» » » КЕМЕҢГЕРЛІКТІҢ БИІК ШЫҢЫ

КЕМЕҢГЕРЛІКТІҢ БИІК ШЫҢЫ

Биыл – ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың рухани әлемінің шамшырағы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл. Бұл – Абайдай алыптың адамзатқа қалдырған асыл мұрасын жаңа қырынан тануға, қайта саралап, қайта бағалауға берілген мүмкіндік. Себебі Абай – бір ғасырдың ғана емес, бар дәуірдің данышпаны.
Абай – қазақ халқының рухани биігі. Оның әрбір өлеңі – даналықтың дариясынан тамған тамшыдай. Әр жолында терең ой, жүрек сүзгісінен өткен сөз, ұрпаққа қалдырған аманат бар. Ол – халықты надандықтан арылтып, білім мен ғылымға жетелеген, жүректі тәрбиелеп, сананы сергек ұстауға үндеген дара тұлға.
Айтулы мерекеге орай «Руханият орталығында» аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Кемеңгерліктің шыңы – Абай» тақырыбында поэзия кеші өтті. Оған аудан ардагерлері, тұрғындар, кітапхана оқырмандары қатысты. Шара шымылдығы Абайдың әжесі Зере мен анасы Ұлжанның айтқан әңгімесіне негізделген сахналық қойылымнан басталды. Мұнан соң Абайдың өмір жолы мен шығармашылығы туралы ақпарат берілді.
Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков сөз сөйледі.
– Абай поэзиясы – жүрекке жол тартқан хикмет. Оның әр өлеңі – ұрпаққа ұлағат, елге мұрат. Ол – тек өткеннің емес, бүгін мен болашақтың да шамшырағы. Абайдың «Мінезі өзгермейтін адамның тілін кесер едім» дейтін сөзі әліге дейін өзектілігін жойған жоқ. Мінезді қоғам, айналасындағы адам, мектебі қалыптастырады. Жақсы мінезді адам қоғамның кез келген жерінде өзінің орнын табады. Ол табиғат туралы, әсіресе жылдың төрт мезгіліне арнаған өлеңін сурет салғандай бейнелеп жеткізген. Абайды танытқан – Мұхтар Әуезов. Оның «Абай жолы» шығармасы жазылған соң ол өзге де әлем тілдеріне аударылды. Кешегі Сократ, Платон секілді Абайдың даналығы солармен теңестіріледі. Өйткені ол өз заманынан озат болып, жақсы іске бастау болды. Қорыта айтқанда, қазақ халқы бар да Абайдың өлеңдері, әні, шығармасы кеңінен насихаттала бермек, – деді ол.
Сондай-ақ кеште аудандық Жыраулар үйінің қызметкері Руслан Өтегенов Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады. Дәл сол сәтте зал іші терең тыныштыққа бөленіп, әуенмен бірге әр жүрек Абай әлеміне еніп кеткендей күй кешті. Жиында жергілікті өнерпаздар Абай әндерін нақышына келтіріп орындап, жүректерге жылылық сыйлады. Әсіресе домбырамен шырқалған Ақсұңқар Бүркітбай ақынның «Ескілік киімі» мен Әлішер Мырзағалиев «Әкімсің күллі әлем бұл халыққа» термесі, жыраулар үйінің қызметкерлері Зияда Жаңаберген мен Ақмарал Кішкентаевалардың орындауы көрерменнің жан дүниесін тербетіп, зал ішін тебіреніске толтырды.
Осылайша Абайға арналған бұл кеш – жай ғана әдеби жиын емес, рухани тазару, жүрек пен сана түйісетін терең толғаныс алаңы болды. Ақынның асыл мұрасы – халқымен бірге жасап, ғасырлар биігінен әлі талай сөйлейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Абай – мәңгі. Оның сөзі – шындықтың шырағы, ал поэзия кеші – сол шырақты бүгінгі ұрпақтың жүрегіне жеткізген рухани көпір іспетті болды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
08 тамыз 2025 ж. 134 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10431)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (10430)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 267
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031