

19 тамыз 2019 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30